Версия для печати

Қызылордалықтар, төрлетіңіздер! Избранное

Среда, 18 Май 2022 04:19 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1083 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театры Шымкент қаласына гастрольдік сапармен келді. Өнер ұжымы жергілікті БАҚ өкілдерімен жүздесіп, сапардың жоспарымен бөлісті.

533

 

Театр ұжымы 17-20 мамыр аралығында Ж.Шанин атындағы академиялық драма театрдың сахнасында өнерлерін паш етпек.
— Нартай Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театры — Қызылорда облысындағы мәдениет саласының қарашаңырағы. Өңірде өзінің қалыптасқан көрермені, іздеушілері бар өнер ұжымы. Десек те, өнер дамып, өркендеп отыру үшін ел көріп, жер көріп, тәжірибе алмасу қажет. Жуырда ғана Ж.Шанин атындағы академиялық драма театрының ұжымы Сыр елінде болып, өнерімен тәнті еткен болатын. Енді біз 17-20 мамыр аралығында түрлі жанрдағы спектакльдерімізді сахналаймыз. Гастрольдік сапар актерлерді шыңдай түседі. Себебі, бір өңірде
аншлагпен өткен қойылымды келесі өңір олай жылы қабылдамауы мүмкін. Сондықтан актер ізденеді, тәжірибе жинақтайды деген үміттеміз, – дейді Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі Ақтөре Оразалы.
Қызылордалық өнер ұжымы гастрольдік сапардың шымылдығын Д.Исабековтің «Құстар фестивалі» мюзиклімен ашты. Қоюшы режиссері – жерлесіміз Қ.Қасымов.
– Жыл сайын театр репертуарына 3-4 қойылым қосылып отырады. Бүгінде театр актерлерін жаңа қырынан тану мақсатында мүмкіндік беріліп жүр. Мәселен, театр актері Қанат Архабаев «Кім?» психологиялық драмасын сахналап, режиссерлік қырынан танылды. Сондай-ақ, жасөспірімдерге арналған «ҰБТ кілті», қоғам дертіне айналған жемқорлық жайында «Шыны керек» спектакльдері көрермен көзайымына айналып отыр.
Бұл жолы шымкенттіктерге театр репертуарындағы 4 қойылымды әкеліп отырмыз. 18 мамыр күні сағат 15:00-де Мирза Фатали Ахундзаденің «Кетпейсің! Болды, кетпейсің...» комедиясы, ал кешке сағат 19:00-де Әлімбек Оразбековтің «Бір түп алма ағашы» отбасылық драмасы сахналанады. Ал 19-20 мамыр күндері кешкі сағат 19:00-де Александр Володиннің «Кездесу мен қоштасу» психологиялық драмасына шақырамыз, – деді Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі Ұ.Қылышбаева.
Брифинг барысында, сонымен қатар, Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театры директорының орынбасары С.Жақсығұлов пен театр актері Қ.Архабаев журналистердің сауалына жауап беріп, бүгінгі қазақ театрларының түйткілді мәселелерін тереңінен түсіндірді.
Айта кетейік, Шымкентке гастрольдік сапарға Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының 60-тан астам қызметкері келіп отыр.