ЖҰМЫСЫ ЖЕМІСТІНІҢ ӨМІРІ КЕЛІСТІ Избранное

Пятница, 21 Январь 2022 04:28 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1514 раз

Ел азаматтары арасындағы жұмыссыздық қай кезде де күн тәртібінен түскен емес. Мемлекет тарапынан осы өзекті мәселеге жіті көңіл бөлініп, түрлі бағдарламалар жүзеге асырылуда. Ал қаңтар айындағы жағдайдан соң, әсіресе, жастар арасындағы жұмыссыздықты жою басты назарға алынды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Парламенті Мәжілісінің пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде отандастарымыз, соның ішінде ел жастары үшін аса маңызды мәселелерге тоқталды. Жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, жоғары оқу орындарының, колледждердің түлектерін, білімі жоқ жастарды тұрақты жұмысқа орналастыру мәселесін алға тартты.

968

 

Бұл – кездейсоқ мәселе емес. Жұмыссыз жастар табыс іздеп жүріп заңнан аттауы да мүмкін. Осындай келеңсіздіктің алдын алу үшін Президент Үкіметке «Жастар іс-тәжірибесі» және «Алғашқы жұмыс орны» жобаларының аясын кеңейтіп, бұл бағдарламаларға қатысу мерзімін ұзартуды, жастардың жалақысын көтеру мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Бұл бағыттағы жұмыстар Шымкентте жүйелі іске асырылып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, әсіресе, әлеуметтік жағынан осал топтағы жастардың іскерлік бастамаларына қолдау көрсетілуде. Сондай мемлекеттік қолдаудың бір парасы – қайтарымсыз гранттар. Оны алу үшін кәсіпкерлік курсын оқып, сертификат алу керек немесе қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курсынан өту қажет.
Оқуды тәмамдаған түлек ойында жүрген, өзін өзі ақтай алады деген кәсіптің бизнес жоспарын жасап, арнайы комиссияға қатысады. Конкурстан өтсе, мемлекет тарапынан берілетін грантқа ие болады. Қайтарымсыз дегенімен, ол грант қаржысының есебін тапсыру керек. Яғни, кәсіпкер қаржыны бизнес жоспарға сай, тиісті мақсатқа жұмсағанын дәлелдеуі тиіс. Істің көзін тапқан жандарға бұл кедергі болмаса керек – Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшыларының мәліметі бойынша, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2021 жылдың 20 желтоқсанына дейінгі мәлімет бойынша 600 азаматқа жаңа бизнес-идеяларын іске асыруға мемлекеттік қолдау көрсету көзделсе, бұл жоспар артығымен орындалып, 784 азаматқа қаржылай қолдау көрсетілді. Оның ішінде 3 айлық қысқа мерзімді кәсіптік курсын оқыған 69 адам және «Бастау–Бизнес» жобасы бойынша 209 адам 200 АЕК мөлшерінде грантқа ие болды.
Мемлекет тарапынан кәсібіне қолдау көрген сол тұрғындардың ішінде 372 жас бар. Күні кеше басқарма мамандары шағын кәсібін жүргізіп отырған жастарды БАҚ өкілдеріне таныстырды. Олардың бірі – Бекжан Ерназаров. Ағаштан түрлі бұйымдар жасап жүрген жігіт кәсібін өркендетуге «Бастау–Бизнес» кәсіпкерлік негіздері жобасымен оқиды, сертификат алады. Конкурсқа құжат өткізіп, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде грантқа қол жеткізді.
Сол қаржыға кәсібіне керек-жарағын алған Бекжан бүгінде әріптесімен бірге жеке шеберханасын ашып, тапсырысқа заманауи үлгідегі сандықтар, қыз-жасауы мен басқа да тұрмысқа қажет заттар істеуді қолға алған.
– Өзіме ұнайтын іспен айналысқандықтан, тапсырыс берушілердің көңілінен шығуға тырысамын. Әлеуметтік желіден мемлекет тарапынан грант беріледі дегенді оқыдым. Содан үш айлық оқуға қатысып, сертификат алған соң конкурсқа құжат тапсырдым. Оңай сұрақ болған жоқ, дегенмен, барлығына жауап беріп, комиссияның оң шешімі шыққан соң грант ұтып алдым, – дейді Бекжан.
Жас жігіт алдағы уақытта кәсібін одан әрі дамытып, өндірісті кеңейтуді жоспарлап отыр. Қаңқалы жиһаздар құрастырып, ісін жүйеге қоятын ойы бар.
Грант алып, ісін жүргізіп отырған тағы бір жерлесіміз – Кәмшат Махмұт. Ол да қысқа мерзімді курсты оқып, сертификат арқылы 200 АЕК көлемінде грант алған. Бүгінде тапсырыстар алып, тәтті тағамдар әзірлеуде.
– Құдай берген үш балам бар. Солардың күтімімен үйде отырған кезімде қарап отырмайын деп, торт пісіріп жүргенмін. Бастапқыда көрші-қолаң, таныстарға арнап пісіретінмін. Осындай кәсіпті дамытуға грант алуға болады дегенді оқып, 3 айлық кәсіпкерлік курсын оқыдым. Содан кейін конкурсқа қатысып, тест тапсырдым. Нәтижесінде сыннан өтіп, грант берілді. Сол қаржыға торт пісіруге қажет құралдар алдым. Әсіресе, той-томалақ, жиын өткізушілер көп хабарласатын. Қазіргі карантин шектеулеріне байланысты болар, тапсырыс аз болып тұр, – дейді келіншек.
Әзірге торт пісірумен жалғыз өзі айналысатын тұрғын болашақта жеке цех ашып, жанына жұмысшылар алуды көздеп отыр.

970


Үшінші кейіпкеріміз басқармаға қарасты Жұмыспен қамту орталығында еңбек етеді. Диана Әбдірахман Алматы қаласындағы жоғарғы оқу орнын тәмамдап келген. «Жастар практикасы» бойынша осында орналасып, өзін жақсы қырынан көрсету арқылы орталыққа тұрақты жұмысқа орналасып отыр.
Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекованың айтуынша, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан ел аумағында енгізілген төтенше жағдай кезінде де халықты әлеуметтік қамтамасыз ету міндеттері уақтылы және толық орындау үшін барлық іс-шара жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, 2021 жылдың 4-тоқсанына дейін атаулы әлеуметтік көмек алып жүрген азаматтардың өтініштері төтенше жағдай кезінде 2022 жылдың 1-тоқсанына автоматты түрде ұзартылады және ол азаматтарға ешқайда барудың қажеті жоқ. Сол отбасылардың жиынтық табысы қайта есептеліп, биылғы 1-тоқсанында кедейшілік шегі – 25 031 теңгеден аспаған жағдайда АӘК тағайындалады.

969


– Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында Шымкентте 2021 жылдың соңына дейін 35 207 адам жұмыспен қамту шараларына қатысып, көзделген жоспар 105,1 пайызға орындалды. Соның ішінде бағдарламаның халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамытуға арналған үшінші бағыты бойынша 28 270 адамға жұмыспен қамту шараларын көрсету жоспарланған болатын. Бүгінгі таңда нақты 29 532 адам жұмысқа жолданды. Оның ішінде «Жастар практикасы» бағыты бойынша 2 578 жас қабылданды. Атқарылған жұмыстың нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі қала тұрғындарының арасында – 5 пайызды, ал жастар арасында 3,7 пайызды құрап отыр, – дейді Балмаржан Полатқызы.
Басқарма өкілдерінің айтуынша, биыл бұл бағыттағы жұмыстар жандана түседі. Атап айтқанда, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет жаңа кәсіп иелеріне берілетін мемлекеттік грант көлемін көбейтуді жоспарлауда. Яғни, грант мөлшері 200 айлық-есептік көрсеткіштен 400 айлық-есептік көрсеткішке артып, тиісінше, 613 мың теңгеден 1 млн 200 мың теңгеге жеткізу бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.