ЗАҢ БҰЗУШЫЛЫҚ БОЛҒАН ЖОҚ Избранное

Среда, 09 Февраль 2022 04:09 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1009 раз

Еліміздегі 2020 жылғы пандемия кезінде жарияланған төтенше жағдайға байланысты мемлекеттік бюджеттен қаралған 7 миллиард 200 млн теңгеге жалпы саны 56 586 дана дербес компьютер, ноутбук және планшет алынған. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева мәлімдеді.

212

 

Брифинг әлеуметтік желіде көтерілген мәселенің анық-қанығын БАҚ өкілдері мен әлеуметтік желі белсенділеріне баяндау мақсатында ұйымдастырылған.
— 2020 жылы елімізде төтенше жағдай жарияланып, оқушыларды қашықтан оқыту туралы Білім және ғылым министрлігінің шешімі шыққан кезде Шымкентте 250 мыңнан астам оқушы бар еді. Ал қалалық білім басқармасына қарасты мекемелерде жалпы саны 30 мыңдай ғана компьютер болды. Оқушылардың қашықтан білім алуын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік бюджеттен 7 млрд 200 млн теңге қаралып, төтенше жағдайға байланысты мемлекеттік тапсырыс аясында бір көзден және қысқа мерзім ішінде сатып алуға рұқсат берілді. Білім және ғылым министрлігі бекіткен арнайы тәртіп пен техникалық ерекшеліктер сипаттамасы негізінде жалпы саны 56 586 дана дербес компьютер, ноутбук және планшет алынды. Сондай-ақ, қажет техниканы алу барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің жергілікті өкілдері, «Адалдық алаңы» мүшелері мен қала мектептерінің 15 мұғалімінен құралған арнайы комиссия жұмыс істеді, – деді Жанат Арысбекқызы.
Ж.Тәжиеваның айтуынша, мемлекеттік сатып алу конкурсына оннан астам мекеме қатысқан. Ал сол кезеңде
комиссия құрамындағы Шымкент қалалық білім басқармасына қарасты Әдістемелік орталықтың «Сандық технологиялармен қамтамасыз ету» бөлімінің әдіскері Арман Ержігітов дауға себепкер болып отырған Lenovo маркалы ноутбуктің техникалық талаптарға сәйкес екенін айтқан. Брифинг барысында Ж.Тәжиева БАҚ өкілдеріне комиссияның шешім қабылдау барысындағы бейнежазбаны көрсетіп, А.Ержігітовтың өзі дәл осы марканы таңдағанын атап өтті.
— Төтенше жағдай кезінде арнайы комиссия ұсынылған тауарлардың техникалық сәйкестігін 3 күн бойы зерделеп, Lenovo, Dell сынды 5 түрлі марканың тауарларын алу туралы шешім қабылдады. Бұл кезеңдегі барлық бейнежазба сақталған. Заңсыздықтың алдын алу мақсатында сатып алынған тауарларды ҚР Әділет министрлігінің «Сот сараптамалары орталығына» алдын ала зерделеуге ұсындық. Аталмыш мекеменің де техникалық сипаттамаға сәйкестігі туралы құжаты бар. Арман Ержігітов 2021 жылдың ақпан айында арыздануды бастады. Осы іс бойынша 3 айдан екі рет, жалпы 6 ай бойы аудиттік тексеру жүргізілді. Аудитор ноутбук камерасының техникалық талаптағы 720 P-HD сипаттамасына сәйкес емес, 350 P-HD екенін көрсеткен. Алайда, компания сол кезде-ақ талапты орындау үшін ноутбукке қосымша 1080 P-HD камераны қоса ұсынған. Яғни, бұл камераға бөлек қаржы қаралмаған. Сондай-ақ, ноутбук қуаты 10 сағатқа жетуі немесе 40 Ватт/сағат сипаттамасына сәйкес келуі керек делінген. Алайда, ноутбук қуаты 10 сағатқа жеткенімен, техникалық көрсеткіш 35 Ватт/сағат екені анықталған. Осы екі сәйкессіздік негізінде алғашқы аудиторлық есеп беріліп, 3,5 млрд теңге қаржылық бұзушылық бар деген қорытынды шығарылған. Мұнда аудитор техникалық сипаттамадағы «немесе» сөзін ескермеген. Арман Ержігітов әлеуметтік желіде осы алғашқы шешімнің құжатын жариялап отыр, – дейді Ж.Тәжиева.
Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы ҚР Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетіне 2021 жылдың 23 тамызында қайта қарауға арызданып, қыркүйек айында жауап алған.
— Құжатта «16 қыркүйек 2021 жылғы сапа бақылауының қорытындысына сәйкес, 3 116 158,8 мың теңгеге анықталған бұзушылық рәсімдік сипаттағы бұзушылық болып қабылданғанын хабарлайды» делінген. Яғни, қаржы дұрыс игерілген. Ішкі мемлекеттік аудит мамандарының айтуынша, алғашқы тексеру кезінде аудитор «Сот сараптамалары орталығының» қорытындысын негізге алмағаны, сондай-ақ сипаттамадағы сөзді дұрыс талдамағаны айтылған. Тіптен, біз төтенше жағдай кезінде шектеулердің салдарынан тауарды мерзімінен кеш жеткізген мердігерді талапты уақтылы орындамағаны үшін сотқа беріп, одан 110 млн теңге айыппұл өндірілді. Бұл қаржы мемлекет қазынасына қайтарылды, – дейді Ж.Тәжиева.
Басқарма басшысы Жанат Арысбекқызының айтуынша, А.Ержігітов декреттік демалыстағы М.Байқоңырованың орнына уақытша қабылданған.
— Арман Ержігітов өз өтініші негізінде декреттік демалыстағы әдіскердің орнына қабылданып, осы жылдың 2 қарашасында демалыстағы әдіскердің қызметіне қайта оралуына байланысты жұмыстан босатылған. Мұнда да әдіскердің өтініші бар. Егерде әдістемелік орталық декреттік демалыстағы маманды өз орнына қайта қабылдамаса, заң бұзушылық орын алар еді, – дейді ол.
Жиын соңында Ж.Тәжиева ресми мәлімдеме жасады.
— Мемлекеттік қызметкер ретінде әлеуметтік желі арқылы және түрлі органдарға жазбаша жалған ақпараттар мен мәліметтерді тарату арқылы екі жылдан бері абыройыма, денсаулығыма елеулі нұқсан келтіруіне байланысты арнайы сот органдарына Арман Ержігітовке шағым түсіретінімді ресми түрде хабарлаймын, – деді спикер.
Айта кетейік, пандемия кезінде алынған компьютерлердің 8 мың данасы педагогтерге, қалғаны оқушыларға уақытша үлестірілген болатын.