Пятница, 23 Февраль 2018 06:30

Орталық саябақ жаңартылуда

Шымкенттегі бір ғасырға жуық тарихы бар орталық саябақ биыл көктемде жаңартылады

Аумағы 8 гектарды құрайтын демалыс орнында бүгінде жаңа орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылуда. Сондай-ақ, мұнда 15 кісіге арналған 3 сәкі де қойылады.

Саябақта бүгінде 56 орындық пен бірнеше құты алмастырылып үлгерген. Ал ескі орындықтар мен құтылар қайта жөнделіп, қала сыртындағы демалыс орындарына, этносаябаққа және жаңадан қолға алынған шатқалдарға қойылады деген жоспар бар. Айта кетейік, бұл саябақтағы ағаштардың кейбірі - 100, кейінгілері 50-60 жыл бұрын егілген. Жыл сайын мұнда жүздеген жас-дарақ жерсіндіріледі. Былтыр саябақта 40-тан астам қылқан жапырақты ағаш пен 25 ақ қайың егілген.

shymkent.gov.kz

Опубликовано в Қала
Пятница, 05 Январь 2018 06:02

«ШАТҚАЛ» – ШАҺАР КӨРКІ

Шымкентте 300 гектар жер жасыл желекке оранбақ


Осыдан тура бір жыл бұрын облыс әкімі Ж. Түймебаевтың бастамасымен «Шатқал» бағдарламасы қолға алынған болатын. Бұл бастаманың мақсаты – Шымкент қаласы аумағындағы үлкен сай-салалар мен жыраларды қоқыс полигонына немесе криминогенді аймаққа айналудан сақтау.


Түркия елінің тәжірибесіне сүйене отырып, шатқалдарды жасыл желекке оранған саябаққа айналдырып, ел игілігіне беру. Шымкент қаласындағы мұндай шатқалдардың жалпы аумағы 124 гектар жерді алып жатыр. Атап айтқанда, «Самал» шатқалының аумағы – 38 гектар, «Шымсая» – 25, «Юнус Эмре» – 25, «Депутаттар» шатқалы – 10 гектар, «Нұр Отан» – 8, «Қ. Балабиев» – 8, «Н.Әбішев, Р.Оспаналиева» шатқалы – 10 гектар.

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен қала әкімі Нұрлан Сауранбаев бастаған қала активі «Самал» шатқалында болып, онда отырғызылған 11 мыңнан астам көшеттің жай-күйімен танысты. Мұнда егілген емен, айлант, үйеңкі, шаған, боз арша, аққайың, қарағаш көшеттерінің 75 пайызы өсіп-өнген. Табиғи қурау процесі кезінде көшеттердің 25 пайызы жерсінбеген. Мамандардың айтуынша, бұл жоғары өнімділікті көрсетеді. 

Жаңа жыл қарсаңында облыс әкімі бастаған сала басшылары мен кәсіпкерлер, депутаттар қураған ағаштардың орнына көшет отырғызды.

– Ағзаның дұрыс жұмыс істеп, денсаулық мықты болуы үшін әр адам табиғат аясында күніне 5 шақырым жаяу жүруді әдетке айналдыруы тиіс. Ал «Самал» шатқалы сынды саябақтар бізге сондай мүмкіндіктер береді. Әрбір қала тұрғыны демалыс күні балаларды ертіп алып, осында бір көшетті отырғызуына болады. Сосын өзі еккен ағаштың түбіне атын жаздырып, сәті түскенде отбасы мүшелері бірге келіп, ағашты күтіп-баптауды үрдіске айналдырса қандай ғанибет. Бұл біріншіден, тұрғындардың қаланың гүлденуіне қосқан үлесі. Екіншіден, экологиялық ахуалды жақсартуға септігі тиеді. Үшіншіден, ұрпағына табиғатты аялау барысында үлгі-өнеге көрсетіп, жақсы тәрбие береді, – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Шаһар халқына салмақты ой тастап, игі іске шақырған облыс басшысы Шымкенттегі шатқалдардың барлығын көгалдандыру жобасы сәтті аяқталса, жалпы аумағы 300 гектар жер жасыл желекке оранатынын мәлімдеді. 

Қала әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосыновтың айтуынша, бүгінге дейін ағаштарға суару жүйесін жүргізу үшін 27 су сақтайтын ыдыстар қойылса, оның 7-уі және 17 жерден қазылған тік су ұңғымасының 5-уі осы «Самал» шатқалында.

– Одан бөлек 46 шақырым жерге тамшылатып суару жүйесі жүргізіліп, 26 мың шаршы метр жер көгалдандырылды. Жалпы 38 гектар шатқалдың бүгінде үштен бірі игерілді. Сондай-ақ, 16 шақырым жер қоршалып, саябақты күтіп-баптау үшін 5 адам тұрақты түрде жұмысқа тартылды, – дейді ол.

Алдағы уақытта «Нұрсәт» шағынауданындағы «Қасірет» мемориалы тұсына, Қайтпас-2 елдімекеніндегі Ипподром маңына және «Бозарық», «Бозарық-2», «Таскен» тұрғын алаптарындағы және Алматы-Ташкент бағытындағы жалпы аумағы 690 гектар сай-салаға «Шатқал» бағдарламасы аясында көшеттер отырғызу жоспары бар. Облыс әкімдігінің баспасөз орталығы берген мәліметтерге сүйенсек, бүгінге дейін Оңтүстікте жоба аясында 400 мыңнан астам ағаш отырғызылған.

Опубликовано в Қала
Среда, 06 Декабрь 2017 06:16

Шаһар сәні – саябақ

Шымкенттегі 60 жылдық тарихы бар «Металлург» саябағы қайта жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Салтанатты шараға облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен қала әкімі Нұрлан Сауранбаев қатысты.

– Жыл сайын өңірімізде саябақтар саны артып келеді. Қазіргі таңда, бұрынғы қорғасын зауыты аумағының 40 гектарында жаңа демалыс орнының құрылысы жүріп жатыр деді, – облыс әкімі Ж. Түймебаев.

Сондай-ақ, Елбасының курстасы Аманəлі Əбдраманов та сөз сөйлеп, тұрғындар тарапынан ыстық ықыласын білдірді. Аталған саябақтың іргетасы 1957 жылы қаланған. Қайта жаңғырту жұмысынан кейін саябақ аумағы 3,6-дан 5 гектарға ұлғайып, онда жаңа орындықтар, спорт алаңшасы, қоқыс жәшіктері, субұрқақ салынып, түнде жарық шамдары көптеп қойылып, сәулеті арта түскен.

Опубликовано в Қала

22780145 1991833317729692 8019984585269054153 n

Іргетасы 1947 жылы қаланған «Металлург» саябағы ресми түрде қайта пайдалануға берілуге таяу. Қазір мұнда қайта құру жұмыстары жалғасуда.

Саябақ ресми түрде әлі ашылмаса да мұнда келіп, тамашалап кетуіңізге болады. Саябақ жылдың кез келген мезгілінде көрікті. Ең бастысы, барлық ағаштары қырқылмай сақталды. Соның нәтижесінде, саябақтың өзіндік көрінісі айрықша көз тартады.

Қала әкімінің тапсырмасына сай, енді саябақта қоршау болмайды. Яғни, саябаққа серуендеп, демалуға келгендерге мейілінше қолайлы жағдай жасалуда. Мұнда 3,6 гектар жер көгалдандырылып, субұрқақ жаңартылып жатыр. Енді бұл саябақ Абай ауданы тұрғындарының сүйікті орнына айналмақ.

Опубликовано в Қоғам
Пятница, 23 Июнь 2017 08:32

Шымкенттің этносаябағы

DSC 1058

anyqtama-41Шымкент қаласының солтүстік беткейінде жалпы аумағы 76,4 гектарды құрайтын «Қазына» этно-тарихи кешені орналасқан. Тарихи және мәдени-сауықтыру секілді екі бөліктен тұратын кешеннің құрылысы 2012 жылы басталып, 2015 жылы пайдалануға берілген. Оның алғашқы бөлігінде «Этносаябақ», «Бәйдібек би» ескерткіші, «Қазақ хандығына 550 жыл» монументі, «Ұлы жібек жолы» сәулеттік композициясы, даналар сөзі орналасқан. Ал, мәдени-сауықтыру бөлігінде «Жайлаукөл» саябағы, «Наурыз» алаңы, «Қазақ ауылы», ипподром, тарихи-өлкетану мұражайы, әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығы бар. Әрқайсысы Қазақ халқы мен көне Шаһардың терең тарихынан сыр шертеді. Солардың бірі ашық аспан астындағы – «Этносаябақ».

DSC 1048

«Этносаябақ» «Бәйдібек би» ескерткіші жақтан қарағанда оң жақ бетте орналасқан. Жасыл желек баққа кірген бойда ең алдымен көзіңізге субұрқақ түседі. Жай субұрқақ емес. Әуенмен мың бұрала билейтін субұрқақ. Ол кешкі 19:00 мен 22:00 аралығында қала тұрғындарына керемет көңіл күй сыйлайды. Одан сәл жоғары көтерілсеңіз екі сарқыраманы көресіз. Таудың төбесінен етегіне төгілген су, саябақ бойлап ағып жатыр. Сылдырап аққан судың дауысы жаныңызға рахат сыйлайды. Көзіңізді жұмсаңыз Оңтүстіктің аптап ыстығын ұмытып, тау бөктерінде жүргендей сезімде боласыз. Ал саябақтың бірнеше жерінде орналасқан шатыр астындағы сөрелер (ротон) жастардың жиі бас қосатын мекеніне айналған. 

DSC 1039

– Мұнда қала тұрғындарынан бөлек, шетелдік туристер де көптеп келеді. Әсіресе түнгі мезгілде. Өйткені, осы уақытта субұрқақтар қосылып, түрлі түсті жарықтар жанады. Оның үстіне ағаштар мен шөптерді кешкі уақытта суғарғандықтан, саябақтың іші өте салқын болады. Бақтың жап-жасыл түске еніп жатқаны жақсы ғой. Сонымен қатар, орылған шөптердің тез жиналуын, қоқыстың тасталмауын, адамдардың жасыл жерлерді аяқпен таптамауын, велосипедпен жүрмеуін жіті қадағалаймыз, – дейді этносаябақ әкімшісі Мәлік Асқаров. 

DSC 1558

Статистикаға сүйенсек, еліміздегі тарихи ескерткіштердің 80 пайызы Оңтүстік өңірінде екен. Жалпы алғанда, облысымызда 505 тарихи-археологиялық нысан бар. Алайда, бұлардың барлығын аралап, тарихымен терең танысуға көпшіліктің мүмкіндігі бола бермейді. Ал «Этносаябақтың» жоғары жағында орналасқан 20-дан астам тарихи-сәулет ескерткіштің макеті арқылы сол қасиетті орындармен танысуға мүмкіндігіңіз бар. Қатар-қатар тізілген Арыстанбаб, Үкәш Ата, Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи, Отырар, Баба түкті Шашты Әзіз, Кемеқалған әулие, Қарашаш ана секілді киелі орындар тарихтың терең иіріміне тартады. Бұл әсіресе өзге ұлт өкілдерінің тарихымызбен жан-жақты танысуына жол ашады. 

DSC 1558-1

Этносаябақта аттракциондар, түрлі әткеншектер жоқ. Өйткені, көпшілік мұнда қаладан алшақ кетіп, табиғат ананың құшағына енгендей әсер алуға келеді. У-шудан бір сәтке арылып, тамаша мекеннен күш-қуат алуды қалайды. 

DSC 1767

Облыстың бұрынғы әкімі Асқар Мырзахметов аталған тарихи кешеннің ашылу салтанатында: «Қазына» этнотарихи кешені шаһар келбетін айшықтайтын бірегей нысанға айналды. Бұл – бабалардан мирас болған ұлы мұраны көздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа аманат ету бағытындағы іргелі жобаның бірі», – деген болатын. Расында да, қазір бұл құндылықтарымыздың маңызы артпаса кеміген емес. Болашақта бұл Этнотарихи орындар тек Шымкенттің ғана емес, қазақ тарихын айшықтайтын дүниеге айналмақ.

Суретті түсірген: Береке Сейітжаппар

Этносаябақ – гректің «этно» - ұлт, халық, латынның қоршап қою деген сөзінен шыққан құнды заттардың көшірме макеттері арқылы жасалатын ашық аспан астындағы саябақ, мұражай. Мақсаты – ұлт құндылықтарын заманға сай үлгіде сақтап қалу. Мәселен, тарихы, кесене мен киелі мекендері, салт-дәстүр, тұрмыс-тіршілігі секілді. Осы арқылы ел байлығын насихаттап, туризм бизнесін дамыту.

Опубликовано в Қала
Среда, 31 Май 2017 08:49

Жанға жайлы «Жайлаукөл»

Шымкентте Орта Азияда биіктігі жағынан екінші орында тұрған аттракцион бар. Ол «Жайлаукөл» саябағында орналасқан. Ондағы ойын-сауық орталығы маңында аттракциондар, жайқалған жасыл желек, көзтартар көркем көл, бәрі-бәрі, жаныңызға ерекше әсер сыйлайды. Біз де осынау мамыражай қызыққа толы саябақты тұрғындармен бірге тамашалап қайттық.

DSC 6302

Серуенімізді «Тұлпар» көлінен бастадық. Жағасында қыдырушылар қарасы көп екен. Дені жастар. Көл бетіндегі қызылды-жасылды катамаран мен қайықтар көздің жауын алады. Қақ ортасында «Махаббат аралы» бар. Бұл жас жұбайлардың, жалпы жастардың жиі көңіл сергітетін жері. Аралда тамақ ішетін арнайы орын жасалыпты. Онда асықпай дем алып, махаббат символына айналған қос аққудың қасында серуендеуге болады. Міне, алдымызда катамаранға мінген екі жас сырлы сұхбат құрып келеді. Ал талдың саясындағы орындыққа жайғасқан егде жастағы кісілер атырапты мұқият барлап, көз тастайды. 

DSC 8509

Кенет айналамыз «ызылдап» кетті. Дыбысты іздеп жан-жаққа қараймыз. Сөйтсек, көл үстінде «Сиқырлы сым» орнатылған екен. Онымен адамдар ары да, бері де сырғанап жүр. Үстіндегілер құдды бір джунглидегі Тарзан секілді жіпке жабысып алыпты. 

Біз көрген бұл нәрселердің барлығы да көл маңындағы асханадан анық көрінеді. Ағаштан жасалған ас ордасындағы дем алушылардың назары да осы жаққа ауған. Ауызы аста болғанымен, көзі көлде. Түтіні сызыла көтерілген кәуәп иісі таза ауада демалушы кезкелген кісінің тәбетін ашатыны анық. 

DSC 6379

Көл жағасымен жүріп өтіп, баспалдақпен адамдар жүретін аяқжолға шықтық. Бұны саябақтың «Басты көшесі» десе де болады. Көше бойында түрлі аттракциондар тұр. Бірақ біздің көздегеніміз «Жайлаукөлдің» төріндегі «Shymkent Altyn eye» («Шымкенттің алтын көзі»). Кейбіреулер оны «Алтынай» деп те атайды. Дөңгелек пішінді алып аттракцион ТМД елдері арасында биіктігі жағынан үшінші орында, ал Орта Азия бойынша екінші орында тұр. Қаланы 50 метр биіктіктен көрсететін айналма әткеншектің алдында кезек үзілмейді. Көкке көтеріліп Шымқаланың келбетін тамашалайтындар көп-ақ. Міне, біз де көп ұзамай көпшілік арасына келдік. Біреулер түсіп, біреулер шығып жатыр. «Қалай екен?» дегендей көзіміз күнге шағылысып жоғарыдағыларға қараймыз. Кезек келіп, шағын кабинкаға міндік. Кабинканың ішінде жазда салқындататын, қыста жылытатын құрылғы орнатылған екен.

DSC 6400

Барлығы 18 кабина бар. 1 кабинаның сыйымдылығы – 6 адам. Баяулатып жоғары көтеріліп келеміз. Ең биік нүктесіне жеттік. Шымшаһар алақандағыдай. Қала көрінісі көздің жауын алады. Әсіресе облыс әкімдігі мен жаңадан салынған көпқабатты тұрғын үйлер ерекше көзге түсіп тұр. «Қайтпас», «Самал» шағынауданындағы жер үйлер қаз-қатар тізілген. Айналаның барлығы жап-жасыл. Анықтап қарасақ, алдымызда Зообақ, одан әрі Дендросаябақ, оң жақта ипподром, сол қанатта облыстық тарихи-өлкетану және бейнелеу өнерi мұражайы мен салт-дәстүр және әдет-ғұрып орталығы, ал артқы жақта этносаябақ, Қазақ елі монументі мен «Бәйдібек би» ескерткіші секілді ұлттық құдылықтар бір маңайға топтаса орналасқан. Маңайымызды асықпай қарап шықтық. Алып аттракцион әуе кеңістігінде 15 минуттай айналды. 

DSC 6320

Төменге түсіп кішкентай балалардың балдай тәтті қызығын тамашаладық. Мұқият құлақ салсақ, саябақтан қазақша әуен қалықтап тұр. Бұл да бір көңілге ерекше сезім сыйлап, жаныңды жадырата түседі екен. Осындай әсермен «Жайлаукөл» ойын-сауық саябағының әкімшісі Исабек Түктібаевпен кездесіп, емен-жарқын әңгімелестік. Күн ысыған сайын адам қарасы көбейіп жатқанын айтып, алдағы жоспарларымен бөлісті. 

– Саябаққа келушілердің қарасы өте көп. Өйткені, саябақ маңы салқын және ойын алаңдарының бағасы келушілердің қалтасына салмақ түсірмейді. Алдағы уақытта бассейндер, аттракциондар, субұрқақтар және тағы да басқа қызықты ойын-сауық орындарын саламыз. Саябақтың аумағы өте кең. Қазіргі таңда біз оның жартысын ғана қамтып үлгердік, – дейді. 

DSC 6262

Жарасымды әңгімеден соң кассаға жақындадық. Маңдайшада аттракциондардың атауы мен бағалары жазылған екен. «Ат каруселі», «Аватар», «Шытырман айна», «Паравоз», «Әуе велосипеді»... Бас-аяғы 22 түрлі ойын аттракционы бар. Басым бөлігінің бағасы 300 теңге. Кассадағы есепшімен де аз-кем тілдесіп, шығатын есік жаққа келдік. Мұнда да қалың жұртты сыртынан бақылап отырған күзетшімен хал-жағдай сұрасып, бір-екі сұрағымызды қойдық. Айтуынша, тынығамын деушілерге күн сайын үзіліссіз сағат 11:00-ден, түнгі 00:00-ге дейін есік ашық. 

Серуеніміздің соңында қақпадағы «Жайлаукөл» жазуын көріп «Музарт» тобы әніне қосқан «Жайлаукөл кештері» еске түсті. Иә, расымен де Шымкенттің аптап ыстығында, тау маңындағы жайлауды еске түсіретін саябақ болды бұл. Осылайша ерекше көтеріңкі көңіл күйде қош айтысып, қала қойнына кіріп кете бердік.

Опубликовано в Қала
Пятница, 07 Апрель 2017 04:34

Шатқалдар саябаққа айналады

Шымкенттің жасыл желегі жайқалған қалаға айналады. Жоспар бойынша, қаланың 16 аумағында «Шатқал» бағдарламасы жүзеге асуда. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев жаңа жобаға жауапты мекемелерді бекітті. Олардың қатарына «Нұр Отан» партиясы ОҚО филалы, облыстық, қалалық мәслихат хатшылығы мен депутаттары және өңіріміздегі ЖОО-ы тартылған.

shatqaldar

Бүгінде Шымқалада жалпы аумағы 300 гектарды құрайтын 8 саябақ бар. Сондай-ақ 107 көше абаттандырылған. Ал «Шатқал» бағдарламасы нәтижесін берсе, 47 сай-сала көркейтіледі. Сонда әрбір шымкенттіктің үлесіне 16 шаршы метрден жасыл желек тимек. 

– Алдымызда жаз маусымы шіліңгір шілде келе жатыр. Әсіресе, аптап ыстықта облыс орталығындағы экологиялық ахуал қиындай түседі. Қазір адам басына демалыс аумағы небәрі 3 шаршы метрді құрайды. Сондықтан «Шатқал» бағдарламасын жедел түрде іске асыруымыз қажет. Көктемнің керемет шағын пайдаланып, ағаш отырғызу ісін тездетуіміз қажет. Сондықтан игі бастамаға қолдау білдірген азаматтар мен мекеме басшыларына алғысымды білдіремін, – деді облыс әкімі Жансейіт Түймебаев. 

Бекітілген жауапты мекемелердің күтіп-баптауына 226 гектар жер беріледі. Алғашқы кезеңде ағаш егілсе, келесі кезеңде жол төселеді. Көркейту, көгалдандыру жұмыстарынан соң, демалыс орындары мен балалар алаңшаларының құрылысы жүргізіледі. 

Айта кетейік, абаттандырылуы тиіс шатқалдардың көлемі жағынан үлкені – «Самал». Оның жалпы аумағы – 38 гектар. «Шымсая» мен «Юнус Эмре» шатқалдары 25 гектарды алып жатыр. Ал қалғандары 8-10 гектардың көлемінде. Ел игілігіне тапсырылатын шатқалдарға шығыс әдебиетінің көрнекті өкілдерінің, ақын, ғұлама, ойшылдарының есімдері беріледі.

Опубликовано в Қала