Жақында облыстық сәулет және құрылыс басқармасының басшысы Еркін Жүсіпов облыс аймағында және Шымкент қаласында жүргізіліп жатқан құрылыс барысымен таныстырған болатын. Жоспар бойынша қалада жаңа әуежай, аймақты барлайтын «Қарауылтөбе», «Шымкент Арена» спорт сарайы секілді ғимараттар бой көтереді. Сондай-ақ, 40 қабаттан тұратын «Шымкент тәжі» тұрғын үйінің нобайы дайындалған.

megapolice

Шымкентте биік ғимараттардан гөрі жер үйлердің саны көп екені белгілі. Мегаполис стандарттарына сәйкес қалаларда көпқабатты ғимараттар басым болуы керек. Қытайдың Чунцин қаласында 30 миллионнан астам тұрғын бар. Мамандар бұл мегаполистің таяу жылдары халық өсімі бойынша Токиоға жетуі мүмкін екенін айтады. Өйткені, мұнда урбанизация өте жылдам өріс алуда. Ал ауылдық жұртшылықты қалаға тез қоныстандырудың ең тиімді жолы – баспанамен қамтамасыз ету. Чунцин тау мен өзеннің маңында орналасқандықтан көпқабатты үйлер тек жоғары қарай өсуде. Мысалы, австралиялық компания «Belt Collins» Цзянбэй ауданында бар жоғы 76 шаршы метр аумақта саябағы бар тұрғын үй салуда. Жоспар бойынша онда 800 мың адам қоныстанады. 

Шымшаһарда да көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы қызу жүріп жатыр. Кейбіреулері аяқталып та қалған. Мәселен, қаладағы Әкімшілік іскерлік орталығы маңындағы жаңадан бой көтерген зәулім тұрғынүйлер қаламыздың көркін ашып тұр. Қазірдің өзінде ол жаққа халық қоныстануды бастап кетті. Аумағы – 280 гектар. Ал «Шымкент ситиде» 403 гектарға 9, 12, 16 қабатты тұрғын үйлердің құрылысы қызу жүріп жатыр. Онда 70 мыңға таяу халық өмір сүреді деп күтілуде. 62 гектар аумақта үлкен саябақ және 7 мектеп салынады.

1465624808

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Шымшаһарда жер үйлердің көптігін және олардың қала көркін бұзып тұрғанын айтқан болатын. Мәліметтерге сүйенсек, Шымкентте 2042 тұрғын үй бар. Бұл – қалалықтардың 39,3 пайызы. Ал жер үйлер саны – 217 мың. Қазіргі таңда пәтер алу үшін кезекте тұрған адам саны – 87 214. Осы өзекті мәселелерді шешу мақсатында бірқатар бағдарламалар әзірленіп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 

– Қала әкімінің тапсырмасы бойынша «Жаңарту 2017-2021» бағдарламасы аясында Қошқар ата өзенінің бас жағына жаңа аудан түседі. Онда 420 ескі үй бұзылып, орнына 61 көпқабатты тұрғын үй салынады. 600 орындық мектеп, 320 орындық балабақша, сонымен қатар 30-ға жуық коммерциялық нысандар бой көтереді, – дейді Шымкент қаласы сәулет және қала құрылысы бөлім басшысының орынбасары Жеңіс Байымбетов. 

qarauyl tobe

Зәулім ғимараттарды салып қана қоймай оның сапасына да мән беру керек. Әлемнің ең ірі мегаполистерінде төбесі көк тіреген ғимараттар көп-ақ. Алайда, болмашы табиғат апаттары мен техникалық ақаулардың салдарынан қирап, талай адамның өмірін қиғанын білеміз. Осындай жағдайларды ескеріп Шымкентте жаңадан салынып жатқан ғимараттарды арнайы сынақтан өткізу жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, «Тұран» шағынауданында бой көтерген нысан сейсмологиялық зерттеуден өтті. Сынақ қорытындысы бойынша ғимарат 7 балдық сілкініске төтеп берген.

Германияның Гамбург қаласында «HafenCity» деген жоғары оқу орны бар. Онда сәулетші, инженер, геоматика, қалалық дизайн және мегаполис мәдениеті мамандарын оқытады. Олардың басты міндеті – қаланың экологиясы, ғимарат құрылыстары секілді салаларды дамыту. Студенттер білім ордасында түрлі жобалар дайындап, үлкен қалалар мен мегаполистерде жүзеге асырады. Шымқаланың келбетін бұдан да көркейте түсу үшін осындай мамандарды дайындау – заман талабы. 

– Жаңа ғимараттар салу үшін алдымен сәулетшілерден ұсыныс болуы керек. «Мынадай жерлерді алсақ, осындай нысандар саламыз» деген. Соған қарай жер қатынастары бөлімі жер бөліп, құжаттарды дайындайды. Бас жоспарға сәйкес, қазір барлық аудандарда қай жерде мектеп, қай жерге дүкен салынатыны белгіленіп қойған, – дейді ОҚО құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ербол Ахметов. 

Қала зәулім ғимаратымен көрікті. Менмұндалаған мұнаралар қала тұрғындарына саясын түсіріп, дауыл, желдерден қорғап тұруы керек. Алдағы уақытта макеттен көрген ғимараттар нобайын шынайы өмірімізде тамашалайтын күннің келеріне сенейік.

Опубликовано в Қала
Среда, 12 Апрель 2017 06:08

Шырайлы шаһар ШЫМКЕНТ

2020 ЖЫЛЫ ТМД ЕЛДЕРІНІҢ МӘДЕНИ АСТАНАСЫ БОЛМАҚ

Үш жылдан соң, яғни 2020 жылы Шымкент ТМД елдерінің мәдени астанасы мәртебесін иеленбек. Бұл туралы Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен достастық елдері сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысында айтылды. Жиында ТМД елдерінің «Мәдени астанасы» бағдарламасын жүзеге асыру туралы шешім қабылданды.

IMG 7251

11 мемлекет қатысқан алқалы жиында 15 мәселе қаралды. Басқосуда Сыртқы істер министрлері кеңесінің былтыр атқарған жұмыстары мен биылғы жұмыс жоспары пысықталды. Терроризмге қарсы бірлесіп күресу, Ислам, Христиан және өзге де діни конфессия өкілдерінің арасындағы кемсітушілікке жол бермеу, ТМД елдері арасындағы экономикалық байланысты одан ары нығайту жайы сөз болды. Басқосуда қаралған осы және өзге де мәселелер енді ТМД үкімет басшыларының Кеңесіне ұсынылмақ.

Құқық қорғау саласындағы әріптестік пен жымысқы жолмен жиналған табыстарды жария ету, қаржылық алаяқтық және жаппай қырып жоятын қаруларды таратпауға қатысты бірлескен іс-қимыл туралы келісілді. Бұдан өзге кеңесте сыртқы саяси ведомство басшылары Ресейдің Ішкі істер министрлігіне қарасты Нижегородск қаласындағы академияны ортақ қаржы құрылымдарына қажетті мамандар дайындайтын орталыққа айналдыруды ұсынды. 

Сонымен қатар, басқосуда ТМД елдерінің мәдени астанасы бағдарламасы қабылданды. Осы құжатқа сәйкес 2018 жылы Арменияның Горис қаласы, 2019 жылы Беларусьтың Бресті, ал 2020 жылы Шымкент шаһары достастық елдерінің мәдени астанасы мәртебесіне ие болмақ. Кездесу барысында Орталық Азияның 5 мемлекетінің өкілдері өзара ынтымақтастық туралы құжатқа қол қойды. ТМД саммиті қарсаңында Мәскеу қаласында кеңестің келесі отырысы өтеді деп жоспарланды.

Опубликовано в Қала
Пятница, 07 Апрель 2017 04:24

Мегаполис мүмкіндіктері

Шымкент әлеуетті де дәулетті қала болмақ

2013 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Шымкент Астана мен Алматыдан кейінгі халқы миллионды қамтитын үшінші алып мегаполиске айналуы тиіс» деген болатын. Содан бері көне шаһарда үлкен өзгерістерге дайындық жұмыстары жүргізіліп келеді.

Оңтүстік тұрғындары мұндай қарқынды өзгерістен, бұрын-соңды бұл аймаққа таңсық болған «Мегаполиске» қызығушылығы ауа бастады. Дегенмен, жұртшылықтың ауызынан әлі де «Шымкент мегаполис болса не болады?», «Мегаполис тұрғындары деген кімдер?», «Жалпы мегаполис деген не?» деген секілді сұрақтарды да естіп қалатынымыз жасырын емес. Көпшіліктің көкейіндегі осы сұрақтарға жауап іздеп көрдік.

DSC 1952

МЕГАПОЛИС ДЕГЕНІМІЗ...

Қазақстанда бір шаршы км-ге 6 адамнан, ал Сингапурде 7437 адамнан келеді екен. Бұл мемлекетіміздің халық саны жер аумағының үлкендігіне сай келмейтіндігін көрсетеді. Осындай үлкен территорияда тұрғындарды біркелкі қоныстандыру және үлкен аймақты игеру оңай емес. Сондықтан да мемлекетті модернизациялау бағдарламасында халықты аумақтық ұйымдастыруға баса назар аударылады. Оның дұрыс орындалуы халықтың еңбек әлеуетін тиімді пайдалануға мүмкіншілік береді.

Халықты аймақтық ұйымдастыруға – орналасу және қоныстану жатады. Осыған орай облыс, қала, ауылдық елдімекендер деген секілді атауларға бөлінген.

Қалалар – кез келген мемлекет дамуының негізгі рөлін атқарады. Мұнда адамдар көп шоғырланғандықтан түрлі бағыттарда еркін дамуға мүмкіндік болады. Сондықтан да әлемнің барлық жерлерінде ауылдан қалаға қоныс аудару процесі көп жүреді. Бұны бір сөзбен – урбандалу деп атайды. Ал тиісінше қала тұрғындары әлеуетінің артуы жалпы мемлекеттің қалыптасуына септігін тигізбей қоймайды. 

Қалалық орналасудың 3 формасы бар. Олар қала, қалалық агломерация және мегаполис. 

Қала – тұрғындары өнеркәсіп, сауда, қызмет көрсету орындарында және ғылыми, мәдени, басқару мекемелерінде жұмыс жасайтын, халқы тығыз орналасқан ірі елдімекен. Елімізде қала болуы үшін халық саны 50 мыңнан асуы керек. 

Агломерация лат. aqqlomerare - қосылу деген мағынаны береді. Қалалық орналасудың екінші формасы. Агломерация негізгі қаладан (ядро) және жақын маңындағы байланысы жақсы дамыған серіктес қаладан тұрады. Мысалы, Қарағандыны айтуға болады. Ал бұл Tеміртау қаласының пайда болуынан туындаған. 

Мегаполис – орналасудың үшінші формасы. Грек тілінен meqas - ірі (үлкен), polis – қала деген мағынаны білдіреді. Ежелгі Грекияның 35 елдімекенінің тұтасып кетуі нәтижесінде қалыптасқан «Мегалополь» қаласының атауынан пайда болған. Бұл агломерациялардың бірігуінен туындайды. Мегаполис тек қалалық құрылыстардан ғана тұрмайды. Шамамен аумағының оннан тоғыз бөлігі ғана ашық жерлер болады. Қала тұрғындарының саны миллионнан асады. Елімізде Алматы – Талдықорған, Астана – Қарағанды, Шымкент – Тараз секілді қалалар маңында кездеседі. Дүниежүзінде қалыптасқан мегаполистерге Токио — Осока (Жапония), Лондон — Ливерпуль (Ұлыбритания), Ұлы көлдер (АҚШ — Канада) және Калифорния (АҚШ) аудандары секілді жерлер жатады.

«SHYMKENT CITY» – ҚАЛАНЫҢ БАСТЫ ҚҰРЫЛЫС АЛАҢЫ

Американдық «Population Reference Bureau» зерттеу агенттігінің 2013 жылғы қорытындысы бойынша жер шарында 7,1 миллиард адам өмір сүреді екен. Оның 4,8 миллиарды Азияда, 1,1 миллиарды Африкада, 760 миллионы Еуропада, ал 352 миллион адам Солтүстік және 606 миллион адам Оңтүстік Америкада тұрады. 2050 жылы әлем тұрғындарының саны 9,7 миллиардқа жетеді деп болжаған.

Аталған ұйым сонымен қатар Токио әлемдегі ең ірі мегаполис екендігін мәлімдеген болатын. Деректерге сәйкес Жапония астанасында 37,2 миллион адам яғни, халықтың 29 пайызы шоғырланған. Ал Үндістан астанасы Нью-Дели қаласында 22,7 миллион, Мексика астанасы Мехикода 20,5 миллион адам тіршілік етеді. 

Деректерден байқағанымыздай, мегаполистердің басты ерекшеліктерінің бірі — халықтың қала аумағына шоғырлануы. Мемлекет басшысы Шымкент үшінші мегаполис болуы тиіс екенін текке айтқан жоқ. Оңтүстікте халық саны көп және бала туу көрсеткіші де жоғары. Мегаполис тұрғындарының саны миллионнан асып түсуі керек. Халық санының көп болуы экономиканың да жоғарылауына өз әсерін тигізбей қоймайды. Мұндай жағдайда бәсекелестік артып, ақша айналымы көбейеді. Соңғы мәліметтер бойынша Шымкент қаласында 910 мың адам тұрады. Бейресми статистикаға сүйенсек, қазірдің өзінде қаладағы адам саны миллионның үстінде. Мамандар биыл бұл көрсеткішке ресми түрде жетеміз деп отыр. 2017 жылы халық санының өсімі 102,9 пайызды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 2,9 пайызға артады деп күтілуде. Осыған орай, қала аумағы да 117 мың гектарға ұлғайып, төртінші Қаратау ауданы қосылды. Оның аумағы - 33 319 гектар. Жаңа ауданның құрамына «Асар», «Қайтпас», «Нұрсәт» және жиырмаға жуық тұрғын алаптары кіреді. Бұдан бөлек Сайрам, Төлеби, Ордабасы аудандарынан қосылған 40 елдімекеннің 145 мың тұрғыны қалалық атанды. Демек, адам санының өсуіне байланысты бюджеттің де қаражаты көбейеді деген сөз. Бюджет демекші, егер Шымкент мегаполис болса қала республикадан қаржыландырылатын болады. Сәйкесінше, оның көлемі де артады.

Адам санының өсуіне байланысты әлемнің ең ірі мегаполистерінің өзінде де көлік кептелісі бойынша мәселелер жоқ емес. Дегенмен, Шымкент қаласы мұндай өзгеріске алдын ала қамданып, ерекше дайындық жұмыстарын жүргізуде. Мәселен, қаланың оңтүстік және солтүстік аумағына қарай 5 байланыс жолы қосылады. Және жаңа жолайрықтар мен жаяу жүргіншілер өткелі салынып, ескі жолдар қайта құрылады. Сондай-ақ, жеңіл рельсті жолдар мен А-2 тас жолдарын салу жоспарланған. Осы арқылы Абай және Қонаев даңғылдарының жалғасын және Оңтүстік, Солтүстік, Шығыс айналма жолдарының құрылысын аяқтау тапсырылған. Өңірімізде жыл сайын көлік саны артып, тек қала көшелерінің өзінде 323, күндіз 500 мыңға дейін жетіп отыр.

Үлкен қаланың келбетін көркейте түсетін тағы бір нәрсе – зәулім ғимараттар. Қала әкімінің жоспарына сәйкес, Шымкентте заман талабына сай жаңа ғимараттар бой түзейді. Ол Астана, Арғынбеков, Қонаев көшелерінің бойында салынатын болады. Сондай-ақ, еліміздегі ең үлкен сауда-ойын сауық орталығы «Shymkent Mall» салынбақ. Дүкен, гипермаркет, балалардың ойын алаңы, кинотеатр, 3000 адамға лайықталған фудкорт, 3500 орынға лайықталған автотұрақ барлығы да 38 гектарды құрайтын осы орталықтан табылмақ. Осының нәтижесінде қала ішіндегі ретсіз сауда жойылып, ірі базарларға толыққанды жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ал қаланың солтүстік бетінде салынатын «Shymkent city» қалашығы мен жаңа әуежай да қала көркін асыра түсері анық.

Мегаполис тек адам саны мен зәулім ғимараттармен ғана шектелмейді. Мұндай шаһардың тұрғындары тұрақты жұмыспен қамтылып, кедергісіз кәсіппен айналысып, сапалы әрі қауіпсіз өмір сүруі керек. Шырайлы Шымкент шаһарында мұндай мәселелердің бар екені жасырын емес. Дегенмен, қала басшылығы бұл мәселелерді жоспар бойынша біртіндеп шешіп келеді. Мәселен, қазір халықтың 83,5% ауызсумен, 44,8% кәріз жүйелерімен, 85% электр жарығымен, 65% табиғи газбен қамтылған. 2020 жылға қарай қаланың коммуналдық мәселелері толықтай шешіледі деп күтілуде. Сондай-ақ, былтыр 2455 жеке тұрғын үй, 557 коммерциялық нысан, 42 мемлекеттік (әлеуметтік) нысан пайдалануға берілді. Биыл 1600-ге жуық коммуналдық пәтердің кілттерін табыстау жоспарланған. Мемлекеттік «Тұрғын үйлерді жаңғырту» бағдарламасы бойынша көпқабатты тұрғынүйлерге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Ал тұрғын үй құрылысының даму жоспарына сәйкес, өңірімізде алдағы 5 жылда 47 619 отбасы баспанамен қамтамасыз етілетін болады.

Шымкенттің транспорт және логистикалық әлеуеті де жоғары. Қаладан түрлі бағыттарға теміржол мен тасжол өтеді. Батыс Қытай – Батыс Еуропа дәлізімен көрші мемлекеттерге сауда-саттық жасауға болады. Табиғаты, ауарайы қолайлы. Мал, егін шаруашылығын дамытуға мүмкіндік көп. Тоғыз жолдың торабында орналасқандықтан көне шаһар туризмге де өте тиімді. Қазіргі таңда қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың тапсырмасына сай, осы айтылған барлық бағыттар бойынша жұмыстар жүргізілуде.

«МЕГАПОЛИС ТҰРҒЫНДАРЫ» КІМДЕР?

Дегенмен, Шымкентті мегаполисқа айналдыру тек басшылардың ғана бас ауыртатын жұмысы емес. Бұл ретте қала тұрғындары шаһардың шаруасына бір кісідей атсалысуы тиіс. Бізге мұндайда Токио мен Шанхайдың бір-бірін түсінетін, Сингапур мен Баварияның тазалына бейжай қарамайтын, Лондон мен Нью Йорктың адам құндылықтарын бағалайтын мегаполис тұрғындары үлгі бола алады. Міне, «Мегаполис тұрғындары» осылар.

Шымкент те көп ұзамай мегаполис қалаға айналатыны анық. Мұнда да «Мегаполис тұрғындары» өмір сүреді. Көптеген ғимараттар тұрғызылып, жаңа құрылыстар жүргізіліп, аумағы кеңейеді. Алайда, тұрғындардың мәдениеттілігі де қаламен бірге өсіп отыруы керек. Мәселен, Токио тұрғындары секілді. Бұл жақтың көшелерінен қоқыс жәшіктерін көп кездестірмейсіз. Өйткені, тұрғындар қоқыстарын үйіне барғанда бірақ тастайды. Бұған әрине таңғаларсыз, дегенмен сүйінішті іс. Сондай-ақ, ол жақта әмияныңыз жоғалып қалса, оны қайтарып беру мүмкіндігі 90%. Ал Берлинде қоғамдық көліктерде билет тексеру болмайды. Әркім өз ар-ұятымен ақша тастап кетеді. 

Бұл бағытта да Шымкент билігі түрлі жұмыстар жүргізуді бастады. Алдымен қоғамдық көліктерде айқайлап адам жинайтын кондукторларды тәртіпке келтіру ұсынылған. Мұндай әрекеттер шетелден және өзге облыстардан келген қонақтарға жағымсыз әсер қалдырады. Бұдан басқа, мәдениетке теріс әсер ететін көлік тұрақтарындағы тәртіпсіздік, жол ережесін бұзу, қоқыс тастау секілді әдеттерден бірге арылуымыз керек.

Опубликовано в Қала

Осы аптада өңір басшысы Жансейіт Түймебаев қала активімен кездесті. Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов өңір басшысының алғашқы іссапарын Шымкент қаласынан бастағанына алғысын білдірді.

– Облыстың өсіп-өркендеуі әрқашан қаламызбен тығыз байланысты. Шымкент – еліміздің Оңтүстігіндегі ірі мегаполис. Мұнда білім, ғылым, мәдениет салалары бойынша көптеген жұмыстар жүргізілуде. Біз бірлесіп,
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмаларын орындап, даму жолында мемлекет басшысы сеніп тапсырған міндеттерді орындайтын боламыз, – деді облыс әкімі Жансейіт Түймебаев.

Алқалы кездесуде қала әкімі өңір басшысына қалаға қарасты мемлекеттік құрылымдардың басшыларын таныстырды. Сондай-ақ, қала әкімінің орынбасарлары Жансейіт Қансейітұлының алдында Шымкент қаласының 2020 жылға дейінгі бес жылдық даму тұжырымдамасындағы бірқатар мәселелер мен жаңа бастамалар туралы баяндады.

Бұдан кейін облыс әкімі Шымкенттегі құрылысы жүргізіліп жатқан бірқатар нысандарды аралап көрді. Ең алдымен, облыс әкімі Тəуке хан даңғылының күрделі жөндеу жұмыстары мен Қапал батыр көшесіндегі көпірдің құрылысымен танысты. Айта кетейік, осыдан бір ай бұрын көпірдің бір жағы пайдалануға берілген болатын. 1 млрд 142 млн теңгеге бағаланған теміржол өткелінің бір бөлігіндегі құрылыс жұмыстары 95 пайызға аяқталған.

Сонымен қатар, облыс әкімі қаладағы салынып жатқан əлеуметтік тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарын аралап көріп, «Shymkent-City» жобасымен танысты. Жұмыстардың сапалы болуы қажеттігіне айрықша көңіл бөлген аймақ басшысы нысандардың сырт келбетіндегі сәніне де назар аудару керектігіне тоқталды.

Облыс орталығы Шымкент қаласын аралау барысында аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев жаңадан ашылған Жайлаукөл демалыс аймағында болды. Мұнда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) елдерінде биіктігі жағынан үшінші орынды алатын, ал Орталық Азия елдері бойынша ең биік аттракцион орналасқан.

Опубликовано в Саясат
Среда, 10 Август 2016 04:34

Қаланың жаңа картасы жасалады

Тәуелсіздік жылдары Шымкентте 1500-ге жуық көшенің атаулары өзгертілді. Үшінші мегаполис күннен-күнге ажарланып, аумағы да, халық саны да артқан. Мұны 2002 жылдан бері қала картасының жоспарын жасап келе жатқан тарихшы Владимир Сериков айтады. Картографияның қыр-сырын жетік меңгерген әмбебап маман жақын күндері қаланың жаңа картасын аяқтады.


Осыдан 14 жыл бұрын өз ісінің майталманы Владимир Сериков қоғамдық көліктердің бағыттары бойынша схема сызып, қала картасының алғашқы сұлбасын жасаған болатын. Қаланың о шеті мен бұ шетін «беске» білетін маман бұл жұмысқа 6 ай уақытын арнады. Еңбек еш кеткен жоқ. Баспахана карталары ел арасында үлкен сұранысқа ие.

– Бізге жолаушыларды тасымалдау басқармасының орталығы, түрлі қоғамдық тасымал компаниялары үнемі тапсырыс беріп тұрады. Жыл сайын, біз картаны жаңартып, толықтырып отырамыз. Әлеуметтік маңызы жоғары нысан болса, түсіріп алып, картаға енгіземіз. Жұмысымызды жоғары бағалап жатады, – дейді «ВЕГА» ЖШС-нің бас редакторы Владимир Сериков. 

Бұдан бөлек, мекеме мамандары қала атласын, тарихи карта мен бағыт картасын сызумен айналысады. Туған өлке тарихын зерделеп жүрген ұжым жылдың соңына дейін «Шымкент уақыт ағымында» атты тарихи этно-географиялық кітабының екінші бөлімін жарыққа шығармақ.

Опубликовано в Қала

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының аумақтарды дамыту департаментінің директоры Жоаким Оливера Мартин бастаған ЭЫДҰ комиссиясы Шымкент қаласына келді.

5788c25fd1e94

Қала әкімдігінде шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымов комиссия мүшелерімен кездесіп, Шымкент агломерациясы тақырыбында жиын өткізді. ЭЫДҰ өкілдері ҚР Үкіметі, ҚР Ұлттық экономика Министрлігі мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының арасындағы «Қалалық даму саясатына шолу жасау» жобасын іске асыру туралы мәселелерге жауап ала білді.

Қала әкімі талдамалық және ақпараттық құжаттардан мысал келтіре отырып, Шымкенттің болашақ даму жолында көршілес аудан-қалаларды алға сүйрейтінін және бұған қаланың экономикалық, әлеуметтік, мәдени әлеуеті жеткілікті екендігін тілге тиек етті.

Айта кетерлігі, 2015 жылдың 25 сәуірінде ҚР Үкіметінің қаулысымен «Қалалық даму саясатына шолу жасау» жобасын іске асыру бойынша жұмыс жүргізу басталған. Шолудың аяқталу мерзімі – 2016 жылғы желтоқсанға дейін жоспарланған. Қонақтар Шымкент қаласында экономикалық, әлеуметтік және экологиялық аспектілерді қоса отырып, сондай-ақ оны жетілдіру бойынша өз ұсыныстарын ортаға салды. Әрі осы шолу арқылы еліміздің үшінші ірі мегаорталығының даму саясатына кешенді баға берді.

Опубликовано в Қала

ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫНДА ВЕЛОСИПЕДТІ ЖАЛҒА БЕРУ
СТАНСАСЫ ЖҰМЫС ІСТЕЙ БАСТАДЫ

Шымкенттіктердің жаппай велосипедке ойысатын кезі келді. Бұл мақсатта бірқатар жобалар қолға алына бастады. Келіссөөздер жүргізіліп, бастапқы алғы шарттар жасалды. Көпшіліктен қолдау тапқан бірегей бастама өз жемісін беріп отыр. «Shymkent Bike» – игіліктерге бастар жоба. Өткен демалыс күні қалада автоматтандырылған велосипедтерді жалға беру стансасы іске қосылды. Қала тұрғындары мен қонақтарының жыл бойы велосипедке отырып, салауаттылықты насихаттауға мүмкіндігі бар. Бұл – Шымкент қаласы әкімдігі мен «Самұрық-Қазына» АҚ бірлесе іске асырған шара.
Әл-Фараби алаңында өткен велостансаның ашылу рәсіміне көпшілік куә болды. Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, «Самұрық-Қазына» АҚ адам ресурсын басқару басқармасының атқарушы директоры Ұлан Тәжібаев, Қазақстанның велоспорт федерациясы қоғамдық қорының президенті, «Самұрық-Қазына» АҚ коммуникация бойынша атқарушы директоры Дархан Қалетаев мырза көпшіліктің қуанышын бөлісіп, игілікті жоба қала тұрғындарының көңілінен шығатынына сенім білдірді.

«Велотұрақ орнату – халықтың қажеттiлiгi»

Жобаның алғашқы сатысында 200 велосипед сатып алынды. Бұл мақсатта қалада жалпы қырық станса ашылу жоспарланған. Қазірдің өзінде онға жуығы пайдалануға берілді. Жиырмасы қаланың орталық көшелерінде орнатылу үстінде. Қала әкімдігі шілде айының соңына дейін қырық велостансаның бәрін іске қоспақ. Шырайы артқан Шымкент Елордадан кейінгі мұндай велосипед жүйесін орнатқан елдегі екінші қала атанды.

Әл-Фараби алаңында өткен велостансаның ашылу рәсіміне көпшілік куә болды. Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, «Самұрық-Қазына» АҚ адам ресурсын басқару басқармасының атқарушы директоры Ұлан Тәжібаев, Қазақстанның велоспорт федерациясы қоғамдық қорының президенті, «Самұрық-Қазына» АҚ коммуникация бойынша атқарушы директоры Дархан Қалетаев мырза көпшіліктің қуанышын бөлісіп, игілікті жоба қала тұрғындарының көңілінен шығатынына сенім білдірді.

– Велотұрақтар орнату – қазіргі заманның талабы, халықтың қажеттілігі. Климаттық тұрғыдан өте ыңғайлы Шымкентте велосипед жалпыхалықтық көлік қатынас құралына айналады деп сенемін. Қажеттілік бойынша велостансалар саны ұлғая бермек. Әрине, жұмысты ұйымдастыруда кедергілер жоқ емес. Веложол салу, қауіпсіздік мәселелері, велосипед айдау мәдениеті – кезең-кезеңімен шешілетін іс. Бұл тұрғыда жұмыстар қарқынды жүріп жатыр жəне өз жалғасын табады, – деді Ғ. Әбдірахымов ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде.
Ең бірінші болып, қала әкімі Ғабидолла Рахматоллаұлы велосипедті пайдалану үшін арнайы карта сатып алды. Сонымен қатар, жаңалықтың жаршысындай, ашылу салтанатынан кейін қала әкімі, мәслихат депутаттары және облыс спортының басы-қасында жүрген азаматтар велосипед ершігіне отырып, Тәуке хан көшесін кесіп өтті.

Денсаулықтың нағыз кенi

Бұл жоба қаланың велоспорт және веложол инфрақұрылымын дамытумен қатар мегаполис тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануын мақсат еткен. Велотуризмнің дамуын жаңа сатыға көтеретініне сенім бар.

Қала дамуға бет алды. Соған сай жаңа мүмкіндіктердің қарастырылуы заңдылық. Денсаулықтың нағыз кені – осы велосипед тебу. Біріншіден, ұрпақ салауатты болып өссе, екіншіден, көлік кептелісінің алдын алуға мүмкіндік зор. Әрі қаржыңыз үнемделеді.
Шымкентте бүгінде велосипедті жанына серік еткен жандардың қатары 9 мыңнан асады. Қаланың инфрақұрылымдық жағдайын жақсарта отырып, бұл көрсеткішті бірнеше есеге арттыруға мүмкіндік бар. Ол үшін қоғам болып қолдау қажет.
Велосипедтер Франциядан әкелінген. Қаңқасы авиа өндірісінде қолданылатын хромдалған болаттан жасалыпты. Яғни, ешкім де үптеп кете алмайтындай берік. Оны пайдалану үшін әуелі келісім-шарт жасасу керек. Бір жылдық төлемақы – 11500 теңге. 10000 теңге жол жүру құнына, 1000 теңге тікелей картаның өзіне, 500 теңге пайдаланушының балансы болып есептеледі. Төлем картасын сатып алған жағдайда арнайы PIN-код беріледі. Іске қосылғаннан соң коммуналдық велосипед жарты сағат тегін қызмет көрсетеді. Әрі қарай әрбір сағатының құны – 100 теңге. Бұл туралы толық мәліметті shymkentbike.kz
сайтынан біле аласыз.

Жақсы iстің жаршысы болайық!

Қазір Тәуке хан даңғылы бойында 10 орынға арналған 5 велостанса жұмыс істеп тұр: қалалық әкімдік, «Имран» сауда орталығы және «Қызғалдақ» су бұрқағының алдында. Алдын ала есептелгендей, велостансалар алдағы уақытта «Нұрсәт», Ордабасы алаңы, облыстық аурухана, Назарбаев зияткерлік мектептері, т.б., 40 аялдама маңына орналасады.

Қай жоба болса да ол халыққа қызмет етуі тиіс. Сол себепті, халықтың игілігіне жарайтын жаңа жобаға қолдау білдіріп, одан әрі дамыту қала тұрғындарының өздеріне де байланысты.
Мұндай заманауи игіліктерді пайдалануда шетелден үйренеріміз көп. Халқы миллиардтан асатын Қытай елінде велосипедке міну әлдеқашан қолданысқа енгізілген. Батыс Еуропа елдерінде де солай.
Қытайда білім алып жүрген қазақ студенттерінің айтуынша ондағы тұрғындардың жұмысқа велосипедпен келуі әдеттегі іске айналған. Әсіресе, оның қызығын көретіндер студенттер екен. Барлық провинцияда да велосипед айдау мәдениеті дамыған.
Біз де қоғам болып, жаппай қолжетімді көлік түріне отырамыз десек, әуелі көзқарасты өзгерткен жөн.

 

Опубликовано в Қала
Вторник, 05 Июль 2016 05:18

Бас қаланың үш анығы

Немiстiң ұлы ақындарының бiрi: «Архитектура – таспен жазылған құдіреттi музыка» деп айтпақшы, Астанадағы «Бәйтерек», «Салтанат сарайы», «Пирамида», «Хан шатыр» сияқты ғажайып ғимараттар адамзаттың биiк ой-толғамынан шыққан туындылар.

Астана – Бәйтеректен бастау алады. Ол – Астананың символы десек те, оның бойынан ұлтымыздың ұстынын көремiз. «Бәйтерек» пен «Мебиус лентасы» Еуразиялық бiрлiгiмiздi, жалпы, «Бәйтерек» монументi – жер, өмiр және көк аспанның үйлесiмiн бiлдiредi. Қос құрлықтың үн қатысуын айшықтайды. Бұл – Астананың бiрiншi анығы.

Даналықтың сыры – ел мұқтажын өзгелерден тереңдеу ойлап, оның қажеттiлiгiн айшылық жерден көре бiлуде жатыр. Астананың Сарыарқаның қақ жүрегiнде бой көтеруiнiң мәнi болашақ дамуымыздың көкжиегiн көрсетедi. Бұл шара геосаяси, стратегиялық жағынан да дұрыс саяси шешiмi болатын.

photo 125910

Құрылыс iстерi қай дәуiрде де сәулет өнерiне иек артқан. Сондықтан да оның араласпайтын саласы жоқ. Соңғы жылдары Бразилия қаласы сәулет өнерiне басыбайлы бағыныста болып, соның ықпалымен бой көтердi. Қаланың бас жоспарында көлiк мәселесi өте үлкен шеберлiкпен және уақыт талабына сай шешiмiн тапқан. Онда тоқтаусыз жүретiн машиналар жолдары бiрнеше деңгейде өтедi, жеңiл машина мен жүк машиналары жүретiн жолдар бөлек, автокөлiк тұратын орындар ыңғайлы жерге орналасқан, жаяу жүретiн адамдар үшiн де жол қауiпсiз. Астанада қазiр және болашақта жүргiзiлетiн жұмыстар осы талап биiгiнен көрiнетiнi анық.

Елбасының 1998 жылғы наурызда республикамыздың шығармашылық, ғылыми зиялы қауым өкiлдерiмен кездесуiнде айтқан сөзi қоғам өмiрiне үлкен серпiлiс әкелгенiн мойындағанымыз абзал. Президент өз сөзiнде: «Мыңдаған жылдар бойы ата-бабамыз мекен еткен қасиеттi қазақ жерiнiң бiр бөлiгiн – аяулы Сарыарқаны саяси саудаға салып, дархан даламызды дау-дамайға айналдырғысы келетiндер бар кезде, солтүстiктегi шұрайлы өңiрге суық көзiнiң сұғын қадайтындар бар кезде бiз мына жылы жерде, әсем қала Алматыда тыныш отыра алмас едiк» деген едi. Мемлекет басшысының осынау ой байламында үлкен көрегендiк жатқан болатын. Мұның өзi сол кездегi жат пиғылдылардың арам ойына бұғаулық салудағы бiрден-бiр тегершiк болатын.

Қала құрылысының салу мәдениетiнде болашақ шаһардың бой көтеретiн географиялық аумағы оның халық тұруға жайлылығы, қаланың басқа аумақтармен қарым-қатынас жасауға қолайлылығы ескерiледi. Бұл ретте, Астана жоғарыдағы барлық талаптарға жауап бере алады.

Ескi бiр аңыздарда көне грек елiнде қала салатын жерге байланысты мынадай бiр әпсана сақталыпты дейдi сәулет өнерiнiң профессоры Шота Уәлихан ағамыз.

«Ескендiр Зұлқарнайдың аты әлемге жайылып тұрған кезi болса керек. Динократ атты сәулетшi онымен тез арада кездескiсi келсе де, сәтi түспей қояды. Сәулетшi Ескендiрдiң шатырына жақындап барады. Өзi ұзын бойлы, көз тартарлықтай сұлу жiгiт болса керек, үстiндегi киiмiн шешiп тастап, денесiне жылтыратып май жағып, иығына арыстан терiсiн жамылып, қолына гүрзi алып, патшаға қарай ұмтылыпты. Диуаналау жiгiтке назар аударған Ескендiр оны шақырып алып, оның кiм екенiн сұрапты. «Мен, Македониядан келген сәулетшiмiн» деп бастапты сөзiн Динократ. «Сенiң даңқыңа сай жоба әкелдiм. Афон тауынан сенiң мүсiнiңдi қашамақ ойым бар. Сол қолыңның алақаныңа үлкен қала салмақшымын, ал оң қолыңда таудан құлаған бұлақтардың суы жиналатын үлкен кесе болады. Кеседегi суды кейiн теңiзге ағызамын» дептi. Тамаша жобаға таңғалған патша: «Құрылыс салынатын жердiң айналасында қала халқын астықпен қамтамасыз ететiндей егiстiк алқап бар ма екен?» деп сұрапты. «Ондай жер жоқ» деген жауап алғаннан соң, сәулетшiге: «Динократ, сенiң жобаңның көркемдiк шешiмiн жоғары бағалаймын және оған таңғалып тұрмын, бiрақ жаңа туған бала емшектен айырылса, күнi қараң болатыны сияқты, қала халқын аш ұстай алмаймыз, дәл мына жерге құрылыс салуға болмайды екен» дептi. Осы бiр аңызда шындық жатыр! Иә, аңызда да шындық бар. Бүгiнгi Астананың айналасы халықтың өз нәпақасын айыруға толық қауқары жетедi. Ол астықты өлке. Бұл – Астананың екiншi анығына саяды.

Қазақ елiнiң тарихында үш астанасы болды. ХХ ғасырдың еншiсiнде қалған астаналар көшi өз заманына қарай тиесiлi мiндеттерiн атқарды. Уақыт тұтқынында қалған ол қалалар әр кездерде түрлi атаулармен аттарын өзгертiп отырды. Ор өзенiнiң бойындағы алғашқы астанамыз – Орынбор аталса, орталықтың 1925 жылы Ақмешiтке көшуiне байланысты оның аты Қызылордаға өзгертiлдi. 1929 жылы астана Алматыға көшiрiлгенде оның аты көштен бiраз бұрын Верный атауынан өзгертiлген екен.

Астанасын да, оның бастапқы атын өзгерткен де жалғыз Қазақстан емес. 1868 жылы Жапонияның императоры Муцухито ел астанасын Киотодан Эдоға көшiрiп, кейiн ол атау Токио болып өзгертiлген. Норвегияның астанасы – Осло 1614 жылы түбiрiне дейiн жанып кеткен. Оның орнына салынған жаңа қаланың аты сол тұстағы монахтың құрметiне Кристания деп аталып, 1925 жылы Осло (орман iшiндегi алаңқай) деген атын қайтарып алыпты. Канада мемлекетiнiң астанасы – Оттава («үлкен өзен» дегендi бiлдiредi) ХIХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары бой көтерген. Оның бұрынғы атауы Ридо каналын салушы, полковник Байтаунның атында болған. Финляндияның астанасы – Хельсинки қаласының аты картада 1917 жылы пайда болған. Ол – 1550 жылдан берi Гельсинчфорс деген атпен аталған. Сол секілді мұндай мысалдар өте көп кездеседі.

Патша үкiметi әйгiлi Қараөткелдi Ақмолаға өзгертсе, Кеңес үкiметi оның өз саясатына қарай Целиноград деп өзгертуге мәжбүр болған. Үшiншi рет қазақ елiнiң астанасының орналасқан жерiн және оның атын өзгертудi қазақ елiнiң өз байламына қалдыруы тәуелсiздiкпен бiрге келген үлкен сыбаға деп бiлген жөн. Ол қоғамда үлкен талас тудырған жоқ.
Жалпы, Астана атауы – парсы ұғымында босаға, табалдырық, салтанатты орданың қақпасы деген байыпты ұғымды бiлдiредi екен. Бұл – Астананың үшiншi анығы.

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі

Опубликовано в Қоғам