Пятница, 02 Февраль 2018 05:50

Ақылды қалаға айналу үшін не қажет?

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев «Шымкент қаласындағы қоғамдық көлік саласын дамыту» форумына қатысу үшін өңірімізге арнайы келген отандық және шетелдік компаниялардың өкілдерімен кездесті. Басқосуда қонақтар жолаушы тасымалдау саласындағы тың жобалар мен заманауи көліктерді таныстырды.

Компания басшыларының ұсыныстарын тыңдап шыққан өңір басшысы жыл сайын халық саны қарқынды өсіп келе жатқан қаланың көлік қатынасын реттеуге заманауи технологиямен жабдықталған соңғы үлгідегі қоғамдық көліктерді қолдану керегін атап өтті.

– Елбасы биылғы Жолдауында мегаполис қалалардың проблемаларын тиімді шешу үшін «Смарт Сити» тұжырымдамасы мен қалалық ортаны басқарудың кешенді түрін енгізу қажет екенін айтты. Осы ретте миллионға тарта тұрғыны бар Шымкент қаласын ақылды қалаға айналдырудың бір сипаты – жолаушылар тасымалдайтын автобустарды жаңалау. Яғни соңғы үлгідегі технологиялардың көмегімен халықтың жүріп-тұруын жеңілдетуіміз қажет, – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Компания өкілдері өздері өндіріп отырған автобустардың сапасы жоғары, тиімді бағада екенін, қоғамдық көлікке орнатылған мониторинг, төлем, «GPS» жүйелері мен мобильді қосымшалар жолаушыларға көрсетілетін қызметтің сапасын жақсартуға мол мүмкіндік беретінін айтты. 

Кездесу соңында облыс әкімі тиісті сала мамандарына ұсынысы мен бағасы тиімді компанияларды анықтап, сол мекемемен келісім-шартқа тұруды тапсырды.

Опубликовано в Қала