ЗАЛАЛСЫЗДАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛДЫ Избранное

Среда, 29 Июнь 2022 04:42 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1353 раз

Шымкентте масаға қарсы дәрі бүрку жұмыстарының екінші кезеңі жүзеге асырылды. Жалпы, қалада мұндай залалсыздандыру жұмыстарының 4 кезеңі жоспарланған. Бұған қоса кеміргіштерге қарсы күрес те қатар жүргізілуде.

121

 

Жауапты мамандар бұл жолы адамдар көп жүретін қоғамдық орындар, атап айтқанда дендросаябақ пен «Қасірет» мемориалы аумағында залалсыздандыру жұмыстарын жүргізді. Мұндағы жолдардың бойына арнайы техникамен дәрі бүркілді.
Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы өкілдерінің мәліметінше, бұл дәрі тек масаға әсер етеді, адамдар мен құстарға зиянды әсері жоқ.
– Қаламызда биыл бірінші рет қолға алынған масаға қарсы дәрілеу жұмыстарына сәйкес, жалпы аумағы
4 млн шаршы метрге жуық жерді өңдеуден өткізу жоспарланған. Оның ішінде 1,3 млн шаршы метр – өзен-каналдар аумағы, 2,3 млн шаршы метр – саябақтар аумағы, ал қалған 855 мың шаршы метр – гүлзарлар мен аллеялар аумағы. Залалсыздандыру жұмыстары жаз бойы жүргізіледі. Саябақтар мен гүлзарлардағы тиісті жұмысты – бір мекеме, ал өзен-каналдар аумағында екінші мекеме жүргізеді, – деді Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы
Әбунасыр Жанбатыров.
Мамандардың айтуынша, бұған қоса, қала аумағындағы кеміргіштерге қарсы улау және ауыл шаруашылығы жануарларының энзоотиялық ауруларына қарсы жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде жылқы мен шошқаға дәрі бүркілсе, уақ мал арнайы сұйықтыққа тоғытылады, қора-жайлар мен буферлік аумақтарға дәрі бүркіледі.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.