ІРІ СПОРТ ҒИМАРАТТАРЫ БОЙ КӨТЕРУДЕ Избранное

Пятница, 18 Февраль 2022 04:40 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1853 раз

Шымкент қаласында мегаполис талаптарына сай ірі спорт нысандары бой көтеруде. БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры барысында қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ермек Дәрменов солардың бірнешеуінің құрылысымен таныстырды.

297

 

Айталық, Бозарық тұрғын алабындағы ипподром. Халықаралық талапқа сай салынып жатқан атшабар 1,5 мың көрерменге арналған. Жүгіру алаңы – 2000 метр. 150 бас жылқы сыятын атқора салынуда. Ипподромда көкпар мен ат спортының көптеген түрі бойынша жарыстар ұйымдастырылмақ. Атшабар биыл қыркүйекте бітеді деген жоспар бар. Бұл құрылыс нысаны 2021 жылдың наурыз айында қала әкімдігі мен BI Group компаниясы арасында түзілген меморандумға сәйкес жүргізілуде. Болашақ ипподромның тағы бір артықшылығы – көрермен ат жарыстарын
үлкен LED экран арқылы жақыннан тамашалай алады.
Келесі нысан – Сайрам тұрғын алабындағы №12 спорт мектебінің қосымша корпусы. Ермек Аманжолұлының айтуынша, биылғы қазанда пайдалануға берілуі тиіс ғимаратта балалар спорттың 12 түрі бойынша жаттығатын болады. Бүгінгі таңда аталмыш спорт мектебінде мыңға жуық бала тәрбиеленуде. Ал жаңа ғимаратта бір мезетте 160 бала спорт жаттығуларымен айналыса алады. Сонымен бірге спорт кешенінде күрес, теннис залдары болады. Заманауи спорттық құрал-жабдықтар оқушылардың дене шынықтырумен, әртүрлі спорт түрлерімен айналысуына қолайлы. Қазіргі таңда мегаполисте жабық спорт кешендеріне деген сұраныс бар. Ал осындай спорт ғимараттары сол тапшылықтың орнын толтырмақ. Аталған мектеп директоры Хасан Маккамбаев шәкірттерінің түрлі спорт додаларында топ жарып жүргенін айтады. Мәселен, үстел теннисі мен волейболда мектеп өрендері айтарлықтай жетістіктерге жеткен. Мектеп басшысы жаңа ғимаратта жаттығатын балалар келешекте бұдан да үлкен жетістіктерді бағындырады деген сенімде.
Шаһардағы Металлург стадионы да қайта жаңғыртылуда. 1500 көрермен сыятын спорт кешені халықаралық талапқа сай болады.
– Қазіргі таңда стадион алаңы табиғи төсенішке әзірленіп, қосымша әкімшілік ғимараты салынып жатыр. Доп тебетін алаңға табиғи көгал төселеді. Ал оған дейін мұнда дренаждау жұмыстары жүруде. Бұл – құрылыстың ішіндегі ең маңызды бөлігі. Өйткені ертеңгі күні жаңбыр жауғанда су алаңға көлшік болып тұрып қалмай, жерге сіңіп кету керек. Бұдан бөлек, спортшыларға арналған жатақхана ғимараты салынып қойды. Нысан биыл жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде, – деді қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары
Ермек Дәрменов.
Жалпы жоспар бойынша қаланың төрт ауданынан бір-бір дене шынықтыру және сауықтыру орталықтарын ашу көзделуде.