«АБЫЛАЙ ХАН КӨШЕСІНІҢ ҰЗЫНДЫҒЫ – 300 МЕТР...» Избранное

Пятница, 29 Апрель 2022 04:39 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1228 раз

депутат Шымкенттің орталық көшелеріне тарихи тұлғалардың есімін беру мәселесін қозғады

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Президент әкімшілігімен келісе отырып тарихи тұлғалардың тізімін жасақтаған. Бұл тізімге қазақ халқының тарихынан орын алған 555 тұлға енген екен. Алайда, қазіргі таңда Шымкент қаласында аталған тізімдегі тұлғалардың тек 20 пайызына ғана көше атаулары берілген. Қаламызда ұлт тарихынан ойып тұрып орын алатын қаншама қайраткерлердің атында көше жоқ. Бар болса да, ешкім білмейтін елеусіз бұрыштағы көшелер ғана берілген.

108

 

Жетінші шақырылған Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс он бесінші сессиясында Amanat партиясы фракциясының мүшесі, депутат Нұрғазы Бұхарбай осы мәселені көтерді. Халық қалаулысы Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқанның атына ономастикалық комиссия жұмысын жандандыру туралы депутаттық сауал жолдады.
Нұрғазы Бақтыбайұлының айтуынша, министрлік әзірлеген тарихи тұлғалар тізіміне қаламыздың дамуына ерекше еңбегі сіңген азаматтар қосылмай қалған. Сондай-ақ, бұл тізімге енген тұлғалардың басым көпшілігінің атына көше берілмеген.
– Бүгінгі таңда Шымкент қаласының басты даңғылдарына Ұлан Арғынбеков, Қуаныш Төлеметов және Жолдияр Адырбековтің есімдері берілген. Бұл кісілердің еңбегін ешкім жоққа шығармайды, бірақ, олар ұлттық деңгейдегі тарихи тұлғалардың тізіміне енбеген. Оларға үлкен көшелердің атауы бұрынғы әкімдер мен мәслихаттардың шешімімен беріліп кеткен. Қазір қала тұрғындарының арасында көптеген сұрақтар туындап, бұл шешімдердің дұрыстығына азаматтар күмәнмен қарап отыр, – дейді Н.Бұхарбай.
Шымкентте тарихи тұлғалар тізіміне енбеген азаматтардың атына үлкен көшелер берілгенімен, есесіне, Қожа Ахмет Ясауи, Домалақ ана мен Абылай ханның атындағы көшелердің қайда орналасқанын қала тұрғындарының өзі біле бермейді.

107


– Қазақ Ордасының тарихындағы ең ұлы хандардың бірі, рухани астанамыз Түркістан қаласының төрінде жерленген Абылай хан бабамызға қаладағы екі жеңіл көлік зорға сиятын ұзындығы 300 метрлік көшенің атауы берілгені, қазақ халқының анасы атанған Домалақ анаға дәл осындай 400 метрлік көше атауы берілгені, қазақтың соңғы ханы Кенесарыға да осындай тар әрі қысқа көше атауы берілгені көңілге қонымсыз шешім деп білемін, – дейді Нұрғазы Бақтыбайұлы.
Депутаттық сауалда есімі мұсылман әлеміне әйгілі, кемеңгер ойшыл, ақын, сопылық ілімнің негізін қалаушы, Түркістандағы әлемге белгілі кесененің иесі Қожа Ахмет Ясауи бабамызға көше атауы қағаз жүзінде берілгенімен, іс жүзінде ондай көшенің жоқ екені атап көрсетілген.
Депутаттың айтуынша, Жаңа Қазақстанды құруға бет бұрған кезімізде Шымкент қалалық ономастикалық комиссиясы осы бағытта жұмыстар атқарып, бұрынғы қателіктерді түзеуі тиіс.
– Жоғарыда аталған және өзге де даңғылдар мен үлкен көшелерге Абылай хан, Кенесары хан, Домалақ ана мен Қожа Ахмет Ясауи және тағы сол секілді қазақ тарихында жоғары мәртебелі орны бар тарихи тұлғалардың есімдері берілуі тиіс. Қала халқы мұндай шешімді толық қолдайды әрі шаһар руханиятының еңсесі бір көтеріліп қалар еді. Сондай-ақ, ол көшелердің бойына аты аталған тұлғалардың еңселі ескерткіштері орнатылса, мегаполистің мәртебесі одан әрі артып, өскелең ұрпаққа үлгі боларлық іс жасар едік,– деді Н.Бұхарбай.
Халық қалаулысы депутаттық сауалдың соңында Шымкент қалалық әкімдігінің бұл ұсыныстарға қолдау көрсететініне сенім білдірген.
Айта кетейік, Шымкент қалалық мәслихатының кезектен тыс он бесінші сессиясында республикалық ономастикалық комиссияның қарауына Шымкенттегі жалпы орта білім беретін бірқатар мектептерге Тәуке ханның, Абай Құнанбайұлының Фариза Оңғарсынованың, Ақселеу Сейдімбектің және Әшімжан Ахметовтің есімдерін беру туралы ұсыныс енгізу жөніндегі шешім қабылданды.