ЖУРНАЛИСТЕР СПОРТТА ДА ЖҮЙРІК Избранное

Среда, 29 Июнь 2022 04:32 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 987 раз

28 маусым – бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күніне орай Қажымұқан атындағы орталық стадионда журналистер арасында дәстүрлі спартакиада өтті.

111

 

Спартакиада қоғам қайраткері, өңірімізге белгілі тұлға Оңтүстік журналистерінің төбе биі атанып кеткен Байдулла Қонысбекті бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды.
БАҚ өкілдерін төл мерекесімен құттықтай келген Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан журналистердің қоғамдағы рөлі мен кәсіби мамандар үшін көңіл сергітіп тұратын спорттық бәсекелердің маңыздылығына тоқталды.
—Журналистика – жаныма жақын мамандық. Себебі, мен де қолыма қалам ұстап, жеті жыл осы кәсіптің нанын жедім. «Отымен кіріп, күлімен шықтым» десем болады. Спорт– журналистердің айнымас серігі. Осыған орай бұл жолғы спартакиадаға мегаполистің БАҚ өкілдерінен құралған бірнеше команда бақтарын сынамақ. Барлығына тек сәттілік тілеймін! - деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Үш күнге созылған спорттық іс-шарада 12 команда волейбол, шахмат, футбол, үстел теннисі, бильярд және арқан тартыстан жүлделі орындарға таласты.

112


Спорттық бәсекеде волейбол жарысынан 1-орын «ERNUR» корпорациясы, 2-орын «Рейтинг-Собкор», 3-орын «Ернияз» командасына бұйырды. Қыздар арасында өткен үстел теннисінен 1-орынды «Оңтүстік», 2-орынды «Үштаған», 3-орынды «НарТв» командасы жеңіп алды. Дәл осы спорт түрінен ерлер арасындағы бәсекеде 1-орын «Рейтинг-Собкор», 2-орын ««ERNUR» корпорациясы, 3-орын «Оңтүстік» командасының қанжығасында кетті. Бильярдтан жекелей сайыс тартысты өтті. Алайда, бұл ойында бағы мен бабы қатар шапқандар ғана жеңіс тұғырынан көрінді. Сонымен бильярдтан 1 орынға «НарТв», 2- орынға «Үштаған», 3-орынға «Оңтүстік» командасы лайық деп танылды. Ақыл-ойдың күштілігі безбенге түскен шахмат жарысында ұлдар командасынан 1 және 3 орындарға «Рейтинг-Собкор», 2-орынға «Үштаған» тобы ие болды. Ал қыздар арасындағы шахмат жарысында 1-орынды «Шымкент келбеті» , 2-орынды ақпараттық коммуникациялық орталық, 3-орынды «13kz» командасы иеленді. Жарыстың соңғы күнінде арқан тарту бәсекесінде «Оңтүстік» командасы І орыннан көрінсе, «Шымкент келбеті» газетінің ұжымы ІІ, «Рейтинг-Собкор» ІІІ орын тұғырына көтерілді. Журналистер арасындағы жарыстың нүктесін қойған шағын футбол сайысында 1-орынды ақпараттық коммуникациялық орталық, 2-орынды «ERNUR» корпорациясы, 3-орынды «Рейтинг-Собкор» командасы еншіледі.
Үш күндікте мегаполис журналистерінің бәсекесімен 4 жылда бір келетін БАҚ қызметкерлерінің республикалық спартакадасы тұспа-тұс келіп, Қарағанды қаласында өтті. Бұл байрақты бәскеде шымкенттік журналистер құрамасын бастап барған әріптесіміз, «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі Тағабай Қасым қазақ күресінен жүлделі ІІІ орынды жеңіп алды.

113


Сол республикалық жарыста үшінші мегаполис намысын қорғаған балуандар Шымкент қаласының қоржынына қазақ күресінен 1 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль салып, жалпыкомандалық есепте екінші орынға ие болды.
Сонымен, Шымкентте БАҚ өкілдері арасында үш күн өткен тартысты бәсекеде жалпы командалық есеп бойынша 1-орынды Шымкент ақпараттық коммуникациялық орталығы, 2-орынды – «ERNUR» корпорациясы, 3-орынды – «Рейтинг-Собкор» ұжымы иеленді.
Марапатқа ие болған барлық командаларға жүлде кубогі мен түрлі бағалы сыйлықтар тапсырылды.