«Әділдікті талап ет!» Избранное

Пятница, 19 Август 2022 04:15 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 820 раз

«Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігімен бірлесіп 15 тамыздан бастап «Әділдікті талап ет!» атты ауқымды науқанын бастады. Оған Қазақстан Республикасының кез-келген азаматы қатыса алады.

369

 

Науқанның басты мақсаты – қоғам арасында жемқорлыққа төзімсіздік ортасын қалыптастырып, бұл үрдіске ел азаматтарын барынша жұмылдыру. Іс-шара жемқорлықтың болуы немесе орын алуы мүмкін деген қоғамды алаңдататын мәселелердің кең ауқымын кезең-кезеңімен қамтитын болады.
Бірінші кезеңде автожол саласындағы мәселелерге тоқталып, жолдарды салу, жөндеу және күтіп ұстау барысындағы жемқорлық тәуекелдерін анықтауға назар аударылмақ.
2022 жылғы 14 шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы жол салу саласында сыбайлас жемқорлыққа бейімділік көрсеткішінің жоғары екенін атап өтіп, елімізде жол салу барысында 10 жыл ішінде болған бұзушылықтарды мұқият тексеруді тапсырған болатын.
Қазақстанда бұл сала сыннан көз ашпай жатқаны анық. Сапасыз жолдар – жол-көлік апаттарында талай адамдардың қайтыс болып, жарақат алуларының себебі болып табылады. 2021 жылы автожол саласына 500 млрд.тг. шамасында қаржы бөлінген. Биыл 11 мыңнан астам шақырым жолға әртүрлі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұған 600 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Ал, жол жөндеуге бөлінген қаражаттың 44 пайызына мемлекеттік сатып алу қорытындысы жасалған жоқ. Автожолдарды салу жобаларының барлық кезеңдері жемқорлық тәуекелдеріне бейім.
Азаматтар науқанға Adildik.kz веб-сайты арқылы қосылып, 1463 Call center бойынша Қазақстан автожолдарын салу, жөндеу және күтіп ұстау саласындағы жемқорлық туралы ақпаратты 15 тамыздан бастап хабарлай алады.
Келіп түскен барлық ақпарат қалың жұртшылықты жұмылдыра отыра, жергілікті және республикалық «Әділдік кеңесі» атты Кеңестерінде талқыланады. Сонымен қатар, салалық нормативті-құқықтық актілерді жетілдіру мақсатында және уәкілетті органдарға ұсыныстар береді.
Науқанның қорытындысы, сонымен қатар бірлестік қызметінің нәтижесі жылдың аяғында өтетін Жемқорлыққа қарсы форумда жарияланып, науқанға белсенді қатысқан азаматтар «Әділдік жауынгері» мәртебесіне ие болады. Бей-жай қарамайтын барлық азаматтарды аталмыш науқанға қосылып, елімізді толыққанды дамытуға жол бермей жатқан жемқорларға қарсы күресте белсенділік танытуға шақырамыз.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.