«ІСКЕР ҚАЛА»: Шымкентте қалай іске асып жатыр? Избранное

Среда, 19 Январь 2022 04:11 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 578 раз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде Қазақстанның алдағы экономикалық-әлеуметтік және саяси бағытындағы даму жолын белгілеп берді. Қордаланған проблемалардың шешу тетіктері мен алдағы жоспарларды айқындаған Президент шағын және орта кәсіпкерліктің мәселесіне айрықша тоқталды.

947

 

«Ең алдымен еліміздің жаңа экономикалық тұғырын қалыптастыруды мықтап қолға алу қажет. Экономикалық саясатымыздың мақсаты — айқын. Бұл — заман талабына сай әлеуметтік бағдары бар нарықтық экономика құру және дамыту» деген еді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Осы орайда үшінші мегаполисте экономиканы өрлететін, импорттық тәуелділікті азайтып, отандық тауарөндірушілерді қолдайтын бірнеше бағдарламалар мен жобалар қабылданып, сәтті жүзеге асырылуда.
Мәселен, Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабыштаевтың айтуынша, 2019-2020 жылдары үшінші мегаполисте 68 мың кәсіпкер мен 3,2 мың шағын шаруашылықтарға талдау және сауалнама жүргізілген. Соның нәтижесінде бизнес өкілдеріне мемлекет тарапынан қолдау қажет екендігі белгілі болды.

Жоғарыда аталған ұйым басшысы Қазақстанда шағын және орта бизнестің үлесін 2050 жылы 50%-ға жеткізу межеленгенін, бүгінгі таңда, бұл көрсеткіш Шымкентте 34% құрап отырғанын мәлімдеді.
Осы ретте, тиісті көрсеткіштерге қол жеткізу мақсатында кәсіпкерлер палатасы шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Іскер қала» деп аталатын өңірлік бағдарлама әзірлеп, ол қала әкімінің қаулысымен бекітілді. Ендеше палата сарапшылары дайындаған жаңа қолдау механизмі туралы кеңірек тоқталайық.
Бағдарлама 3 бағыттан тұрады. Онда өндірісті дамыту үшін өндірістік парктер құру, сауда орындарын көбейту, ауыл шаруашылығы кооперациясын ілгерілету және жеңілдетілген несие бөлу секілді қолдаулар қарастырылған.

948

 

БІРІНШІ БАҒЫТ. Өндірістік парктер құру

— Мұнда өндіріс саласы бойынша қалада тоқтап тұрған немесе бос тұрған ғимараттарды пайдалану жоспарланған. Яғни, өндірістік ғимараттарды парктер тізіміне енгізіп, жалға алу шығындарының бір бөлігін өтеу қарастырылған. Бірінші жылы – 75%, екінші жылы – 50%, үшінші жылы – 25% шығын өтеледі,- деді Нұрлан Орынбасарұлы.
Парктерді тізімге енгізу үшін келесідей талаптарға сәйкес келуі керек.
• Ғимараттың аумағы 3,0 мың м2 асу:
• Инфрақұрылымының болуы;
• Құжаттары заң талаптарына сәйкес болуы;
• 5 жыл бойы жалға алу құны өзгермеуі қажет.
Өндірістік парктер тізіміне енгізу үшін кәсіпкер «Бизнеске арналған үкіметке» жүгінеді. Содан соң жұмыс тобы ғимаратқа қорытынды беріп, өңірлік үйлестіру кеңесінде қаралады. Жоба мақұлданған жағдайда реестрге енеді.
Жалпы, өндірістік парк тізіміне енген соң «Shymkent» ӘКК-мен үшжақты келісімшарт жасалып, аренданың бір бөлігі өтелетін болады.
Бұл парктерде экономиканы жандандыратын өндірістік саладағы жобалар іске асырылуы тиіс. Кәсіпкерге қойылатын басты екі талап бар: олар — Шымкент қаласында тіркелген болуы қажет және жоба сұранысқа қажетті тауар өндірісіне негізделуі керек.
Бір кәсіпкерге 500 шаршы метрге дейін ғимарат шартсыз беріледі, ал одан жоғары болса Өңірлік үйлестіру кеңесінің шешімін күтеді.
Сонымен қатар, өндірістік паркті жалға алғандар алаңға сәйкес жұмыс орындарын құруға міндетті.
• 100 м2 дейінгілер 1-2 жұмыс орны;
• 200 м2 дейінгілер 2-4 жұмыс орны;
• 300 м2 дейінгілер 4,6 жұмыс орны;
• 500 м2 асса, 6 және одан да көп жұмыс орындарын ашады.
— Бүгінде осы парктердің жұмысын үлгі ретінде «Silkway Alliance» өндірістік паркі іске қосылған. Ол «Тассай» индустриалды аймағының маңында орналасқан. Онда 7-8 жоба іске асырылуда. Өндірілетін тауарларды «Тассай» индустриалды аймағының ірі зауыттары қолданса болады. Осылайша ірі жобалар арқылы ұсақ бизнесті дамыту көзделіп отыр.
Сонымен қатар паркте кооперация шеңберінде жиһаз бен жасанды тас өндіретін кәсіпкерлер бірлесіп бүтін бір өнім шығарып жатыр. Бұрынғы Қорғасын зауытының орнынан ашылған «Standard» жеке индустриалды аймағында тағы бір өндірістік парк құру жоспарда бар, - дегенді алға тартты палата директоры.

ЕКІНШІ БАҒЫТ. Кооперация

«Іскер қала» бағдарламасының келесі бағыты – ауыл шаруашылығы кооперативін құру арқылы ірі кәсіпорындарды тиісті өніммен қамтамасыз ету көзделген. Яғни, әкімдік, шағын отбасылық шаруашылық және ірі кәсіпорынның үшжақты келісімі бойынша кооперациялық тізбек құрылады. Ауыл шаруашылығы кооперативтері — заман талабы. Себебі, жаһандану дәуірінде саланы жетілдіру үшін кооперацияның маңызы зор. Оны ашудағы мақсат — ауыл шаруашылығымен айналысатын ұсақ шаруашылықтардың басын біріктіру.
Мысалы ретінде, қаладағы ең ірі «Magnum» супермаркетін алайық. Ортадағы делдал «МСС trade company» ЖШС 19 түрлі тауар бойынша 10 мың тоннадан астам көкөніс мен жеміс-жидекті кепілді түрде сатып алуға дайын. Сол сияқты ет саласында «Агросервис-БМБ» әрбір үй қожалығынан бордақыланған ірі қара мал сатып алуға әзір.

ҮШІНШІ БАҒЫТ. 1000 сауда нүктесі

Келесі бағыттың бірі – қаладағы сауда нүктелерін ұлғайту. Бұл ретте, «Shymkent» ӘКК -нің «1000 сауда нүктесі» жобасы аясында қаланың халық тығыз орналасқан аумақтарынан жылжымалы сауда нүктелері көптеп ашылуда. Жоба бойынша жер учаскесі 5-10 жылға сенімгерлік басқаруға беріледі. Ал жалға алу құны 1м2-ге жылына 21 141 теңгеден басталады. Бұл бағдарламаға отандық тауар, түрлі кәдесыйлар сататын, франшизамен жұмыс істейтін және жылдам тамақтандыру орнын ашуды ұйғарған кәсіпкерлер қатыса алады. Мобильді сауда нүктелері үшін көлік құралының техникалық құжаты немесе оны жалға алу келісімшарты және көліктің талапқа сәйкес жабдықталуы талап етіледі. Осы бойынша 20 шаршы метрге дейін жер телімін жалға алуға болады. Бағдарламаға қатысу үшін «Бизнеске арналған үкіметтің» кеңсесіне бару қажет.
Сондай-ақ бизнес ұйымы директорының айтуынша, Шымкент қаласында қарқынды жүзеге асып жатқан ауқымды жобалардың бірі — «Мен кәсіпкер боламын» бағдарламасы. Бұл бағдарлама жастар мен әйелдер кәсіпкерлігін 1 пайыздық жеңілдетілген несиемен қолдауға арналған. Осының аясында 21-29 жас аралығындағы жастар мен 58 жасқа дейінгі әйелдер өздерінің жеке кәсібін аша алады.
Жастар мен әйелдерге 1 пайызбен 10 млн. теңгеге дейін, ал өндірістік паркті жалға алушылар мен ауыл шаруашылығы кооперативтеріне 2 пайызбен 50 млн.теңгеге дейін несие беріледі. Қаржыны үлестіретін екінші деңгейлі банктер –
Қазақстанның халық банкі, Сбербанк және Алфа банк. Аталған қаржы ұйымдары 8,5% несие берсе, оның 6,5% -ын «Shymkent» субсидиялайды. Субсидиялау мерзімі 3-7 жыл аралығын қамтиды. Несиенің 50% инвестицияға, 50% айналым қаражатын толтыруға бағытталады.
6 жобаға қаржылай қолдау көрсетті.

Сонымен қатар, 2021 жылы «Shymkent-Atameken» микро қаржы ұйымы» өз жұмысын бастады. Жарғылық капиталының 51% үлесі Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасына, қалғаны «Shymkent» ӘКК» АҚ-ға тиесілі.

Кәсіпкерлік негіздерінен оқудан өткен азаматтарға яғни, «Бастау бизнес» жобасының қатысушыларына «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020-2021» бағдарламасы бойынша былтыр 1,5 млрд.теңге қаржы бөлінген. Сондай-ақ өткен жылы «Shymkent-Atameken» МҚҰ» 2,4 млрд. теңге құрайтын 201 өтініш қабылдады. Соның ішінде 6 жоба тиісті несие алды. Микроқаржы ұйымының несиелері барлық салаларға 5 жылға дейін қарастырылған, яғни салалық шектеулер жоқ. Сондай-ақ мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін 7 жылға дейін несие беріледі. Несиенің ең жоғарғы сомасы 8 мың айлық есептік көрсеткішті (23,2 млн.теңге) құрайды. Жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 6%.
Осы орайда, микроқаржы ұйымы тарапынан несие алу барысында қандай да бір комиссиялар, алымдар немесе өзге де төлемдерді қарастырылмайды. Уақытша өтеулі қысқа мерзімді, ұзақ мерзімді жер пайдалану құқығын қоспағанда, кез келген жылжымайтын мүлік кепіл бола алады.
Микроқаржы ұйымы несиелерді тұтынушылық мақсаттарға, алдыңғы несиелерін өтеуге, өзінің берешектерін қайта қаржыландыруға, жылжымайтын тұрғын үй, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін сатып алуға бермейді. Кәсіпкерлер палатасы тарапынан несие алушы кәсіпкерлерге толыққанды тегін сүйемелдеу (бизнес жоспар әзірлеу, жеке кәсіпкер ретінде тіркеу, бухгалтерлік есептерін тапсыру және т.б.) жасалады.
Несие алуға өтінім беру үшін «Бизнеске арналған үкімет» кеңсесіне келіп құжаттар тапсыруға және жалпы кеңес алуға болады.

Қорыта айтқанда, жергілікті әкімдік пен кәсіпкерлер палатасы «Іскер қала» бағдарламасын іске асыру арқылы 3 жылда 13,3 млрд. теңге инвестиция тартуды, сондай-ақ 2,8 мың жаңа жұмыс орнын құруды және мыңнан астам жаңа кәсіпорындар ашуды межелеп отыр. Сол арқылы бюджетке жылына салықтан 103 млн.теңге кіріс түседі деп күтілуде.