Білім мен әскери тәртіп ұштасқан мектеп Избранное

Среда, 04 Май 2022 03:31 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1041 раз

Сабыр Рақымов – қазақ үшін қастерлі есім. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ерліктің ерен үлгісін көрсеткен даңқты қолбасшы, айбынды генералдың туғанына биыл 120 жыл толып отыр. Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің құрылуының 30 жылдық мерейтойына тұспа-тұс келіп отырған атаулы датаға орай Шымкенттегі қазақтың қайсар мінез ұлының атындағы арнайы оқу орнына бас сұғып қайттық.

154

 

Сырт қарағанда әскери бөлім сияқты көрінетін мектепте тәртіп қатаң. Қақпадан кезекші күтіп алып, қажет маманды шақырып береді. Аула – тап-таза, қоқыс түгілі артық шөп өсіп тұрған жоқ. Біз сабақ өтіп жатқан кезде келгендіктен, артық адамды да байқамадық – білім беру жүйесі өз кезегімен жүруде.
Сабыр Рақымов атындағы қазіргі Шымкент республикалық Жас ұлан мектебі 1984 жылы әскери мектеп интернат болып ашылған. 2002 жылы оқу ордасына генерал Сабыр Рақымовтың аты беріледі. Әскери бағыттағы білім беруді дамытып, ел қорғайтын сарбаздар тәрбиелеу жұмыстарын жолға қою мақсатында мектеп 2015 жылдың қараша айынан бастап Білім және ғылым министрлігінен ҚР Қорғаныс министрлігінің қарамағына беріледі.

153


– Қазіргі таңда Қазақстан бойынша дәл осындай үш мектеп бар. Біздің оқу орны, Алматыдағы Бауыржан Момышұлы атындағы және Қарағанды қаласындағы Талғат Бигелдинов атындағы мектеп. Оған дейін төртеу болатын. Бірер жыл бұрын елордадағы республикалық Жас ұлан мектебі қазіргі таңда әскери колледж болып өзгерді, – дейді Жас ұлан мектебі бастығының орынбасары, тәрбие және идеологиялық жұмыстар басқармасының бастығы Медғат Мадрахимов.

 

157

Жас ұлан мектебіне 9 сыныпты тәмамдаған түлектер қабылданады. Республикалық оқу орны болғандықтан, үміткерлер еліміздің барлық өңірінен жиналады, дейді оқу орнының өкілдері.
– Қабылдау емтиханы бес кезеңнен тұрады. 1-5 тамыз аралығында өтетін алғашқы кезеңде үміткерлер құжаттарын тапсырады, ата-анасы немесе заңды өкілі мектеп директорының атына өтініш жазады. Айта кету керек, үміткерлер 15 шілдеден бастап өздері тіркелген медициналық мекемелерден тексеруден өтіп келуі керек. Екінші кезеңде, 6 тамыздан бастап үміткерлер психологиялық тест тапсырады. Матемика немесе қазақ (орыс) тілдерінен тест тапсыру – үшінші кезеңде. Жастар одан кейін медициналық сараптамадан өтеді. Ол кезде біздің мектепке әскери госпитальдан бейінді мамандар келіп, тексеруге қатысады. Жарамды деп танылған үміткерлер соңғы кезеңде дене шынықтыру бойынша сынақ тапсырады. Мысалы, 60 метрге жүгіру, турникке тартылу, 3 шақырымға кросс жүгіру дегендей. Осылардың барлығынан өткен үміткерлер 20 тамыз күні мандат комиссиясына барады. Ал 21 тамыз күні мектеп директорының оқуға қабылдау туралы бұйрығы шығады. Содан кейін 29 тамыз күні мектепке келіп, сыныпқа қабылданады, – дейді Медғат Мадрахимұлы.
Мектепке жылда орта есеппен 300-ге жуық үміткер құжат тапсырып, соның ішінде жартысына жуығы оқуға түседі. Қабылданған оқушылар бірден екі ротаға бөлінеді. Яғни, сабақ оқу және тәрбие процесі әскери өмірге барынша ұқсас. Сарбаздар секілді оқушылар да белгілі бір тәртіпке бағынады.
Оқушылар мұнда 10-11 сыныпты оқиды. Қазақстандағы кәдімгі орта білімнен айырмашылығы – алғашқы әскери дайындық пәні тереңдетіп оқылады және дене шынықтыруға баса назар аударылады. Жас ұландарға білім және ғылым министрлігіне қарасты мұғалімдер сабақ береді, ал рота командирлері, офицер-тәрбиешілер мен взвод командирлері – әскери мамандар. Оқу мен жатын орын, бес мезгіл тамақ тегін. Жастар оқу құралдарымен, оқулықтармен толық қамтамасыз етілген.
– Біздің мектептің негізгі мақсаты – ұландардың жоғарғы әскери оқу орындарына түсуі. Мысалы, ішкі істер және төтенше жағдай министрлігіне қарасты оқу орындарына барған түлектеріміз көпшілікпен бірге емтихан тапсырады. Ал қорғаныс министрлігіне қарайтын оқу орындарына сынақ тапсырғанда біздің Жас ұлан мектебінің түлектеріне 5 балл қосылады, дене шынықтыру мен психотестті өзіміздің оқу орнында тапсырады, ал медициналық комиссияны өзі таңдаған жоғарғы оқу орнының қабырғасында өтеді. Осындай жеңілдік бар, – дейді Медғат Мадрахимов.
Айтуынша, мектеп түлектерінің көбісі әскери бағытты таңдайды. Әсіресе, құрлық әскери институтына, Алматыдағы әскери-инженерлік институтқа, Ақтөбедегі әуе қорғаныс әскерінің институтына оқуға түскен жас ұландар көп.
– Жас ұландарымыз көптеген жарыстарға қатысып тұрады. Мысалы, Қазақстан бойынша жылда дәстүрлі әскери-патриоттық «Айбын» жарысы өтеді. Биыл 20-25 маусым күні Қарағандыда өтетін сайысқа 15 ұланды іріктеп апарамыз. Оған еліміз бойынша әскери клуб оқушылары, жас сарбаз сыныптары – жалпы 40-50 команда қатысады. Үш Жас ұлан мектебі мен Нұр-
Сұлтандағы әскери колледж, Семейдегі Ш.Уәлиханов атындағы ерлер лицейі, Павлодардағы ерлер лицейі, Алматыдағы «Арыстан» лицейінің шәкірттері бөлек топта сынасады. Жарыс үш топта өтіп, әр топтың үздіктері соңында өзара мықтыны анықтайды. Өнер, білім, әскери тәртіп пен спорттан «Айбын дарыны», «Айбын жұлдызы», «Смарт сарбаз» сынды номинациялар бар. Оған қоса биылдан бастап қысқы және жазғы спартакиада қосылды. Мысалы, осы қыста Шучинскідегі қысқы спартакиадаға 10 ұланымыз барды. Бір қызығы, қысы жұмсақ күнгейден барсақ та шаңғы тебуден бірінші орын алдық, – деп мақтанышпен айтты Медғат Мадрахимұлы.
Биыл батырдың 120 жылдығына орай көптеген іс-шаралар жоспарлануда. Жуырда ғана Жас ұлан мектебінің директоры
Ғазиз Төлеушов бастаған ұжым ел астанасында Парламент депутаттарының қатысуымен ауқымды іс-шара өткізіп келді.
...Сабыр Рақымов екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуына 40 күн қалғанда көз жұмады. Ол – Ұлы Отан соғысы кезінде генерал шенін алған Қазақстан мен Орталық Азияның жалғыз тумасы. Сталиннің өзі «Темір генерал» деп жоғары бағалаған біртуар азамат.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.