ЭЛЕКТРОКАР – ЖАҢА ҒАСЫР КӨЛІГІ Избранное

Пятница, 01 Апрель 2022 04:57 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1377 раз

Нұрсұлтан Сейсембаев – Англияда оқып келген кәсіпкер жігіт. Мамандығы – инженер. Өзі басқаратын Berenmotors компаниясы электрокар, яғни электр көлігін құрастырады. Кәсіпкер Шымкенттегі М.Х.Дулати атындағы №8 мектеп-гимназиясында 9-сыныпқа дейін оқыған. Кейін алдыңғы буын ағаларының жолымен оқуын ағылшын жұртында жалғастырған. Тұманды Альбион елінде Warwick жоғары оқу орнына түсіп, инженер мамандығы бойынша диплом алып шыққан. Әлі мектеп бітірмеген баласының Англияда оқимын деген шешіміне әке-шешесі қарсылық көрсетпей, керісінше, қолдау білдірген.

88

 

Шетелде өнертапқыштардың еңбегіне әбден қаныққан Нұрсұлтан Шымкентте электр көлігін құрастыру жобасын іске асыруға бел шеше кіріседі. Содан бері 2 жыл уақыт өтіпті. Әдеттегі моторды электр қозғалтқышқа алмастырған алғашқы көлігі Ford маркасынан болған. Бірақ, жұмыс барысында бағдарламашы маманына сұраныс туындайды. Қазақстан бойынша саладағы жалғыз маман Ерлан Рахматуллаевпен алғашқы таныстығы осылай басталған. Ерлан да өз күшімен 2016 жылдан бері электр көліктерін жасаумен айналыса бастаған азаматтардың бірі.
Электр көлігіне қажетті жабдықтарды әзірге Ресейден алдыруда. Әзірге дейтін себебіміз, кәсіпкер Н.Сейсембаев келешекте электр мотор, микрочип пен қуаттағыш құрылғыны өзімізде шығаруды жоспарлап отыр. Жобаны жүзеге асыруға тек өз қалтасынан қаржы жұмсаған.

89


– Бір көліктің моторын электр қозғалтқышқа ауыстыруға кемі 5 млн. теңге кетеді. Бәрі батареяға байланысты. Ол аз болған сайын, төленетін қаржы да қысқарады. Келешекте жанармаймен жүретін көліктер өндірісі тоқтайды. Бүгіннің өзінде әлемдік автомобиль өндірушілері электр көлігіне көшіп жатыр. Қазақстандағы көліктердің барлығы негізінен 1990-2000 жылдары шығарылған ескі көліктер. Олардың моторының тиімділігі бар-жоғы 20 пайызды құрайды. Электр қозғалтқышының тиімділігі 95-98 пайызға жетеді. Шетелден жаңа электр көліктер әкелу де қазір тиімсіз. Өйткені, бағасы қымбат. Біреуінің өзі
35 мың доллар тұрады. Екіншіден, оған қажетті инфрақұрылым жоқ. Сондықтан кәдімгі үйдегі электр розеткілері арқылы қуаттай беретін біздің жобамыз тиімді, - деді жас кәсіпкер.
Н.Сейсембаевтың айтуынша электр көлігінің батареясын қуаттауға 10-20 кВт электр энергиясы кетеді. 1 кВт шашамен 17-18 теңге екенін ескерсек, бензинге қарағанда жүргізушіге электрокар шығыны әлдеқайда арзан түспек. Оның үстіне, бір толтырған батарея қуаты 300-400 шақырымға жетеді.
Бұл жобаның келешегі өте мықты. Батыс елдерінде қазір экологиялық көлік өндірісіне сұраныс ерекше артып отыр. Сондықтан кәсіпкер инвестор болса жобаны бірлесіп дамытайық дейді.
– Өкінішке қарай, инвесторлар өндіріске қаржы құюға құлықсыз. Себебі, ол тәуекелі көп іс. Оның орнына олар тойхана немесе ломбард ашқанды артық көреді. Менің өзіме ақша жетеді. Бұл жоба мен үшін Қазақстанның көлік өндірісінде заман көшінен қалып кетпесе екен деген ниетімнен туып отыр. Елімізде жерасты байлығы жетерлік. Алайда, барлығы шикізат күйінде шетел асып жатыр. Ол байлықтан тауар өндіре алмасақ, ол қазынадан не пайда?! Kaspi bank-тің цифрлық саладағы жетістігін Гарвард университетінде талқылай бастады. Еліміз барлық салада осындай жетістікке жетуі керек. Осыдан 5 жыл бұрын қолма-қол ақшасыз зат аламыз дегенге біреу сенді ме екен? Қазір Kaspi bank қосымшасын қариялардың өзі пайдаланады. Қазақ халқының интелектісі өте жоғары. Барлық жаңалықты тез игереміз. Электркар құрастыру ісін де Kaspi bank секілді жолға қоюымыз керек, - Н.Сейсембаев.
Бүгінгі таңда Berenmotors компаниясы 4 көлікті құрастырып үлгерді. Ол sport car BMW Z3, Retro Ford 74, Wolkswagen Golf МК3, BMW Х1. BMW көліктерін компания өзіне алып қалса, қалған екеуін сатылымға қойып отыр. Бір қызығы, Berenmotors жобасын жетілдіруге Англиядағы Warwick университеті 2 зерттеуші топты жасақтамақ. Кәсіпкер электр көліктерінің қауіпсіздігін тексеру бойынша арнайы тесттен өткізген. Және ол 6 жыл уақытты алған. Бүгінде ол сәтті жүзеге асып, компания сервистік жұмыстарын бастауға ресми кірісті.
Сол тұманды Альбион елінде Lunaz деп аталатын компания бар екен. Ол да электр көліктерін құрастырумен айналысады. Осы күнге дейін инвесторлар оған 10 млрд. доллар қаржы құйған. Тіпті 10 пайыз акциясын әйгілі футбол ойыншысы Дэвид Бекхамның өзі сатып алған. Кәсіпкердің ойынша қолдау болса, дәл осындай нәтижеге шымкенттік электрокар жобасын да жеткізуге болады.
– Бізге қазір электр моторын, контройлер, қуаттаушы құрылғылар шығаратын зауыт және көліктерді сынайтын алаң керек. Мемлекеттік қолдау арқылы да жобаны дамытуға керемет мүмкіндік бар. Мәселен, елімізде 1 миллионнан астам ескі көлік бар. Әр көлікке 5 мың доллардан субсидия бөлсе, 5 млрд долларға бүкіл ескі машиналардан құтылар едік. Біздің жобамызға қызығып жатқан елдер көп. Мәселен Нигерия мемлекеті егер қолдау таппасаңдар, жобаны біз-ақ қаржыландырайық. Бірақ Нигерияға барлық мамандарыңмен көшіп барасыңдар деген ұсыныс жасап отыр. Жеке инвесторлар немесе мемлекет тарапынан қолдау болып қалар деген үмітпен әзірге бұл ұсынысты қабылдамай отырмыз. Мойындау керек, Қазақстанда инновациялық, старт-ап жобаларды қаржыландыру мәселесінде кедергілер әлі де көп. Англияда бизнес идеяның өзіне қанша қаражат керек, қиналмай бере салады. Десек те, «Жаңа Қазақстанды» құру жолына қадам бастық. Жағдай енді өзгеретін шығар деген үміттемін, - деді Н.Сейсембаев.
Кәсіпкер техникалық мамандықтарға оқытатын жергілікті жоғары оқу орындары электр көлігі саласы бойынша да мамандар даярлау ісін қолға алса екен деген тілегін жеткізді.