ТЕХНИКАЛЫҚ МАМАНДЫҚҚА ҚОЛДАУ АРТПАҚ Избранное

Пятница, 04 Март 2022 03:46 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1236 раз

Шымкент қалалық білім, ішкі саясат және жастар істері жөніндегі, сондай-ақ жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармалары мен «Shymkent» ӘКК АҚ және Академик А.Қуатбеков атындағы халықтар достығы университеті «Техникалық мамандар кадрлық резерві» жобасын іске асыру бойынша өзара бірлескен меморандумға қол қойды.

408

 

Жобаның мақсаты — жұмыссыз азаматтарды, оның ішінде белгілі бір кәсіптік-техникалық білімі бар жастарды жаңа технологияларды игеруге, шетелдік мамандармен тәжірибе алмасып, келешекте солардың орнын басуға, сондай-ақ орта және ірі кәсіпорындарға жұмысқа орналастыруға бағытталған.
Университет қабырғасында өткен жиында аталмыш оқу орнының ректоры Рабиға Қуатбекова жоғары білім беретін оқу ордасының бүгінге дейінгі жетістіктері жөнінде баяндап берді.
Өз кезегінде қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова алдағы уақытта екі мыңнан астам жас техникалық мамандықтар бойынша шетелдік тәлімгерлерден тәжірибеден өтіп, заманауи озық технологиямен жабдықталған өндіріс орындарында тұрақты жұмысқа орналасатынын жеткізді.
— Жобаға орта білім беру мекемелерінің 9-11 сынып оқушылары, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының техникалық мамандықтар бойынша бітіруші түлектері және NEET санатындағы жастарды тарту көзделуде. Жоба шеңберінде жастарға ақпараттық-насихаттау жұмыстары, бітіруші түлектерге қаламыздың ірі кәсіпорындарында үздік мамандардан мастер кластар, сондай-ақ озық техникалық құралдарды меңгерген шет ел мамандармен бірге іс-тәжірибеден өтуді ұйымдастырып, оларды тұрақты жұмысқа орналастыруды жоспарлап отырмыз, - деді Б.Нарбекова.
Өз баяндамасында «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының индустриалды аймақтарға жауапты органның басшысы Нұралы Арғынбаев қалада 5 индустриалды аймақ бар екенін, ондағы кәсіпорындарға техникалық білімі бар мамандар өте қажет екенін жеткізді.
— Жергілікті кәсіпорындар қондырғыларды орнатуға, іске қосу және сервистік қызмет көрсету үшін мамандарды шетелден алдырады. Ендігі жерде осы заманауи қондырғыларды жетік білетін мамандарды өзімізден даярлау керек. Кәсіпкер — бизнестің адамы. Сондықтан ол бірінші кезекте шығынды азайтып, табысты молайту жағын көбірек ойлайды. Кәсіпкерлік саласындағы көп шығын әкелетін тұстардың бірі ол жұмысшылардың еңбекақысы. Шетелдік мамандарға айлық жалақының да көп төленетіні белгілі. Сол себепті жергілікті мамандарды тартуға отандық кәсіпкерлер де қызығушылық танытып отыр. Айта кетер бір жәйт, бүгінде заман өзгерді. Сонымен бірге адамдардың да бір-бірімен қарым-қатынасы басқа арнаға көшті. Қазір білімді, қарым-қабілетің күшті болса, жұмысқа тұру үшін тамыр-таныстың қажеті де жоқ. Сондықтан жастарды көп оқуға, өз-өздеріне сенімді болып, алдымен жоғары айлықты, мансапты емес тәжірибе жинауға көңіл бөлсе екен деген тілек арнағым келеді, - деді Нұралы Арғынбаев.
Сондай-ақ жиында қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Бексұлтан Әділханов мемлекет тарапынан жастарға көрсетіліп жатқан қолдаулар және бұл бойынша мегаполисте іске асырылылған нақты жұмыстар жайлы мәлімдеді.
— Шымкент қаласында 240 мың жас бар. Ол халықтың 21 пайызын құрайды. Соның ішінде студенттер саны — 120 мың адам. Бүгінгі жастардың көзі ашық. Қоғамдық өмірге белсене араласуда. Сөз жоқ жастар — қоғамның қозғаушы күші. 2021 жылы қала әкімі Мұрат Әйтеновтің тапсырмасымен 4 ауданда жастар ресурстық орталықтары ашылды. Онда келушілерге мемлекеттік бағдарламалардың мақсаты түсіндіріледі, бос жұмыс орындары жайлы мәлімет беріледі. Сонымен бірге ресурстық орталықтарда коворкинг қызметі жұмыс істейді. Сол арқылы жастар түрлі үйірмелерге қатыса алады. Сондықтан бүгінгі жастарды коворкинг орталықтарына келіп, уақыттарын тиімді әрі пайдалы өткізуге шақырамын. Ресурстық орталықтағы жастар қаладағы түрлі іс-шараларға белсене қатысып, өздері де әртүрлі тақырып бойынша іс-шаралар ұйымдастырып жүр. Бұдан бөлек үшінші мегаполисте өткен жылы өскелең ұрпақтың денсаулығын жасқарту, жаман әдеттерге бой алдырмау мақсатында спорттың төрт түрінен, атап айтқанда, футбол, баскетбол, волейбол және шахматтан жастар лигасы ұйымдастырылды. 2021 жылы қала бойынша 15 мың жас тұрақты жұмыспен қамтылса, биыл 18 мың жасты жұмысқа орналастыру жоспарда бар. Өйткені, жыл сайын қаламыздағы жастардың саны көбейіп келеді. Сонымен бірге жастар ресурстық орталықтарында арнайы мобильді топтар жұмыс істейді. Олар шаһардың шалғай елді мекендеріне барып, жастармен кездесіп, мемлекеттік бағдарламалар мен бос жұмыс орындары туралы ақпаратпен бөліседі. Және де алдағы мамыр айынан бастап Шымкенттегі 8 жоғары оқу орындарында жастармен кездесулер өткізу жоспарлануда. Мұнда да бітіруші түлектерге бос жұмыс орындары жайлы тың мәліметтер беріледі. Иә, бүгінгі таңда мемлекет тарапынан жастарға көрсетіліп жатқан қолдаулар көп. Соның ішінде жастардың рухани, тәрбиелік ісіне бағытталған 30 жоба бар, - деді Б.Әділханов.