МҰҚТАЖЫҢЫЗДЫ ТЫҢДАЙТЫН МЕНШІКТІ ТІЛШІЛЕР Избранное

Пятница, 24 Июнь 2022 08:44 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1460 раз

Меншікті тілшілерге артылған жүк ауыр. Бұл республикалық БАҚ-тың аймақтағы тілшілерге деген шүбәсіз сенімінің белгісі десек қателеспейміз. Олар өңірді республикаға танытып ғана қоймай, кейде бүтін бір редакция атқаратын жұмысты бір өзі тындырып жатады. Кәсіби мереке қарсаңында республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет етіп жүрген аға-әпкелерімізбен хабарласып, «Елімізде журналист мәртебесін көтеру үшін не істемек керек?» және «Меншікті тілші мен жергілікті тілші жұмысының арасындағы айырмашылық қандай?» деген сауалдарға жауап іздедік.

106

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ,
«Қазақстан» ұлттық телеарнасының меншікті тілшісі:

105

«Әріптестерім – өз аймағының патриоттары»

Журналист мәртебесі туралы көптен бері айтылып жүр. Бірақ, нақты өзгеріс әлі бола қойған жоқ. Бұл мәселеде, ең алдымен, журналистің қызметтік мәртебесін айқындап алу керек. Бұл тұрғыда, әсіресе, ақпаратты қолжетімді ету аса маңызды. Өйткені, көп жағдайда ресми органдардан мәлімет, сауалға жауап алу көп уақытты талап етеді. Қысылтаяң, төтенше жағдайлар кезінде оның кері әсері өте көп. Мұндай қиындыққа Арыстағы жарылыс, Мақтааралдағы су тасқыны, күні кеше болған «қаңтар оқиғасы» кезінде тап келгенімізді жасыра алмаймыз.
Халықтың мұң-мұқтажы, арыз-шағымына байланысты атқарушы билік, құқық қорғау органдары, әсіресе прокуратура өкілдері көбіне сырғытпа жауаппен құтылуға тырысады. Есесіне шынайы өмірмен қабыспайтын ресми цифрларды жарыса айту, әлі жобасы да жоқ істерді алдын ала жарнамалау, қағаздың беті ғана көтере алатын салыстырулармен шатастыруға барын салады. Яғни, ақпарат ашықтығы жоқтың қасы. Сондай-ақ бақылаушы, атқарушы органдар соңғы кездері журналистердің жұмысына немқұрайлы қарайтын болып алды. Мәселен, тілші көтерген мәселе бойынша жағдай зерделенбейді. Кемшілікке жол берген азаматтардың жауапкершілігі қаралмайды. «Тыңдамаған сөз жетім» демекші, салдарынан журналистің жұмысы көзге көрінбей қалады.
Ал, журналистердің әлеуметтік мәртебесі туралы жазылып та, айтылып та келе жатыр. Ол орынды да. Өйткені, тұрмыстық жағдай атқаратын ісіңе әсер етпей қоймайды.
«Қазақстан» ұлттық телеарнасының аймақтағы тілшісі жұмысын атқарып келе жатқаныма біраз болды. Салыстырмалы түрде меншікті тілшінің жұмысында еркіндік көптеу. Мәселен, шығармашылық тұрғыда тақырып іздеу, мәселе көтеру оны көрсету тек өз ізденісіңмен жүзеге асады. Редакциялық тапсырмалар болмайды емес, бірақ некен-саяқ. Тағы бір ерекшелігі, уақытыңды тиімді пайдалану өз еркіңде. Ал, қиын тұсы, меншікті тілшілер ұжымнан жырақта. Көпшілік ортада жұмыс істеу дағдысы аз. Көп жағдайларда өзің тілші, өзің режиссер, монтажер, тіпті автокөлік жүргізушісі болуға тура келеді. Жаныңда ақыл қосатын телеоператор ғана. Телеарнада істейтін біздерге қарағанда газет-журналдардың, радио мен сайтта жұмыс атқаратын әріптестерімізге үнемі жалғыз жүру, тіпті қиын шығар деп ойлаймын.
Меншікті тілшілердің барлығы да белгілі бір аймақтың, өңірдің айнасы ғой. Сол жердің тыныс-тіршілігін жете білетін де, жеріне жеткізіп айта алатын да солар. Сондықтан көп әріптестерімді өз аймағының патриоттары дер едім. Барлығы да мүмкіндігінше өз аймағының жақсы тұстарын, жетістігін мақтана айтқысы келіп тұрады.

Ерсұлтан ӘМІРБЕК,
«Қазақ радиосының» меншікті тілшісі:

103

«Мәртебелі мамандық»

Журналистің мәртебесін сырттан біреу келіп көтермейді. Өз мәртебемізді өзіміз көтеруіміз керек. Құдайға шүкір! Журналист — мәртебелі мамандық! Кәсіби мамандық иелері қай кезде де халықтың құрметіне бөленген. Алдыңғы буын дарабоз ағалардың ізін жалғап, әрбіріміз мамандығымызға адал болсақ, қазақ журналистикасының мәртебесі әрқашан асқақ қалпында сақталмақ. Журналистиканың атын жамылып, өсек-аяң, «тырнақ астынан кір іздеуді» кәсіп еткен «белсенділерге» аяушылықпен қараймын. Мен журналистиканың арынан аттамаған, кәсібіне ақ-адал әріптестеріммен мақтанамын. Журналистер не мемлекеттік қызметке, не бюджеттік қызметкер санатына жатпайтынын Абай Балажан ағамыз ашық жазды. Парламенттен журналистерге мәртебе беруді сұранды...
Ал, меншікті тілші мен жергілікті тілшінің арасында ешқандай айырмашылық жоқ. Себебі, екеуі де елге қызмет етеді...
Әр журналист, ең әуелі, патриот болуы керек. Журналистің жазбасынан туған еліне, туған жеріне деген сүйіспеншіліктің оты лаулап тұруы тиіс. Жүрегін өскен өлкесіне деген мақтаныш кернесе, ол — бақытты журналист. Менің бақытым — қазақ боп туғаным! Менің бақытым мен жақұтым — туған өлкем Түркістан, кіндік қаным тамған Отырар жері және шығармашылығымды шыңдаған, шынықтырған шырайлы Шымкентім!
«Шымкент — менің қалам,
Көшесінде талтаңдап кетіп барам...» - деп Көпен ағамыз бала күнде өлең шығарған екен. Сол айтқандай, әр адам туған елін сүю керек. Мейлі тілші, мейлі басқа маман бол, әр адам патриот болуы керек. Жуырда «Жол-жөнекей» деген авторлық бағдарлама аштым. Мақсатым «Жол-жөнекей» сөйлескен жақсы адамдардың өнегелі өмірінен ғибрат алу, ұрпаққа ұлағат ету. Қазақтың тау тұлғалы талай азаматы жайлы тарих боп қалар сұхбаттар жасап келеміз. Шүкір! Мен бақытты журналиспін! Менің бақытым бір әулеттен 5 журналист-қаламгер шықтық. Қабырғалы қаламгер Көпен, Төпен, Мырзабек, Базарбек ағаларымның ізін басып келем. Немере ағам, жазушы-сыншы Құлбек Ергөбек ағамның, ҚазМУ-дің журналистика факультетінде Намазалы Омашев, Бауыржан Жақып аға-ұстаздарымның тәрбиесін көрдім. «Отырар алқабы» газетінің редакторы Икрамхан Бәкіров пен Оңтүстік журналистикасының атасы болған Байдулла Қонысбектің мектебінен өттім. «Қазақстан» телеарнасы, «Хабар» агенттігі мен «Қазақ радиосындағы» орта мені шыңдады, шынықтырды. Жақсы сөз айтып, жақсы іс жасап, жақсы күндерде жүздесе берейік.

Назгүл НАЗАРБЕКОВА,
«Айқын» газетінің меншікті тілшісі:

104

«Кемшілікті түзеуге үлес қоссақ деген ниет»

Журналистердің қоғамдағы орны заң жүзінде бекітілмеген. Иә, БАҚ туралы заң бар, бірақ онда журналистердің тең құқықтары мен міндеттері ғана айтылған. Бізге алдымен өзге салалар сияқты мәртебемізді айқындап алу қажет. Ол үшін жоғарыда, билікке жақын отырған – Сенаттағы, Мәжілістегі әріптестеріміз мәселе шешілгенше үнемі көтеріп, айта беруі тиіс. Алайда, БАҚ өкілдері де бұл тұрғыда үнсіз қалмай және тек кәсіби мереке қарсаңында ғана емес, жыл он екі ай баспасөз беттерінде, әлеуметтік желілерде осы тақырыпта қалам тербесе, артықтық етпейді. Ел ішіндегі, қоғамдағы болып жатқан оқиғаларды, проблемаларды ашып жазатын, билікке жеткізетін жалғыз сала иесінің материалдық жағынан тәуелді болуы дұрыс емес. Тәуелді болған соң шынайы, сапалы дүние шықпайды. Ең бастысы, қаржылық тәуелсіздік керек. Бүгінгі медианың басым бөлігі мемлекеттің қолдауына ие болып, соның сөзін айтудан аса алмай келеді. Егер саланың мәртебесі айқындалса, біраз мәселе де шешімін табар еді.
Алғашқы еңбек жолымды аудандық «Төлеби туы» газетінде бастап, Түркістан облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде шыңдалдым. Бүгінде республикалық басылымда еңбек жолымды жалғастырып келемін. Иә, әр газеттің өзіне тән қызығы да, қиындығы да болды. Аты айтып тұрғандай, мақала жазғанда ауданда аудан, облыста облыс көлеміндегі мәселелерге қалам тартасың. Шыны керек, осы екі басылымда да жергілікті билікке көбірек екпін берілетін. Бірақ, екі басылымдағы басшыларым әділдік үшін тайсалмай, қасқайып тұра алатын жандар болғандықтан сол кезеңдерде өңірдегі көптеген мәселеге қатысты сын жазуға мүмкіндік болды. Қазір республикалық басылымда еркін көсілсек, осы кісілердің мектебінен өткеніміздің арқасы деп айтар едім.
Жалпы, журналист ретінде объективті көзқарасты ұстанамын. Халықтың жоғын жоқтап шығатыным рас, бірақ, оны біржақты емес, жауапты мекеменің уәжін де тыңдай отырып жазуға тырысамын. Ал, өңірді республикаға танытар кезде патриоттығымыздың асқақтап тұратынын жасырмаймын. Сондықтан, сын жазсақ, туған өлкемізді жек көргеннен емес, кемшілікті айта отырып, түзеуге үлес қоссақ деген ниет. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген сөз текке айтылмаса керек.

P.S.

Кәсібіне адал, туған өлкені танытуда алдына жан салмайтын қаламгерлердің пікірі осылай. Алайда, қолында белгіленген билігі болмаса да, халықтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, мұқтажын түгендеп жүретін журналистер қауымының «жыртығы» бүтінделер деген үміт те жоқ емес.

Сауалнаманы жүргізген Замира АЛДАБЕРГЕНОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.