Ұлттық киімді күнде киюге не кедергі? Избранное

Пятница, 18 Март 2022 04:30 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1532 раз

Көктем келіп, Әз-Наурыз мерекесі жақындағалы айнала гүлдене бастады. Табиғаттың әсемдігінен бөлек, адамдардың мерекеге орай киген бүрмелі көйлек, оюлы бешпенттері ерекше көңіл-күй сыйлайтындай. Алайда, қарасаң көркемдігіне көз тоймайтын, ұлттық нақыштағы киімдерді күнделікті киюге не кедергі? Дәл осы сауалдың жауабын іздеп, ұлттық киімдерді насихаттаудан жалықпайтын тұрақты оқырмандарымызға хабарластық.

703

 

Батырхан ДӘУРЕНБЕКОВ,
Қазақстан дизайнерлер одағының Түркістан облысы бойынша төрағасы, ҚР Мәдениет қайраткері:

704

— Ұлттық нақыштағы киім күнделікті киілу үшін этно-дизайнерлер жұмыс істеуі керек. Тойларда ізет ретінде беріліп жүрген шапандар өте сапасыз. Ою-өрнектері талғамсыз таңдалып, үйлесімсіз тігілген. Яғни, базарлардағы дайын оюларды үйлесіміне қарамай жабыстыра береді. Салдарынан тойда біреуіміз жауып, екіншісі асығыс шешіп әлек болады. Кейбірінің құны оюының көлеміне қарай қымбат сатылып жатады. Ал, күнделікті кию үшін киім адамның үстіне қонымды, ыңғайлы, жарасымды, қарапайым болуы керек. Оюының көлеміне қарай құнын қымбаттату дұрыс емес.
Қазақтың әр ою-өрнегінің өзінің орны, мағынасы бар. Сонысына қарап, оюды киімнің жағасы, жеңі немесе қалтасының тұсына үйлесімді етіп орналастырса, неге күнделікті кимеске?! Мәселен, базардағы қарапайым тақияны алып қаралық. Қазақта бас киімге, көбіне, қошқар мүйіз оюы қолданылады. Алайда, сатылып жатқан тақиялардағы өрнектің қисықтығы, тігісінің нашарлығынан күнделікті кие алмайсың. Арасында іліп-алары жоқ. Көпшілік жиындарға, жұма намазға бара қалсаңыз, сапалы тақия киген кісінің ілуде біреуін кезіктіресіз.
Сән әлемінде «прет-а-порте» деген ұғым бар. Бұл күнделікті киюге арналған, үлкен партиямен өндірілетін киімдердің үлгісі. Бүгінде этно-дизайнерлер «прет-а-порте» бағытындағы ыңғайлы үлгілерді ұсынып жүр. Дегенмен, дизайнерлердің барлығы тігінші, оны өндіріске енгізетін кәсіпкер де емес. Ал, тігінші суретші немесе дизайнер бола алмайды. Сондықтан ұлттық нақыштағы күнделікті киімдерді өндіру үшін жеңіл өнеркәсібі бар кәсіпкер этно-дизайнермен, тігіншімен бірге іс бастағаны абзал. Оны сапалы, қонымды етіп шығарып жатса, сұраныстың да көбейетіні сөзсіз.
Мәселен, өзім күнделікті киетін жейде, күртеше, джинсы жакет таңдағанда үстіме қонымды, бір түстісін аламын. Сосын эскизін сызып, қажетті өрнекті таңдап, үйдегі жеңгеңе беремін. Міне, мен киіп жүрген ұлттық нақыштағы киімдер осылай тігіледі.

Майра ОРМОЛДАЕВА,
М.Әуезов атындағы ОҚУ «Мәдениет және спорт» факультетінің аға оқытушысы:

705

— Ұлттық нақыштағы киімді киюге құштарлық отбасындағы тәрбиеден, ұлтжандылықтан басталады деп ойлаймын. Өсіріп отырған ұл-қызымызға ана тілімізді, дәстүрді дәріптеп, санасына сіңіріп отырсақ, оның ұлтжанды, патриот болып өсері анық. Әйтпесе, ұлттық нақыштағы киімдерді күнделікті киюге айтарлықтай ештеңе кедергі емес. Олардың бағасы қымбат дегенге де келіспеймін. Себебі, кез-келгеніңіз соғұрлым сәндегі импорттық қымбат өнімдерді тұтынып жүрсіз ғой.
Ал, мен керісінше, ұлттық нақыштағы киімімді киіп, зергерлік бұйымдарымды тағынбасам, үйде бір затымды ұмытып кеткендей өзімді жайсыз сезінемін. Кейде сырт көз менің осы киіну үлгіме қарап, «Наурызды тойлауға барамысыз?» деп жатады. Яғни, біздің санамызда ұлттық киімді сахнаға немесе тойға ғана кию керек деген пікір
қалыптасқан.
Жалпы, сахналық костюмдерімді сеніп тапсыратын шеберлерім бар. Бірі бас киім, бірі көйлек тігеді. Үшіншісі, ою-өрнекпен әрлейді. Кейде түсі үйлесетін бұрынғы-кейінгі киімдерімді «композиция» жасап алатыным бар. Тіптен, кей әшекейімді зергерлерге жасатамын. Мүмкіндігінше студенттеріме насихаттаймын. Отбасымызда, әулетімізде, мектепте, қоғамдық орындарда, яғни күнделікті қазақтың әшекей бұйымдарын тағып, киімін жарасымды етіп киіп жүрсек, тәрбиелік мәнін насихаттасақ, келер ұрпақ жалғастырады деген сенім мол. Себебі, бала айтқанды емес, көргенін істейді.

Берікбай МИХЕЕВ,
Шымкенттегі №135 жалпы орта мектебінің директоры:

706

—Қазақтың тарихы, дәстүрі өте бай. Ұлттық киімдердің әрбірінің өз мақсаты бар. Бірі — күнделікті, екіншісі — тойға, үшіншісі — жас ерекшелігіне қарай киюге арналған. Біздің мектептің ұраны — «Ұлттық құндылықтар — ұлт болашағы». Біз ұжым болып осы бағытта жұмыс істеп келеміз. Себебі, тәрбие, мәдениет, өнердің діңгегі тарихымызда жатыр.
№135 жалпы орта мектептің негізгі ерекшелігі — балаға ұлттық құндылықтар арқылы тәрбие беру. Біз алғашқы қадамды мектеп формасынан бастадық. Мектептің бастауыш сынып жетекшілері мен оқушылары сабаққа толығымен ұлттық нақышта тігілген кеудеше киеді. Мектеп формасы — ақ жейде, кеудеше, қара белдемше немесе шалбар. Бастаманы демеушілердің қолдауымен жүзеге асырдық. Әр сынып бір түсті таңдады. Мектептегі технолог ұстаздар барлық кеудешені өздері тігіп шықты. Оюлады.
Мәселен, 2008 жылы қаладағы №83 қазақ-орыс жалпы орта мектебін басқарып жүрген кезде ерекше бастаманы қолға алғанбыз. Онда өзге ұлт өкілдерінен құралған қазақ сыныбын аштық. Сол сыныптың балалары қазақтың дәстүріне, әдебиетіне сусындап өсті.
Тарихтың дәріптелуі, мәдениеттің насихатталуы тәрбиеге байланысты. Ал, тәрбие отбасылық құндылықтарға негізделеді. Сондықтан отбасындағы тәрбие, ондағы әкенің рөлі сынды мәселелерге ерекше мән беремін. Жуырда ата-аналармен кездестік. Біздің бастамаларымызға деген қолдауын білдіріп, ризашылықтарын жеткізді. Міне, ата-аналардың ыстық ықыласынан бастаманы оң қабылдағанын сезініп, көңіл жайланды. Жалпы, ұлттық киімдерді той-томалақта, мерекелерде ғана киіп қоймау керек. Англияға қарап алаңдап, Еуропаға қарап елеңдеп, солардың сәнін қуудың қажеті жоқ. Қазақтың әр киімінің тәрбиелік мәні бар. Біз соны баланың бойына отбасынан сіңіре білуіміз керек.
Келешекте мектебіміздің барлық оқушысын ұлттық нақыштағы кеудешемен қамтысақ деген ниет бар. Ұлттық киімді, аспаптарды жастайынан көріп өскен баланың рухани дүниесі бай боларына, оны өзінен кейінгі буынға үлгі ететініне сенім мол. Сондай-ақ, өзге де білім беру ордалары ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуді бірінші орынға қойып, білім мен ұлттық тәрбиені үндестіре білсе деген тілек бар. Яғни, ұлттық нақыштағы киімді киюге ештеңе кедергі емес. Ең бастысы, мақсатымыз айқын, қадамымыз нық болуы тиіс.

P.S.

Оқырмандарымыздың пікірінен ұлттық нақыштағы киімдерді күнделікті киюге айтарлықтай кедергілер жоқ екеніне көзіміз жетті. Әрбірімізді кері тартып келе жатқан дүние мәселенің себебін іздеп, оны еңсеруге ұмтылмай, керісінше, сылтаудың жетегінде жүргеніміз екені тағы бір дәлеледенді. Ұлттық киімдерімізді киіп, ұл-қызымыздың бойына инабат пен ибаны, әдепті сіңіруіміз қажет. Ал, отбасы құндылықтарына ерекше мән берсек, елі мен жерін сүйетін ұлжанды, отансүйгіш ұрпақ өсері анық.