Версия для печати

КӨЛІК КОМПАНИЯЛАРЫНА ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАП КҮШЕЙДІ Избранное

Среда, 18 Май 2022 04:25 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 960 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкент қаласындағы қоғамдық көлік компанияларына қойылатын басты талап – бәсекеге қабілетті болу. Қазіргі таңда жолаушылардың талабын орындамайтын тасымалдаушылармен келісімшарт күлте-пүлтеге қарамай бұзылады. Автобустарды жаңартып, қозғалыстың аралық интервалын сақтау, жолаушыларға қолайлы жағдай жасау талап етілуде. Нарық заңы жалпақшешейлікті көтермейді.

532

 

Қалада жол инфрақұрылымын дамыту, жолаушыларды тасымалдау қызметінің сапасын арттыру бағытында жүйелі іс-шаралар жүргізілуде. Қоғамдық көлік бағыттары кезең-кезеңімен жаңа автобустармен толығып, жол жөндеу жұмыстары жоспарға сәйкес атқарылуда.
Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жолдасов БАҚ өкілдерімен бірге қоғамдық көліктердің аралық интервалын, қызмет көрсету сапасын
бақылады.
Қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы Абай ауданына қарасты Қазығұрт, Құрсай және Агроферма шағынаудандарының тұрғындарымен кездесуінде №34 бағыттағы автобустың аралық интервалына және олардың ескілігіне шағымдар айтылған болатын. Осыған байланысты көлік компаниясы жолаушыларды 1 мамырдан бастап аталмыш бағытта 12 автобуспен тасымалдауда. Қозғалыс сызбасы
Қазығұрт шағынауданы мен Клара Цеткин көшесі аралығында ұйымдастырылған.
16 мамырдан бастап қала тұрғындарына №26 бағытта жаңа автобустар қызмет көрсетуде. Тасымалдаушы көлік компаниясы өз есебінен сыйымдылығы кең, Yutong маркалы жаңа 10 автобусты желіге шығарды. Аталған бағыт Барыс базары мен Фосфор ауруханасы аралығында қызмет көрсетеді.

529


– Қызмет көрсету сапасы жолаушылардың көңілінен шықпаған «Бек-Сервис» және «MAN Оңтүстік» компанияларымен келісімшарт біржақты бұзылды. Жолаушылар тарапынан көптеген арыз-шағым түскен болатын. Негізінен көліктердің ауа баптағышы жоқ, интервал сақталмайды, автобус ескі деген мәселелер көтерілді. Сол себепті келісімшартты бұздық. Субсидия алатын тасымалдаушыларға да талап күшеюде. Қазір шалғайдағы барлық елді мекен жаңа автобустармен толық қамтылды, – дейді басқарма басшысы.
Қаладағы бағыттарда қоғамдық көліктер кезең-кезеңімен жаңартылуда. Сонымен бірге шаһарда жаңа аялдамаларды орнату жұмыстары қолға алынған. Басқарма басшысының айтуынша, қалада 1 886 аялдама орны болса, 442-не аялдама жетіспейді. Соның бәрі кезең-кезеңімен орнатылмақ.
Қаланың 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, 5 жылда 1 050 аялдама қою жоспарланып отыр. Бүгінге дейін 670 жаңа аялдама қойылды. Бес жылда аялдамаларды жаңарту 83 пайызға жетпек. Жалпы, жыл басынан бері басқарма тарапынан қала бойынша 63 аялдамаға демонтаж жасалып, шалғайдағы елді мекендерге орнатылды.

ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖОСПАРҒА САЙ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Шымкент қаласында биылғы іс-шара жоспары аясында 187 нысан құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылған. Оның ішінде жол құрылысында – 20 нысан (67,4 шақырым), күрделі жөндеу – 3 нысан (19,3 шақырым), орташа жөндеу – 164 нысан (263,9 шақырым).
Жолдарды ағымдағы жөндеу түнгі уақытта жүргізілуде. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жолдасовтың айтуынша, бірінші кезекте магистральды көшелерді күтіп-ұстау бойынша ойық-шұңқырларды жамау жұмыстары атқарылуда. Бүгінгі дейін жалпы 18 000 шаршы метр ойық-шұңқыр ретке келтірілді. Екінші кезекте маусым айынан бастап қаланың ішкі орамдық көшелері ағымдағы жөндеуден өтеді.
– Ауа райының қолайсыздығына байланысты ағымдағы жөндеу жұмыстары сәуір айынан басталды. Бүгінге дейін 55 көшені ағымдағы жөндеуден өткіздік. Магистральді көшелердің ағымдағы жөндеу жұмыстарын түнгі уақыттарда істейміз. Ол кезде көлік қарқындылығы бәсеңдейді. Бұл жұмыстар төрт ауданда төрт мердігерге жүктелген. Жөндеуден өткен көшелерді акрильдеп, жол белгілерін сызу қоса атқарылады. Қалада жалпы 12 бригада ағымдағы жөндеу жұмыстарын жыл бойы жүргізеді, – дейді басқарма басшысы.
Биыл қалада 164 нысан орташа жөндеуден өтеді. Оның ішінде 10 магистральды көше бар. Атап айтқанда, қазіргі уақытта Республика даңғылы, Мангельдин, Тоқаев, Жолан батыр, Ақназар хан, Клара Цеткин, Рысқұлов, Іляев, Тәшенов, Дулати көшелері орташа жөнделуде. Он магистральды көшенің төртеуі – жаңа, алтауы құрылысы биылға өтпелі көшелер.
Мамандардың айтуынша, 2025 жылға дейінгі көлік инфрақұрлымын дамытудың кешенді жоспары бекітілген. Бұл бағытта жалпы 563 жоба қарастырылған. 5 жылдың ішінде қаладағы көшелер 70-80 пайызға дейін жаңарады. Сондай-ақ, қалада биыл 122 шақырым жолға шағал тас төселеді.Айта кетсек, құрылыс және қайта құру бойынша 5 нысан 2022 жылдың соңына дейін пайдалануға тапсырылады.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.