ЭТНОМЕДИАЦИЯ – ТАТУЛЫҚ ПЕН КЕЛІСІМ ҚҰРАЛЫ Избранное

Среда, 10 Август 2022 06:44 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 438 раз

Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық медиация кеңесінің кеңейтілген отырысы Шымкентте өтті. Алқалы жиынға Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Элвира Азимова, түрлі мемлекеттік органдардың өкілдері, республикалық медиация кеңесінің мүшелері, кәсіби және кәсіпқой емес медиаторлар, сарапшылар қатысты.

224

 

Медиация кеңесінің кеңейтілген отырысы 5 тамыз – республикалық бірыңғай медиация күні аясында ұйымдастырылды. Басқосуға республикамыздың барлық аймағынан сарапшылар мен медиаторлар онлайн қосылды.
Жиынды ашқан ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов кеңейтілген отырысты ұйымдастыруға көрсеткен қолдауы үшін қала әкімі Мұрат Әйтеновке алғысын білдірді. Марат Алмасұлы қазіргі қоғамда медиаторлардың еңбегі мен жалпы медиацияның рөліне мән беріп, соңғы бірнеше жылда медиацияның көмегімен 150 мыңға жуық арыз-шағым сотқа дейінгі тәртіппен шешілгенін атап өтті. Ал қала әкімі үшінші мегаполистегі ахуалға тоқталды.
– Мемлекет басшысы этносаралық қарым-қатынаста медиацияның маңызын атап өтіп, келіссөз жүргізетін кәсіби мамандарды дайындауға басымдық берген болатын. 2018 жылы республикалық мегаполис қатарына қосылған Шымкенттегі 1 млн 112 мыңнан астам тұрғынның 30 пайыздан астамын этнос өкілдері құрайды. Олар сындарлы саясаттың нәтижесінде бір шаңырақ аясында тату-тәтті өмір сүріп, миллионды қаланың түрлі саласында ел игілігі үшін еңбек етіп жүр. Қалалық Ассамблеяға топтасқан 17 этномәдени бірлестік берекелі бірлікке негізделген игі бастамаларға атсалысып, қоғамдық келісімді сақтап, ұлт бірлігін дәріптеуге үлес қосып жүр. Халық даналығында «Бірлік түбі – береке» деген аталы сөз бар, қаламыздағы этнос өкілдері жинақы қоныстанған 23 тұрғын алабта түсініспеушілік туындап жатса, қоғам мүшелеріне құқық тәртіп пен заң талаптарын түсіндіру сияқты жұмыстарды ширатуымыз керек. Осы бағытта биыл қалалық Ассамблея жанындағы ақпараттық-насихаттық топтың құрамына енген медиаторлар тұрғын алабтарда өткен кездесулерге қатысып, жұртшылық арасында түсіндіру жүргізді. Этнос өкілдері арасында орын алған кейбір жағдайлар бойынша тараптарға ортақ мәмілеге келу бағытында жұмыстар атқарылды. Медиацияның мәні ескеріліп, қалалық Ассамблея жанындағы медиация кеңесі медиацияны мемлекеттік қызметтер бағытында ілгерілету бағытында 9 басқармамен өзара ынтымақтастық туралы меморандум түзді. Аталған жұмыстардың тиімділігі баршылық. Биыл этнос өкілдері арасында орын алған түсініспеушіліктердің 11-і медиация көмегімен реттелді. Өздеріңізге белгілі, Қазақстан халқы Ассамблеясының биылғы 31-сессиясында Ассамблея қызметінің негізін құраушы 3 негізгі бастама айқындалды. Олар – құқық қорғау қызметтерін күшейту, этномедиацияны дамыту және оны кеңінен қолданысқа енгізу. Біз осы бағытта 10-11 тамыз күндері этномедиация бойынша біліктілігін арттыру семинар-курсын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Екі күндік семинар-курсқа көршілес Жамбыл және Алматы облыстарының кәсіби медиатор-тренерлерін жұмылдыру жоспарда бар, – деді қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы.
Жиында ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Элвира Азимова және басқа да бірнеше маман баяндама жасады. Марат Алмасұлы этномедиация саласы – жаңа сала екеніне тоқталып, оны дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Біздің байқауымызша, Шымкент қаласында этносаралық жағдай қалыпты, тұрақты. Туындаған сұрақтар сәтті шешілуде. Осыған орай сіздерге осы бағыттағы еңбектеріңіз үшін алғыс айтамыз. Медиация жұмыс істей бастаған сәттен-ақ қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді нығайтуға үлес қосып келеді. Этносаралық келісімді нығайту мен елде жүріп жатқан саяси реформалар өзара бір-бірімен байланысты процестер екені белгілі. Қазіргі таңда біздің алдымызда медиацияға қатысты екі үлкен бағыт тұр. Біріншісі – этномедиация институтын дамыту. Екіншісі – құқық қорғау қызметін дамыту. Бірінші бағыт бойынша Мемлекет басшысы 2021 жылдың қазан айында өткен кеңесте біршама міндеттер жүктеген болатын. Күні кеше басшылыққа медиация орталығын құру жөнінде жүйелі ұсыныстар енгізілді. Этномедиация орталығы бұған дейін де дамып келе жатқан этномедиацияны кәсіби деңгейде құрудың бірден-бір құралы болмақ. Бұл орталық мына бағыттар бойынша жұмыс істейді: мемлекеттік қызметкерлер мен азаматтық сектор өкілдері үшін этносаралық қақтығыстардың алдын алу бойынша курстар ұйымдастыру, этномедиация жұмысын әдістемелік қамтамасыз ету, шиелініс жағдайлардың алдын алу мақсатында өңірлерге профилактикалық және дағдарысқа қарсы іс-сапар ұйымдастыру, атқарушы органдарға ақпарат беру, – деді
Марат Әзілханов.
Кеңесте Шымкент және еліміздің басқа да қалаларының медиаторлары сөз алып, өз ұсыныстарын бөлісті.
Айта кетейік, 5 тамыз күні таңертеңнен кешке дейін республикалық бірыңғай медиация күні аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының медиация кабинеттерінде және диалог алаңдарында мемлекеттік органдар өкілдері мен ҚХА қоғамдық медиаторларының қатысуымен «Ашық есік күні» республикалық акциясы өтті.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.