АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҚТАР – ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУДЫҢ ТИІМДІ ҚҰРАЛЫ Избранное

Пятница, 21 Январь 2022 04:38 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 608 раз

Шымкент қаласындағы «Оңтүстік» индустриалды аймағында бүгінде 30 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Оған қоса қазіргі таңда бұл аймақта тағы 22 инвестициялық жоба іске асып жатыр. Оның кейбірі әзірге құжаттарын әзірлеумен айналысып жатса, енді бірі зауыт-фабрикалардың құрылысын жүргізуде. Демек, алдағы бір-екі жылда арнайы экономикалық аймақтағы кәсіпорындар саны еселей түспек. Бұл жөнінде жергілікті БАҚ-қа арналған баспасөз туры барысында «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы» басқарушы компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Ерболат Сариев мәлім етті.

976

 

Айта кетейік, бүгінде Қазақстанда 13 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істеп тұр. Бұл аймақтар – өндіріске инвестиция тартудың негізгі алаңдарының бірі. Себебі, оның аумағында орналасқан кәсіпорындарға мемлекет тарапынан көптеген жеңілдіктер ұсынылады. Атап айтқанда, кәсіпорын ашу үшін инвесторға барлық инфрақұрылым желілері жүргізілген жер телімі тегін беріледі. Оған қоса мұндағы компаниялар жер салығы, мүлік салығы мен корпоративті табыс салығынан босатылады. Қала берді мұндағы зауыт-фабрикаға электр қуаты арзандатылған тарифпен беріледі.
АЭА аумағында тауар өндірушілер сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асырған кезде де кейбір артықшылықтарға ие болады. Мәселен, олар өндіріске қажетті тауарларды, соның ішінде шикізат, құрал-жабдық пен арнайы техниканы шет елдерден импорттағанда қосылған құн салығы мен баж салығынан босатылады.
Әрине, осынша жеңілдік жасап кәсіпорындар ашу мемлекетке қаншалықты тиімді, бұл отандық экономиканы дамытуға серпін береді ме, мұндағы кәсіпорындар бюджетке қанша салық төлейді деген орынды сұрақтар туындайды. Бұл жөнінде арнайы экономикалық аймақты басқарушы компанияның өкілі былай дейді.
–«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының құрылысы 2005-2010 жылдары жүргізілген. Сол кезде инфрақұрылым желілерін тартуға бюджеттен 8 миллиард теңге жұмсалған. Мұнда алғашқы инвестициялық жобалар 2011 жылы жүзеге аса бастады. Содан бері аймақта 30 кәсіпорын ашылып, жұмыс істеп тұр. Аймақтың тиімділігі туралы айтарым, біріншіден, мұндағы кәсіпорындар 2020 жылы 1,1 миллиард теңге салық төлесе, 2021 жылы 1,3 миллиард теңге салық төледі. Яғни, компаниялар салықтың бірнеше түрлерінен босатылғанына қарамастан олар төлейтін салық мөлшері жылдан жылға артып келеді. Жалпы, аймақ ашылғалы бері бюджетке 6,3 миллиард теңге салық төленген, – дейді Е.Сариев. – Екіншіден, арнайы экономикалық аймақтың тиімділігі төленген салық мөлшерімен емес, осы жерге тартылған инвестиция және мұнда өндірілген өнім көлемімен өлшенеді. Бүгінде «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағына 55 миллиард теңге инвестиция тартылды. Яғни, мемлекеттің қазынасынан шыққан 1 теңгеге 7 теңгеден инвестиция тартылған. Алдағы уақытта қазір жүзеге асып жатқан 22 инвестициялық жоба іске қосылғанда бұл көрсеткіштер жақсара түседі.
Ерболат Сариевтің айтуынша, бұл жерде жалпы 102 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Осының өзі арнайы экономикалық аймақтардың экономиканың нақты секторының дамуына оң ықпал ететінін дәлелдейді.

977


–Оған қоса экономикада мультиплекативті әсер дейтін ұғым бар. Яғни, бұл жерде дайын тауар өндіретін кәсіпорындар көбейген кезде ол өнеркәсіпті сүйемелдеуші салалардың дамуына әсер етеді. Бұл зауыттар түрлі қосымша тауарлар сатып алады және сервистік компаниялардың қызметін пайдаланады. Оның сыртында жұмыспен қамту мәселесі де бар. Қазіргі таңда экономикалық аймақта 2 500-ден астам адам жұмыс істейді. Демек, осынша отбасының төлем қабілеті артты деген сөз. Мұның бәрі экономикалық өсімге оң ықпалын тигізбей тұрмайды, – дейді ол.

«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында 6 жылдан бері табысты жұмыс істеп келе жатқан компаниялардың бірі – «Әлем БТ» шұлық фабрикасы. Бұл кәсіпорын жылына 24 миллион жұп шұлық тігеді. Компания директоры Асан Балабиевтің айтуынша, фабрикадағы өндіріс үш цехта ұйымдастырылған. Оның бірінде шетелден келген жіп қажетті түске боялады. Екінші, негізгі цехта 246 автоматтандырылған тігін машиналары орнатылған. Бұл машиналардың әрқайсысы 3 минут сайын 1 пар шұлық тігіп отырады. Бір жұмысшы бір мезгілде 14 машинаның жұмысын қадағалай алады.
–Бізде негізгі 2 проблема бар. Оның бірі – шикізат. Шұлық тоқуға жарайтын жіп өзімізде өндірілмейді. Қытаймен шекарадағы проблемаларға байланысты тапсырыс берген жіптеріміз 5-6 айдан кейін келіп жатыр. Бірақ, біз өндірісті тоқтатқан жоқпыз, Өзбекстан мен Ресейден жіп сатып алып жатырмыз. Екінші мәселе – білікті мамандар. Бұл мәселені 2 түрлі әдіспен шешіп жатырмыз. Біріншіден, Түркиядан білікті мамандар алдырып, өз фабрикамыздың базасында оқу курстарын ұйымдастырдық. Шымкенттік жастар бізге келіп оқып, заманауи қондырғыларды пайдалана отырып шұлық тоқуды үйренеді. Курс аяқталған соң біз олардың қолына арнайы сертификат береміз. Егер ары қарай бізде жұмыс істегісі келсе, өзімізге алып қаламыз. Екіншіден, Шымкенттегі бірнеше кәсіптік-техникалық лицей және колледжбен келісім-шарт жасастық. Тігінші мамандығын бітіріп, диплом алған жастарды бізге «Жастар практикасына» жолдайды. Біз оларды шұлық тігу ісіне бейімдеп, мамандандырып аламыз, – дейді Асан Қайратұлы.
Оның айтуынша, қазір фабрикада 300-ге жуық адам жұмыс істейді. Қарапайым жұмысшылардың жалақысы 150 мың теңгеден басталады. Аға шеберлердің жалақысы одан жоғары. Ауысым жетекшілер мен дизайнерлер 500 мың теңгеге дейін табыс табады. Фабрика 3 ауысыммен тәулік бойы жұмыс істейді. Әр ауысым сайын жұмысшыларға 3 мезгіл ыстық тамақ беріледі. Үйден жұмысқа дейін және кері бағытта арнайы көлікпен жеткізу қызметі ұйымдастырылған.
А.Балабиев биыл өндірісті кеңейтуді жоспарлап отыр. Көктемге қарай жаңа фабрика ашу жөніндегі жобасын тиісті министрліктің қарауына ұсынбақ. Оның мақсаты «Әлем БТ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін шұлық өндірісі саласында халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті компанияға айналдыру. «Әлем БТ» фабрикасында 3 мың адамды жұмыспен қамтитын күнге жетсек» деген айқын мақсаты бар екен.
Ең бастысы әлемде шұлыққа деген сұраныс өте көп, демек, дамуға мүмкіндік те бар. Қазірдің өзі Limax пен Ostin секілді әлемдік брендке ие компанияның өкілдері келіп, танысып кеткен. Бүгінде келіссөздер жүріп жатыр екен. Сәтті аяқталса, фабрика аса ірі көлемде тапсырыстар қабылдай алады.
Қорытындылай келе айтарымыз, Шымкент қаласында мемлекеттің индустриаландыру саясаты сәтті жүзеге асып жатыр деуге толық негіз бар.