ҚАЛАМШАДАН – ГҮЛ, ТҰҚЫМНАН БҮР ЖАРЫП... Избранное

Среда, 16 Февраль 2022 04:00 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 917 раз

Биыл Шымкентте 50 мың көшет егіледі

Асанбай Асқаров атындағы дендросаябақта көшет өсіріп шығару, оларды күтіп-баптау жұмыстары қысы-жазы жүргізілуде. Тұқымбақтарда көшеттерді өсіретін мамандар оларды кейін саябақтың ішіне бөліп егуді, көктемгі жұмыстарға дайындықты қазірден бастап кеткен. Бұған қоса еліміздің басқа аймақтарынан да көшеттер жеткізіледі.

274

 

Осылайша мамандар көктемде бір ғана дендросаябақ аумағында 15 мың көшет егуді жоспарлап отыр. Жыл басынан бері соның бес мыңы отырғызылған. Қазіргі таңда 10 мың қаламша дайын тұр.
– Дендросаябақтың Самал шағынауданымен шектесетін аумағындағы 6 гектар алқапқа 4 түрлі ағаш отырғызылды. Негізінен өрік, қызыл дерен, жиде және шие тұқымдарынан 2 мың дана жеміс ағашы егілген. Оған қоса тұқымбақтың маңынан Айлант ағашының алқабын құрмақпыз. Ол жерге 830 дана көшет отырғызылды. Олардан бөлек терек талдарының өз алқабы болады. Онда 500-ден астам көшет егіліп, өсірілуде. Ал күз айларында, атап айтқанда, қараша айында Шығыс Қазақстанның Қатонқарағай аумағынан 1 500 дана сібір шыршасының көшетін жеткіземіз, – дейді Асанбай Асқаров атындағы дендросаябақ директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Үсен Құрманбай.
Көшеттер тұқымбақта жерсіндірілген соң келесі жылдың күзінде дендросаябақтың ішінде егіледі. Себебі, басқа жақтан әкелінген, тұқымнан өсірілген көшеттер алдымен осы тұқымбақта бапталады, жетілген соң бақтың түрлі алқаптарынан орын тебеді. Қазіргі таңда бапталып жатқан 10 мың қаламшаны мамандар наурыз айының ортасында егуді жоспарлап отыр. Оған қоса 23 мың дана бұталы өсімдік дайын тұр. Осылайша қаламшалардың жалпы саны 30 мыңнан асады. Олар негізінен қызыл терек, матсудана, шынар және үйеңкі ағаштарының көшеттері. Дендросаябақтың ғылыми қызметкерлері, бұған қоса, бірегей тәжірибе жүзеге асыруда.

268


– Біз арша ағашының бұтасын картоптың ішіне егіп, содан көшет өсірудеміз. Ол үшін картопты ойып, ішіне құнарлы топырақ саламыз, оған қаламшаны отырғызамыз. Мұндағы мақсатымыз – сабақтан өз алдына тамыр шығару. Қазіргі таңда 200 қаламша осылай өсірілуде. Қызметкерлер күн сайын бақылап тұрады. Алдағы 10-15 күнде байқап, егер тамыры шықса, топыраққа ауыстырып егеміз де тәжірибені әрі қарай жалғастырамыз, – дейді Үсен Кенжетайұлы.
Директор орынбасарының айтуынша, қазіргі таңда дендросаябақта 357-ге тарта өсімдік түрі өсіп тұр. Оның ішінде 61 ағаш әлем бойынша сирек кездеседі. Қызыл кітапқа енгізілген 9 түрі де бар. Мамандар күні кеше тораңғыл ағашының 150 түп көшетін әкеліп, тұқымбаққа отырғызған. Ол жерсіндірілген соң дендросаябаққа егіліп, көбейту жоспарлануда. Жалпы, қызметкерлер 2022 жылы сирек кездесетін ағаш түрлерінің 3 мыңнан астам көшетін егуді жоспарларына енгізіп отыр.
Осыншама тал-дарақты күтіп-баптауда суару да аса маңызды. Осы мақсатта дендросаябақтың суары жүйесі биыл жаңартылмақ. Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Кенжебаев осылай деп мәлімдеді. Жалпы, мұнда өсірілген көшеттер қаланың басқа да аумақтарында егіледі.
– Биыл басқарма тарапынан дендросаябақта бірқатар жұмыс атқарылады – 15 мың көшет егумен қатар бақтағы суару жүйесін жаңалау, реттеу шаралары қарастырылған. Қазіргі таңда суару жүйесіне жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) әзірлеуге конкурс өткізілуде. Конкурс аяқталып, мердігер анықталған соң ЖСҚ дайындалып, құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қоса дендросаябақ қоршауының ескіруіне байланысты ол жұмыстарға да ЖСҚ әзірлеуге конкурс өткізілуде. Мердігер анықталған соң биыл қоршауды жаңарту жұмыстары басталады. Жалпы, биыл Шымкент қаласы бойынша 50 мың ағаш көшеті егіледі. Ал қаланың жасыл белдеуіндегі орман алқабындағы мың гектар аумаққа 1 267 мың ағаш егу жоспарлануда. Негізінен қарағаш, өрік, айлант ағаштары отырғызылады. Оларды басқармаға қарасты «Жасыл белдеу» коммуналды мекемесі күтіп-баптайды, – деді Нұрсұлтан Садықұлы.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.