КОРОНАВИРУСПЕН КҮРЕС: Әр азаматтың жауапкершілігі маңызды Избранное

Пятница, 14 Январь 2022 05:23 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 217 раз

Елдегі эпидемиологиялық ахуалдың күрделенуіне байланысты дәрігерлер дабыл қағуда. Біршама уақыттан бері эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасы бойынша жасыл аймақта жүрген Шымкент қаласы 11 қаңтарда «қызыл» аймаққа өтті. Ал, жыл басынан бері Алматы, Нұр-Сұлтан және Ақтөбе қалаларында COVID-19 вирусының «омикрон» штамы анықталып отыр.

921

 

157 науқастың 65-і жүкті әйел

Шымкент қаласында 2022 жылдың алғашқы 12 күнінде коронавирус жұқтырған 933 науқас анықталып отыр. Өткен тәулікте COVID-19 инфекциясын жұқтыру бойынша 320 жағдайы тіркелген. Бүгінде қаладағы «Инфекциялық орталықтың» стационарында 179 науқас ем қабылдап жатыр.
— Өткен жылдың соңында Шымкент қаласы «жасыл» аймаққа өтіп, жағдай біршама тұрақталған еді. Алайда, соңғы
1 апта ішінде науқастардың көбеюіне байланысты «қызыл» аймақтамыз. 13 қаңтардағы мәліметке сәйкес, бір тәулікте ПТР тестін тапсырған 700-дей адамның 320-нан КВИ белгісі анықталып отыр. Жаз айларында коронавирусқа шалдыққандардың басым көпшілігінен симптомсыз түрі табылған болатын. Қазіргі жағдай керісінше. Анықталғандардың басым бөлігі симптоммен. Өкінішке орай, биыл КВИ жұқтырғандардың арасында жасөспірімдер көбейген. Оның ішінде 18 жасқа толмаған 59 бала бар, - дейді Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Б.Позилов.

922


Б.Позиловтың айтуынша, Шымкентте науқастарға көмек көрсету үшін 253 орын жасақталған. Бүгінде оның 62 пайызында науқас бар. Қажеттілікке қарай алдағы бір апта ішінде 230 орын қосылмақ.
— Қаладағы барлық ауруханалар мен емханалар күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Әзірге, Шымкент қаласында «омикрон» штамы тіркелген жоқ. Алайда, ықтималдық деңгейі жоғары. Себебі, Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе қалаларында анықталған жағдаймен салыстыра отырып, бірнеше сынама зерттелуде. Стационардағы 179 науқастың 65-і жүкті әйел. Олардың жағдайы күрделі. Өкініштісі, науқас әйелдердің ешбірі бүгінге дейін вакцина алмаған. Ал, 14 науқас жан сақтау бөлімінде. Жағдайдың күрделі екенін жыл басынан бері 7 кісінің қайтыс болғанынан көруге болады. Сондықтан қала тұрғындарын вакцина алуға шақырамын. Себебі, екпе алған азаматтар пандемияны жеңіл өткізуде. Вакцина алғанына 6 ай толған кез келген қала тұрғыны ревакцинациядан тегін өте алады, - дейді қаланың бас дәрігері.
Ресми деректерге сүйенсек, 2021 жылы Шымкент қаласы бойынша 37 610 адам коронавирус жұқтырған. Емделіп шыққандары 35 605 адам болса, 1265 кісі короновирустан қайтыс болған.

«Omicron» — жедел тарайтын штамм

Бүгінде дүниежүзі халықтарының үрейін туғызып отырған «оmicron» штамы 2021 жылдың қараша айында Оңтүстік Африка аумағында тіркелді. COVID-19 вирусының мутацияға ұшыраған бұл түрі Оңтүстік Африка елінің пандемиямен күрес жоспарын жарамсыз етті. Әуелі, КВИ жұқтырғандар саны күрт өсіп, оңтүстікафрикалықтарды шектеу шараларын жедел қолға алуға мәжбүрледі. Кейіннен күтпеген жерден жұқтырғандар саны қайта азайған.
Әлем ғалымдарының алдын ала зерттеулері бойынша «омикрон» штамы жедел таралуымен ерекшеленіп отыр.
— Таяуда COVID-19 вирусының «омикрон» штамы біздің елімізде де анықталды. Халықаралық зерттеулерге сүйенсек, бұл штамм «дельтаға» қарағанда өзгерек. Мәселен, «дельта» штамының инкубациялық кезеңі, яғни денеге қоздырғыш енген кезден жұқпалы аурудың алғашқы белгілері білінгенге дейінгі аралық 7-15 күн еді. Ал, «омикронда» инкубациялық кезең өте қысқа. Яғни, 2-3 күн ішінде алғашқы белгілері көрінеді. Сондай-ақ, Гонконг университетінің зерттеулері бұл штамның өзгесіне қарағанда 70 есе жедел таралатынын анықтап отыр. Бұл штамм белгілері тек зертхана жағдайында ғана анықталады. Сол себепті санитарлық режимді қатаң сақтаңыздар, - дейді Шымкент қалалық №1 емхананың инфекционист-дәрігері Жанайым Мұратбекқызы.

923


Мамандардың айтуынша, «омикронда» табылған елу мутацияның үштен екісі дерлік геномның фрагментінде орналасқан, ол масақ (шипы) протеинінің құрамын (демек, геометриялық пішінін) анықтайды. Ол — күн тәжі іспеттес вирус шыбықтарын құрайтын ақуыз.
— Оңтүстікафрикалық эпидемияны зерттеу және инновация орталығының мамандары «омикрон» штамын зерттей келе, үш маңызды қорытынды жасаған. Біріншіден, бұл вирустың жасушаға енуіне көмектесетін тікенектерінің ақуыз пішінін өзгеріске ұшыратуы вирустың дамығанын көрсетеді, яғни жұғу жеделдігі артқан. Екіншіден, аурудың қоздырғышы көбінесе осы тікендерде анықталады. Көптеген ПТР сынақтары протеинді іздеуге бағдарламаланған. Бұл жағдайда вирус пішінінің өзгеруі диагностика сапасына әсер етуі мүмкін. Үшіншіден, коронавируспен ауырып жазылған немесе вакцинацияланған адамдардың ағзасындағы антиденелердің негізгі міндеті — осы ерекше тікенекті бейтараптандыру. Бірақ, ақуыздағы кез келген өзгеріс иммунитетті төмендетіп, вакцинаның күшін әлсіретуі мүмкін, - деп баяндады Жанайым Мұратбекқызы зерттеулерге сүйене отырып.

Ревакцинациядан 41 773 адам өтті

Шымкент қаласы бойынша 596 205 адам, яғни тиісті контингенттің 99,4 пайызы екпенің бірінші компонентін, 96,7 пайызы екінші компонентін алған. Ал, ревакцинациядан небәрі 41 773 адам өткен.
— 12-18 жас аралығында жасөспірімдерге салынатын Pfizer екпесі қараша айында жеткізілді. Шымкент қаласы бойынша вакцинаның бірінші компонентін 18 816 адам, екінші компонентін 8864 адам қабылдады. Жағымды жаңалық, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасына сәйкес, 20 қаңтардан бастап 60 жастан асқан азаматтарға Pfizer екпесі салынады. Алайда, Pfizer ақылы түрде салынбайды. Мұны «Pfizer екпесін ақылы салдырамын» деп күтіп, КВИ жұқтырып алғандар үшін айтып отырмын. Бүгінде қалада ревакцинациядан небәрі
41 773 адам ғана өткен. Бұл миллион тұрғыны бар қала үшін өте аз. Қаладағы қоғамдық орындарда санитарлық талаптар сақталмай отыр. Адамдар қоғамдық көліктерде маскасыз жүр. Бұл пандемияның тез таралуына әсер етуде, - дейді қаланың бас дәрігері.
Мамандар қала тұрғындарының эпидемиологиялық талаптарды сақтамағанына дәлел ретінде «Аshyq» қосымшасының мәліметтерін келтіріп отыр. Шымкентте 8976 бизнес субъектісі «Аshyq» жобасына қосылған. Осы бизнес нысандарына келушілердің арасынан 2138 «қызыл», 737 «сары» мәртебелі азамат анықталған.
Дәрігерлердің айтуынша, бұған дейін ревакцинация мерзімі 9 ай болса, эпиджағдай күрт қиындаған соң, аралық 6 айға өзгерген. Яғни, вакцинаның екінші компонентін алғанына 6 ай толған кез келген азамат тегін ревакцинация жасай алады. Бүгінде 18 жастан асқан, ревакцинациядан өтетін азаматтар үшін QazVac және VeroCell екпелері қолжетімді. Сондай-ақ, ақпан айында «Спутник Лайт» вакцинасы да жеткізіледі екен.
— Эпидемиялық ахуалды тұрақтандыру үшін қала тұрғындарын екпе алуға, ревакцинациядан өтуге шақырамын. Бүгінде 12-17 жас аралығындағы балалар мен жүкті, емізулі әйелдерге Pfizer екпесі салынып жатыр. Вакцина алған азаматтар ауруды жеңіл еңсеруде. Егде жастағы, яғни 70 жастан жоғары азаматтар да екпе алуы керек. Себебі, жүкті, емізулі әйелдер, қариялар иммунитеті төмен, осал топқа жатады. Өткен жылы ауруын асқындырып алған 12 жүкті әйелдің қайтыс болғанын атап өткім келеді. Біз үшін тек ана емес, бала тағдыры да маңызды. Сондықтан әр азамат өз отбасы, жақындары үшін, денсаулығы үшін жауапкершілік танытуы тиіс. Күні кеше қайтыс болған 50 жастағы ер азаматтың артында 3 баласы қалыпты. Вакцина алмағандықтан вирусқа төтеп бере алмады, - дейді Бақытжан
Жолдасбекұлы.

P.S.

Елдегі эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандырып, ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін қаланың әрбір азаматы жауапкершілік танытуы тиіс. Ол үшін «Санитарлық-эпидемиологиялық талаптар толық сақталып, ревакцинациядан өткендер саны артса, «жасыл» аймақтың да ауылы алыс емес» дейді мамандар.