ШҰБАЛШАҢ БАҚ ТА, ТАБЫСҚА БАТ Избранное

Пятница, 15 Апрель 2022 03:39 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2079 раз

Кәсіпкерліктің сан алуан түрі бар екені белгілі. Бүгінгі таңда жеке бизнес экономика секторының ауқымды бөлігін құрап отыр. Әсіресе елді мекендерде тұратын азаматтар шаруашылықпен көбірек айналысатын болды. Солардың бірі – қала іргесіндегі Бадам-1 ауылының тұрғыны Болат Қыдырұлы.

19

 

Отыз үш жастағы кәсіпкер қазіргі уақытта жауынқұрт, яғни шұбалшаң өсірумен айналысады. Өзінің айтуынша, бұл кәсіпті бастамай тұрып та түрлі салада бизнес жүргізген. Мәселен, Шымкент пен Түркістан қалаларында абаттандыру-көгалдандыру жұмыстары бойынша автоматты суару жүйесінің жабдықтарын жеткізіп берген, сондай-ақ түрлі диаметрдегі полиэтилен құбырларымен сауда жасаған. Газетке берген сұхбатында Б.Қыдырұлы шұбалшаң өсіруді осыдан сегіз ай бұрын бастағанын жеткізді. Ол аулада немесе бақшада жауыннан кейін пайда болатын өзіміздің кәдімгі шұбалшаңдар емес. Бұл жауынқұрт Калифорнияның қызыл шұбалшаңы деп аталады. Оның жергілікті жауынқұртқа қарағанда ерекшелігі дене тұрқы кішілеу және он есе жылдам көбейеді.
– Бұл кәсіпті, біріншіден, өзіме пайдасы болғандығы үшін және сол арқылы қомақты табысқа қол жеткізуге болатына көз жеткізгендіктен таңдадым. Екіншіден, осы жолда көп тер төгіп, еңбектендім. Таныстарым менен «не нәрсемен айналысып жүрсің» дейді. Мен оларға «шұбалшаң өсіремін» деймін. Олар таңырқаған күйде «балыққа ма?» деп сұрайды. «Жоқ, басқа мақсатта деп жауап беремін», - дейді Б.Қыдырұлы.
Әңгімесін әрі қарай сабақтаған кәсіпкер жауынқұртты қандай мақсатта өсіретіні жайлы құпиясымен бөлісті. Яғни шұбалшаң төрт түлік малдан шыққан қи-тезекті жеп, өзінің асқазаны арқылы өткізіп оны табиғи тыңайтқышқа айналдырады. Оның терминологиялық атауы – Биогумус. Ол көңнен (қи) дайындалған сапалы органик, ауыл шаруашылығы егістіктерінің барлығына бірдей қолдануға болады.
Биогумус құрамының 40-50%-ы құрғақ органикалық масса, 0,8-0,3% азот, 1,3-2,5% фосфор, 1,2-3,9% калий, 4,5-8,0% кальций және басқа микроэлементтер. Осы табиғи тыңайтқыштың барлығы Ресей мен Өзбекстан елдерінен тасымалданады. Кез келген базарға барып биогумус іздеген адамға ресейлік тыңайтқыш ұсынылады.
Өз кезегінде кәсіпкер осы шаруашылығы арқылы биогумус өндіруді жолға қойып жатыр. Оның сөзінше, шұбалшаң өсіру, биогумус өндірісі Еуропа елдерінде жақсы дамыған. Ресей де бұл бойыншаәлем елдерінің арасында рейтингтің жоғары сатысында.
– Білуімше, осы жылы Өзбекстан Үкіметі елде өсірілетін және экспортқа шығарылатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің 80%-ын табиғи тыңайтқыш арқылы өндіруге заң қабылдады. Біздің елде де осыған ұқсас іс-шаралар атқарылып жатыр. Жауынқұрт бағып, биогумус өндіру арқылы еліміздегі топырағы тозған егістік алқаптарын құнарландыруға мүмкіндік аламыз. Егістік жер құнарланса, одан алынатын өнімнің де үлесі артары сөзсіз, - деді кәсіпкер.
Ол шұбалшаңды қалай өсіру керектігі жайлы тәсілдерді де айтып өтті. «Жауынқұрт бағудың аса бір құпиясы жоқ» деген ол алдымен аумағы 1 шаршы метрлік жайда орналасқан шұбалшандарды сатып алу керектігі жайында кеңес береді. Сосын малдың тезегін 10-20 шаршы метр аумаққа 20 сантиметр қалыңдықта жайып, 4-5 рет сумен шайып, оған шұбалшаңдар жіберіледі. Жауынқұрт сонда көбейіп, өсіп-өнеді. Мұнан кейін ылғалдықты сақтау мақсатында күнделікті есік алдына су шашқандай көңнің бетіне су себелеп тұру керек. Өйткені ылғалдық сақталмай, көң құрғап кетсе, шұбалшаңдардың өліп қалуы ғажап емес.
Б.Қыдырұлының айтуынша, калифорниялық қызыл шұбалшаңдарды сонау Америкадан сатып әкелудің қажеті жоқ. Елімізде осы кәсіппен айналысып жүрген азаматтар бар. Солардан-ақ сатып алса жеткілікті. Бір ерекшелігі, шұбалшаң өсіру үшін арнайы орын немесе үлкен аумақ қажет емес. Оны шағын ғана ашық алаңда немесе ауладағы қоражайда өсіре беруге болады.
– Осы кәсіпке қосымша жылқы да бағамын. Бұрынғыдай емес, қазір жем-шөп бағасы біршама қымбаттағаны белгілі. Дегенмен біз жылқы мініп, оның етін жеп, қымызын ішіп өскен халықпыз. Сондықтан бір жағынан өзіміздің қазақ екенімізді сезіну, екіншіден, отбасылық табысты арттыру үшін де жылқы асыраймын. Оның үстіне, аттың тезегін шұбалшаңдарға көң ретінде пайдаланамын. Иә, ауылда тұрақты жұмысы жоқ азаматтар шұбалшаң өсіруді қолға алып, осы бір пайдалы кәсіппен айналысып көруіне болады. Ең бастысы, қарап жатпай, бір істің көзін табуға тырысу қажет. Бүгінгі нарықтық заманда қазақтың жағдайын ешкім сырттан келіп істеп бермейді. Өзімізге, өз мүмкіндігімізге сенім артқанымыз абзал, - деді Б.Қыдырұлы.
Кәсіпкер дәл қазіргі таңда мемлекеттен және қаржылық ұйымдардан ешқандай көмек алмағанын айтты. Дегенмен алдағы уақытта биогумус өндіруге қажетті жабдықтарды, атап айтқанда, қаптайтын, илейтін, тігетін құралдарды сатып алу үшін мемлекеттің көмегіне жүгінуі мүмкін екендігін жасырмады.
Оның айтуынша, 1 шаршы метр шұбалшаң бағасы 150 мың теңге тұрады. Ал жауынқұрт өндірген биогумустың 1 литрінің құны –70 теңге. Бұл көң тез құрғап кететіндіктен оны келімен емес, литрмен есептейді. Мәселен жүк көлігі 10 текшедей биогумус арта алады. Әр текшеде мың литр биогумус бар десек, 10 текшеміз 10 мың литр болады. Сонда әр литрін 70 теңгеден санағанда бір жүк көлігіне тиелген биогумус құны 700 мың теңгеге шығады. Сондай-ақ кәсіпкер бағасы 150 мың теңге тұратын 1 шаршы метр шұбалшаңнан 10 есе, яғни 1,5 млн теңге пайда табуға болатынын айтады.

 

ЖАУЫНҚҰРТ ЖАЙЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

Шұбалшаңдар — нағыз топырақ қопсытқыш жәндіктер. Сондай-ақ шұбалшаңдар — үй құстары мен балықтардың жемі. Суда тіршілік ететін аз қылтанақты буылтық құрттардың да пайдасы зор. Олар су түбіндегі тұнбаны ішегі арқылы өте көп мөлшерде өткізеді. Сөйтіп су-қойма түбіндегі топырақ қабатына ықпалын тигізеді.

Сонымен бірге аз қылтанақты құрттар өсімдік шірінділерімен қоректенеді. Демек олар суқоймаларын өсімдіктердің шірінді қалдықтарынан тазартуда да маңызды рөл атқарады. Денесі біркелкі сақина тәрізді буылтыққа бөлінген шұбалаң тұрықты көп жасушалы жәндіктер буылтық құрттар типіне жатады. Олардың денесі үш қабаттан тұрады.
Шұбалшаңдар топырақты бас бөлігімен қазып, тіршілік етеді. Тығыз топырақты «аузымен асап», ішегінен өткізіп, аналь тесігі арқылы шығарып отырады. Бұдан борпылдақ топырақтар майда түйіршікке айналып, ауа мен суды сіңіреді. Топырақ құрылымы жақсарады. Мұндай топырақта өсімдіктер жақсы өседі.
Калифорниялық қызыл құрт – үй жануары сияқты зияны жоқ жәндік. Қыста жылы жерде ұстап күн жылынған кезде бауға немесе бақшаға жіберуге болады. Өсімдік қалдықтарының барлығымен қоректеніп, оны қара шіріндіге айналдырады. Шұбалшынның өнімі - биогумус кез келген егін мен бау-бақшаны жайқалтып жібереді, диқан өнімді еселеп алады. Әсіресе жылыжай егіндері мен гүлге беру өте пайдалы. Мұндай тыңайтқыш берілген жер төрт жылға дейін өзінің жоғары құнарлылығын сақтайды.

Последнее изменение Пятница, 15 Апрель 2022 07:52