Ел қуатты болмай, қуаныш тұрақты болмайды Избранное

Пятница, 04 Февраль 2022 03:44 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 891 раз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған реформаларды сәтті жүзеге асырып, Қазақстанда жаңа сипатты әрі әділетті қоғам құруда кәсіпкерлер үлкен рөл атқарады. Бұл туралы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің кеңейтілген отырысына қатысып, жергілікті ірі бизнес өкілдерімен кездескен Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов осылай тұжырды.

177

 

–Өкінішке қарай, биылғы жыл үлкен қиындықтармен басталды. Қаңтар оқиғасы көп нәрсеге көзқарасымызды өзгертіп, қайта қарауымыз керектігін көрсетті. Мемлекет басшысы
Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған реформаларды сәтті жүзеге асырып, Қазақстанда жаңа сипатты әрі әділетті қоғам құруда кәсіпкерлер үлкен рөл атқарады. Бұған соңғы күндері шағынаудандар мен елді мекендерді аралап, тұрғындармен кездесу барысында анық көз жеткіздік. Сіздер әділ бәсекелестік қалыптастыруға және адамдардың табысын арттыруға мүдделі болуларыңыз керек. Азаматтардың еңбек құқықтарын сақтап, олардың еңбек жағдайын жақсарту арқылы әлеуметтік әділеттіліктің орнығуына, халықтың әл-ауқатын арттыруға үлес қоса аласыздар, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Шаһар басшысы қаңтар оқиғасының салдарынан зардап шеккен кәсіпкерлердің барлық шығындары өтелетінін, бұл мақсатқа бюджеттен 3,8 миллиард теңге бөлу көзделгенін айтты.
М.Әйтеновтің айтуынша, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру өте маңызды. Себебі, өзі мен отбасының болашағын Қазақстанмен байланыстыратын бизнесмендер еліміздің дамуына бейжай қарамауы тиіс. Осы орайда, қала әкімі жиынға қатысқан барлық кәсіпкерлердің, жалпы, жергілікті бизнес қауымдастықтың «Қазақстан халқына» қорына қолдау көрсететініне сенім білдірді.
Өз кезегінде мемлекет өнеркәсіп пен кәсіпкерліктің дамуына жағдай жасап, жан-жақты қолдау көрсетеді. Мұны Шымкент қаласындағы инвестициялық ахуалдың жылдан жылға жақсарып келе жатқанынан айтуға болады.

178


—Өткен жылы Шымкент қаласы экономикасының дамуында оң динамика байқалды. Барлық негізгі салалар бойынша мақсатты индикаторларға қол жеткіздік. Әсіресе, экономикаға тартылған инвестиция көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 65,1 пайызға артып, 460 миллиард теңгеге жетті. Биыл бұл көрсеткішті 538 миллиардқа жеткізуді көздеп отырмыз. Дегенмен, мұның өзі Шымкент қаласының толық әлеуетін көрсетпейді. Инвестиция көлемін еселеп арттыруға мүмкіндік бар. Ол үшін ең алдымен, инженерлік-коммуникациялық желілер мен инфрақұрылымды дамыту қажет, – дейді Мұрат
Дүйсенбекұлы.

Қала әкімі бұл мәселені шешу үшін өткен жылдары бірнеше қосалқы электр станциясы салынғанын, газ тапшылығын жою мақсатында
№3 АГРС-тің құрылысы аяқталғанын, жылыту маусымы аяқталған соң іске қосылатынын жеткізді.
Кеңес отырысында Шымкент қалалық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Береке Дүйсебеков қалада құрылыс, өнеркәсіп пен кәсіпкерлікті дамыту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарды және қаланың экономикалық әлеуетін баяндады.
–Шымкент қаласында экономиканың нақты секторында жұмыс істейтін кәсіпорындар 450 миллион АҚШ долларының тауарын экспорттаған болса, шет елдерден 1 миллиард доллардың тауарлары импортталған. Соның ішінде 321 миллион АҚШ долларына машина жасау саласының өнімдерін шет елдерден сатып алғанбыз. Сондай-ақ, химия, фармацевтика өнеркәсібінің өнімдерін, сантехникалық бұйымдар, керамикалық бұйымдар және құрылыс заттарының үлкен бөлігін шет мемлекеттерден импорттап отырмыз. Осының бәрін талдай келе біздің өңірдегі нишалық салалар анықталды. Демек, кәсіпкерлер осы тауарларды өндірген жағдайда экспортқа шықпағанның өзінде импортты алмастыру арқылы үлкен нарыққа ие бола алады, – деген басқарма басшысы Б.Дүйсебеков осы тауар түрлерін шығаратын зауыт-фабрикалар саламын деуші инвесторларға әкімдіктің жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін айтты.
Жиын барысында Шымкент әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басқарма төрағасы Бауыржан Канкин және Шымкент қаласы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабыштаев баяндама жасады.
Кездесу барысында кәсіпкерлер бизнестің дамуына кедергі келтіріп отырған кейбір проблемаларды атап өтті. Мәселен, кәсіпкерлер субсидиялау кезінде жаңа жобаларға қаражаттың жетіспеуін айтып шағымданды. Жекеменшік мектептерді ашу кезінде бизнес өкілдері тап болатын проблемалар да айтылды. Ал, үй құрылыс комбинаттарының өнімдерін өткізу мәселесі сөз болды. Бүгінгі таңда осы кәсіпорындар өндіретін темірбетон өнімдердің тек 15 пайызы ғана мемлекет қаржысына салынатын нысандарда қолданылатынын, қалған
85 пайызын жеке компаниялар сатып алып жатқанын айтты. Осы орайда, тауар өндірушілер мемлекет қаржысына салынатын нысандарда отандық өнімдерді көбірек пайдалану қажеттігін алға тартты.
Бизнес өкілдері көтерген мәселелерге қала әкімі мен оның орынбасарлар және басқарма басшылары жауап беріп, ұсыныстардың назарға алынатынын айтты.