БАС ЖОСПАР – МЕГАПОЛИСТІҢ ДАМУ ҚҰЖАТЫ Избранное

Среда, 29 Июнь 2022 04:46 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1149 раз

Қазақстандағы аумағы ең үлкен қаланың жаңа даму құжаты талқылануда

 

Жаңа бас жоспар 2025 жылдан бастап 2035 жылға дейінгі аралықты қамтиды. Маңызды құжат Шымкент тарихында алғаш рет бір ай бойы көпшілік талқылауына ұсынылып отыр. Мамандардың айтуынша, өткен аптада Қазақстан халқы Ассамблеясының ғимаратында таныстырылған бас жоспармен күніне 60-70 адам келіп, танысуда. Бес күнде 30 тұрғын жазбаша ұсыныс қалдырған. Ол талап-тілектерді мамандар қарап, заңнамаға сәйкес келетіні ескерілетін болады.

119

 

 Жаңа бас жоспар 2025 жылдан бастап 2035 жылға дейінгі аралықты қамтиды. Маңызды құжат Шымкент тарихында алғаш рет бір ай бойы көпшілік талқылауына ұсынылып отыр. Мамандардың айтуынша, өткен аптада Қазақстан халқы Ассамблеясының ғимаратында таныстырылған бас жоспармен күніне 60-70 адам келіп, танысуда. Бес күнде 30 тұрғын жазбаша ұсыныс қалдырған. Ол талап-тілектерді мамандар қарап, заңнамаға сәйкес келетіні ескерілетін болады.

Қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов бастаған жұмыс тобы мегаполистің бас құжатын қала әкімі Мұрат Әйтеновке және мәслихат депутаттарының назарына ұсынды. Жауапты мамандардың айтуынша, бұл – бас жоспарды бекіту жұмысының бірінші кезеңі.
– Шымкенттің бұған дейінгі бас жоспары 2012 жылы бекітілген болатын. Әрине, ол кезде қаланың көлемі қазіргіден кішірек, 40 мың гектар еді. 2015-2018 жылдар аралығында сол бас жоспарға өзектендіру енгізілді. Ал қазір Шымкент еліміздегі ең үлкен қала болып есептеледі, аумағы – 117 мың гектар. Әрине, қазіргі бас құжат бүгінгі талапқа сай емес. Өздеріңізге белгілі, Шымкент 2018 жылы республикалық қала атанды. Содан бергі уақытта қаланың бас жоспарына өзгеріс енгізу қажеттілігі туындады. Осылайша «Градкомплекс» компаниясы жасап отырған құжат Шымкент қаласының 2035 жылға дейінгі даму жоспарын қамтиды, – деді Мақсұт Исахов.
Әкім орынбасарының айтуынша, жаңа бас жоспардың бірнеше ерекшелігі бар.
– Бұл құжаттың ерекшелігі сол – алғаш рет Шымкенттің 117 мың гектар аумағының барлығына 1:10 000 масштабда векторлық топотүсірілім жасалды. Қаланың аумағы жалпы 275 кадастрға бөлінді. Жаңа бас жоспарға сәйкес, қаланың дамуы полиорталық принципімен жүреді. Яғни, қаланың бір ғана орталығы мен шеті деген ұғым болмайды, әр ауданның өз білім беру орындары, демалыс аймағы, әлеуметтік нысандары сияқты орталығы болады. Бұған қоса жаңа құжатта ЛРТ, БРТ сияқты көлік желілері орналасады. ЛРТ – жеңіл рельсті көлік, ал БРТ – арнайы жолақтағы автобус. Бұған қоса тағы бір өзгеріс, 2012 жылғы бас жоспарда қалаға соғатын желдің бағыты ескерілмеген. Қалаға жел, көбінесе, шығыс жақтан соғады. Жаңа бас жоспарда желдің бағыты ескеріліп, ірі өнеркәсіп орындары қаланың батыс аймағындағы жаңа индустриалды аймақта орналасады деп күтілуде. Ал солтүстік-шығыс бағытында көп қабатты үйлер көптеп салынады деп күтілуде, – деді Мақсұт
Пернебайұлы.
Қала әкімі Мұрат Әйтенов және мәслихат депутаттары жаңа бас жоспардың сызбасымен танысты.

120


– Бас жоспардағы маңызды тұстың бірі – инженерлік инфрақұрылымды, жол салуды дұрыс жоспарлау. Алдыңғы бас жоспар жасалған кезде қала тұрғындарының саны басқаша еді. Жыл сайын демография және көші-қон факторларының есебінен Шымкент тұрғындарының саны көбейіп келеді. Бұған қоса көлік кептелісін азайтып, жолдарды дамыту да маңызды. Осы бағытта тиісті жұмыстар атқарылып, барлық жұмыс жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс. Жалпы, Шымкент заманауи мегаполис талабына сай келетін қала атанады деп жоспарлап отырмыз, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Бас жоспарды нақтылау жұмысының екінші кезеңі – тұрғындардың ұсыныстары ескерілген соң, күзге қарай қалалық мәслихат депутаттарының назарына ұсынылады. Ал әзірге мәслихат хатшысы Бахадыр Нарымбетов өз пікірімен бөлісті.
– Бас жоспардың жобасы көпшілік талқылауына ұсынылып отыр, жауапты мамандар түсіндіруде. Сондықтан, осындай көпшілік назарына ұсынылған кезде туған қаласына жаны ашитын әр азамат жобамен танысып, өз пікірін айтуы керек деп есептейміз. Депутаттар, біз де танысып отырмыз. Менің пікірімше, бас құжаттың көлік-логистика жүйесін әлі де талқылап, жетілдіру керек сияқты. Мамандар айтқандай, қалада көлікке арналған үш айналма жол болғаны жақсы, дегенмен, енді сол жолға қаладан қосылатын немесе ол жолдан қалаға кіретін қосымша жолдар болуы тиіс. Яғни, үлкен жолмен жүремін деген көлік жүргізушісіне қолайлы жағдай жасалса. Содан кейін қаладағы қоғамдық көліктер желісін де талқылау қажет. Бас жоспарды жасаушылар қоғамдық көліктің ЛРТ және БРТ түрлерін ұсынып отыр. ЛРТ соғудың құнын білмедім, қымбатқа түспесе болғаны. Ал шетелде БРТ желісі дамыған. Мысалы, Стамбұл қаласынан көрдік. Оған қосымша көп шығын қажет емес, дөңгелекті автобустар жоғары жылдамдықпен, тек өздеріне белгіленген жолақпен жүреді, жолақтың екі жағы тормен қоршалған. Былайша айтқанда, метроның жердің бетіндегі нұсқасы сияқты. Сәулетшілер Шымкенттің топырағы метро салуға қолайсыз, жоба өте қымбатқа түсіп кетеді дейді. Сонымен қоса, теміржол вокзалын Бәйдібек би ескерткішінің арғы бетінде орналастыру көзделіпті. Маман емес, жеке адам ретіндегі пікірім – Бәйдібек би даңғылында қазірдің өзінде кептеліс болуда. Ал вокзал болған кезде жағдай қалай боларын алдын ала болжау керек. Бас жоспар полиорталық жүйемен дамитын болса, елордадағы Қосшы секілді шағынаудандарды Шымкентте де дамытсақ деген ұсыныс айттық, – дейді Бахадыр Нарымбетов.
– Қазіргі вокзал қаланың шығыс жағында, желдің өтінде болғандықтан, оны тек жолаушыларға арналған хаб ретінде қалдырып, жүк теміржол вокзалын қаланың солтүстігіне шығаруды жоспарладық. Оған қоса қалада бір-бірімен қиылысатын екі ЛРТ желісі салынады деп болжануда. Ондай тәжірибе дүниежүзіндегі ірі қалаларда жақсы нәтиже беруде. Қала әкімі ол ЛРТ желісін ірі жолдар емес, қатар жатқан шағын көшелер арқылы жүргізуді ұсынды. Сонда жер учаскелері мемлекет мұқтажына алынбайды деп жоспарлап отырмыз, – деп түсіндірді Шымкент қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Ержан Нұразханов.
Ержан Болатұлының айтуынша, бас жоспардың бір ай бойы көпшілік талқылауына ұсынылуы қала өміріндегі айтулы оқиға саналады.
– Қала тұрғындарының әр пікірі жобалаушылар үшін рөл атқарады. Қазір қала құрылысын, қала өмірін дұрыс жолға қоятын кезең келіп тұр. Себебі, өздеріңізге де белгілі, Шымкентте құрылыс өте қарқынды, сондықтан, бұрынғы бас жоспар қазіргі сұраныстың барлығын қанағаттандыра алмайды. Бас жоспар 23 сәулет «қабатынан» жасалған. Әр қабатты «көтеріп», жобалауға болады. Менің ойымша, қала дегеніміз – тек тұрғындар емес, ол – жол, инфрақұрылым, ғимараттар, инженерлік желілер. Заманауи мегаполистің басты проблемасының бірі – көлік кептелісі Шымкентте болғанын қаламаймыз. Сондықтан, әлемдегі ірі қалалардың тәжірибесіне сүйене отырып, Шымкентте үш айналма жол болады деп жоспарлануда. Олар – ішкі, орталық және сыртқы шеңбер. Сыртқы айналма жол Батыс Еуропа – Батыс Қытай тасжолына шығады. Бұған қоса, бас жоспарды жасағанда қаланың географиялық орналасуы да ескерілуі тиіс, – деді басқарма басшысы.
Айта кетейік, Шымкенттің бас жоспарымен 21 шілдеге дейін Қазақстан халқы
Ассамблеясының ғимаратында таныса аласыздар. Мегаполистің бас даму құжатын «Градкомплекс» ЖШС жасауда. «Мердігер мекеменің тәжірибесі мол, Қазақстанның көптеген қаласының жоспарын жасауға үлес қосқан», дейді жауапты мамандар. Компанияның шақыруымен Шымкентке Киев, Минск, Санкт-Петербург қалаларынан білікті мамандар келіп, кеңестерімен бөліскен.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.