ЖАҢА ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ІРГЕТАСЫ БЕРІК ҚАЛАНДЫ Избранное

Среда, 08 Июнь 2022 04:12 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 747 раз

Қазақстан өз дамуының жаңа кезеңіне сеніммен қадам басты. 5 маусым күні өткен Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі республикалық референдумнан кейін зор сеніммен осылай деуімізге болады. Себебі, бүкіл халықтың еркі және қалауымен Атаң Заңымызға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар еліміздің мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіре түсуге, билік тармақтарының дербестігін қамтамасыз етуге, ең бастысы, азаматтардың құқықтарын қорғаудың конституциялық тетіктерін күшейту арқылы ашық әрі әділетті қоғам құруға жол ашып отыр.

555

 

Референдумға қатысқан әрбір азамат өзі мен отбасының, өскелең ұрпақтың қауіпсіз, берекелі әрі бақытты болашағы үшін таңдау жасап, дауыс берді. Осылайша, референдум арқылы Жаңа Қазақстанның берік құқықтық іргетасын қалап алдық десек артық айтқандық емес.
Дүйсенбі күні ҚР Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров арнайы брифинг барысында «Республикалық референдум туралы» конституциялық заңның 31-бабына сәйкес, егер дауыс беруге құқығы бар азаматтардың жартысынан астамы қатысса, референдум өткізілді деп есептеледі. Республикалық референдумға шығарылған Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар, егер олар үшін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кемінде үштен екісінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы дауыс берсе, қабылданды деп саналады. ...Референдумға қатысуға қойылған мәселенің оң шешімін жақтап дауыс берген азаматтардың саны еліміздің барлық өңірлерінде дауыс беруге қатысқандардың 77,18 пайызын құрайды. Ал, бұл – 6 163 863 адам. Бұл 17 өңірдің әрқайсысында абсолютті көпшілікті құрап отыр. Ал, Конституциялық түзетулерге қарсы дауыс берген азаматтардың жалпы саны дауыс беруге қатысқандардың 18,66 пайызы немесе 1 490 475 адамды құраған» деп хабарлады.
Референдумға Шымкент қаласының тұрғындары да белсенді түрде қатысқанын айта кеткен жөн. Орталық референдум комиссиясының мәліметтері бойынша, қаламызда дауыс беру құқығына ие 611 133 адамның 72,53 пайызы референдумға қатысқан. Яғни, Шымкент қаласының аумағындағы 311 учаскеге 433 мыңнан астам адам келіп, өз таңдауын жасаған.
Қалай болғанда да бұл референдум қоғамдағы тұтастықтың жаңа деңгейін, халқымыздың елдік мақсаттың төңірегінде топтасып, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығаруға әзір екенін көрсетті. Қазақстанның бүгінге дейін жеткен жетістіктерінің баршасының негізінде халқымыздың ынтамағы мен бірлігі жатыр десек, бұл референдум арқылы сол ырысты ынтымағымыз бен берекелі бірлігіміз нығая түскендей.
Алдымызда билік бөлінісіндегі тепе-теңдікті күшейту, елді одан әрі демократияландыру арқылы ашық әрі әділетті қоғам орнату, экономиканы дамыту және ұлттық байлықтың игілігін барлық азаматтар пайдаланатындай жетілген әлеуметтік-экономикалық жүйе қалыптастыру, ал, ең бастысы, келер ұрпаққа өркениетті, іргесі берік, заманауи әрі озық мемлекетті мұра етіп қалдыру сынды ауқымды міндеттер тұр. Осынау асқақ мақсаттарға жаңарған Ата Заңымызға табан тірей отырып, жүйелі реформалар және ұлттық модернизация жолымен жетеміз.