Теріс ақпарат кереғар пікір туғызады Избранное

Пятница, 11 Февраль 2022 04:15 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1009 раз

«Қыс мезгілінде ағаштардағы қарды сілкіп түсіру жұмыстары жасыл желек күтіміндегі көп бағыттың бірі ғана. Мұндай жұмыстар қауіпсіздік мақсатында адамдар жиі жүретін, көпшілік орындардағы 66 220 түп ағашқа қатысты. Оған бюджеттен 891,4 мың теңге қаржы қаралған». Шымкент қаласы әкімдігінің Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков осылай мәлімдеді.

235

 

Брифинг «Азаттық рухы» сайты мен «Евразия – 1» арнасында көтерілген мәселенің анық-қанығын БАҚ өкілдеріне баяндау мақсатында ұйымдастырылған. Онда «Шымкентте ағаштардың қарын сілкіп, түсіруге бюджеттен 600 миллион теңге қаржы бөлінген» деген мәлімет таралып, тақырып әлеуметтік желі белсенділерінің талқысына түскен еді.
— Кез-келген БАҚ өкілдері мен әлеуметтік желі қолданушыларын ақпаратты таратар алдында оның анық-қанығына көз жеткізіп алуға шақырамыз. Себебі, әрбір қате немесе бұрмаланған ақпарат халық арасында кереғар пікір қалыптастырып, шатастырып отыр. Қыс мезгілінде ағаштардағы қарды сілкіп түсіру жұмыстары жасыл желек күтіміндегі көп бағыттың бірі ғана. Мұндай жұмыстар қауіпсіздік мақсатында адамдар жиі жүретін, көпшілік орындардағы 66 220 түп ағашқа қатысты жүргізіледі. Оған бюджеттен 891,4 мың теңге қаржы қаралған. Қыс мезгілінде қар жаумаған жағдайда бұл қаржы толықтай бюджетке қайтарылады, - деді Е.Білісбеков.
Ресми деректерге сүйенсек, Шымкент қаласының территориясы 116 мың гектарды алып жатыр. Қала аумағында 6 миллионнан астам түп ағаш, 8 саябақ, 39 гүлзар бар.
— Ең алғаш, ағаштардағы қарды сілку мәселесі
2008 жылы көтеріліп, осы уақыттан бастап арнайы қаржы қарастырыла бастады. Себебі, Шымкент қаласының климаты жылы, жайлы болғанымен, тез өзгеріп отырады. Құбылмалы. Қыс мезгілінде жаңбырдан кейін жауған қар ағаштарға ауырлық етіп, тал бұтақтарының сынуына әкеледі. Бұл — адамдардың қауіпсіздігін сақтау және ағаштарға дұрыс күтім жасау мақсатында қолға алынған шара. Салыстырмалы түрде республикалық маңызы бар Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларын қарастырайық. Жасыл желек күтіміне 797 шаршы шақырым аумақтағы Нұр-Сұлтан қаласы бір жылға 36 млрд. теңге, 722 шаршы шақырым аумақтағы Алматы қаласы 42,7 млрд. теңге, ал Шымкент қаласы шамамен
17 млрд теңге қаржы бөледі. Бұл қаражаттың ішіне 36 түрлі қызмет кіреді. Осы абаттандыру жұмысын жүргізетін 600 қызметкердің еңбекақысы да осы қаражаттың ішінде қоса есептелген. Мәселен, 600 қызметкер орта есеппен айына 80 мың теңге айлық алса, биыл 145 мың теңгеден есептеліп отыр. Сондай-ақ, қаланың жасыл желектерін күтіп ұстау, көшет отырғызу, мерзімдік дәрілеу, суару, бұтау, ақтау және қардан тазарту сынды түрлі қызмет кіреді. Оған ағаш күтіміне қатысты алынып жатқан заманауи техникаларды да қосыңыз, - деді Ерғали Дәулетбекұлы.
Мамандардың айтуынша, жыл сайын мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесіне сәйкес қаржының 3-5 пайызы үнемделіп, бюджетке кері қайтарылып келеді.