Среда, 28 Март 2018 04:15

Жылу ақысын қалай төлейміз?

Шымкенттегі Нұрсәт, Тұран шағынауданындағы, Қ.Төлеметов көшесіндегі, ескі шаһардағы 200 үй және ортақ жылу есептегіш құралдары орнатылған үйлердің тұрғындарына 2018 жылдың сәуір айында 21 ақпан мен 20 наурыз аралығында пайдаланған жылудың, ал мамыр айында 21 наурыз бен 23 наурыз аралығындағы түбіртектің төлемақысы келеді. Бұл туралы «Қуатжылуорталық-3» МКК тұрғын үй-коммуналды шаруашылық бөлімінің басшысы Марина Хохлова мәлімдеді. 

DSC 2666

Жоғарыда аталған тұтынушылар есепті кезеңде нақты пайдаланған жылу энергиясы үшін төлем төлейді. Ал «Энергияны пайдалану және азаматтық ғимарат жылуын қорғау» туралы мемлекеттік нормативтерге сәйкес, ортақ жылу есептегіш құралдары орнатылмаған үйлердің тұрғындары жылу энергиясы үшін 143 тәуліктің төлемін өтеуі тиіс. Өйткені, жылудың 1 шаршы метрі 142,31 теңге және қалалық жылу беру коммуналдық қызметі үшін есептелген норма – 0,094Гкал/м2. 

– Осыған орай, алаңы 64,7м2 пәтерде тұратын тұтынушылар айына 9207,46 теңге төлейді. Мәселен, қараша айында (30 күн)- 142,31*64,7=9207,46 теңге. Ақпан (28 күн)-142,31*64,7=9207,46 теңге. Бұл көрсеткіш 31 немесе 28 күнмен аяқталатын айларда да өзгермейді. Толық 1 ай болып есептеледі. Өйткені, кез келген қызметкер бір айда 31 күн, келесі айда 29 күн жұмыс істесе де жалақысын толық алады емес пе? Сондықтан, төлем бекітілген нормаға сәкес жасалуы керек, – деді Марина Хохлова. 

Айта кетейік, 2017-2018 жылдардағы жылу беру маусымы 2017 жылдың 20 қазанынан басталды, ал жылуға төлем 2017 жылдың 1 қарашасынан бастап есептелген.

Опубликовано в Қоғам

Шымкентте жылыту маусымы наурыз айының соңында аяқталады. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

 

Наурыз айының басында күн жылып, бірқатар тұрғын жылуды сөндіруді сұраған. Дегенмен, мамандардың айтуынша, жылыту қондырғыларын өшірген соң күн суығанда қайта қосу қиын, ол жұмыс ұзақ уақытта талап етеді.

Осыған байланысты мамандар тұрғындарды түсіністікпен қарауға шақырады. Себебі орталықтандырылған жылу жүйесіне ауруханалар, балабақша мен мектептер қосылған.
Алдын ала болжамға сәйкес, жылуды биылғы 1 сәуірінде тоқтату жоспарланып отыр.

Опубликовано в Қала
Пятница, 17 Ноябрь 2017 08:31

Қала қысқа қамдануда

Жылудың ақысы қалай төленеді?

DSC 0340Қараша айының ортасынан асып, желтоқсан келіп қалды. Бұл – қысқы маусымға дайындықтың шырқау шегіне жетіп, аяқталар тұсы. Биыл Шымкенттегі үйлерді жылуға қосу жұмыстары 20 қазаннан басталды. Былтыр да осы уақытта жылу беру біртіндеп басталған-ды. Дегенмен, жылу қосылып үлгермеген үйлерге жылу ақысының түбіртегі қала әкімінің қаулысы шыққан күннен бастап есептелгені тұрғындардың әлі есінде. Ал жылуды 1 қарашадан бастап алған тұрғындар жылу ақысын төлеуді 25 қазаннан бастап есептеген коммуналшылардың бұл әрекетін түсіне алмай дал болғаны да бар. Биыл осы келеңсіздіктің алдын алуды ойлаған қалалық әкімдік қызметкерлері жылу қосу жұмыстары 25 қазаннан басталса да оның ақысы 1 қарашадан бастап есептеледі деп хабарлады. Сонымен, қарашаның орта шенінен бастап абоненттерге коммуналды қызмет түбіртегімен жылудың ақысы да келе бастады. Осы тұста жылу әлі қосылмаған тұрғындардың неліктен алмаған жылудың ақысын төлейміз деген сауалы туындайтыны анық. Бұл мәселеге Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов пен «Қуат жылу орталығы-3» мекемесінің өкілі БАҚ өкілдеріне арнайы баспасөз-мәслихатын ұйымдастырып, жауап берді.

DSC 3941

Анық болғаны, «Қуат жылу орталығы-3» мекемесі қараша айындағы жылудың ақысын жылу энергиясын есептейтін ортақ құрал орнатылмаған үй тұрғындарына арналған жылудың 1 шаршы метрге тұтынылатын мөлшерімен есептепті. Ал жылыту маусымы аяқталған соң «Қуат жылу орталығы-3» мекемесі жылудың ақысын сыртқы ауаның нақты температурасын есепке ала отырып қайта есептейміз деп отыр. Айта кетейік, абоненттер жылудың ақысын өздеріне түбіртек келген айдан кейінгі айдың 25-жұлдызына дейін төлей алады. Мысалы, қараша айындағы жылу ақысын 25 желтоқсанға дейін төлеуі тиіс. Ол үшін ешқандай өсімпұл мен артық мөлшерлеме ұсталмайды. Мұнымен қоса «Қуат жылу орталығы-3» мекемесі Шымкент қаласының тұрғындарынан жылудың ақысын дер кезінде төлеуді сұранады. Себебі, бұл қаржы газдың ақысы ретінде жылу энергиясын өндіретін мекемеге жіберіледі. Осы тұста ескере кетер жайт, жылу таратушылардың газға деген 340 миллион теңге қарызы бар. Ал үй ішіндегі жылу жүйесінде ақау бар, жылуды алмаса да қараша айында жылу ақысы үшін есеп келген үйлердің тұрғындарына «Қуат жылу орталығы-3» мекемесі желтоқсан айында қайта есептеу жүргізеді. Ал төленген қаржы болашақтағы төлемге жатыстырылады дейді жылу таратушылар.

 

Жазда нендей жұмыс атқарылды?

anyqtama-1Шымкентте биылғы жылыту маусымына әзірлік өз деңгейінде жүзеге асырылды дейді жауапты мамандар. Осы бағытта «Нұрлы жол» бағдарламасы аясындағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Нақты айтқанда Шымкентте Байтұрсынов-Сапарбаев-Рысқұлов көшелерінің бойында магистралды жылу құбыры ауыстырылды. Жалпы сомасы 888,4 млн теңге бөлінген бұл жұмысты мердігер – "Сити-строй" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқарды.

Осы жоба бойынша ұзындығы 5,2 шақырым құбыр жөнделді. Магистралды жылу құбырын ауыстыру нәтижесінде жылу маусымында апаттардың алдын аламыз дейді сала жетекшілері. Яғни, сапалы жылу мәселесі ұзақ мерзім бойы шешіледі деп күтілуде. Бұған қоса жылудың қалыптан тыс жоғалуы тоқтатылып, тұтынушылардың қаржысы үнемделеді. Айта кетейік, биыл ескі ірі құбырлар жаңасына – арнайы қапталған құбырлаға алмастырылды. Коммуналды қызмет өкілдерін қуантатын тағы бір жаңалық – бұл құбырлар тат басуға қарсы қапталған және құбыр жарылған сәтте хабар беретін құрылғы орнатылған.

anyqtama-91-4Шымкент қалалық тұрғын үй-коммуналды шаруашылық бөлімінің мамандарының мәліметінше, биылғы жазда шаһардың оңтүстік аймағында ұзындығы 22 шақырым, ал солтүстік бөлігінде 42 шақырым магистральды құбыр жөнделді. Байтұрсынов көшесіндегі магистральды құбырдан бөлек Рысқұлов көшесінің бойындағы ұзындығы 5,2 шақырым құбыр жаңаланды. Бұл учаскедегі ескірген, диаметрі үлкен құбырлар дәл сондай, бірақ, тот баспайтындай етіп қапталған құбырларға алмастырылыпты.

 

Қалада қанша қазандық бар?

Жалпы, Шымкентте жылумен қамтитын 7 нысан бар. Олар – "3-Энергоорталық" акционерлік қоғамына тиесілі нысандар: №3 жылу-энерго орталығы және 5 автономды қазандық пен қаланың коммуналды меншігіндегі, әкімшілік-іскерлік орталықтағы қазандық. Жылу жүйелерінің жалпы ұзындығы – 411,7 шақырым, олардың ішінде 11,5 шақырымы "3-Энергоорталық" АҚ-на тиесілі, 392,6 шақырым – "Қуат жылу орталығы-3" мемлекеттік мекемесінде, қалған 7,6 шақырым желі "Нұр-Арыстан" ЖШС-не қарасты.

anyqtama-91-22

Алдағы уақытта Астана даңғылы бойындағы ұзындығы 4,5 шақырым магистралды құбыр және аудандық №1 қазандық жөнделмек. Бұған қоса әкімшілік-іскерлік орталықтағы қазандықтарды жаңарту да жоспарланған. "Қуат жылу орталығы-3" мемлекеттік мекемесі тарапынан 2 нысанның жобасы әзірленуде. Атап айтсақ, Григоренко көшесінен Алдияров көшесіне дейінгі ұзындығы 2 шақырым магистралды құбырды және Адырбеков көшесінен Желтоқсан көшесінде дейінгі ұзындығы 1,5 шақырым магистралды желіні қайта қалпына келтіру жұмыстары күтіп тұр.

 

Биыл жылу беруде қандай жаңалық бар?

anyqtama-3

Шымкент қаласындағы 1811 көпқабатты тұрғын үйдің 1052-сі орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Алдағы жылу маусымында осы үйлерге 13 сервистік мекеме қызмет көрсетпек. Қазіргі таңда 759 үйдегі пәтер иелері қысқа өздері дайындалуда.

Жасыратыны жоқ, қаладағы бірқатар үйлердің жылыту жүйесі 30 жылдан бері әбден тозығы жеткен: құбырлар шіріп, толып қалған, бұрандалары жоғары қысымға шыдамай, істен шыққан. Енді осынау жаңа сервистік қызмет қалалықтарға бұл проблемадан құтылудың жолын ұсынды. Бұл тұста компания қызметінің ақысын үйлерін қысқа өздері дайындаған кездегідей бірден емес, түбіртек бойынша төлейді.

Бұл келісім-шарттың тағы бір маңызды тұсы – құбырды толығымен жөндеудің алдында сервистік қызмет өкілдері жертөлелерді маса, бүрге мен тышқандарға қарсы толық дәрілеп шығады. 

– Жертөленің тозығы жеткен. Барлығын ауыстыру керек – екі элеватор бұрышын, бұрандаларды да. Тұрғындар үшін қолайлы, олар біздің сервистік қызметте болады. Мысалы, егер қыста жертөледе апат болып, құбыр жарылып кетсе, олар бізге хабарласады. Келісім-шартта байланыс телефондарымыз бар. Біз келіп, жарылған жерді тегін жөндеп береміз, – дейді "Қуат жылу орталығы" МКМ директорының орынбасары Нұржан Татыбаев.

Барлық жөндеу жұмыстары жылыту маусымы басталғанша аяқталуы тиіс. Келісім-шартқа сәйкес, компания өкілдері осы үйде сығымдау жұмыстарын да жүргізеді. Бұған қоса, кепілдік мерзіміне сәйкес, көпқабатты үйге екі жыл бойы қызмет көрсетеді.
Айта кетейік, жылу беру тоқтаған немесе төмендеп кеткен жағдайда тұтынушылар 56-50-43, 56-50-11 телефон нөмірлеріне хабарласа алады. Бұған қоса Жангелдин көшесі, 13А үйге келуге де болады. Мұнда күн сайын сағат 16 мен 18 аралығында қоғамдық қабылдау ашық болады. Тұрғындар онда мекеме басшыларына өздерін мазалаған сұрақтарын қоя алады. Ал абоненттік және техникалық инспекция бөлімі күн сайын сағат 9-дан 18-ге дейін үзіліссіз жұмыс істейді.

Опубликовано в Қала

Шымкентте жыл басынан бері газдан уланудың 7 оқиғасы тіркелген. Одан 7 адам зардап шегіп, 4 адам қайтыс болған. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті жылу маусымы басталғаннан  газдан уланудың алдын алу шараларын күшейтуде. Соның ішінде көпқабатты тұрғын үйлерге жылыту пешін өз бетінше орнатқан тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды. Себебі, бүгінде Шымқалада 18 мың абоненттің 25%-ы автономды пеш тұтынатындар. Бұл бірінші кезекте айналасындағы тұрғындарға қауіп туғызса, екіншіден, орталықтандырылған жылу жүйесінің жұмысына кедергі жасауда.

DSC 9489

2016 жылдан бері көпқабатты тұрғын үйлерге автономды пеш орнатуға тыйым салынды. Мұның өзіндік себептері бар. Төтенше жағдай мамандары автономды пештің техникалық талаптарын сақтамағандықтан тұрғындардың газдан улану жағдайлары жиі болатындығын айтады. «Егер көпқабатты тұрғын үйдің құрылымында жылу жүйесі орталықтандырылған жылуға қосылатын болса, дербес пешті орнату қауіпті. Ол тұрғын үйдің жылу жүйесіндегі балансты бұзады. Автономды пештің негізгі бөлігі – түтін жолы. Пеш қосылғанда қызады да түтін жолы толып қалатындықтан уақытында тазаламаса газдың сыртқа шығуына себеп болады. Мұның соңы қайғылы жағдайларға апарады. Сол себепті, оны жылына бір рет тазалап тұру қажет, – дейді Шымкент қалалық төтенше жағдай департаменті басшысының орынбасары Рауан Өсербаев. 

Өткен жылы қалада газдан уланудан 19 оқиға тіркеліп, 29 адам зардап шексе, оның 19-ы көз жұмған. Төтенше жағдайлар департаментінің маманы келеңсіз жағдайға жол беретін – тұрғындардың салғырттығы екендігін атап өтті. Ол қалалықтардан автономды пеш орнатқанда жер үйлердің өзінде барлық техникалық талаптарды ескерсе дейді. 

Қазір қалада автономды пешпен баспанасын жылытып отырғандардың барлығының құжаттары заңды деуге келмейді. Сондықтан аудан әкімдігі, төтенше жағдай қызметкерлері мен жылу беретін мекеме мамандары түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. 

– Көпқабатты тұрғын үйлерге дербес пештер орнатуға тыйым салынады. Жауапты мекемелердің рұқсатынсыз пешті орнатқандарға қатаң шара қолданамыз, – дейді қаланы жылумен қамтамасыз ететін «Қуатжылуорталық - 3» мекемесінің бөлім басшысы Марина Хохлова. 

Кезінде қалада жылу сапасының төмендігінен тұрғындар пәтерлерін жаппай газбен жылытуға көшкен болатын. Енді, коммуналдық талаптарға сай келмейтіндердің дербес пештері ажыратылмаса, қала әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов мәселе сотта шешілетіндігін ескертуде.

 

Жеке үйге пеш орнату ережесі

Жеке үйлерде автономды пештен ақау шығудың бір себебі – арзан әрі сапасыз техниканы қолдану. Қазіргі кезде тұтынушылардың дерлігі Иран, Қытайдан келген пештерді пайдаға жаратуда. Мәселен, ирандық жылыту құрылғысында мұржа қарастырылмағандықтан қауіпті саналады. Сондықтан құрылғыларды сатып алуда, орнатуда және жылу маусымына дайындық алдында пешті қосарда сала мамандарынан кеңес алған артықтық етпейді. 

– Бүгінгі таңда техникалық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жаңа, тиімді автономды құрылғылар шығарылуда. Олар газ қондырғысы тұрған бөлмеде метан немесе иісті газ пайда болса, дабыл қағып, газдың келуін автоматты түрде тоқтатады. Осыдан кейін 104-ке хабарласып мамандардың көмегіне тез арада жүгінуге болады. Дабыл аспабы – тұрғындардың қауіпсіздігі үшін қажет, – дейді «ҚазТрансГазАймақ» АҚ ОҚО өндірістік филиалының өндірістік техникалық бөлімінің бас маманы Бақытжан Тулешов.

Автономды пеш қойғанда (жеке үйлерде) есте сақтайтын қарапайым қағидалар:

  • *Автономды пешті адам көп жиналатын, ұйықтайтын, асхана, жуынатын бөлме секілді орындарға орналастырмай, мүмкіндігінше бұл үшін үйдің сыртынан бөлек орын дайындаған дұрыс. 
  • * Пеш тұратын бөлмеде желдеткіш канал, терезе желдеткішінің болғаны қауіптілікке жол бермейді.
  • *Пештің түтін жолы шатырдан 50 см жоғары тұрады.

Айта кетейік, Шымқалада 20 қазаннан бастап жылу берілді. Бюджеттік мекемелерге жылумен толық қамтамасыз етілсе, апта ішінде 800 көпқабатты тұрғын үйге жылу жетті. Төлемақы 1 қарашадан бастап, жылу есептегіш құралы бар үйлерде жылу қосылған күннен бастап есептеледі. «Қуатжылуорталық» мекемесі үйішілік сервистік қызмет көрсету орталығын ашты. Олар тұрғындарға жылу жүйесіндегі ақауларды жөндеуде тәулік бойы қызмет көрсететін болады. Оның ақысы шаршы метріне – 6 теңгені құрайды.


DSC 0203Бауыржан ҚАЛЖАНОВ,
Әл-Фараби ауданының әкімі:

– Әл-Фараби ауданына қарасты 672 көпқабатты тұрғын үйдің 613-і орталықтан-дырылған жылу жүйесіне қосылған. Аудан бойынша 55 тұрғын үйде автономды пеш орнатылғандығы анықталды. Сала мамандарынан құралған рейд барысында газдан келетін қауіптіліктің алдын алу шарасы түсіндіріліп, олардың дербес жылыту жүйесіне қажетті құжаттары мен рұқсаттарының бар-жоқтығы анықталды. Қазіргі таңда, аудан бойынша жылу құбырларының басым бөлігі жаңартылды. Осы мәселелерді тұрғындарға түсіндіру жұмысы жалғасуда.

 


d141ae8a-5d30-45bf-943a-33d23a536bfd-696x463Ғалымжан ИЛЬЯСОВ,
Еңбекші ауданының әкімі:

– Еңбекші ауданында 527 көпқабатты тұрғын үй бар. Жылу маусымына дайындық жұмыстары басталғаннан газдан уланудың алдын алу бойынша насихаттық топ жұмыс істеді. Қазіргі таңда, улы газдан сақтану және автономды пештер орнатылған үйлерді анықтап, құжаттарының дұрыстығын тексеруде аптасына екі рет рейд өткіздік. Оның құрамында төтенше жағдай, жергілікті полиция қызметкерлері, тұрғын үй инспекциясы мамандары бар. Соңғы рейдтік шарада Уәлиханов көшесіндегі 227 а үйдің тұрғындарымен кездесті. Онда 10 пәтерде дербес пеш қойылғандығы анықталып, рұқсат беретін құжаттарының заңдылығын мамандар зерделеуге жіберді.

 


tatybaevАхмет ТАТЫБАЕВ,
Абай ауданының әкімі:

– Аудандағы 432 көпқабатты тұрғын үйдің 424-і орталықтан-дырылған жылу жүйесіне қосылған. Қалғандарына орталық жылу қазандықтарына көшуге түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. 7 рет рейдтік шара ұйымдастырылып, сала мамандарының көмегімен пәтерлердегі дербес пештердің талапқа қаншалықты дұрыс келетіндігі анықталды. Ауданға қарасты Ә. Молдағұлова көшесіндегі №44, Темірлан тас жолындағы №7, Темірлан көшесіндегі №1 көпқабатты үй тұрғындары автономды пеш қолданады. Мәселен, Ә. Молдағұлова көшесіндегі №44 үйде 7 пәтердегі автономды пеш орнатқандардың төртеуінің құжаты түгел, қалғандарының пештері талапқа сай емес. Осы секілді құжаты жоқтарын қарашаның ортасына дейін анықталады.


 MG 2262Ғабит МӘУЛЕНҚҰЛОВ,
Қаратау ауданының әкімі:

– Қаратау ауданында 269 көпқабатты тұрғын үйдің 247-ін «Қуатжылуорталық -3» мекемесі жылумен қамтамасыз етеді. Автономды пеш орнатқан 49 тұрғын үйдің тұрғындарымен жылуға дайындық кезінде қауіпсіздіктің алдын алу бойынша жиындар өткіздік. Қазір аудан әкімдігі, төтенше жағдай өкілдері, жылу беру мекемесі және жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесіп, рейд ұйымдастырылуда. Онда автономды пешке рұқсаты жоқ тұрғындармен кездесіп, 10 пәтер иесіне пешті ажыратуға ескертулер берілді.

Опубликовано в Әлеумет

Қазанның 20-нан қарашаның 1-не дейін шаһардағы көпқабатты үйдің барлығы орталық жылу жүйесіне қосылады.

 MG 5887

Жылудың ақысына келсек, ол 1 қарашадан бастап есептеледі. Жылу есептегіш құрал орнатылған үйлерде басқаша – онда жылу берілген күннен бастап есептеледі.

Қала әкімі жылу маусымының басталғаны туралы өкімге қол қойды. Қазір көпқабатты үйлердің барлығында жылуға қосылу жұмыстары жүруде. 

– Біздің сервистік бригада жұмысын бастады. Келісім-шарт аясында жылу жүйесіндегі олқылықтарды үнемі жөндеп тұратын боламыз. Оның ақысы 1 шаршы метрге – 6 теңге. Яғни, біз вентил мен бұрандаларды, құбырдың бірнеше метрін алмастырамыз, – дейді «Қуат жылу орталығы» МКМ жетекшісі Нұрсадық Ергешбек.

Жылу беру маусымына байланысты сұрақтар туындаған жағдайда 8 701 911 4111 (WhatsApp) немесе 39 55 55 нөмірлеріне хабарласуға болады.

Опубликовано в Қала
Понедельник, 23 Октябрь 2017 10:56

Абай ауданы: тұрғын үйлер қысқа дайын ба?

Жылыту маусымында оның сапасына көңілі толмайтын тұрғындар шағымы аз болмайды. Абай Аудан әкімдігінің жауапты мамандары жылу берушілермен бірлесіп, осы маусымда дайындықты ерте көктемде түсіндіру жұмыстарынан бастаған.

Шымкент қаласының Абай ауданында орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 424 көпқабатты тұрғын үй бар.

424 көпқабатты тұрғын үйдің 248-і «Қуатжылуорталық - 3» ММК, 40-ы «ЖилкомхозШымкент» ЖШС, 10-ы «Энерго Строй Сервис» ЖШС мекемелерімен келісімшартқа отырған. Үйдің ішкі жылу жүйесі, ыстық сумен жабдықтау жүйелеріне қызмет көрсету және жөндеу жұмыстары бойынша тұрғындармен түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде 417 тұрғын үй сығымдау жұмыстарынан өткен. Сала мамандары ауданға қарасты тұғын үйлер қысқы маусымға дайын болғанымен, шешілмеген мәселелер бар дегенді алға тартты.

– Абай ауданындағы тұрғын үйлердің басым бөлігі тозығы жеткен. Үйлердің коммуналдық жүйесі ескіргендіктен қызмет көрсету мекемелерінің көмегінсіз қиын. Тұрғындар осы мәселені түсініп, баспаналарындағы коммуналдық жүйесіндегі ақауды жөндеу жұмыстарына ұқыптылық танытса дейміз. Биылдың өзінде аудан аумағында қаншама жылу құбырлары жаңартылды. Мәселен, 8 шағынауданы Мамытов көшесіндегі жылу құбырлары толығымен ауыстырылды. Енді, биылғы маусымда аудан аумағындағы үйлерде жылудан мәселе туындамайды. Қазандыққа дейін жеткен сапалы жылуды тұрғындар ары қарай қабылдай алмаса, әкімшілік жауап бермейді, – дейді Абай ауданы әкімдігінің бөлім басшысы Гүлжан Алтаева. 

Әкімдік қызметкерлері сапалы жылу тұтынғысы келсе, қызмет көрсететін мекемелермен келісімшартқа отыруға тиіс дейді. Ол үшін қалалықтар кәсіби мамандарға ай сайын 300 теңге төлеуі тиіс. Бірақ, оған ниеттілер аз көрінеді. «Қуатжылуорталық - 3» мекемесі бұл мәселеде халықпен келісімшарт жасауды бастап та кеткен. Егер айтылған мөлшердегі қаржыны тұтынушылар төлеп тұрса, жылу берушілер маусым бойы техникалық қызмет кәрсетеді. 

Абай ауданы әкімдігінің халықпен жұмыс істеу бөлімінің басшысы Бауыржан Қалмұратов тұрғын үйдің жертөлесіне жылу есептегіш құралдарын орнатудың маңызды тұстарын айтып берді. Күні бүгінге дейін 54 тұрғын үйге есептеуіш құралдар қойылыпты. Соның арқасында жылуға төлемақы 40 пайызға төмендеген.

Шымшаһарда қыстың қытымыр мінезі байқала бермейді. Бірақ, табиғаттың тосын мінезіне сенім жоқ. Сол себепті, қысқа дайындықта тұрғындардың өздері де жауапты болғаны дұрыс.

 

Опубликовано в Қала
Пятница, 20 Октябрь 2017 10:38

Жылу беріле бастады

jylu-111

Шымкентте бүгіннен бастап жылу беру жұмыстары басталады. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары берген мәлімет бойынша, жылу беру кезең-кезеңімен жүзеге аспақ.

– Алдымен, әлеуметтік нысандарға яғни, мектеп, балабақша, денсаулық сақтау мекемелеріне жылу жүйелері іске қосылады. Содан кейін көпқабатты тұрғын үйлерге беріледі. Екі апта ішінде қаладағы нысандардың барлығы толықтай жылумен қамтамасыз етіледі, – дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің өкілі Гүлназ Шатманова.

Опубликовано в Қала

Шымкентте соңғы күндері мол мөлшерде түскен жауын-шашын қала тұрғындарын айтарлықтай әбігерге салуда.

zhylСиноптиктердің болжауынша, мұндай ылғалды ауа райы алдағы күндерде де сақталмақ. Осы орайда, құзырлы мекемелер жылу беру маусымына дайындығын пысықтауда. Қазіргі уақытта облыс орталығының орталықтандырылған жылу жүйесі қажетті сумен толтырылып жатыр. Әдетте, жылыту жүйесі бес күн бойы ауа райының орташа температурасы 8 градустан жоғарыламаған жағдайда толық іске қосылмақ. 

– Жылу беру маусымына дайындық кесте бойынша жүріп жатыр, – дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлан Бектұрсынов. 

– Барлық бюджеттік ұйымдар қазіргі таңда жылу қабылдауға дайын. Жергілікті қазандықтарға арналған отын қорлары толығымен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, тұрғын үй қорының 93 пайызы жылу қабылдауға әзір. 

Қаладағы орталықтандырылған жүйеге қосылған 1811 көпқабатты тұрғын үйге 13 сервистік компания қызмет көрсетеді. Екіжақты келісім-шарт түзілген жағдайда көпқабатты ғимараттарда қызмет сапасы бойынша ешбір қиындық туындамауы тиіс.

Сала жетекшісінің айтуынша, қала аумағындағы 352 бюджеттік нысан жылу қабылдауға толығымен дайын. Бұл қатарда, автономды қазандықтары бар 172 бюджеттік мекемеге қажетті 5058 тонна көмір, 353 мың литр сұйық отын жеткізілген.

Айта кетейік, қала аумағында жылуды жеткізу міндетін «3-Энергоорталық» АҚ-ы атқарады. Ал оған дайындық жұмыстарын жүргізуді «3-Қуат жылу орталығы» мемлекеттік кәсіпорны жүзеге асырады. Қыс маусымында қаланы жылумен толық қамту үшін қажеттілікке сай, аталмыш мекемелер қарауындағы бес қазандық іске қосылмақ.

Опубликовано в Қала

DSC 7218

Шымкент қаласында орталықтандырылған жылу жүйесіне 1 811 көпқабатты тұрғын үй қосылды. Оның 1 610-ы жылу маусымына дайын. Тағы 260 көпқабатты тұрғын үйде дайындық жұмыстары аяқталуға жақын.


2017-2018 жылдар аралығындағы жылу маусымына бөлінген қаражаттың 91%-ы игерілген. Қаражаттың 80%-ы орталық қазандықтар мен қондырғыларды жөндеуге жұмсалған. Жоспардағы 1,1 шақырымдық жылу жүйесін қымтау жұмыстары 52 пайызға аяқталған. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Б. Жанбосыновтың мәлімдеуінше, энерго өндіруші және тасымалдаушы мекемелердің қарыздары толығымен өтелген.

– Қаланың оңтүстік бөлігіндегі диаметрі 1000 мм жылу жүйесі толығымен суға толтырылған. Енді оңтүстік бөлігіндегі магистралдық және ішкі орамдық жылу жүйелерін сумен толтыру жұмыстары 26 қыркүйекте басталады. Ал қаланың солтүстік бөлігіндегі жылу жүйелеріне аталған жұмыстар 1 қазаннан бастап жүргізіледі. Сыртқы ауа температурасының орташа көрсеткіші 5 тәулік бойы +8°С және одан төмен болған жағдайда жылыту маусымын бастау туралы шешім қабылданады, – дейді Бейсенбек Керімбекұлы.

Қалада орталық жылу жүйесіне қосылған 2 000-ға жуық көпқабатты тұрғын үйден бөлек, 352 бюджеттік нысан бар. Мектеп, балабақша, емхана, басқа да бюджеттік мекемелер көмір және сұйық отынмен толық қамтылды. Сондай-ақ, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Байтұрсынов – Сапарбаев – Рысқұлов көшелері бойындағы магистральді жылу жүйелерін қайта құру құрылысы да 100% аяқталды. 5,2 шақырымдық жүйені қалпына келтіру жұмыстары 1 қазанға дейін жоспарланған. Аталған көшелерде қазір асфальт төселуде.

Опубликовано в Қала
Среда, 13 Сентябрь 2017 04:31

Қаланың қысқа дайындығы қалай?

Шымкентте жылу құбырларын ауыстыру жұмыстары қазан айына дейін аяқталады

Синоптиктердің болжауынша, Шымкент қаласында биылғы күз айлары ылғалды болмақ және жауын-шашын мөлшерінің артуына қарамастан, жылы ауа райы сақталмақ. Дегенмен, «жаз шанасын түгендеген» қалалықтар алдағы жылу маусымына айтарлықтай алаңдаушылық білдіруде. Себебі, қаланың бірқатар шағынаудандарында негізгі және ішкі орамдағы жылу жүйелерін ауыстыру, жөндеу жұмыстары әлі күнге дейін жалғасуда.

DSC 7211

Осы орайда, салаға жауапты қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мамандары жылу маусымына дайындық жұмыстары белгіленген кесте аясында жүргізіліп жатқанын айтады. Яғни, бүгінде орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етілген 1 811 көпқабатты тұрғын үйдің 1 307-сі жылу маусымына толығымен дайын.

Қаладағы орталықтандырылған жүйеге қосылған 1 811 көпқабатты тұрғын үйге 13 сервистік компания қызмет көрсетеді. Күні бүгінге дейін 1 130 тұрғын үймен келісім шарт жасалған. Бұл көрсеткіш қаладағы жалпы тұрғын үй қорының 62 пайызын құрайды. Ендігі жерде аталмыш көпқабатты ғимараттарда қызмет сапасы бойынша ешбір қиындық туындамауы тиіс.

Қаланың солтүстік бөлігіндегі тозығы жеткен жалпы ұзындығы 139 шақырымды құрайтын жылу құбырының 38% жаңартылмақ.  Сондай-ақ, қаланың оңтүстік бөлігінде 13 шақырымдық ішкі орамдық жылу жүйелері ағымдағы жөндеуден өтті.

– Жалпы алғанда, көпқабатты тұрғын үйлерді орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу және сапалы қызмет түрін пайдалану орайында өзекті мәселелер жыл өткен сайын өз шешімін тауып келеді, – дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Нұрлан Жаманкөз. – Әзірге 1 307 көпқабатты тұрғын үй (қала аумағындағы жалпы көпқабатты тұрғын үй қорының 72 пайызы) жылу қабылдауға дайын. Қала аудандары бойынша дайындық көрсеткіштерін саралайтын болсақ: Абай ауданында – 304 үй (71%), Әл-Фараби ауданында – 444 (72%), Еңбекші ауданында – 380 (72%) және Қаратау ауданында – 179 (72%) көпқабатты үйде дайындық жұмыстары аяқталды.

Сала маманының айтуынша, негізгі жылу желілерін қайта құру жұмыстары бойынша биыл «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен қажетті қаражат бөлініпті. Нәтижесінде, жалпы ұзындығы 5,2 шақырымды құрайтын жылу жүйелері жаңартылған. 

Бұл қатарда, Байтұрсынов көшесінің бойында Рысқұлов – Желтоқсан көшесіне дейінгі аралықта магистралдық жылу құбырын қайта құру жұмыстары жүргізілді. Ауыстырылған құбырлардың диаметрі 219-530 милиметрлік қалыңдықты құрайды. Сонымен қатар, жылу шығынын едәуір төмендететін соңғы үлгідегі құбырлар пайдаланылған. Жобаны «3-Қуат жылу орталығы» мемлекеттік кәсіпорны жүзеге асыруда. Қазіргі кезде жаңа құбырларды орналастыру жұмыстары аяқталған. Енді тек жылу камералары орнатылуда. Аталмыш көше қазан айына дейін толық қалпына келтірілмек. Бұл бағытта мекеме қызметкерлері екі ауысымда еңбек етуде.

Абай ауданында – 304 үй (71%), Әл-Фараби ауданында – 444 (72%), Еңбекші ауданында – 380 (72%) және Қаратау ауданында – 179 (72%) көпқабатты үйде дайындық жұмыстары аяқталды

Ал ішкі орамдық жылу жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін облыстық бюджет есебінен қаражат бөлінген. Қаланың оңтүстік аймағында аталмыш жұмыстар 70, ал солтүстік аймағында 85 пайызға аяқталды. Қазан айының алғашқы жұлдызына дейін жұмыстар толық тапсырылуы тиіс. Осы жұмыстардың нәтижесінде, қаланың солтүстік бөлігіндегі тозығы жеткен жалпы ұзындығы 139 шақырымды құрайтын жылу құбырының 38 пайызы жаңартылмақ. Сондай-ақ, қаланың оңтүстік бөлігінде 13 шақырымдық ішкі орамдық жылу жүйелері ағымдағы жөндеуден өтті. 

Сала мамандары кестеге сәйкес, қазан айының 15-жұлдызында орталықтандырылған жылу жүйесіне қажетті судың толық қуатында жіберілетінін айтады. Жылуды жеткізу міндетін «3-Энергоорталық» АҚ-ы, ал оған дайындық жұмыстарын жүргізу «3-Қуат жылу орталығы» мемлекеттік кәсіпорны жүзеге асырады. 

Сондай-ақ, қала аумағындағы 352 бюджеттік нысан жылу қабылдауға толығымен дайын. Бұл қатарда, автономды қазандықтары бар 172 бюджеттік мекемеге қажетті 5 058 тонна көмір, 353 мың литр сұйық отын жеткізілген.

Опубликовано в Қала
Страница 1 из 2