1 225 200 ТЕҢГЕ грант иегері атануға асығыңыз Избранное

Пятница, 05 Август 2022 05:10 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1304 раз

Келесі аптаның дүйсенбі күнінен, яғни, 2022 жылдың 8 тамызынан бастап Шымкент қаласы әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты жұмыспен қамту орталығы 400 айлық есептік көрсеткіш (1 225 200 теңге) көлеміндегі қайтарымсыз мемлекеттік грантқа өтінім қабылдауды бастайды. Биыл Шымкент қаласында 1 150 грант беріледі.

112

 

Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекованың айтуынша, жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру мақсатында берілетін бұл гранттарға үміткер атанғысы келетін азамат төмендегі әлеуметтік санаттардың бірінен болуы тиіс. Олар: еңбекке қарсы көрсетілімі жоқ мүгедектігі бар адамдар, қолданыстағы «қандас» мәртебесі бар адамдар, өңіраралық қоныс аударушылар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көп балалы отбасыларға төленетін жәрдемақыны алушылар, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған адамдар, асыраушысынан айрылу бойынша жәрдемақы алушылар және жастар. Егер осы әлеуметтік санаттардың біріне жататын және ресми тіркелген жұмысыңыз болмаса, онда www.enbek.kz порталы арқылы жұмыссыз ретінде тіркелуіңіз керек. Сондай-ақ, бұл грантқа жұмыссыздармен қатар өз бизнесін жаңадан бастаған (3 жыл толмаған) кәсіпкерлер де үміткер бола алады.
– Қайтарымсыз мемлекеттік грантқа өтінім беру үшін қолыңызда «Бастау Бизнес» жобасының аясында кәсіпкерлік негіздерін оқып, меңгергеніңіз жөніндегі сертификат болуы тиіс. Оны алуы үшін қысқа мерзімді оқу курсынан өтуіңіз керек. Биылғы 25 шілдеден бастап «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жаңа форматта қолжетімді болады. Өз ісін бастауды жоспарлап отырған азаматтар skills.enbek.kz платформасы арқылы онлайн режимде бизнес жүргізу үшін базалық білім мен дағдыларды ала алады. Оқу курсына жазылу үшін вusiness.enbek.kz порталда тіркелу, оқыту шарттарына сәйкестігіне автоматты тексеруден өту қажет. Шарттарға сәйкес болған жағдайда қатысушы skills.enbek.kz платформаға өтіп, оқуға кірісе алады, – дейді Балмаржан Полатқызы.
Басқарма басшысының айтуынша, онлайн курсқа жұмыссыздар, өз ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер, зейнетке шықпай тұрып жұмысынан қысқарып кеткен азаматтар, жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей өз бетінше жұмыс істеп жүргендер мен отбасылық кәсіпкерлікте ақы алмай еңбек етіп жүрген адамдар тіркеліп, қатыса алады. Сондай-ақ, жалданып жұмыс істегенімен, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен де аз азаматтар да бұл курстарға қатыса алады.

113


Онлайн курсқа тіркелген адам 12 модульден өтуі керек. Әр модуль бірнеше сабақтан тұрады. Әр модуль аяқталған соң аралық тест тапсыру керек. Келесі модульге өту үшін сұрақтардың 70 пайызына дұрыс жауап беруіңіз шарт. Бір жақсысы, қажет балды жинай алмасаңыз, сабақты қалағаныңызша қайтып ашып, оқып алып, тестті қайта тапсыра беруіңізге болады. Аралық тест кезінде тест тапсыру саны шектелмейді.
Курсты оқу мерзімі 14 күннен аспауы тиіс. Яғни, екі аптаның ішінде 12 модульді тәмамдап, қорытынды тест тапсырасыз. Бұл жерде де берілген сұрақтардың 70 пайызына дұрыс жауап беруіңіз керек. Егер ұмытқан тұстарыңыз болса, сабақты қайта оқып келіп, 2 рет қайта тест тапсыруыңызға болады.
Бір айта кетерлік жәйт, «Бастау Бизнес» жобасының аясында кәсіпкерлік негіздерін оқып алған сертификатыңыз 3 жылға жарамды. Егер 2020-2021 жылдары курстан өткен болсаңыз, сол сертификатпен биыл да мемлекеттік гранттың конкурсына қатысуыңызға болады.
– Қазақ халқында «Судың да сұрауы бар» деген мәтел бар ғой. Ал 1 миллион 225 мың теңге деген– айтарлықтай қомақты сома. Бұл қайтарымсыз грант болғанымен, ол ақшаны алып, несиені жауып жіберуге, ескі көлік сатып алуға, құдалық немесе той өткізуге болмайды. Себебі, мемлекет бұл қаржыны жұмыссыз адамдар өз кәсібін ашып, аз да болсын тұрақты табысқа ие болсын, өзімен қоса 1-2 адамды жұмыспен қамтысын, сөйтіп, мемлекетке қолын жайып отырмай, өзінің әлеуметтік жағдайын жақсартсын деп беріп отыр. Демек, бұл қаржыны тек өз кәсібін бастауға қажетті құрал-саймандарды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды сатып алуға болады. Сондай-ақ, бұл қаржыдан мал, жануарлар, үй құстарын, көшеттерді, бұталарды немесе тұқым сатып алуға жұмсай аласыз. Мұнан бөлек бизнес бастайтын орын-жайды жалға алсаңыз, жалдау ақысын төлеуге де рұқсат етілген, – дейді Б.Нарбекова.

114


Иә, грант тағайындау үшін өтінімдер www.business.enbek.kz порталы арқылы онлайн қабылданады. Осы шараға қатысу үшін үміткер порталға электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦП) арқылы тіркеліп, өтінім бере алады.
Мемлекеттік грант қаражаты – ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Грантты әр қатысушы тек бір рет ала алады.
– Өтінім беру үшін порталда тіркеліп, грант алу шарттарына сәйкестігіне тексеруден өту қажет. Одан кейін бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға енгізу керек болады. Соңында өтініш нысанын толтыру және электронды-цифрлы қолтаңба кілтімен қол қоюыңыз шарт. Содан кейін арнайы құрылған комиссия ұсынылған барлық бизнес жобаларды қарап шығып, ең ұтымды деген 1 150 азаматтың жобасын таңдап алып, соларға қайтарымсыз мемлекеттік грант тағайындайды. Бұл комиссияның құрамына Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының да, өзге мемлекеттік органдардың да өкілдері қосылмайды. Тәуелсіз комиссия толығымен белсенді азаматтардан, қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінен тұрады, – дейді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, өтінім берушіде интернет немесе компьютер болмаса, халықты жұмыспен қамту орталықтарының біріне келіп, өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында өтінім бере алады.
– Биыл сәуір айында www.business.enbek.kz порталы арқылы азаматтардан 14 күн бойы өтінім қабылдадық. Нәтижесінде 437 өтінім қабылданды. Оның ішінде комиссияның қарауына 336 жобаны ұсыныдық. Ал тиісті санаттарға жатпайтын 101 үміткердің өтінімі кері қайтарылды. Комиссия 336 азаматтың арасынан 226 бизнес-жоспарды мақұлдап, оларға грант тағайындады. Оң нәтиже алғандардың арасын 36-сы жастар болса, 157-сі – халықтың әлеуметтік осал тобына жататын азаматтар. Биыл Шымкент қаласында 1 150 грант бөлінгенін ескерсек, қалған гранттарға өтінім қабылдау келесі аптадан, яғни, 8 тамыздан басталады, – деді Балмаржан Полатқызы.
Айтпақшы, абай болмасаңыз, Шымкентте алаяқтар «Бастау Бизнес» жобасы аясында оқуға тіркеп, 1 225 200 теңгелік грантты жеңіп алып береміз» деп ақша жинап алып, тұрғындарды алдап соғуда.
– Көріп отырғаныңыздай, курсқа тіркеу және грантқа өтінім қабылдау онлайн режимде жүргізіледі. Бұл порталдар электронды үкіметтің өзге ақпараттық жүйелерімен толық интеграцияланған. Үміткердің ЖСН-і терілген кезде азаматтың әлеуметтік статусы автоматты түрде көрсетіліп тұрады. Оны ешкім өзгерте алмайды. Оның үстіне грант тағайындау жөніндегі шешімді, жоғарыда айтқанымыздай, тәуелсіз комиссия қабылдайды. Сондықтан баршаны жұмыспен қамту орталығы қызметкерлерінің атын жамылған алаяқтардың сөзіне сеніп, алданып қалмауға шақырамын, – деді
Б.Нарбекова.
Бұған дейін кездескен осындай фактілердің барлығы құқық қорғау органдарына жолданған. Ал Сіз осындай жағдайға тап болсаңыз 1424 телефоны арқылы коррупцияға қарсы қызметке немесе 8 7252 27-74-31 телефоны арқылы Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына хабарлауыңызға болады.

Последнее изменение Пятница, 05 Август 2022 05:23