Зират басын таза ұстау арқылы біз өлілерге құрмет көрсете аламыз. Тазалықты сақтау үшін алдымен халықты тәрбиелеп, оларға діни түсінік беру қажет. Осылай деген қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов жуырда өткен әкімдік жиынында жауапты сала мамандарына нақты міндеттер жүктеген еді.

DSC 8444

Айта кетейік, бүгінде Шымкент қаласы аумағында барлығы 44 мұсылман және христиан мазараты бар. Биыл зираттардың аумағын санитарлық тазалау, қорғау жұмыстары үшін қала бюджетінен 98 миллион теңге қаржы қаралған. Дегенмен, қорымдарды күтіп ұстау жұмыстары қаншалықты жүйеге келтірілсе де, ондағы ретсіздік, адамдардың бей-берекет әрекеттері мазараттардың ішкі-сыртқы келбетіне нұқсан келтіруде.

«Самал» шағынауданында орналасқан «Ақмырзабай ата» мазараты қаладағы 6 мұсылман зиратының бірі. Аумағы 40 гектарды жуықтайтын қорым айналасында алғашқы аңғарғанымыз, жел ұшырған қоқыс қалдықтары, үйіліп тасталған қапшықтар, ұйысып өскен әрі әбден сарғайған тікенекті шөптер... Сорақысы сол, қабір қазып, құлпытас орнататындар артылып қалған құрылыс заттарын «кері алып кетуге» болмайды деген сылтаумен сол жерге тастап кетуді әдетке айналдырған. Соның салдарынан қорымдар қоқыс алаңына айналуда.

DSC 8465

– Ислам дінінде зиратқа яғни қабірдің аяқ асты болмауына ерекше көңіл бөлінген. Бұған көптеген хадистер дәлел. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Қабірлерге намаз оқып, үстіне отырмаңдар» десе, тағы бір хадисте: бірде Амр ибн Хазм деген сахабаның қабір үстіне сүйеніп тұрғанын Расулуллаһ (с.ғ.с.) көріп «Оған сүйенбе. Бұл қабірдің иесіне зиян келтіресің» дегені де бар. Олай болса, қабірге сүйенудің өзі иесіне кесірін тигізетін болса, ондағы тазалыққа самарқаулықпен қарау тіпті сорақылық екені сөзсіз. Зират басына қоқыс қалдығын қалдыру марқұмдардың рухына деген құрметсіздік болмақ, – дейді ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамының орынбасары Мұхаметжан Естеміров.

Осы орайда, Діни Басқарма тарапынан «Өткенге құрмет – елге құрмет!» атауымен арнайы Үндеу аясында жыл сайын Қатра күніне орай, сәуір айында қорымдарда тазалық жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп тұрады. Бұл іске үн қатқан қалалықтар мұсылмандар мазаратына арнайы барып, орындарды күл-қоқыстан тазалайды. Басқарма өкілі бұл ретте, қорымдарды таза ұстау – сауапты іс екенін, сондықтан, мұндай шаралардың жиі ұйымдастырылып тұрғаны жөн болатынын айтады.

DSC 8478

– Жуырда ҚМДБ-ның кеңейтілген мәжілісінде мазараттарды күтіп ұстауға байланысты бірқатар тың ұсыныс-пікірлер айтылған болатын. Атап айтқанда, зират шырақшылары мен қорым орнын дайындаушылар қызметіне арнайы айлық жалақы тағайындау, оларға арнайы көлік бөліп, қажетті коммуникация жүйелерін жүргізу жайы ұсынылды. Осы арқылы оларға қорымдардағы ағаштар мен сарғайған шөптерді отап, жас тал-көшеттерін отырғызу, тазалықты қалыптастыру міндеттерін жүктеу мәселесі талқыланды. Мәселен, бұл істе бізге Түркия еліндегі қалыптасқан бүгінгі ахуал үлгі бола алады. Ондағы қорымдар шын мәнінде, абаттандырылып, жасыл желектермен көмкерілген. Ол ең алдымен марқұмдардың рухына көрсетілген адамдардың шексіз құрметі болса, қала берді экологиялық ахуалды жақсартуға, құран бағыштай келген жандардың еркін тыныс алуына барынша мүмкіндік береді, – дейді өкіл имам орынбасары. 

Шымкент қаласында 6 мұсылман зираты бар. Оның ішінде аумағы жағынан үлкені және жаңасы Шымкент-Ташкент бағытындағы 75 гектар алқапты алып жатқан Жаңа Мұсылман қорымы. Зират шырақшысы Шералы Әбдалиев күнделікті бос уақытын зиратты қоқыс қалдықтарынан тазартуға жұмсайтынын айтады. Биыл қорым айналасына өзі әкеліп 300-ге таяу ағаш көшеттерін отырғызыпты.

DSC 8449

– Қорымдардағы тазалық жұмыстары, оны көгалдандыру, абаттандыру – әрбір тұрғынның ортақ парызы болуы тиіс, – дейді шырақшы. – Ал мазарат айналасына қоқыс қалдықтарын қалдыру білімсіздіктен, сауатсыздықтан туындап отырғаны өкінішті жайт. Ислам дінін дұрыс түсінген жан мұндай келеңсіз істерге бармас еді. Өйткені бұл өз басына ғана емес, тұтас Ислам дініне кір келтіретін жағымсыз әрекет. 

Иә, біз көрген мазараттарда қалыптасқан жағдай осындай. Бұл ретте, жергілікті атқарушы биліктің де, Діни Басқарма өкілдерінің де айтар ойы бір, ол – бұл ортақ істе тұрғындар жұмыла іске кірісіп, тазалық жұмыстарына мүдделілік таныту, жанашырлық көрсету. Себебі, «өткенге құрмет – елге құрмет» екенін назарда ұстағанымыз жөн.

Опубликовано в Дін

Шымкентте игілікті дәстүрге айналған «Таза қала» акциясына қатысуға ниеттілер қатары жыл өткен сайын арта түсуде. Айта кетсек, акцияның басты мақсаты – тұрғындарды өз ауласын, көшесін, жалпы қала аумағын таза ұстауға біріктіру.

DSC 1509

Қазірдің өзінде акцияға қатысуға Қаратау ауданы бойынша 40 аула, 45 көше өтінім берген (өткен жылы аудан бойынша 27 аула, 43 көше өтінім берген болатын). Өз ауласы мен көшесінің тазалығын сақтауда тұрғындардың ынта-ықыласын арттырған шара бүгінде айтарлықтай нәтижесін беруде.

– Күнделікті кешке барлығымыз ауламызға шығамыз. Бір-бірімізге жәрдем көрсетіп, тазалық шарасына қатысамыз. Ағаш көшеттерін отырғызамыз. Әктеп-сырлау жұмыстарын ұйымдастырамыз. Бұрын бір-бірімізді танымайтын едік, енді міне, ортақ мақсатта күш біріктіріп, қала тазалығына үлес қосудамыз, – дейді «Нұрсәт» шағынауданындағы №142 үй комитетінің төрағасы Зайнулла Баймуханбетов.

Бұл ретте мамандар алдағы уақытта да тұрғындар қала тазалығына осы ынтамен үлес қосар болса, келешекте көшелер мен аулалар көркейіп, гүлдене түсеріне сенімді.


«Таза қала» акциясы қыркүйек айында қорытындыланады. Жеңімпаздар «Қала күніне» орай марапатталмақ. Байқаудың жалпы жүлде қоры – 4 миллион теңге


– Айта кететін жайт, акцияға қатысуға ниет білдіргендер қатарында аудан аумағына қосылған тұрғын алабтардың да белсенділігі жоғарылаған. Қазіргі таңда біздің мамандар өтініш берген аулалар мен көшелерде зерделеу жұмыстарын жүргізіп, ондағы оң өзгерістерді мақтаныш сезіммен әңгімелеуде, – дейді Қаратау ауданы әкімі аппаратының Халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Бауыржан Қалдыбаев.

Мамыр айының 3-жұлдызында бастау алған «Таза қала» акциясы қыркүйек айында қорытындыланады. Облыстық «Азаматтық альянс» қауымдастығы ұйытқы болған акцияның жеңімпаздары «Қала күніне» орай марапатталмақ. Байқаудың жалпы жүлде қоры – 4 миллион теңге.

Опубликовано в Қала
Четверг, 27 Июль 2017 04:52

Тазалыққа бәріміз жауаптымыз

Әл-Фараби ауданы аумағындағы көпқабатты тұрғын үйлердің санитарлық тазалық, аула, ішкі орам жолдарын тазалау жұмыстары бойынша 7 учаскеге бөлінген, әр учаскеге аудан әкімі аппаратының жауапты мамандары бекітіліп, жұмыстар өз дәрежесінде жүргізілуде.

IMG-20170504-WA0039

Аудандағы санитарлық тазалық жұмыстарын «Бәйтерек-ЛБ», «Нұр-Сат», «Бек-Асыл» ЖШС-лері және елдімекендерді абаттандыру және көріктендіру жұмыстарын «Қазақ соқырлар қоғамдық бірлестігінің» «Тұрар» ЖШС корпоративтік қоры мекемесі атқаруда. Аталған мекемелермен қазіргі уақытқа дейін 4334м³ қоқыс полигонға шығарылды. 421 қураған ағаштар кесіліп, 11 903 тал санитарлық қырқылды, 13 833 ағаш әктеліп, 260,05 га шөп орылды. Аталған жұмыстар аудан әкімі аппараты тарапынан күнделікті жүргізіліп, қатаң бақылауға алынған.

tazalyq-1

Алайда, аудан аумағындағы елдімекендер мен көше бойларына, көпқабатты үйлердің аулаларына бей-берекет қоқыс және құрылыс қалдықтарын тастаушы тұлғалар да аз емес. Атап айтқанда, жыл басынан заң бұзушы азаматтарды тәртіпке шақыру мақсатында, Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының мамандары мен ішкі істер қызметкерлерінің бірлескен бірнеше рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылды.

tUeW9Mjg-8g

Рейдтік іс-шара кезінде «Нөлдік төзімділік» қағидаты бойынша Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 505 бабы бойынша құқық бұзушылықтар анықталып, 227 ескерту және айыппұл хаттамалары толтырылды. 

Осыған орай, жоғарыда айтылған жұмыстарды ескере отырып, барлық қала тұрғындарымен қонақтарын, қала тазалығын сақтауға белсене атсалысуға шақырамыз.

 

Мұхтар ТӨЛЕУІШ,
Әл-Фараби ауданы әкімі
аппараты Халықпен жұмыс
жүргізу бөлімінің бас маманы

Опубликовано в Қала
Пятница, 05 Май 2017 04:47

«Таза қала» акциясы басталды

Шымкентте «Таза қала» акциясы бастау алды. Осы ретте атқарылатын іс-шаралар қала әкімдігінде өткен брифингте мәлім болды.

DSC 0830

Биыл қала әкімдігі мен «ОҚО Азаматтық Альянсы» қауымдастығы қолға алған «Таза қала» акциясы бесінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұл жоба ең таза аула мен үздік көшені анықтауға, сондай-ақ қала тазалағын сақтауға бағытталған. 

– Акцияның басты мақсаты – тұрғындардың қала мен ауласын таза ұстауға біріктіру. Айта кетейін, жылдан жылға байқауға қатысушылардың саны артып отыр. Жобаның нәтижесі де жоқ емес. Шымкентте таза аула мен көшелер саны артып келеді. Дегенмен маңызды шараға тұрғындарды белсене қатысуға шақырамын, – деді қала әкімінің орынбасары Қ. Нұртай.

Сондай-ақ «ОҚО Азаматтық Альянсы» қауымдастығының президенті Ш. Жамалбек акция туралы парақшалар тұрғын үйлерге ілінетінін, онда мәліметтер толық қамтылғанын атап өтті. Жұмысшы топ 15 күн сайын қатысушыларға сараптама жасап отырады. Сондай-ақ ұйымдастырушы топ мектеп мұғалімдері мен оқушыларды да игі іске жұмылдырмақ.

Акция 3 мамыр мен 1 қыркүйек аралығына дейін жалғасады. Байқауға қатысушылар өтінімдерін 1 маусымға дейін Абай, Әл-Фараби, Еңбекші және Қаратау аудандары жанынан құрылған жұмысшы топқа өткізуіне болады.

Жеңімпаздар қала күніне орай марапатталады. Байқаудың жалпы жүлде қоры – 4 млн теңге.

Опубликовано в Саясат
Среда, 03 Май 2017 05:35

Арайлы да шырайлы шаһар

Шымкент қаласында тазалық жұмыстары жүргізілетін көшелер саны соңғы 5 жылда 58-ге артқан болатын. Көктем маусымына қарсы қаланы қызғалдақпен гүлдендірген мекеме бүгінгі таңда петуния, тагетис жаздық гүл көшеттерін егуді бастап жіберді. Қала тұрғындары мен қонақтары Темірлан тас жолының бойымен, Тәуке хан даңғылымен, Төлеметов және Желтоқсан көшесімен жүріп өтсе, жаздық гүлдердің жайнап тұрғанын көреді. Алда гүлге оранатын көшелер мен даңғылдар, орталық алаңдар көп-ақ.

IMG-20170425-WA0068

Шымкент қаласының тұрғын үй шаруашылық-коммуналдық бөлімінің басшысы Талғат Қасымбеков мегаполисті көркейту тек гүл егумен шектелмейтінін айтты.

– Қала аумағындағы көшелердің бойына, шатқалдарға, саябақтар мен гүлзарларға 49 800 дана ағаш көшеттері мен көпжылдық бұтақтар отырғызу жоспарланған. Бүгінде қала аумағындағы көшелер мен «Асар», «Нұрсәт» шағынаудандарында, Ақтас елдімекеніндегі №6506 әскери бөлімінің далалық оқу-жаттығу орталығына және «Шымсая», «Самал», «Юнус Эмре» шатқалдарында ағаш отырғызу жұмыстары жүргізілуде, – дейді Талғат Нәбиұлы.

IMG-20170425-WA0069

anyqtama 34Бөлім басшысының айтуынша, Қонаев даңғылына 7 295 дана боз арша, 140 дана шынар, Темірлан тас жолына 1 000 боз арша, 3 000 қара ағаш, 24 аққайың, 148 емен, 140 шынар, 121 талшын, 400 райхан көшеттерін отырғызу жоспарланған. Ал «Асар» шағынауданына 100 айлант көшеті мен 50 дана үйеңкі, №6506 әскери бөлімінің далалық оқу-жаттығу орталығына 6 750 дана қара ағаш көшеттері бөлінген.

Сондай-ақ, Шымқала «шатқалдарында» алдағы уақытта емен, қытай шағаны, үйеңкі, шаған, боз арша, жылауық тал, аққайың, қарағай, қара ағаш, сән ағаш, терек көшеттері көктейді. Тіпті, шатқалдағы саябақтардың кейбірінде жеміс ағаштары да болады деген жоспар бар. 

Жоспардағы 33 376 дана көпжылдық ағаш көшеттерімен раушан гүлдері егу жұмыстарынан кейін де көп күтімді қажет етеді. 

IMG-20170425-WA0062

– Шатқалдарды абаттандыру жоспарының бірінші кезеңі Қ.Төлеметов көшесінің бойындағы жалпы алаңы 38 гектарды құрайтын «Самал» саябағында бастау алды. Бұл кезеңде «Нұртас» шағынауданы тұсындағы 25 га «Шымсая», Әкімшілік іскерлік орталығы тұсындағы 25 га «Юнус Эмре» және «Қасірет» мемориалы тұсындағы 13 га шатқалдарын абаттандыру жұмыстары да қамтылуда, – дейді Т.Қасымбеков. 

Қазір бұл шатқалдардың жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Ал «Шымсая» шатқалының жобасы дайын, бүгінде облыстық бюджетке қаржыландыруға ұсынылған. Жалпы алаңы 125 гектарды құрайтын тағы 12 шатқалды абаттандыру жұмыстары екінші кезеңге жоспарланып, демеушілер қаланы көріктендіруді бастап үлгерген. 

IMG-20170425-WA0079

IMG-20170425-WA0067Қала аумағында түнгі жарықшам желілерінің ұзындығы – 416,4 шақырым. Бұл 139 орталық көшелер мен 6 саябақ, 30 гүлзарда және жаяу жүргіншілерге арналған аяқжол бойында іске қосылған. Түнгі жарықтандыру жұмыстары бойынша «Ақсемсерстройсервис» және «Стройсервис Ernur-K» ЖШС-і қызмет көрсетуде. 

Биыл тағы 23 көшені жарықтандыру, 4 көшенің жарықтандыру желісін қайта құру жұмыстары басталған. Соңғы 5 жылдағы көрсеткіштерге сүйенсек, қаладағы жарықтандырылған көшелер саны 98-ден 162-ге, яғни, 59,4 %-ға артқан. Дегенмен, қаланы көркейту мекеменің жұмысымен шектелмейді. 

Шымкент қаласында орналасқан «Абай», «Тәуелсіздік», «Жеңіс», «Орталық», «Металлургтер», «Нұрсат», «Этно-тарихи» саябақтары және «Шәмші әлемі», «Хан тәңірі», «Отбасы» аллеялары мен гүлзарлардың жалпы алаңы 116 гектар. 1 мамыр мерекесі мен жаз маусымының басталуына орай қала орталығындағы 21 субұрқақ іске қосылды. 46 ескерткіш, монумент, мемориалдар бар. Жанға жайлы мекендер Шымқалада әлі де арта түседі. Бұрынғы қоқыс полигонының орнына түскен 37 га аумақтағы саябақ құрылысы мен «Наурыз», «Мәртөбе» тарихи саялы бақтарында да құрылыс жұмыстары жалғасуда.

Опубликовано в Қала

Қала аумағында «Жасыл қала» бағдарламасына сәйкес, сенбілік шараларын ұйымдастыру ісі жалғасын тапты. Қаратау ауданы әкімдігінің қызметкерлері өткен сенбіде көпқабатты үйлердің аумағындағы арық-атыздарды тазалап, 1 000-ға жуық ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстарына қатысты.

20170422 124243

– Өткен жылы аудан көлемінде жүргізілген санитарлық жұмыстардың нәтижесінде біршама қураған ағаштарды кескен болатынбыз. Олардың біразын мұқтаж отбасыларға отын ретінде жеткізіп бердік. «Бір тал кессең, он тал ек» демекші, көктем шыққаннан ағаш егу науқаны басталды. Біз аудан тұрғындарын қаланы көгалдандыру ісіне тарту үшін алдымен өзіміз үлгі көрсетуге тырыстық. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады, – дейді аудан әкімінің орынбасары Исамидин Мұхитдинұлы.

Сенбілікке шыққан әкімдік қызметкерлері ағаш отырғызумен қатар, «Таза қала» акциясы аясында қала тұрғындарын ауланы күтіп ұстауға шақырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Опубликовано в Қала
Среда, 19 Апрель 2017 10:16

Қаланы бірге көркейтейік!

Облыстық кәсіподақ орталығының белсенділері Шымкентті көгалдандыруға үлес қосты. Өткен сенбіде ғимарат алдында көшеттер отырғызылып, гүлдер егілді.

17952799 1542754745734532 6339459508676091157 n

– Ағаш көшеттерін біз өз қаржымызға отырғыздық, – деп бөлісті орталық төрағасы Ғани Қарабеков. 

– Жасыл акцияларды кез келген ұжым өткізе алады. Ол үшін көп қаражаттың қажеті жоқ. Ең бастысы, туған қалаңды, аулаңды әдемі әрі жайлы етуге ынта болу керек. 

Патриотизм, міне, осыдан басталады. Мұндай игі бастама біркүндік акция түрінде шектеліп қалған жоқ. Кәсіподақ ұжымы эстафетаны облыстық кәсіпкерлер палатасына ұсынды. Ендігі кезек кәсіпкерлерде. Олар қазір көгалдандыру, оның ішінде «Шатқал» бағдарламасы шеңберінде жұмысқа белсене кірісіп кетті. Валентина Ващенко осындай шараларға белсенді араласады. Қалалық білім саласы қызметкерлері кәсіподағының төрайымын қала тұрғындарының көшет отырғызу акцияларына ынтамен қатысатыны қуантады. 

17904020 1542723695737637 7414771532428237858 n

– Шымкент үшін жасыл желектің маңызы ерекше, – дейді ол. – Ыстықтан қорғап қана қоймайды, екінші жағынан ауаны тазартады. Бір кездері Шымкент Қазақстандағы ең жасыл қала болатын. Сол бір шаққа қайта орала бастағандаймыз. Халық даналығында әрбір адам өмірінде ағаш егу керек деген тәмсіл бар. 

Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстан облыстық кәсіподағының құрамында бүгінде 205 мың шамасында адам бар.

Опубликовано в Қала

Шымкент қаласының тұрғын үй коммуналдық-шаруашылығы, көріктендіру секторының бас маманы Жандос Оспановтың айтуынша, 2017 жылы қала аумағындағы көшелер бойына және саябақтар мен гүлзарларға 49 800 дана ағаш көшеттері отырғызылады. 12 850 м 2 алаңға 350 мың данаға жуық жаздық гүлдер егіледі. Ал 42 600 м2 раушан гүлдеріне күтіп-баптау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ егілген ағаш көшеттері органикалық тыңайтқыштармен өңделеді. Қазіргі таңда 328 мың дана егілген қызғалдақ қалалықтарды әсемдігімен қуантуда. 

17757173 1898232003756491 5689903404644377685 nБиыл қала көшелерін абаттандыру жұмыстарын үш мердігер компания атқаруда. Олар –«ЛТД-Тұрмыс» ЖШС, «Бәйтерек ЛБ» ЖШС және «Жасыл қала» ЖШС. 

– Гүлді өсіру оңай емес. Жасыл желекке де бап керек. Әрбір өсімдіктің өзіндік ерекшеліктері бар. Қазір гүлдеп жатқан қызғалдақтар біздің еңбегіміздің жемісі. Мұнда қаншама адамның шеберлігі мен қол еңбегі жатыр, – дейді ЛТД Тұрмыс ЖШС-нің көркейту көгалдандыру бөлімінің жұмысшылары. 

Тұрғындар қала көркіне ерекше көңіл бөлініп жатқанына риза. Олардың қала басшылығына айтар алғысы шексіз. Түрлі түсті гүлдермен әсемделген қала саябақтары шымкенттіктердің сүйікті демалыс орнына айналып отыр. Айта кету керек, биыл 34 га жер теліміндегі бұрынғы қоқыс полигонына жаңа саябақ жұмыстарының бірінші кезеңі басталды. «Қуат құрылыс» мердігер мекемесі өздеріне жүктелген жұмысты тиянақты атқаруда. Сондай-ақ «Наурыз» саябағында қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Күрделі жөндеуден өткен саябақ биыл маусым айында пайдалануға беріледі.

Опубликовано в Қала

Қала келбеті тек сәнді де сәулетті үйлермен, жасыл желекті саябақтармен өлшенбейді. Күн сайын көркейіп келе жатқан Шымкенттің ажары оның тазалығына да байланысты. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Шымкент республикадағы үшінші мегаполиске айналатынын және тұрғындарының саны миллионға жетуі тиіс екенін айтқан еді. Қаланың таза, әдемі әрі жасыл желекке оранып тұруы әрбір адамның сүйіспеншілігі мен жанашырлығын қажет етеді. Соңғы жылдары шаһардың ауқымы кеңейіп, күн санап қарыштап дамуда. Сондықтан тазалық мәселесі алдыңғы орында.

DSC 1509

«Тазалық табалдырықтан басталады» дейді халқымыз. Ауланы ретке келтіріп, ұқыпты ұстау санитарлық талап қана емес, мәдениет пен талғамның белгісі. Содан болар, көктем, күз мезгілдерінде қала тұрғындары сенбілікке шығуды дәстүрге айналдырған. Олар қоршаған ортаны таза ұстауға өз үлесін қосуда. Дегенмен өз үйінің ішкі жинақылығымен ғана шектелетіндер бар. Себебі, қоқысты көшеге төгетін, үйдің жоғары қабатынан далаға лақтыратындар да кездеседі. 

Қаламызда 2 мыңнан астам көше, 2010 көпқабатты тұрғын үй, 1400-ге жуық аула бар. Бүгінде 1, 2, 3 санатты 156 көшенің тазалығына санитарлық-тазалық мекемелері жауапты. 

Дамыған шетелдерде тазалық мәселесі түбегейлі шешімін тапқан. Мәселен, Сингапур мен Малайзияның тұрғындары бұл жағына өте ұқыпты. Егер көшеге адам темекі тұқылын тастаса, 200 АҚШ доллары көлемінде айыппұл төлейді. Ал көліктің дөңгелегі кір болса, 500 доллар төлеуге міндеттісің. Сондай-ақ Германияда тазалықты таңнан кешке дейін комиссарлар қадағалайды. Ережеге бағынбайтындарға заң қатал. Бұл елде әрбір қадам сайын арнайы қоқыс жәшіктері қойылған. Темекіге, бөтелкеге, сағыз, шемішкеге арналған ыдыстар бар. Сондай-ақ Швейцария әлемнің таза мекені деп есептеледі. Өйткені қала ғана емес, кішкентай елдімекендер де мұнтаздай жарқыраған көрінеді. Бұл заң бәріне қатысты.

DSC 1629

Әрине біздің Шымкент тазалық мәселесінде әзірге Швейцариямен теңесе алмас. Дегенмен Швейцария да бірден бүгінгідей жағдайға жете қоймаған шығар. Ендеше...

 

Қалада қоқыс контейнерлері бар ма?

2016 жылы біздің қаламызда да тазалықты насихаттайтын орындықтар қойылды. «Туған қаламызды бірігіп таза етейік!» деген ұран жастарға әсер етпей қойған жоқ. Бұрын орындыққа отырып, шемішке шағып, сағыз қалдығын тастайтындардың қатары азайып келеді. «Қаламыз таза болса, көңiлiмiз де таза жүредi» деген қала басшысының сөзі жадымызда. Шымкенттің тазалығы үшін өткен жылы 830 қоқыс урнасы қойылды. Бұл тұрғындарға жауапкершіліктің артқандығын білдірсе керек. Сондай-ақ қоқыс жәшіктерін орнату жұмысы үлкен серпінмен алға басып келеді. Өткен жылы аудандарда 1140 қоқыс контейнерлері қойылды. Бұл көшелердің таза болуына, әрі қала мәдениетін қалыптастыруға тиімді болды. Ал қанатқақты жоба аясында қоқыстарды сұрыптайтын контейнерлер Қарасу, Қабанбай батыр көшелеріне және теміржол вокзалына орналастырылды. Енді қала тұрғындары үйден шыққан, үй маңындағы қоқыстарды сұрыптайтын контейнерлерге сала алады.

 

Көше тазалаушы – кемсітетін кәсіп емес

Соңғы жылдары өңірдің шырайы күннен-күнге айшықтала түсуде. 

Ұлттық нақышта безендірілген аллеялар, демалыс орындары көбейді. Осыдан он жыл бұрынғы Шымкент пен қазіргі қаланың келбетін салыстыруға келмейді. Оған көше тазалаушылардың қосқан үлесі аз емес. 

Шымкентте «ЛТД Тұрмыс» ЖШС, «Бәйтерек ЛБ», «Югдорсервис» және «СМД» ЖШС тазалық мекемелері қызмет етеді. Күн сайын қолына сыпырғы, күрек ұстайтын тазалық жанашырларының еңбегі ерен. Жұмысшылар шақырайған күннің, шытынаған аяздың, сіркіреген жауынның астында да жұмыс істейді. Ауа райының қандай қолайсыздығы болсын, тазалықшылардың жұмысы тоқтамайды. 

DSC 1649

Алайда олар қала тұрғындарының тазалық мәселесінде мәдениетін көтеру керек екенін айтады. Баласын қоқыс төгуге жіберетін кейбір ата-аналар арнайы жәшікке қоқысты апарды ма, болмаса аулаға, көшеге қалдырып кетті ме, сұрамайтыны аян. Өкінішке қарай, кейбір адамдар қоқысты кез келген жерге төгіп, тазалықшылардың еңбегін бағаламайды. 

– Жанға бататыны, тұрғындардың тазалыққа көзқарасының төмендігі. Кейде қолындағы умаждалған қағазын, сусыннан босаған баклажкасын тастаған жастарға, кейде тіпті ересек кісілерге ескертсең: «Сендердің жұмыстарың емес пе, сол үшін айлық аласыңдар ғой», – деп кемсітетіндері бар. Біз барлық жағдайда да өз жұмысымызды жауапкершілікпен атқарамыз, – дейді «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-нің тазалық-санитария бөлімінің жұмысшысы Замира Байтілеуова. 

Қалалық тұрғын үй шаруашылық бөлімінің бас маманы Ерубай Құралбаевтың айтуынша Шымқалада тағы да 15 көшеге тазалық жұмыстары жүргізіледі. Атап айтқанда, бұлардың қатарында Сайрам, Бадам-1, Бадам-2, Жұлдыз, Қарабастау елдімекендері бар. Сондай-ақ Шымкент қаласы әкімдігі мен «ОҚО Азаматтық Альянсы» қауымдастығымен бірлескен «Таза қала» байқауы өз жемісін беруде.

 

Асылхандай ағалар көп болса ғой

Иә, «Таза қала» байқауының маңызы ерекше. Қатысушылар саны жыл сайын көбейіп келеді.

DSC 1649

2016 жылы байқауға қатысуға 300-ден астам өтініш келіп түскен. ОҚО Азаматтық Альянсы» қауымдастығының президенті Шәріпбек Жамалбектің айтуынша, шымкенттіктер байқау өткізілгелі тазалыққа бей-жай қарамайтын болған. Бұрынғыдай емес, көшелер мен көпқабатты үй аулаларында тәртіп пен жинақылықтың қалыптасқаны байқалады. Сондай-ақ мектеп оқушыларының да белсенділігі жоғары көрінеді. Байқаудың нәтижесінде Шымқала біршама тазарып қалды. «Қаланың әдемі көшесі», «қаланың таза көшесі» деп айтатын жағдайға жеттік. Айта кету керек, байқаусыз да ауласын абаттандыратын тұрғындар да бар. Мәселен, Еңбекші ауданына қарасты «Ұлағат» шағынауданының тұрғыны, зейнеткер Асылхан Ағманов шағынаудандағы Айдын көшесін көркейтуге өзіндік үлесін қосып келеді. Зейнеткер өз қаржысы есебінен көше бойына автобус аялдамасын салған. Асылхан аға қариялар мен балалардың күз бен қыстың, жауын-шашынды, көктем мен жаздың ыстық күнінде көлік күтіп тұратынына жаны ашығандықтан осындай игі іс жасапты. 

– Мың шыбық шаншып өсірсең, халқыңа орман салғаның, өзіңе қорған салғаның» деген бабалар. Әр тұрғын көшет әкеліп отырғызуы тиіс. Жасыл желек бізге өте қажет. Түрлі кеселден аулақ болу үшін ағашты көбейтіп, аулаларды абаттандыру керек, – дейді бағбан. 

Қалаға жанашыр, көше, ауланы көркейтуге талапшыл тұрғындардың бары рас. Бірақ өкінішке қарай ондай жандар көп емес. Жанашырлық, қамқорлық әрбір адамның жүрегінде болса дейсің. Ұқыптылық санитарлық тазалық мекеме жұмысшыларына ғана керек пе? Әлде тазалық мәселесін «Таза қала» байқауымен ғана шектеу қажет пе? Қала, аудан әкімдіктері тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар жоқ емес. Жаңартылған аяқ жолдар, абаттандырылған аулалар, балалар және спорт алаңшалары қандай?! Мұның бәрі қаланың келбеті, тұрғындардың игілігі үшін ғой... 

Шымшаһар «таза, жасыл қала» ретінде өзге өңірлерге үлгі болуы тиіс. Оған мүмкіндік мол. Сырттан келген қонақтар қандай таза, шырайлы» деп тамсанып, танданса, ол біздің де көңілімізді көркейтпей ме?! Бұл – біздің қала деп мақтанбаймыз ба?!

Опубликовано в Қала
Среда, 18 Январь 2017 08:41

Шатқалдағы – бақ-талдар

«Шымсаяға» 1 мың түп ағаш отырғызылды

Шымкент қаласының Бас жоспарына сәйкес қала аумағына жаңадан елдімекендер қосылып, халықтың саны артты. Сондықтан қаланың экологиялық ахуалы мен ішкі туризмін жақсарту және қараусыз жатқан сайларды саябаққа айналдыру мақсатында өңірде «Шатқал» бағдарламасы әзірленді.

587c6aa5847a6

Өңір басшысы Ж.Түймебаевтың қатысуымен бағдарлама аясында жаңа демалыс орнының капсуласы салынды. Келешекте халқымыз тынығып, серуендейтін саялы баққа «Шымсая» деген атау берілді.

«Тассай» тұрғын үй алабының маңында орналасқан 25 гектар шатқалды көгалдандыру мақсатында құрылған демалыс аймағында 1 мың түп ағаш отырғызылды.

Көгалдандыру жұмысына өңір басшысымен бірлесе сол елді мекеннің тұрғындары, жастар, жоғарғы оқу орнының студенттері мен ұстаздары және БАҚ өкілдері боз арша, талшын шаған, емен, катальпа, аққайың ағаштарын егіп, қаламыздың гүлденіп, көркейуіне өз үлестерін қосты.

16114452 1180719465377724 7925854696023812101 n

– Алдағы уақытта демалыс аймағына 6 мың түп ағаш көшеттері отырғызылып, балалар алаңшасы, шахмат және дойбы алаңы, вело жолдар мен театралдық сахна, полиция бөлімшесі, спорттық жаттығу алаңдары салынып, халық игілігіне беріледі. Бұдан бөлек биыл қалада тағы осы сынды 4 жер абаттандырылып, саябаққа айналдырылады. Сонымен қатар, «Шатқал» бағдарламасы аясында 16 мың гектардан астам алқапты құрайтын қаланың жасыл белдеуін қалыптастыруды жоспарлап отырмыз, – деді Ж.Түймебаев.

Саябақта серуендеп қана қоймай, мәдени кештер ұйымдастырылып, ашық аспан астындағы амфитеатр қойылады.

16105723 1180719615377709 1128363583794993229 n

Облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған тың жоба бойынша алдағы уақытта қалада 600 гектар шатқалды демалыс орындарына айналдыру жоспарлануда. Осы жылы бірінші кезеңдік жұмыстар шеңберінде қолға алынатын 5 шатқалдың (97 гектар жерді құрайды) біреуі бюджет қаржысы есебінен көгалдандырылып, сая жерлерге айналдырылса, қалғаны демеушілер есебінен жүзеге асырылатын болады. Осы іспеттес абаттандыру жұмыстары қаладағы «Самал-3», «Нұрсәт», «Достық» (оң жақ және сол жақ) шағынаудандарында жүргізіледі.

Опубликовано в Қоғам
Страница 2 из 5