Шымкентте «Шымкент Bus» жаңа транспорт компаниясы құрылуда. Нәтижесінде, қаланың шалғай елдімекендеріне қоғамдық көлік қызметі жүйелі түрде қатынайтын болады. Осы мақсатта қала әкімдігі мен «Green Bus» ЖШС мекемесі арасында екіжақты меморандум жасалды.


Алдымен жергілікті БАҚ өкілдері үшін брифинг ұйымдастырып, аталмыш шараның маңыздылығын жеткізген Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров және «Green Bus» ЖШС мекемесінің басшысы Бақыт Бектаев өзара әріптестік туралы келісімге қол қойды.

«Шымкент қаласының 2020 жылдарға дейінгі әлеуметтік және экономикалық даму Тұжырымдамасында» Астана, Алматы қалаларының үлгісінде коммуналдық автопарк ашу қажеттігі айтылған болатын. Ендігі жерде бұл қызметті қала әкімдігі мен «Green Bus» ЖШС мекемесі бірлесе қолға алатын болды. Яғни, ондағы қызметтің 49 пайызы қала әкімдігінің, 51 пайыз үлесі «Green Bus» ЖШС мекемесіне тиесілі болмақ.

– Ең бастысы, муниципальді автопарк қызметін іске қосу – қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға айтарлықтай оң ықпалын тигізбек. Мұндағы арнайы конкурс арқылы жаңа бағытқа қойылған қоғамдық жолаушы тасымалдаушы автобустар метан газымен қозғалатын болады. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін де арнайы жабдықталған автобустарды бағытқа қою жоспарлануда, – деп атап өтті Нұралхан Оралбайұлы.

Жобаның алғашқы кезеңі аясында жыл соңына дейін 10 бағыт бойынша 150 автобус пайдалануға берілетін болады. Нәтижесінде, Бас жоспарға сәйкес, қалаға жаңа қосылған елдімекен тұрғындары қоғамдық жолаушылар көлігімен жүйелі түрде қатынай алады. Жобаның алғашқы кезеңінде мұндай мүмкіндікке ие болатын елдімекендер қатарында «Жаңаталап», «Текесу», «Қайнарбұлақ», тағы басқалар бар.

Айта кетейік, Шымкент қаласында қазіргі таңда жолаушылар тасымалдау саласында 30 көлік компаниясы 78 бағытта, 1145 кестемен қызмет көрсетуде. Облыс орталығында тұрғындарға қоғамдық қызмет көрсететін 29 мекеме жұмыс істейді. Күн сайын орта есеппен алғанда осы қызмет түрі арқылы 400 мыңнан астам жолаушы тасымалданады. Қоғамдық көлік қызметінің 90 пайызы автоматтандырылған жүйемен жабдықталған. Яғни, олардың қай жерде, қай уақытпен кетіп бара жатқанын арнайы GPS қондырғылары арқылы бақылап отыруға болады.

Опубликовано в Қала
Страница 3 из 3