Версия для печати

Ел сағынған мереке Избранное

Среда, 22 Июнь 2022 06:45 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1021 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Биыл үшінші мегаполистегі Қала күні мерекесі жаңа форматта, кең ауқымда ұйымдастырылды. Бір апта бойы түрлі бағыттағы іс-шаралар қолға алынып, қала тұрғындары мен қонақтарын қуантты. Бұл пандемиядан соң алғаш рет кең көлемде тойланып отырған дүбірлі мереке.

88

 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жалпы, 20 негізгі мерекелік іс-шара өткізіліп, ауқымы түрлі фестивальден бастап спорт сайыстарына дейін қамтылды. Алдымен Қазақстан бойынша бірегей жоба – «Шымкет жастар лигасы» жобасының фан-клубтары шеруге шықты. Биыл екінші рет өткізілген жастар лигасы қала әкімі Мұрат Әйтеновтың жеке бастамасымен қолға алынған. Оқушылар арасындағы мерекелік іс-шаралар мұнымен шектелген жоқ. Балалар мен жеткіншектер арасында, бұған қоса, би баттлы, көше спортының сайысы және аула турнирлері өтті.
Мереке мәдениет саласын да қамтып өтті. Қысқаметражды туындыларға арналған Shymkent Nomad Film фестиваліне қатысушылар еліміздің қалаларынан ғана емес, Өзбекстан мен Қарақалпақстаннан да келді. Екінші рет өткізілген өнер байқауында жас режиссерлар 20-ға жуық туынды ұсынып, әділқазылар мен көрермен алдында паш етті. Қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқанның айтуынша, фестиваль қалалықтардың мәдени өміріндегі ірі оқиғаға айналып келеді және кино мен анимация жасаушылардың назарын аударуда.

84


Бір апта атап өтілген мереке аясында Шымкентте үш бірдей жәрмеңке өтті – қолөнершілер, ауыл шаруашылығы өнімдері және үздік тауарлар жәрмеңкесі. Қала тұрғындары мен қонақтары өздеріне ұнаған өнімдерді нарық бағасынан арзанға сатып алу мүмкіндігіне ие болды. Мысалы, 200-ден аса кәсіпкер қатысқан ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде 100 тоннадан астам тауар ұсынылды.
Мерекелік кештердің ең ауқымдысы да маңыздысы Шәмші Қалдаяқовтың әндеріне арналған концерт болды. Тамылжыған жаз кешінде Шымкенттің аспанында Шәмші әндері жаңа леппен, жаңа серпінмен шалқыды. Осы кеште қала әкімі Мұрат Әйтенов пен қалалық мәслихаттың хатшысы Бахадыр Нарымбетов он тұрғынға «Шымкент қаласының құрметті азаматы» марапатын табыстады. Олардың арасында талай жылдан бері тынбай еңбек етіп келе жатқан оқытушы, дәрігер, сәулетші, кітапханашы, меценат, энергетик, депутат, құқық қорғау саласының маманы мен спорт бапкері бар.
Сенбі күні қалалықтар 5 шақырымға жүгіріп, Абай саябағындағы отбасылық фестивальге қатысты. Сауда орталықтары мен ашық алаңдарда медицина қызметкерлері тұрғындарға тегін кеңес беріп, қан орталығында акция өтті.

85


Биылғы мерекенің ерекшелігі ретінде Балмұздақ фестивалін атап өтуге болады. Күндізіг сағат 12:00-ден кешке дейін Арбат аймағында қала тұрғындары мен қонақтары тәтті өнімнің жүзден аса түрінен дәм татып, салқын сусындар мен басқа да өнімдерді тұтынды. «Тәтті» фестивальге 35 компания қатысты. Ұйымдастырушылар Шымкент алдағы уақытта балмұздақтың орталығы атануға барлық мүмкіндік бар дейді.
Бір апта бойы созылған мерекелік іс-шаралар жексенбі күні кешке Әл-Фараби алаңында өткен гала-концертпен аяқталды. Қала тұрғындары мен қонақтарын әсем әндерімен қуантқан өнерпаздар, эстрада жұлдыздары байырғы хиттер мен жаңа әндерді қатар шырқап, көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.