ЕЛДІҢ ЖАҢА ҮКІМЕТКЕ ДЕГЕН СЕНІМІ ЗОР Избранное

Пятница, 14 Январь 2022 05:42 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 509 раз

2022 жылдың алғашқы күндері елімізде күтпеген оқиға болды. Біздің мемлекетімізге орасан қауіп төнді. Еліміздің батыс өңірінде басталған қарапайым халықтың бейбіт митингісі жаппай сипат алып, аяғы қантөгіске ұласты. Ел Тәуелсіздігін тәрк еткісі келгендерге қарсы күресіп, бақилық болған барлық құқық қорғаушылардың отбасына көңіл айтамын.

926

 

Олар елдің тұтастығын сақтап қалуда аянған жоқ. Ең соңына дейін күресті. Жазықсыз жапа шеккен жап-жас жігіттеріміздің өр рухы кейінгі жастарға үлгі, өнеге болуы тиіс. Отанын қорғауда шейіт болған барлық азаматтың ерлік істері ешқашан ұмытылмайды.
Әрине, қарапайым халықтың билікке қойған талабын түсінуге болады. Елдегі қымбатшылық, бағаның негізсіз өсуі тұрғындардың наразылығына әкеп соқтырды. Еліміздің Тәуелсіздігіне сына қаққысы келгендер мемлекетті құлатпаққа бел буды. Бірақ, Мемлекет басшысы сын сағатта жауапты шешім қабылдап, бүлікшілер мен содырлардың арам пиғылына тосқауыл қоя білуі мемлекетті сақтап қалуда зор рөл атқарғанын айта кеткен жөн. Бізде бір ғана Отан бар. Ол – Тәуелсіз Қазақстан!
Біз елдің тұтастығын, тұрақтылығын қастерлей білуіміз керек. Ол үшін әрбір азамат мемлекеттің одан әрі гүлденуі жолында аянбай еңбек етуі керек деп есептеймін. Ал мемлекет халықтың әлеуметтік жағдайын оңалту үшін пәрменді шаралар қабылдап жатқанын білеміз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 11 қаңтарда ҚР Парламент Мәжілісінің отырысында Үкімет мүшелеріне бірқатар міндет жүктеді. Енді жаңадан жасақталған Үкімет мүшелері Президенттің тапсырмасын жүзеге асыруда қолынан келгенше аянып қалмайды деп сенемін. Мен Әлихан Асханұлын көптен бері білемін. Қолынан іс келетін азамат. Енді соны еліміздің көркеюіне жұмсайтынына күмән келтірмеймін.
«Экономикалық жағдайды тұрақтандыру, халықтың жұмысын жақсарту Үкімет үшін басым міндеттер болады. Үкімет Президенттің Жолдауларын, бастап жатқан реформаларын, стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды іске асыру жұмыстарын жүргізетін болады. Тиімді макроэкономикалық саясатты іске асыру жаһандық өзгерістердің әсерінен ұшыраған инфляцияны біртіндеп төмендету және макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету маңызды міндеттердің бірі», - деді Үкіметтің жаңа басшысы.
Халық енді осы айтылған мәселелердің шешімін күтеді. Алда жаңа, жауапты істер күтіп тұр. Мемлекет басшысына амандық, еліміздің көркеюуі мен нығаюуы жолында атқарып жатқан ісіне сәттілік тілеймін! Еліміз 30 жылда талай қиындықты еңсерді. Бұл қиындық та артта қалады. Еліміздің әрбір өңірінде қуаныш, шаттық орнасын деп сенеміз. Бұдан былай ел іргесі сөгілмесін!

Нұрпейіс АНАРБЕКОВ,
Шымкент қаласы мәслихатының депутаты, Құрылыс және аумақты
дамыту жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Нұрбол ОРЫМБАЕВ. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.