Министр Шымкентке келді Избранное

Пятница, 22 Июль 2022 04:43 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 882 раз

Еліміздің Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният жұмыс сапарымен Шымкент қаласына келді. Министр қаладағы бірқатар медициналық нысандарды аралады.

33

 

Алдымен 158 төсекке есептелген қалалық жүрек орталығында болып, өңірдегі қан айналымы жүйесі ауруларының өсу қарқынына ерекше назар аударды.Дәрігерлерімен жүрек-қан тамырлары патологиясы бар пациенттерге көрсетілетін медициналық көмектің тиімділігін арттыру мәселелерін талқылады.
2022 жылдың 6 айында қалада өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда қан айналымы жүйесі ауруларының өсуі 11 пайызға, жедел инфаркт жағдайларының көрсеткіштері 13 пайызға артқан.
–Мұнда мықты кардиология орталығы құрылғанын, жоғары дәрежелі оталар жасалатынын, жақсы мамандар жұмыс істеп жатқанын көріп отырмын. Бірақ бұл өңірде қан айналымы жүйесі ауруларының өсуі, шұғыл өтініштердің 70 пайызға дейін артуы байқалады. Бұл жүрек патологиясы бар диспансерлік науқастар арасында алдын алу жұмыстарының нашарлығын білдіреді. Жүрекке жасалатын хирургиялық операциялар - бұл айсбергтің шыңы, бірақ науқастардың негізгі бөлігі үнемі емделіп, бақылауға алынып, өздерін қиын жағдайға жеткізбеу үшін уақытында тексеруден өтуі қажет, - деді министр дәрігерлерімен сұхбат барысында.
Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы жүрек орталығының ұжымымен кездесу қорытындысында қала тұрғындары өңірден немесе елден тыс жерлерге баруға мәжбүр болмай, білікті кардиологиялық көмектің барлық спектрін кедергісіз алуы керек деп атап өтті. Айта кетейік, жыл басынан бері орталықта 3 мыңға жуық науқас емделіп, ашық жүрекке 306 операция жасалған.
Министр бұдан бөлек қаладағы №4 емхана, қалалық перзентхананың тіршілігімен де танысты. Сосын Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясында медициналық қоғамдастық, азаматтық сектор өкілдері және қала тұрғындарымен кездесіп, сауалдарына жауап берді.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.