shymkala 2 5

Мегаполис қаланың келбеті уақыт өткен сайын ажарлана түсуде. Жаңа ғимараттар бой көтеріп, жолдар түзеліп келеді. Күнгей өңіріне ат басын бұрған қонақ алдымен Шымшаһарға аяқ басатындықтан, Шымкент – Оңтүстік туризмінің қақпасына айналды. Сондай-ақ, 2020 жылы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының мәдени астанасы атанды.

Алайда бей-берекет ілінген хабарландырулар мен жарнамалар шаһар шырайын бұзып тұр. Қайда қарасаң да қаптаған қағаздардан көз сүрінеді. Аяқжол, жоласты өткелі, бағдаршам, тіпті қабырғалар мен ағаш бұтақтарына жапсырылған қағаз саны күн санап көбейіп келеді.

«Жұмыс», «Тұрақты жұмыс», «Әскери билетпен жұмыс», «Студенттерге жұмыс», «Жарты күндік жұмыс», «Диагностика», «Жалға пәтер беремін», «Прописка»... Бұл - көше тазалаушы қызметкерлердің ең көп күресетін жұмысы. Әр жерге жапсырылған хабарландырулар мен жарнамалар жартылай жыртылып, желге ұшып, қоқысқа айналады. 

Көше тазалаушы қызметкерлердің айтуынша, тазалау кезінде хабарландыру, жарнама қағаздары былай тұрсын темекі қалдықтары да қалмауы керек. Ал қоқыстың ішінде аталған заттар өте көп кездеседі. Оның үстіне олар тазалауға ыңғайсыз. Ұсақ, желге ұшып кете береді, суға жібіп, жерге жабысып қалады.

shymkala 2 6

Әлеуметтік желілерде осы мәселеге қатысты қала тұрғындарының түрлі арыз-шағымдары айтылуда. Бірі ауласының, бірі есігінің, енді бірі қабырғасының хабарландырулар мен жарнамаларға толып кеткеніне наразы. Кейбіреулері сол хабарландыру, жарнамаларды жапсыратын адамдарды жазалау үшін тегін суретке түсіріп, қажетті деректерді тауып беруге дайын екенін жазған.

– Хабарлама, жарнамаларды бей-берекет жапсыруға қарсымын. Тек заңда көрсетілген арнайы жерлерге ілінуі керек. Көзге оғаш көрінеді. Әр жерде шашылып, қоқысқа айналады. Мұндай тәсіл 90-шы жылдардан қалған деп білемін. Осындай жұмыспен айналысатындардың әлеуметтік желілерді, сайттарды не үшін пайдаланбайтынына таңым бар, – дейді қала тұрғыны Серікболсын Жақыпбек. 

Біз де осы мәселеге орай қаладағы базарларда, Колос, Наурыз аялдамаларында жапсырылған «Тұрақты жұмыс» деген жазуы бар хабарларламалардың бірқатарына хабарластық. Жұмыс беруші «К» жекеменшік компаниясына кеңсе қызметкері керек екенін және әңгімелесу үшін Желтоқсан көшесіндегі мекенжайға келуімізді айтты. Бармадық, әрине. Бастысы телефонды көтеріп, қажетті деректерді берді. Осындай жолмен керекті мекенжайға хабарласып, ескертіп, кейіннен айыппұл салуына не кедергі? 

shymkala 2 7

Заң бойынша хабарландыруды да, жарнаманы да ілуге рұқсат етілген. Бірақ, арнайы орындарға бекітілген тақталарға ғана. Мәселен, 2001 жылғы 16 шілдедегі «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» және 1998 жылғы 1 шілдедегі «Алматы қаласының айрықша мәртебесі туралы» Заңдарына сәйкес Алматыда әртүрлі жарнамаларды және басқа да ақпараттарды ғимараттарға, қабырғаларға, қалалық жолаушылар көліктері павильондарына, жарықтандыру бағаналарына, ағаштарға жапсыруға және ілуге тыйым салынған. Тәртіп бұзғандарды қадағалайтын арнайы мамандар жұмылдырылған. Ережені бұзғандарға белгілі мөлшерде айыппұл салынады. 

Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мамандары жарнама, хабарландыру ілу бойынша бірқатар мекемелермен меморандум жасалғанын айтты. Келісім бойынша түрлі іс-шаралардың афишаларын ұйымдастырушылар арнайы белгіленген тақтайшаларға ілуі керек. Біткен соң жапсырған хабарландыруларды өздері тазалап, ретке келтіріп кетуі тиіс.

IMG 9375

– Жалпы хабарландыру, жарнама жапсыру ертеректе АҚШ-ғы Бруклин көшелерінде кеңінен етек алған. Маркетинг, маркетологтардың басты құралы саналған. Сондықтан, бұл мәселеге жұмыс, жарнама берушілердің тарапынан да қарап көру керек. Екі жаққа да тиімді ортақ шешім қабылдаған дұрыс, – дейді кәсіпкер Нұрдаулет Серікбаев. 

Әрине, қоғамдық орындарға хабарландыру мен қағаз жапсыру жарнаманың тиімді түрі болғаны үшін кең қолданылады. Өйткені, салық төлемейді, қосымша шығыны аз. Сондай-ақ, телеарна, радио, газет-журналдарға жариялағаннан әлдеқайда үнемді көрінеді.

P.S. Қалай десек те Шымшаһар таза әрі мәдениетті қалаға айналсын десек, бұл мәселеден айналып өте алмаймыз. Құзырлы органдар, жұмыспен қамту орталықтары белсенді жұмыс жүргізуі керек. Дегенмен, бұл олқылықтардың орнын толтыру тек әкімдіктің ғана емес, әрбір қала тұрғының еншісіндегі іс екенін естен шығармаған жөн.

Опубликовано в Қала
Пятница, 29 Сентябрь 2017 04:17

Үздіктер марапатталды

Қаланы таза ұстауға, гүлдендіруге тұрғындар да жыл сайын үлкен үлес қосып келеді. Биылғы «Таза қала» байқауына қатысу үшін Шымкенттің төрт бірдей ауданынан 365 өтініш түскен. Бұл шара қалалық ішкі саясат бөлімінің тапсырысымен биыл 6-жыл дәстүрлі жалғасын тапты.

DSC 2823

Акцияны ұйымдастырушы «ОҚО Азаматтық Альянсы» қауымдастығының төрағасы Шәріпбек Жамалбек бастаған комиссия мүшелері 15 мамырдан 15 қыркүйекке дейін байқауға қатысуға ниет білдірген аулалардың жағдайын бақылап отырды.

– Әр екі апта сайын комиссия тексеруі барысында біз үнемі таза әрі тартымды аулаларды анықтап отырдық. Төрт ай бойы, әсіресе жаздың ыстығында ауладағы, көшедегі ағаштар мен гүлдерді суарып, қуратып алмай күтіп баптаған тұрғындардың еңбегі зор. Олар бұл үшін ешкімнен ақы сұрамайды. «Өз үйім» деп қарап, шынайы жанашырлық танытады. Сонысымен де өзгелерге үлгі бола алды, – дейді Шәріпбек Жамалбекұлы.

DSC 2769

Байқау нәтижесінде комиссия қорытынды жасады. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртайдың құттықтауымен ашылды.

– «Таза қала» акциясына қатарынан үшінші, төртінші жыл қатысып, ауласын, көшесін көркейту үшін әр жылы бір жаңалық ойлап тауып жүрген белсенді қала тұрғындары, өздеріңізді танып та қалдық. Бір аула көрші отырған екінші ауланы осы байқауға қатысуға шақырып, бірінен бірі үлгі алып, қатысушылар саны биыл 400-ге жуықтады. Байқауға ниет білдірген әрбір қала тұрғынына алғыс білдіреміз. Қала күні мерекесі баршаңызға құтты болсын! Әр отбасында бақ-береке орнап, баршамыз бірге қаламыздың ірі мегаполиске айналуына, мерейінің үстем болуына атсалысайық, – деді Қайрат Ырзақұлұлы.

DSC 2845

Салтанатты жиын бұдан кейін үздіктерді марапаттауға ұласып, әсем ән байқау жеңімпаздарына мерекелік көңіл күй сыйлады.

Сонымен, байқау қорытындысы «Үздік аула» номинациясымен:

а) Абай ауданының Республика даңғылындағы №20, 20а үйлерініӊ ауласы;

ә) Әл-Фараби ауданының Рашидов көшесінде орналасқан №25а үйдің ауласы;

б) Еңбекші ауданының «Теріскей» шағынауданындағы №50 үйдің ауласы;

в) Қаратау ауданының «Таскен» тұрғын алабындағы Көктем көшесінің №1 және №2 үй аулалары лайық деп танылып, 200 мың теңге қаржылай сый-ақымен марапатталды.

DSC 2877

Дәл осындай марапат байқау нәтижесінде биылғы жылы Шымкент қаласының «Үздік көшесі» деп танылған 4 көшенің тұрғынына табысталды.

Олар: 

а) Абай ауданы, «Қатынкөпір» шағынауданы, Е.Молдабаев көшесі. Көше төрағасы – Құдайберген Суртаев.

ә) Әл-Фараби ауданы, «Забадам» елдімекені, Абат көшесі. Көше төрағасы – Абубакир Қараходжаев.

б) Еңбекші ауданы, Бекет батыр көшесі. Көше төрайымы – Лобар Махмудова.

в) Қаратау ауданы, Мирас шағынауданы, Сақ елі көшесі. Орам басқарушысы – Кадирмат Ашурметов. 

DSC 2908

Жоғарыда аталған номинация бойынша әр ауданның 2 орынды иемденген 8 байқау қатысушысына 150 мың теңгеден, ал 3 орынға 100 мың теңге көлеміндегі қаржылай марапаттар және қала әкімінің «Алғыс хаты» табысталды. Бұдан бөлек тағы 8 орын ынталандыру сыйлығына тағайындалған 50 мың теңгені жеңіп алды. 

Жылдың ерекше сыйы – қаланың тазалығына айрықша үлес қосып, көзге түскен мектеп жасындағы балақайларға Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы И. Рысбай мен ОҚО Журналистер одағының төрайымы А. Қапбарова қала әкімі Ғ. Әбдірахымовтың «Алғыс хатын» тапсырды. Комиссия мүшелері қала басшысының алғысына ие болған балақайлар енді білім ошағындағы оқушыларға да үлгі болады деген сенім білдірді.

Опубликовано в Әлеумет
Среда, 27 Сентябрь 2017 05:37

Қала күніне дайынбыз

Қала күні мерекесіне орай 23 қыркүйек жалпықалалық сенбілік күн деп белгіленген-ді. Аталған шарада 5 мыңнан астам қала тұрғындары белсенділік танытты. Қаланың орталығында орналасқан Әл-Фараби ауданынының Халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Д. Есілбек сенбілікке 19 техника тартылғанын айтты.

senbilik-76

– 95 шақырым көше, 103 шақырым жол жиегі, 31 шақырым аяқжолдар мен 29 ирригациялық жүйелер тазаланды. Түрлі мекемелерден бөлек, қала тұрғындары да белсенділік танытып, 1 213 аула, 9 балалар алаңшасы қоқыстан тазартылып, 1 303 ағаш бұталды және 31 кіреберіс пен 1 155 түп ағаш әктелді, – дейді ол.

Ал Еңбекші ауданында 3 865 ирригациялық жүйелер тазартылып, 624 түп ағаш әктелді. Аудан әкімінің орынбасары А. Малахов 5 мыңнан астам тұрғындардың атсалысуымен 40 шақырым көше тазарып, 43 текше метр қоқыс шығарылғанын мәлімдеді.

360 метрді құраған көпірлерді, өзен, каналдар мен бұлақтардың арнасын, 3,5 шақырымға жуық ирригациялық жүйлерді тазалау жұмыстары Қаратау ауданында да қыза түсті. Халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің бас маманы Б. Жұмабековтың айтуынша 1316 ағаштың түбі әктеліп, 266-сы әрлеп қырқылған. 

– 8 350 шаршы метр жерде шөп орылып, 3,3 шақырым бордюб жаны қоқыстан тазартылды. Сенбілікке ауданнан 2 мыңға жуық қала тұрғыны атсалысты. Сондай-ақ, бұл күні әкімдік қызметкерлері үйлердің қасбетін ретке келтіру жұмыстары бойынша 20 көшеге түсіндіру жұмыстарын жүргізді, – дейді Б. Жұмабеков.

Мұндай игі шаралар Татыбаев Ахмет басқаратын Абай ауданында да көрініс тапты. Жалпы қала аумағында тазалық жұмыстарына 42 арнайы техника жұмылдырылып, 14,3 шақырымдық арық-атыздар мен бірқатар қала көшелері қоқыс қалдықтарынан, күзгі жапырақ жиынтығынан тазартылды. Жасыл қала, әрлі ағаш, таза көшелер Қала күні мерекесін қарсы алуға дайын.

Опубликовано в Әлеумет
Пятница, 22 Сентябрь 2017 08:08

Ең көрікті ауланың тұрғындары

Қала аумағына жаңадан қосылған елдімекен, тұрғын-алаптарды қоса есептегенде Еңбекші ауданында 630 көпқабатты тұрғын үй, 500-ден астам көше бар. Бұл ауданнан «Үздік аула» номинациясына 66 өтінім, ал «Үздік көше» бойынша 15 өтінім түскен.

DSC 0725

Шымкент қаласы ішкі саясат бөлімінің тапсырысымен «Таза қала» акциясы биыл да «ОҚО Азаматтық Альянсы» қауымдастығының ұйымдастыруымен дәстүрлі жалғасын тапты. Бұл шара тұрғындарды өзара жарыстыра отырып, ауласындағы тазалықты сақтауға, көріктендіруге ынталандырады. «Теріскей» шағынауданындағы №43 үй комитетінің төрайымы Гүлбаршын Иманқұлова бұл акцияға биыл алғаш рет қатысып отырғанын айтты.

DSC 0743

– Іргемізде осы қаланың үлгілі үйлерінің бірі – №50 көпқабатты тұрғын үй орналасқан. Тұрғындары өте ұйымшыл. Ауласының сәнін келтіріп, тәртіп сақтап, күтіп-баптауда барлығы жұмыла жұмыс істейді. Көрші отырып біз де үлгі алдық. Биыл ауламызға біраз гүл мен ағаш көшеттерін отырғызып, орындықтарды сырладым. Жыл соңына қарай бірер көршінің қызығушылығы оянған болуы керек, суғаруға көмектесіп, тазалыққа атсалыса бастады. Ендігі жылы елдің назарын аударатын қызықты дүниелер ойлап тауып, ауламыздың көркін еселей түсеміз, – дейді Гүлбаршын апай. 

DSC 0766

Ал көршісі, №50 үй комитетінің төрайымы Ғалия Артықбаеваның бұл мәселеде тәжірибесі мол.

– Ауламыз қысы-жазы әдемі болғаны өзімізге жақсы. Біз бұл жерден көшіп кетпейміз. Сондықтан өз үйімізді ғана емес, бос уақытта серуендейтін ауламызды да көркейтуден жалықпаймыз. Бұл істе №50 үйдің тұрғындары, тіпті кішкентай балаларға дейін белсенді. Осындағы кесілген ағаштардың діңгегі сүйкімсіз болып қалмасын деп түрлі түске боядық. Оны түрлі қақпақтармен әспеттедік. Сонда, осы балалар бір қақпақ тауып алса да қуанып, «ағашты сәндейміз» деп жүгіріп алып келетін, – дейді Ғалия Құспанқызы.

DSC 0777

Жанға жайлы орын қашанда көңілге шуақ сыйлайтыны рас. Көрікті ауланың тұрғындары да сүйкімді көрінеді. Олардың аудандық әкімдік қызметкерлерімен де тығыз байланыс орнатқаны, әрбір жаңалықтан хабардар екені құшақ жая қарсы алып, өтініштерін әдемі әзілмен сабақтай жеткізгендерінен-ақ байқалды.

«ОҚО Азаматтық Альянсы» қауымдастығының президенті Шәріпбек Жамалбек бастаған комиссия мүшелері Еңбекші ауданынан түскен өтінімдер бойынша ең көрікті көшелер мен аулаларды аралады. Байқауға қатысушылар арасында үздік деп танылғандар «Қала күні» мерекесі қарсаңында қала әкімінің қаржылай сыйлығымен марапатталады.

Опубликовано в Қала

Қалада қысқы маусымға дайындық жұмыстары қызған шақ. Ендігі ретте құрылыс жұмыстарын бей-берекет жүргізген мекемелерге айыппұл салынбақ.

Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов тұрғындар тарапынан түскен өтініштер бойынша арнайы құрылыс барысын аралап көрді. Қазылған жерді көмусіз қалдырып кеткен нысандар бойынша қала әкімі жауапты азаматтарға тапсырмалар берді. 

– Коммуналдық мекемелердің тұрғындарға қолайсыздық жасауға құқығы жоқ. Қазылған жерді уақытылы жауып кетуі тиіс. Кімде-кім жөндеу жұмыстарынан кейін пайда болған шұңқырды сапалы әрі дер кезінде жауып, асфальт төсемесе, қомақты айыппұл салынады. Заңды бұзғандарға қатысты жауапкершілікті күшейтіңіздер, – деді шаһар басшысы. 

Ғабидолла Рахматоллаұлы жергілікті полиция қызметінің басшысы Данияр Мейірханға және қала әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосыновқа бұл жұмыстарды бақылауға алуды міндеттеді. Олар барлық проблемалы учаскелерді аралап шығып, мердігерлердің өз жұмысын қалай атқарғанын назарда ұстауы керек. 

Бүгінде Қапал батыр, Байтұрсынов, Клара Цеткин көшелерінде коммуналдық жүйелердің құрылысы жүргізілуде. 

Осы мәселеге байланысты қала әкімінің орынбасары Б. Жанбосынов мердігер мекеме басшыларын шұғыл шақырып, жиналыс өткізді.

Опубликовано в Қала
Среда, 20 Сентябрь 2017 05:03

Қала тазалығына үлес қосуда

DSC 0014

Шымкент қаласы әкімдігі мен «Оңтүстік Қазақстан облысының Азаматтық Альянсы» қауымдастығының ұйымдастыруымен өтіп жатқан «Таза қала» байқауының комиссия мүшелері Абай, Әл-Фараби және Қаратау аудандарының аулаларымен танысты.

DSC 9974

Абай ауданында байқауға қатысуға 101 өтініш келіп түскен. Оның 69-ы «Үздік аула», 32-і «Үздік көше» аталымы бойынша қатысуда (Былтыр 55 аула, 32 көше). Ал жалпы аудан бойынша 453 көпқабатты үй, мыңға жуық көше бар. 

Комиссия мүшелері Ш.Қалдаяқов №11, 4 шағынауданы, Жаңаталап тұрғын алабы, Тасты 3 және басқа мекенжайдағы аулалар мен бірнеше көшелерді аралады. Тұрғындармен тілдесіп, абаттандыру жұмыстарына баға берді.

DSC 0001

– Біз бұл байқауға биыл бірінші рет қатысып жатырмыз. Ауладағы абаттандыру, әрлеу, сырлау, суару жұмыстарының барлығын осы жердегі зейнеткерлер, жастар жалпы аула тұрғындары өздері істейді. Белсенділігі жоғары. Алдағы уақытта бұдан да жақсы көріктендіріп отырмақпыз. Сондай-ақ, Абай ауданының әкімдігіне балалар алаңшасын салып бергеніне, тазалық жұмыстарына көмектесіп жатқанына алғысымызды айтамыз, – дейді қала тұрғыны Боранкүл Жанысалиева.

«Таза қала» акциясының биылғы жүлде қоры 4 млн теңге.

Сонымен қатар, «Таза қала» байқауы шеңберінде Қаратау ауданының жұмыс тобы да бірнеше көше, аулаларды аралап көрді. Биыл аталған ауданда байқауға қатысуға 45 көше, 40 аула өтініш білдірген (Былтыр 43 көше, 27 аула қатысқан). Ал Әл-Фараби ауданы бойынша ағымдағы жылы «Үздік аула» 69, «Үздік көше» аталымы бойынша 25 үміткер қатысты (Былтыр 87 өтініш келіп түскен). 

DSC 9910

Байқаудың марапаттау шарасы «Қала күні» мерекесі аясында, 27 қыркүйек күні сағат 15:00-де «Оқушылар сарайында» өтеді.

Опубликовано в Қоғам

qoqys kz 

Қоқыс... Бұл сөз сіз үшін «қажетсіз дүние» деген мағынаны білдіреді ме? Бәлкім, бұл жайында ойланғыңыз да келмейтін болар? Оныңыз бекер. Өйткені, әлемдегі ең дамыған мемлекеттер қоқысты қайта өңдеу арқылы миллиондап табыс табуда.


АҚШ қоқыс өңдеуден 240 млрд доллар пайда табады

Күнделікті ең көп қолданатын қорап, қағаз өнімдерін – ағаштан, (мақтадан), ал пакет, баклашка мен крем, сусабын құтыларын – мұнайдан алатынын ескерсек, бүкіл әлемнің табиғи қорды үнемдеу саясаты еске түседі. Өйткені, 10-20 жыл өскен ағашты бір-ақ күнде кесу үлкен шығын. Мұнай өте аз және бағалы қазба байлық. 

АҚШ қоқысты қайта өңдеу кәсібін ХІХ ғасырда жолға қойып, қазіргі таңда бюджетін дәл осы саланың өзімен 240 млрд долларға байытып отыр. Бюджетке осынша көлемде қаржы түсіп отырса, оның несі жаман? Жапонияда қоқыстың 90%-ы қайта өңделіп, кәдеге жаратылса, Германия бұл саланы кәдімгі бизнес көзіне айналдырған. Олар істен шыққан тауарды шетелден де қабылдайды, есесіне, соның өзінен 1 млн еуро табыс табады.

Қытай өнеркәсібі қарапайым пластикалық қоқыс қалдығын өңдеп, одан дайындалған киімдерді шетелдерге саудалайды.

Ал Қазақстанда қоқыстың небәрі 5%-ы ғана өңделеді. Біз – қазба байлығын үнемсіз жаратудан бөлек, шірімейтін қатты тұрмыстық зат қалдықтарын кез келген жерге тастау арқылы экологияны ластап отырмыз. Қазақстанның әрбір тұрғыны бұл мәселеге мән беріп, үлкен жауапкершілікпен қарауы тиіс.

698225 1460150

Таза қала өзіңнен басталады

Шымкент қаласының тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі, көріктендіру секторы меңгерушісінің міндетін атқарушы Ерубай Құралбаев осылай дейді.

– «Таза қала» акциясы аясында шаһар тұрғындары кез келген жерге қоқыс тастаудан едәуір тыйылды. Кейбірін мұндай мәдениетке үйрету үшін айыппұл да салынды. Бүгінде орталық көшені ластау әрекеттері жоқтың қасы, – дейді Ерубай Жұрынұлы.

Дегенмен Е.Құралбаев үйінен шыққан қатты тұрмыстық зат қалдығын қоқыс жәшігіне жеткізбей тастап кету әлі де кездесетінін айтып қынжылды. Бұл бойынша аудандық әкімдік қызметкерлері тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. 

– Әсіресе, қаланың шеткі аудандарында тазалық мәселесі қозғалып тұрады. Қоқыстың жиналмауы бойынша әлеуметтік желілерде көрініс тапқан соңғы жағдай «Достық» шағынауданы және Тассай елдімекенінде орын алып, жергілікті әкімдіктің бақылауымен ретке келтірілді, – дейді ол.

20160427 115546

ТҮКШ өкілінің айтуынша, бұрынғы «Мәртөбе», «Бадам-1», «Қарасу» қоқыс полигондары санитарлық талаптарға сәйкес жұмысын тоқтатқан. Бұл аймақтарды қайта құнарландырып, көркейту мақсатында жоспар түзілуде. Қалада «Ақтас-1» елдімекеніне жақын маңдағы 29 га жерді алып жатқан жалғыз қоқыс полигоны жұмыс істейді. Бұл аумақтың шаруасын «Таза қала» шаруашылық жүргізу құқығындағы МКМ директоры Марат Бекназаров басқарады. 

– Шымшаһардағы қоқыс шығару қызметімен 20-ға жуық мекеме айналысса, оның ауқымды бөлігі ТҮКШ-тің арнайы автотранспорт мекемесі, «Спец эко-сервис» ЖШС, «Бек Асыл Сервис» ЖШС, «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-іне жүктелген. Бір күнде қаладан 590-650 тонна аралығында қоқыс шығады. Жаздың күндері бұл көрсеткіш 680-750 тоннаға дейін жетті, – дейді ол.

Соңғы деректерге сүйенсек, 2017 жылдың 7 айында қоқыс полигонына жеткізілген қатты тұрмыстық зат қалдығының көлемі 119 625 тоннаны құраған. Оның 23 925 тоннасын, яғни 19%-ын «Грин Лайн» ЖШС сұрыптап, қайта өңдеуден өткізді.

 

«ЭКСПО-2017» бізге не береді?

Қазақстан күні кеше ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізді. «Болашақ энергиясы» атты көрмеде 150-ге жуық ғылыми жаңалықтар келушілердің назарына ұсынылды. Онда энергияны үнемдеумен қатар, қазба байлықтарын сақтаудың және экологиялық ахуалды жақсартудың бірден бір жолы ретінде қатты тұрмыстық зат қалдығын қайта өңдеу жайы кеңінен насихатталды. Көрме аумағы тақырыпқа сай жабдықталғанды. Әсіресе, қоқыс жәшіктері пластик, қағаз, шыны, аралас және басқа да қалдықтарды сұрыптап салуға арналған. Алайда, бұл әдетке дағдыланбағандар жәшіктің шыны салатын бөлігіне қағаз, пластикке арналған ұяшыққа шыны бөтелкелерін қалдырғанын байқадық.

qoqys kz-1

– Шымкентте алғаш рет қоқыс зауыты іске қосылғанда Нұрсәт шағынауданында заман талабына сай қоқыс контейнерлері орнатылған. Жергілікті тұрғындар қолға алып, қоқысты сұрыптап салу мәдениетін қалыптастыра алғанда тұрмыстық зат қалдығын қайта өңдеу ісі бүгінде жандана түскен болар еді, – дейді Е.Құралбаев.

Иә, халықаралық Көрменің бізге берері де осы – қоқысты сұрыптап тастау мәдениетін қолға алу. Шетелде, көкөніс, тағам қалдықтарынан балық, мысық атаулы тіршілік иелеріне тағам дайындап, жер өңдейтін өнім өндіреді. Қайта өңдеу өндірісі дамыса, жаңа жұмыс орындары ашылады. Қазынаға тағы бір кіріс көзінен табыс түсіру үшін бұл салада әр адамның атсалысуы маңызды.

Опубликовано в Әлеумет

Зират басын таза ұстау арқылы біз өлілерге құрмет көрсете аламыз. Тазалықты сақтау үшін алдымен халықты тәрбиелеп, оларға діни түсінік беру қажет. Осылай деген қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов жуырда өткен әкімдік жиынында жауапты сала мамандарына нақты міндеттер жүктеген еді.

DSC 8444

Айта кетейік, бүгінде Шымкент қаласы аумағында барлығы 44 мұсылман және христиан мазараты бар. Биыл зираттардың аумағын санитарлық тазалау, қорғау жұмыстары үшін қала бюджетінен 98 миллион теңге қаржы қаралған. Дегенмен, қорымдарды күтіп ұстау жұмыстары қаншалықты жүйеге келтірілсе де, ондағы ретсіздік, адамдардың бей-берекет әрекеттері мазараттардың ішкі-сыртқы келбетіне нұқсан келтіруде.

«Самал» шағынауданында орналасқан «Ақмырзабай ата» мазараты қаладағы 6 мұсылман зиратының бірі. Аумағы 40 гектарды жуықтайтын қорым айналасында алғашқы аңғарғанымыз, жел ұшырған қоқыс қалдықтары, үйіліп тасталған қапшықтар, ұйысып өскен әрі әбден сарғайған тікенекті шөптер... Сорақысы сол, қабір қазып, құлпытас орнататындар артылып қалған құрылыс заттарын «кері алып кетуге» болмайды деген сылтаумен сол жерге тастап кетуді әдетке айналдырған. Соның салдарынан қорымдар қоқыс алаңына айналуда.

DSC 8465

– Ислам дінінде зиратқа яғни қабірдің аяқ асты болмауына ерекше көңіл бөлінген. Бұған көптеген хадистер дәлел. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Қабірлерге намаз оқып, үстіне отырмаңдар» десе, тағы бір хадисте: бірде Амр ибн Хазм деген сахабаның қабір үстіне сүйеніп тұрғанын Расулуллаһ (с.ғ.с.) көріп «Оған сүйенбе. Бұл қабірдің иесіне зиян келтіресің» дегені де бар. Олай болса, қабірге сүйенудің өзі иесіне кесірін тигізетін болса, ондағы тазалыққа самарқаулықпен қарау тіпті сорақылық екені сөзсіз. Зират басына қоқыс қалдығын қалдыру марқұмдардың рухына деген құрметсіздік болмақ, – дейді ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамының орынбасары Мұхаметжан Естеміров.

Осы орайда, Діни Басқарма тарапынан «Өткенге құрмет – елге құрмет!» атауымен арнайы Үндеу аясында жыл сайын Қатра күніне орай, сәуір айында қорымдарда тазалық жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп тұрады. Бұл іске үн қатқан қалалықтар мұсылмандар мазаратына арнайы барып, орындарды күл-қоқыстан тазалайды. Басқарма өкілі бұл ретте, қорымдарды таза ұстау – сауапты іс екенін, сондықтан, мұндай шаралардың жиі ұйымдастырылып тұрғаны жөн болатынын айтады.

DSC 8478

– Жуырда ҚМДБ-ның кеңейтілген мәжілісінде мазараттарды күтіп ұстауға байланысты бірқатар тың ұсыныс-пікірлер айтылған болатын. Атап айтқанда, зират шырақшылары мен қорым орнын дайындаушылар қызметіне арнайы айлық жалақы тағайындау, оларға арнайы көлік бөліп, қажетті коммуникация жүйелерін жүргізу жайы ұсынылды. Осы арқылы оларға қорымдардағы ағаштар мен сарғайған шөптерді отап, жас тал-көшеттерін отырғызу, тазалықты қалыптастыру міндеттерін жүктеу мәселесі талқыланды. Мәселен, бұл істе бізге Түркия еліндегі қалыптасқан бүгінгі ахуал үлгі бола алады. Ондағы қорымдар шын мәнінде, абаттандырылып, жасыл желектермен көмкерілген. Ол ең алдымен марқұмдардың рухына көрсетілген адамдардың шексіз құрметі болса, қала берді экологиялық ахуалды жақсартуға, құран бағыштай келген жандардың еркін тыныс алуына барынша мүмкіндік береді, – дейді өкіл имам орынбасары. 

Шымкент қаласында 6 мұсылман зираты бар. Оның ішінде аумағы жағынан үлкені және жаңасы Шымкент-Ташкент бағытындағы 75 гектар алқапты алып жатқан Жаңа Мұсылман қорымы. Зират шырақшысы Шералы Әбдалиев күнделікті бос уақытын зиратты қоқыс қалдықтарынан тазартуға жұмсайтынын айтады. Биыл қорым айналасына өзі әкеліп 300-ге таяу ағаш көшеттерін отырғызыпты.

DSC 8449

– Қорымдардағы тазалық жұмыстары, оны көгалдандыру, абаттандыру – әрбір тұрғынның ортақ парызы болуы тиіс, – дейді шырақшы. – Ал мазарат айналасына қоқыс қалдықтарын қалдыру білімсіздіктен, сауатсыздықтан туындап отырғаны өкінішті жайт. Ислам дінін дұрыс түсінген жан мұндай келеңсіз істерге бармас еді. Өйткені бұл өз басына ғана емес, тұтас Ислам дініне кір келтіретін жағымсыз әрекет. 

Иә, біз көрген мазараттарда қалыптасқан жағдай осындай. Бұл ретте, жергілікті атқарушы биліктің де, Діни Басқарма өкілдерінің де айтар ойы бір, ол – бұл ортақ істе тұрғындар жұмыла іске кірісіп, тазалық жұмыстарына мүдделілік таныту, жанашырлық көрсету. Себебі, «өткенге құрмет – елге құрмет» екенін назарда ұстағанымыз жөн.

Опубликовано в Дін

Шымкентте игілікті дәстүрге айналған «Таза қала» акциясына қатысуға ниеттілер қатары жыл өткен сайын арта түсуде. Айта кетсек, акцияның басты мақсаты – тұрғындарды өз ауласын, көшесін, жалпы қала аумағын таза ұстауға біріктіру.

DSC 1509

Қазірдің өзінде акцияға қатысуға Қаратау ауданы бойынша 40 аула, 45 көше өтінім берген (өткен жылы аудан бойынша 27 аула, 43 көше өтінім берген болатын). Өз ауласы мен көшесінің тазалығын сақтауда тұрғындардың ынта-ықыласын арттырған шара бүгінде айтарлықтай нәтижесін беруде.

– Күнделікті кешке барлығымыз ауламызға шығамыз. Бір-бірімізге жәрдем көрсетіп, тазалық шарасына қатысамыз. Ағаш көшеттерін отырғызамыз. Әктеп-сырлау жұмыстарын ұйымдастырамыз. Бұрын бір-бірімізді танымайтын едік, енді міне, ортақ мақсатта күш біріктіріп, қала тазалығына үлес қосудамыз, – дейді «Нұрсәт» шағынауданындағы №142 үй комитетінің төрағасы Зайнулла Баймуханбетов.

Бұл ретте мамандар алдағы уақытта да тұрғындар қала тазалығына осы ынтамен үлес қосар болса, келешекте көшелер мен аулалар көркейіп, гүлдене түсеріне сенімді.


«Таза қала» акциясы қыркүйек айында қорытындыланады. Жеңімпаздар «Қала күніне» орай марапатталмақ. Байқаудың жалпы жүлде қоры – 4 миллион теңге


– Айта кететін жайт, акцияға қатысуға ниет білдіргендер қатарында аудан аумағына қосылған тұрғын алабтардың да белсенділігі жоғарылаған. Қазіргі таңда біздің мамандар өтініш берген аулалар мен көшелерде зерделеу жұмыстарын жүргізіп, ондағы оң өзгерістерді мақтаныш сезіммен әңгімелеуде, – дейді Қаратау ауданы әкімі аппаратының Халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Бауыржан Қалдыбаев.

Мамыр айының 3-жұлдызында бастау алған «Таза қала» акциясы қыркүйек айында қорытындыланады. Облыстық «Азаматтық альянс» қауымдастығы ұйытқы болған акцияның жеңімпаздары «Қала күніне» орай марапатталмақ. Байқаудың жалпы жүлде қоры – 4 миллион теңге.

Опубликовано в Қала
Четверг, 27 Июль 2017 04:52

Тазалыққа бәріміз жауаптымыз

Әл-Фараби ауданы аумағындағы көпқабатты тұрғын үйлердің санитарлық тазалық, аула, ішкі орам жолдарын тазалау жұмыстары бойынша 7 учаскеге бөлінген, әр учаскеге аудан әкімі аппаратының жауапты мамандары бекітіліп, жұмыстар өз дәрежесінде жүргізілуде.

IMG-20170504-WA0039

Аудандағы санитарлық тазалық жұмыстарын «Бәйтерек-ЛБ», «Нұр-Сат», «Бек-Асыл» ЖШС-лері және елдімекендерді абаттандыру және көріктендіру жұмыстарын «Қазақ соқырлар қоғамдық бірлестігінің» «Тұрар» ЖШС корпоративтік қоры мекемесі атқаруда. Аталған мекемелермен қазіргі уақытқа дейін 4334м³ қоқыс полигонға шығарылды. 421 қураған ағаштар кесіліп, 11 903 тал санитарлық қырқылды, 13 833 ағаш әктеліп, 260,05 га шөп орылды. Аталған жұмыстар аудан әкімі аппараты тарапынан күнделікті жүргізіліп, қатаң бақылауға алынған.

tazalyq-1

Алайда, аудан аумағындағы елдімекендер мен көше бойларына, көпқабатты үйлердің аулаларына бей-берекет қоқыс және құрылыс қалдықтарын тастаушы тұлғалар да аз емес. Атап айтқанда, жыл басынан заң бұзушы азаматтарды тәртіпке шақыру мақсатында, Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының мамандары мен ішкі істер қызметкерлерінің бірлескен бірнеше рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылды.

tUeW9Mjg-8g

Рейдтік іс-шара кезінде «Нөлдік төзімділік» қағидаты бойынша Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 505 бабы бойынша құқық бұзушылықтар анықталып, 227 ескерту және айыппұл хаттамалары толтырылды. 

Осыған орай, жоғарыда айтылған жұмыстарды ескере отырып, барлық қала тұрғындарымен қонақтарын, қала тазалығын сақтауға белсене атсалысуға шақырамыз.

 

Мұхтар ТӨЛЕУІШ,
Әл-Фараби ауданы әкімі
аппараты Халықпен жұмыс
жүргізу бөлімінің бас маманы

Опубликовано в Қала
Страница 1 из 5