«DONI LTD» ӨНІМДЕРІ СҰРАНЫСҚА ИЕ Избранное

Пятница, 21 Январь 2022 04:24 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1332 раз

Шымкентте «Doni ltd» ЖШС кәсіпорны балмұздақтың 70 түрін шығарады. Өнімдері ішкі нарықта жоғары сұранысқа ие. Қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы ұйымдастырған баспасөз-турында кәсіпорынның жұмысымен толығырақ таныстық.

966

 

«Doni ltd» ЖШС-нің директоры Жамал Миркамалов журналистерді бастап, өндіріс орнын аралатты. Өнім шығаратын цехтар мен ондағы заманауи қондырғыларды көрсетіп, бизнесті қалай бастағаны жайлы баяндап берді.
– Бұл бизнеске балмұздақ сату арқылы келдім. Анам зауытта қарапайым жұмыскер, еңбек озаты болды. Әкем заңгер, мектепте сабақ берді. Отбасымызда ешкім менің келешекте кәсіпкер болатынымды ойламады. Тіпті өзім де несібемді жеке бизнестен теріп жеймін деген ойда болған емеспін. Бәрі де сол саудаға деген қызығушылығымнан басталды ғой деймін, - деп әңгімесін әрі қарай жалғай түсті. – Жастық шағымда Ленгір қаласындағы балмұздақ шығаратын зауытта қарапайым жұмысшы болып еңбек еттім. Ол кез КСРО дейтін алып империяда перестройка деген саяси-экономикалық реформамен сәйкес келді. Бұл кезеңде адамдар бірте-бірте жеке кәсіп ашу туралы ойға көбірек кетіп жүрді. Несін жасырайын олардың қатарында мен де бар едім. Бастапқыда зауыттың балмұздағын көше аралап жүріп саттым. Иығыма пенопласттан жасалған қорабымды асынып, кешке дейін тәттінің саудасын қыздырамын. Бұдан кейін зауыттан балмұздақты өзге сатушыларға жеткізіп берумен айналыстым. Табысым молайып, осы бизнесті аяғына дейін жеткізуге талпынып, өзім табиғи рецептер бойынша балмұздақ жасауға көштім. Тынымсыз еңбектің нәтижесінде 2002 жылы жеке компаниямды ашып, 2006 жылы стандартты сүт өнімдерін шығару ісін нақты қолға алдым. Бүгінде кәсіпорында балмұздақтың 70, ірімшіктің 8 түрін шығарамыз. Өнімдерді ішкі нарыққа жөнелтеміз. Келешекте Ресей мен Өзбекстанға экспорттауды жоспарлап отырмыз.

967


Кәсіпкердің айтуынша, күн сайын зауытта 7-8 тонна сүт өңделеді. Жазда балмұздақтың саудасы қызатын шақта өңделетін сүт көлемі күніне 30 тоннаға дейін жетеді. Өнімге қажетті шикізат Сайрам ауданына қарасты Қарабұлақ, Қарамұрт секілді ауылдардан кәсіпорынның жеке көліктерімен тасымалданады. Балмұздақ, ірімшіктен бөлек кәсіпорында айран, қаймақ өндіріледі. Көптеген тауар өндірушілер балмұздақ өндірісінде химиялық тағам қоспаларын қолданады. Ал біздің кейіпкер Шымкенттен шығатын балмұздақты тек таза сүттен жасайтынын айтты. Кәсіпорында тұрақты 30-40 адам жұмыс істесе, маусым кездері ол 70-80 жұмысшыға дейін көбейеді екен. Кәсіпкердің ендігі жоспары сүт өнімдерін қосымша сары маймен толықтыру. Сонымен бірге жеке ферма ашып, ірі қара санын көбейту.
Кәсіпкердің отандық өнім өндірісін дамытуға қосқан еңбегі де ескерусіз қалмаған. Бәрінен бұрын табысты емес, тауар сапасы мен жеке абыройды биік қойған бизнесменнің осынау ізгілік қасиеті үшін кеудесіне «Сапа игілігі» ордені мен «Кәсібіне адалдығы үшін» медалі тағылды.
Осындай экономикалық күрделі кезеңде жергілікті әкімдік те кәсіпорынға бір жағынан демеу болып, мемлекет тарапынан берілуі тиісті бар көмекті көрсетіп отыр. Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы инвестиция тарту және қайта өңдеу бөлімінің басшысы Индира Махатаеваның айтуынша, кәсіпорын өндірген қатты ірімшіктің әрбір келісіне мемлекет өз есебінен 28 теңге субсидия төлейді. Келешекте кәсіпорында сары май өндірісі қолға алынса, оның да әр келісіне субсидия қаралған. Жалпы үшінші мегаполисте 5 ірі сүт өңдеуші өндіріс орындарының барлығы да мемлекет есебінен осындай жеңілдіктерге ие. Ең бастысы субсидия көлемі экономика ахуалы қалай құбылса да жылдан жылға ұлғайып келеді.