«Аңсаған сәби»: арман мен ақиқат Избранное

Пятница, 11 Февраль 2022 04:11 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1118 раз

Елімізде әрбір алтыншы жұп сәби сүйе алмайды. Ал, ажырасушылардың 20 пайызы ортақ сәбилерінің болмауынан некесін бұзуға мәжбүр. Бұл қазақстандықтар арасында жүргізілген әлеуметтік сауалнаманың деректері.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын бастап, экстракорпоралды ұрықтандыруға квота санын жеті есеге көбейтуді тапсырған болатын. Үкімет 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын іске қосты. Ал, республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығының мәліметінше, 2020 жылы 9 467 әйел бедеулік бойынша есепте тұрса, өткен жылы бұл есептегі әйелдердің саны 11 030-ға жеткен.

229

 

Биыл 413 орын қаралған

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми деректері бойынша, Қазақстанда экстракорпоральді ұрықтандыру (ЭКҰ) бағдарламасы 2010 жылы қолға алынған. Дегенмен, алғашқы кезде медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі негізінде берілген квота саны тым аз болған. Бүгінгі таңда республикада медицинаның көмегімен
22 мыңнан астам бала дүниеге келген. Ал, оны жүзеге асыру үшін 26 ЭКҰ орталығы жұмыс істейді. Оның 21-і жекеменшік.
Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Б.Позиловтың айтуынша, экстракорпоральді ұрықтандыру үшін берілетін квота саны жыл сайын артып келеді.
— 2019 жылы Шымкент қаласы бойынша экстракорпоральді ұрықтандыруға 50 квота бөлінсе, 2020 жылы 64 орын қарастырылған еді.
2021 жылы квота 403-ке жетті. Биыл 413 орын. Жалпы, экстракорпоральді ұрықтандыру бойынша Шымкент Алматыдан кейінгі екінші орында тұр. Оған
49 жасқа толмаған кез келген әйел қатыса алады, - дейді қаланың бас дәрігері.

230


Шымкент қалалық перинаталдық орталықтың бөлім меңгерушісі, қаланың штаттан тыс репродуктологы Г.Рысқұлбекованың айтуынша, «Аңсаған сәби» бағдарламасы өз нәтижесін сәтті көрсетіп отыр.
— Шымкент қаласындағы 42 емхана емдеу кезінде анықталған бедеулігі бар жергілікті әйелдерді қалалық тізімге алу үшін перинаталдық орталыққа жібереді. Бүгінде Шымкент қаласы бойынша тізімге 556 әйел тіркелген. Оларды кезегі келгенде қаладағы экстракорпоральді ұрықтандыру бағдарламасымен жұмыс істейтін 3 орталықтың біріне жолдаймыз. Олар — «Ecomed-Шымкент», «IRM-Шымкент» және «Доктор Тарарака» орталығы.
556 әйелдің 56-сы квота негізінде емдеу шарасын бастады. Өткен жылы 586 әйел кезекте еді. Берілген 403 квота толығымен игеріліп, бүгінгі таңда 11 әйел босанды. Ішінде екі егіз сәби бар. Ал, 105 әйел жүктілік бойынша есепке алынды. Былтыр ЭКҰ-ға квота алған жұптар осы Шымкенттегі орталықтарды таңдады. Бұл, әуелі, олардың мұндағы мамандардың біліктілігіне сенім білдіргені деп білеміз. Екінші, ем алу барысында пациенттің өз қаласында болуы қолайлы, - дейді Гүлжан Садықбекқызы.

Бағдарламаға кімдер қатыса алады? 

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен құжат рәсімдеу алгоритмі бар. Ең бастысы, экстракорпоральді ұрықтандыру квотасын алу талаптарына сай келсеңіз болғаны.
— Емделгісі келетін адам тұрғылықты мекен-жайы бойынша бейінді мамандардың диспансерлік есебіне тұруы керек. Квотамен ЭКҰ жасататындардың тізімі осы есеп бойынша анықталады. Оған отбасылық жұптар да, жеке адамдар да қатыса алады. Пациент Қазақстанның азаматы болуы және Денсаулық сақтау министрлігі белгілеген медициналық талаптарға сәйкес келуі керек. Яғни, репродуктивті жас – 18-49 жас аралығындағы, соматикалық және эндокриндік көрсеткіштері қалыпты, жоғары фолликулярлық резерві бар азаматтар болуы тиіс. Кез-келген 18-49 жас аралығындағы әйел жергілікті тәжірибелік дәрігерге жүгінеді. Ол бейіндік дәрігерге, яғни гинекологқа бағыттайды. Ары қарай эндокриндік көрсеткіштер мен фолликулярлық резервті анықтау үшін гинеколог тағайындаған анализдерді тапсырады. Осы сараптамалардың қорытындысына қарап, бейіндік дәрігер ұйғарым жасап, жоғары технологиялық медициналық қызметтер жөніндегі жергілікті комиссияға жібереді, - дейді Гүлжан Садықбекқызы.
Мамандардың айтуынша, комиссия оң шешім шығарған жағдайда әйелді «Емдеуге жатқызу бюросы» порталына тіркеп, емдеу шарасына дайындық басталады. Пациент экстракорпоральді ұрықтандыру клиникасын өзі таңдайды. Емдік шараға дайындық барысында жасанды ұрықтандыру процесін жүргізуге қажетті талдамалар тізімі ұсынылады. Онда ері мен әйелі қатар тапсыратын 40-қа жуық сараптама бар. Бұл сараптамалар жергілікті тәжірибелік және бейіндік мамандардың жолдамасымен МӘМС негізінде тегін тапсырылады (Кейбір сирек талдамалар ақылы болуы да мүмкін). Сондай-ақ, ЭКҰ сәтсіз аяқталса, пациент келесі жылы қайтадан квота кезегіне тұра алады. Осындай мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде сәбилі болған аналардың бірі — Ботакөз Әбикарова.

231


— 2014 жылы тұрмыс құрып, бір жылдан соң қызды болдық. Алайда, арада алты жыл жүктілік болмады. Осыдан соң, өзім тіркелген Шымкент қалалық №7 емхананың дәрігерлеріне жүгіндім. Дәрігерлердің дұрыс бағыт беруінің нәтижесінде бедеулік бойынша кезекке тұрдым. Шамамен 6-7 айдан соң кезегім келіп, «Ecomed-Шымкент» клиникасын таңдадым. Репродуктолог Аслан Серікұлының көмегімен нәрестелі болдық. Қазір 4 айлық Ерқанат есімді ұлымыз бар, - дейді Б.Әбикарова.
Алайда, мамандар үміткерді медициналық тексеруден өткізгеннен кейін жатырдың туа біткен немесе жүре біткен күрделі ауытқулары, соматикалық және психикалық бұзылулар, аналық без ісіктері, жедел қабыну және кез-келген локализация онкологиясы, денедегі қатерлі өскіндер анықталса, экстракорпоральді ұрықтандыруға жолдама берілмейтін де жағдайлар кездеседі екен.

«Квотаға мұқтаж отбасы көп болуы мүмкін»

Дейтұрғанмен, сәби аңсаған жандар кездесетін кедергілер де аз емес. Оның бірінші себебі — пациенттердің өз денсаулығына деген жауапкершілігі болса, екіншісі жергілікті тәжірибелік және бейіндік дәрігерлерге қатысты болып отыр.
— Шымкент қаласы бойынша ресми тіркелген жұп саны —556. Алайда, бұл нақты көрсеткіш емес. Себебі, миллионнан аса тұрғыны бар қалада бедеулік проблемасына кезіккен отбасы біз ойлағаннан өте көп болуы мүмкін. Яғни, жергілікті тәжірибелік және гинеколог дәрігерлердің жұмысының кемшілігі осы тұста көрінеді. Қазіргі уақытта учаскелік гинекологтар ана мен бала өмірін сақтау мақсатында жүкті әйелдермен көбірек жұмыс істейді. Салдарынан қаладағы экстракорпоральді ұрықтандыру қызметіне мұқтаж отбасы саны нақты емес. Кей жағдайда мұның әсері ЭКҰ процесінің нәтижесіз аяқталуына әкеледі. Мәселен, біріншіден, олар әйелдің эндокриндік, фолликулярлық анализдерін қарап, тиісті ем қолданса, кейбір отбасылар ЭКҰ әдісінсіз-ақ сәбилі болуы мүмкін. Екіншіден, бедеулік деңгейі анықталған жұпты уақытында тізімге алса және гормондарды қалыпты деңгейге келтіретін ем-дом жасалса, әйелдің ағзасы ЭКҰ процесіне 70-80 пайыз дайын болып келеді де, ем өз нәтижесін берер еді, - дейді Гүлжан Садықбекқызы.
Расында да, бұл республика деңгейіндегі өзекті мәселе. Оған кейіпкеріміз Мейрамгүлдің (есімі өзгертілді-ред.) оқиғасы дәлел. Ол жергілікті тәжірибелік дәрігер арқылы кезекке тұрмаққа әрекет жасаған. Алайда, дұрыс бағытты білмегендіктен, әрекеті сәтсіз аяқталған. Іздене келіп, ЭКҰ квотасына кезекке тұрудың екінші жолын қарастырған. Қаладағы ЭКҰ орталықтарының бірінің ақылы кеңесіне жүгініп, квота алу үшін қажетті анализдерді тапсырған. Талдама нәтижесіне сәйкес, кезекке тұру үшін қажетті дәрігер хаттамасына жекеменшік клиникада қол жеткізген.
— Міне, сіз айтқан жағдай жергілікті тәжірибелік және бейіндік дәрігердің жұмысының осалдығынан орын алып отыр. Бірақ бұл тұста экстракорпоральді ұрықтандырумен айналысатын орталықтың жұмысы қуантарлық. Олар клиника пайдасын ойлап, қызметті пациентке ақылы ұсынуға да құқылы. Алайда, олар жергілікті, емге мұқтаж, квота талаптарына сай жандарға тиісті хаттама толтырып, бізге жолдап отыр, - дейді Г.Рысқұлбекова.

Бүгінде «Ecomed-Шымкент» клиникасы — мемлекеттік квота негізінде қызмет көрсетіп отырған репродуктологиялық орталықтың бірі. Орталық репродуктологы Зухра Жантаеваның айтуынша, ЭКҰ қызметіне жүгінетін жұптар арасында әйелдердің жатыр түтігі дертінің салдарына болатын бедеулік жиі кездеседі екен.

232

 

— Бедеулік түрлі факторлардың салдарынан болуы мүмкін. Алайда, салыстырмалы түрде алып қарайтын болсақ, әйелдердің жатыр түтігі жұмысының нашарлауы өте жиі кездеседі. «Ecomed» клиникасы жылына шамамен 1200-1500 жұпқа экстракорпоральді ұрықтандыру қызметін көрсетеді. Оның ішінде 20-25 пайызы мемлекеттік бюджет есебінен, яғни «Аңсаған сәби» бағдарламасы арқылы жүзеге асырылып келеді. Оның ішінде эмбрионды салуды кейінге шегеру әдісі арқылы пациенттердің 70 -90 пайызы оң нәтижеге қол жеткізіп отыр, - дейді аталмыш орталықтың репродуктологы Зухра
Батырханқызы.

P.S.

Ұрпақ — әр шаңырақтың жалғасы, отбасының сүйеніші. «Аңсаған сәби» бағдарламасы — сәби иісін сағынған әрбір отбасы үшін берілген мүмкіндік. Тек олар үшін бүгінгі айтылған кедергілер кездеспесе игі. ЭКҰ тақырыбында ескеретін тағы бір жәйт бар. Жасанды ұрықтандыру әдісіне қатысты ҚМДБ-ның ғұламалар кеңесі арнайы пәтуа шығарған. ЭКҰ әдісі арқылы өзінің некелі күйеуінің ұрығын ғана қолдануға шариғи тұрғыдан рұқсат берілген. Дәрігерлер бұл тұрғыдан отбасы мүшелеріне психологиялық тренингтен өтіп, моральдық-этикалық жағын ескеруге кеңес береді.