Балаға қамқорлықтың ең үлкені – көркем тәрбие беру Избранное

Среда, 02 Март 2022 05:10 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1148 раз

Ұлт болашағы ұрпақ тәрбиесiне байланысты. Мұны аз айтып жүрген жоқпыз. Бiрақ кейбiрiмiздiң балаларға жақсы тәрбие бере алмай жүргенiмiз шындық. Дәлел керек пе?
Қазақстанда 2021 жылы жасөспiрiмдер қолымен 1 873 қылмыс жасалған. Оның ішінде 147 қылмысты шымкенттік балалар мен жасөспірімдер істепті. Әрине, бұл көрсеткiш осыдан 10 жыл бұрынғыдан 2 еседей азайған. 2010 жылы елімізде кәмелетке толмағандар жасаған 4 мың қылмыс тіркелген екен. Әлі мектепті бітірмеген жас өрендердің 1 873 қылмыс істеуін аз деуге ауыз бармайды.

357

 

Иә, бұзық, тентек балалар қай кезеңде де болған. Дегенмен, бұрынғы баланың бұзықтығы әрi кетсе жолдасының мұрнын қанатумен шектелетiн. Ал қазіргі қылмыстардың сипатын естісеңіз, жаныңыз шошиды. Өкінішке қарай, қазақстандық жасөспірімдер жасаған қылмыстың ішінде 704 ауыр, 46 аса ауыр қылмыс бар. Оның ішінде 27-сі кісі өлтіру немесе кісі өлтіруге оқталу болып отыр.
Кейiнгi кезеңге дейiн қазақ баласының ұйымдасқан түрде кiсi тонап, iшiмдiк iшiп, қыз зорлағанын құлақ естіп, көз көрмеген еді. Ал қазіргі жасөспірімдер арасындағы қылмыс туралы құқықтық статистикада мұндай қылмыс түрлері толып тұр. Мұның бәрi қазақ жастарының, бауыр етiмiз – балаларымыздың рухани-адамгершiлiк дағдарысқа түскенiн көрсетпей ме?
Әрине, ұрпақ тәрбиесi — аса ауқымды, көп қырлы тақырып. Қоғамды қатыгездiк жайлап, балалардың бұзық емес, бұзақы, тiптi қанiшер болып бара жатқанына әсер ететiн жайттар да көп. Дегенмен, бiздiң сөз етпегiмiз – бала тәрбиесiнiң батыстық үлгiсiн қолданудың бүгiнгi қалыптасқан жағдайға әсерi қандай?
Еліміздегі балалардың құқығын қорғау саласындағы құзiреттi мемлекеттік органдар өз жұмысын «заңсыз бала еңбегiн қолдануды жоюға» бағыттаған. Балаңызды көп жұмсағаныңызды анықтаса, хаттама толтырып, айыппұл салуға әзiр. Ал психологтар жағы орынсыз әрекет жасаса да баланы қатаң жазалауға немесе жиi тәртiпке шақыруға болмайды деп шыр-пыр. «Әйтпесе, жасық болып қалады, жаны жараланады» дейдi мамандар. Оның үстiне бүгiнде көп балалы отбасылар азайғаны белгiлi. Бетiне қараған бiр-екi перзентi болған соң ата-анасы көп шектеу қоя бергiсi келмейдi. Содан заманның ыңғайына қарай жұмсалмаған, еңбекке етi «өлмеген», бетiнен қағылмаған балалар көбейдi.
Ерке өскен, еркiн өскен ұрпақтың өзiндiк артықшылықтары да бар екені сөзсіз. Бiрақ сол еркiндiк кейде бiрбеткейлiкке, өркөкiректiкке, бiрте-бiрте қатiгездiкке айналып кетiп жатады. Ал ендi бiр еркетотайлардың ынжық, шолжаң, жалқау болғанын да көрiп жүрмiз. Көпшiлiктiң көзiнше өз баласына айтқанын iстете алмай әуре болып жататындарды күнде жолықтырамыз. Мұның себебi неде? Бiз «баланың бетiнен қақпау керек» дейтiн батыстық педагогтар мен психологтардың айтқанына ерiп дұрыс жасадық па? «Қатынды бастан, баланы жастан» деген халық даналығын терiске шығарғанда не ұттық? Неден ұтылдық? Бала тәрбиесiнде кейде қаталдық керек пе? Басбұзарлық жасаған баланы жазалауға бола ма?
Шымкент қаласында тұратын Әтiркүл әжей бүгiнде сексеннiң сеңгiрiне шықты. Алла берген 5 ұл, 3 қызынан 26 немере, 14 жиен және 2 шөбересi бар. Әжей өнегелi, көркем мiнездi ұрпақтарымен бақытты екенiн айтады.
– Әкенiң өткiр жанарынан ықпаған, қаһарынан қаймықпаған бала, әрине, бетiмен кетедi. Бұл, әсiресе, ұл балаға қатысты. «Қаһарлы болу» дегенде мақсат баланы бас салып сабай беру емес. Әке өзiнiң салмақты, сара мiнезiмен, көп сөйлемей кесiп айтатын тапқырлығымен, ақылдылығымен, талапшылдығымен қадiрлi, айбынды бола алады. Ал осындай тәрбие көре жүрiп те сотқарлық жасаған балаға iсiне лайық сазайын тартқызу керек-ақ. Әйтпесе, жазасыз қалса, ол болашақта мұнан да сорақы әрекетке баруы мүмкiн. Бiр сөзбен айтқанда, ер азамат шаңырақтың бас тәрбиешiсi болуы тиiс. Бұл бiр жағынан әйелге де байланысты. Сәл нәрсе үшiн ерiнiң бетiнен алып, жағасына жармаса кететiн кейбiр келiндер ертең балаларын бiр өзi тәрбиелей алмайтынын да ұмытпаса екен. Өйткенi, әкесінің өз жарына өзін өткізе алмайтынын көріп өскен бала оның айтқанына пысқырып та қарамайды. Әкесінен де, шешесінен де қаймықпайтын баланың қандай әрекетке барарын айту қиын. Жалпы, еркектiң қадiрi кемiп, орны төмендеген отбасында береке болмайды. Қазiр «жас балалар қылмыс жасапты» дегендi жиi естейтiн болдық. Егер әкесiнiң сұсынан сескенсе, олар қылмыс жасамақ түгiлi, қия баспас едi-ау, – дейдi Әтiркүл Шүкiрбекқызы.
Ал практик-психолог Аида Тұрғазының бұл мәселедегi ұстанымы сәл басқаша.

358


– Әрине, жазалау тәрбиелеудiң құрамдас бөлiгi екенiн ешкiм жоққа шығара алмайды. Бiрақ бұл әдiске абайлап қарап, оны асқан жауапкершiлiкпен қолдану керек. Себебi, орынсыз, әділетсіз жазалау жеткiншектiң ендi қалыптасып келе жатқан жан-дүниесiне кері әсер етуі мүмкiн. Ал шамадан тыс қатаң жаза баланы жөнге салмайды. Керiсiнше, оның көкiрегiнде қоршаған ортаға, айналасындағы адамдарға, келе-келе қоғамға деген өшпендiлiк оты тұтануы әбден мүмкiн. Ауыр қылмыстарды еркетотайлар емес, ата-анасынан әдiлетсiздiк, жауыздық көрген балалар жиiрек жасайды, – дейді Аида Тұрғазы.
Психологтың пiкiрiнше, балалармен қарым-қатынаста «мақтау – сын – мақтау» деген жүйенi қолдану керек. Айталық, балаңыз сiз берген тапсырманы ойдағыдай орындамады делiк. Өзiне жүктелген мiндетке атүстi қарағанын байқадыңыз. Маманның ойынша, мұндай жағдайда балаға бас салып ұрсуға болмайды. Әуелi оған бұл iске кiрiскенi үшiн рақмет айтуыңыз керек. Бастапқы кез үшiн мұның өзi тамаша нәтиже екенiн айтып, жасөспiрiмнiң көңiлiн тыныштандырыңыз. Содан кейiн ғана сiз бұдан да жақсы нәтиже күткенiңiздi ескертiп, әңгiменi «келесi жолы сенiң тапсырманы жақсырақ орындайтыныңа сенемiн» деген көтерiңкi рухпен аяқтаңыз.
Тағы бiр айта кетерлiк жайт, ескерту мен сынды баланың жеке басына, тұлғалық қасиеттерiне бағыттаудың қажетi жоқ. Психологтың айтуынша, балаға оңбаған, өтiрiкшi, жалқау деген сияқты баға беруге болмайды. Өйткенi, бала бiрте-бiрте өзiн шын мәнiнде жалқау немесе өтiрiкшi деп есептей бастайды. Бұл оның бүкiл өмiрiне керi әсерiн тигiзбек. Егер жеткiншекке наразылығыңызды бiлдiргiңiз келсе, ойыңызды «осы жолы сен менi алдадың», «сен бұл жұмысты толық орындамадың», «сенiң мұның дұрыс болмады» деген секiлдi сөздермен жеткiзiңiз.
– Кейде жұмыстағы қиындықтар, көшедегi жағымсыз әсерлер, шешiлмеген проблемалар мен бiтпеген шаруалар сiздi қалжыратып жiбередi. Осындай кезде балаңыздың кiшкентай орынсыз әрекетi жүйкеңiзге ауыр салмақ түсiруi мүмкiн. Сөйтiп, бар ашуыңызды сәбиден аласыз. Ол аз ғана томсырайып отырып не жылап алады да қайтадан ойнап кетедi. Мүмкiн осымен бәрi бiттi деп ойлайтын шығарсыз. Бiрақ осындай әр жағдай баланың жан-дүниесiне керi әсер етедi. Өйткенi, ол әдiлетсiздiк көрдi ғой. Тағы өзгеден емес, өз ата-анасынан әдiлетсiздiк көрдi. Әйтпесе, бастығыңыздың сiзге тым көп тапсырма бергенiне, мысалы, халыққа қызмет көрсету орталығында ұзын-сонар кезек күткенiңiзге немесе қоғамдық көлiкте бос орын болмағанына перiште көңiл бала кiнәлi емес қой? Сондықтан, балаға ескерту айтып, оны тәртiпке шақырсаңыз да сабырлы қалпыңыздан танбаңыз, – дейдi А.Тұрғазы.
Ұлттық тәрбиемiздiң қайнар көздерiнiң бiрi — Ислам дiнi. Сондықтан, баланы тәрбиелеуде жазалау әдiсiн қолдануға бола ма, болса қандай жағдайда қалай жазалау керек деген сұрақты дiн мамандарына да қойған болатынбыз.

359


– Қасиеттi Құранның алғашқы сүресiнде Алла өзiн «аса қамқор, ерекше мейiрiмдi» деп таныстырады. Әйтпесе, Алланың құдiреттi, қаһарлы деген сипаттары да бар. Демек, ата-ана баланың бойына ең алдымен қаталдықты, қаттылықты емес, мейiрiмдiлiктi сiңiруi керек. Өзi ата-анасынан мейiрiм көрген бала ғана өзгелерге де қайырымды бола алады, – дейдi ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша өкіл имамының орынбасары Мұхамеджан Естеміров. – Сол себепті балалардың қылығына барынша сабырлылық танытып, кешіріп, жақсы көру, оған мейлінше көңіл бөлу керек. Ал жазаламаса болмайтын жағдай болса, баланың ар-намысына, тұлғалық қасиетiне дақ түсiрмейтіндей жазалау керек. Әрі ол ұрып-соғудан бұрын балаға қосымша жауапкершілік жүктеуге негізделіп, үйрету мақсатындағы жаза болғаны дұрыс. Оған беретiн жаза кiнәдан асып түспеуi қажет. Ата-анасының қолынан зұлымдыққа ұшыраған балада бiрiншi орынға шындықты емес, күштi қоятын терiс түсiнiк қалыптасады. Осылайша күштiнiң алдында бас иедi, ал қолына билiк тисе, өзгелерге күшiн беталды қолдана бастайды.
Дiнтанушының айтуынша, қай жазаны қай жастағы балаларға және қандай жағдайда қолдану керегiн бiлудiң маңызы зор. Әр жас ерекшелiгiнiң өзiне тән тәрбиесi мен жауапкершiлiгi әртүрлi болады.
Иә, бiз бүгiн бала тәрбиесiне қатысты мәселелердiң бiр қырын ғана сөз еттiк. Жоғарыда айтылғандарды ой елегiнен өткiзсек, қажет кезінде балаға қаталдау болған дұрыс. Дегенмен, қатал әкенiң немесе талапшыл ананың рөлiн сомдаймын деп балаңызды тым қатты жазалап, оның болашақта безбүйрек адам болуына «үлес» қосып жүрмеңiз. Бала тәрбиесiнде таразының екi басын тең ұстау қажет-ақ.