ТЫЛ АРДАГЕРЛЕРІНІҢ КӨЗ ЖАНАРЫН ТЕКСЕРДІ Избранное

Пятница, 06 Май 2022 04:58 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1072 раз

Жеңіс күні қарсаңында Әл-Фараби ауданы әкімдігі мен «Astana Vision Shymkent» көз клиникасы бірлесіп, тыл ардагерлерін тексеруден өткізді. Акцияға Әл-Фараби ауданының 15 ардагері қатысты.

209

 

— Жеңіс күні қарсаңында Отан үшін отқа түскен майдангерлерімізге құрмет ретінде арнайы іс-шара ұйымдастырдық. Диагностикалық тексеруден 15 тыл ардагері өтіп жатыр. Дәрігерлердің шешімімен, қажет болған жағдайда, бүгінгі акцияға қатысқан тыл ардагерлеріне клиника есебінен тегін ота жасалады, - дейді «Astana Vision Shymkent» көз клиникасының директоры, бас дәрігер Алтынбек Айдарбекұлы.
Әл-Фараби аудандық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы А.Жайсанбаева тыл ардагерлерін ұйымдастырып, көз клиникасына ертіп келді. Клиника қызметкерлері тыл ардагерлеріне гүл шоқтарын сыйлап, ерекше құрметпен күтіп алды.
— «Astana Vision Shymkent» клиникасы мен Әл-Фараби ауданы әкімдігі бірлесіп, тыл ардагерлеріне ерекше қолдау білдіріп отыр. Ауданға қарасты аумақта тұратын екі ҰОС ардагері бар. Бірі – 99, екіншісі – 100 жастағы майдангер. Екеуі де үй күтімінде. Сондықтан бұл жолы тыл еңбеккерлеріне тексеру жүргізуге шешім қабылданып, 15 тыл ардагері келіп отыр, - дейді А.Жайсанбаева.
Тексеру барысында дәрігерлер ардагерлерді 6 түрлі аппараттан өткізіп, көздің қарашығын, қан тамырларын, көзжас безі, көздің қасаң қабығы сынды қабаттарын, жанардың ылғалдылық деңгейін тексерді.
— 1942 жылы әкем мен ағам майданға кетіп, елде анам екеуміз қалдық. Ол кезде 6 жасар ойын баласымын. Анаммен егіс даласына жұмысқа шығатынмын. Менің міндетім — жүйекті бұзбай, соқа тартатын атты жетектеп жүру. Анам соңымнан соқаны реттеп отырады. Шамамен, 100 метр жерге жеткенде кері қайтамыз. Өсе келе егіс даласындағы шамам келетін жұмысқа ауыстырды. Колхоздың сиыр, жылқысын бақтық. Сөйтіп жүргенде аш-жалаңаш жүрген біздерді Кеңес Одағы интернатта оқытты. Оны бітірген соң, институтқа түсіп, мамандығыммен цемент зауытында жұмыс істедім. Сонда жүріп Германиядан әкелінген құрылғының тілін меңгерген жалғыз маман ретінде лауазымым өсті. Осылайша замандастарымның құрметіне бөлене бердім. Адам баласы қартайғанда көру қабілеті нашарлай береді ғой. Тыл ардагерлеріне ең қажетті тексеруді ұйымдастырып, ем-дом жасап отырған азаматтарға алғысым шексіз, - дейді тыл ардагері Шерім Медеуов ризашылығын білдіріп.
Айта кетейік, Әл-Фараби ауданында 740 тыл ардагері бар. Бүгінгі акцияға оның 15-і қатысып отыр. Клиника басшылығы қажет болған жағдайда ардагерлерге тегін ота жасалатынын алға тартты.

Другие материалы в этой категории: « Мерекемен құттықтады ЖҮЗДЕН АСА ӨТІНІШ ТҮСТІ »