Мемлекет мұқтажы үшін қайтарылатын жер телімдері анықталды. Олардың саны «Ескі шаһар» аумағында 234-ке жетсе, «Қошқар ата» өзенінің бойында 642 меншік иесі белгілі болды.

shymkala-32-2

Шымкент қаласының Бас жоспарына сәйкес, «Қошқар ата» өзенінің жағалауын абаттандыру, көпқабатты тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар, көпшілік пайдаланатын демалыстар, саябақтар салып, жол құрылысын жүргізу ісі қолға алынған. Бүгінде «қызыл сызық» бойына орналасқан 642 жер телімінің жалпы алаңы 29 гектарды құрайды. 

– «Қошқар ата» өзені аумағында 127 нысанның бағалау жұмыстары аяқталды. 35 меншік иесі өтемақымен келісіп, құжаттары тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөліміне жолданды. Ал 8 меншік иесі келіспеуіне орай сотқа талап-арыз берілді. Тағы 84 жер телімінің бағалау есебі бойынша ұсыну жұмыстары жүргізілуде, – дейді Шымкент қалалық жер қатынастары бөлімі мемлекет мұқтажына қайтару секторының меңгерушісі С. Даниярұлы.

С. Мұратовтың айтуынша, бұл аумақтағы қалған 515 нысанның 113-інде меншік иесінің құқығын белгілейтін құжаттар жинақталуда. Ал 402-сінің құжаты дайын, енді бағалау жұмыстары жүргізіледі. 

«Ескі шаһар» аумағында да 23 гектар жерді мемлекет мұқтажы үшін алу жұмыстары басталған. Бағалау жұмыстары аяқталған 30 жер телімінің 11-іне меншік иелері келісіп, 11-і келіспеген. 8 меншік иесіне өтемақы ұсыну жұмысы жүргізілуде. 

– Өтемақы бойынша келісімге келмеген меншік иелерімен мәселе сот арқылы шешіледі. Алайда бұл біршама уақытты алатын шаруа. «Ескі шаһар» аумағында тағы 50 меншік иесі бағалау жұмыстарына дайын. Қалған 154-інің құжаттарымен біздің мамандар танысып, жоспарға сәйкес жұмыс жасауда, – дейді сектор меңгерушісі.

С. Мұратовтың айтуынша, ескі қалашықта белгіленген жер телімдері мемлекет мұқтажына қайтарылғаннан кейін мұнда тарихи мұражай орналасады. Биік қорған бой көтеріп, қолөнер шеберлерінің туындыларымен толығатын аумақ этноауылға айналмақ. Мұнда келген саяхатшылар тарихи жәдігерлермен танысып, рухани тынығатын болады. Ал сәулетшілер ашық аспан аясында қазба жұмыстарын жалғастырады. Бұл жұмыстар Шымкент қаласы мәдени астана жылы болып таңдалған 2020 жылға дейін аяқталуы тиіс.

Опубликовано в Қала

Шымкентте көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттері жаңартылады. Қазір осы бағытта жүйелі жұмыс атқарылуда. Жоспар бойынша биыл шаһарда 20 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті ретке келтірілмек.

 

Айта кетейік, бұл жұмыстарға сол үйлердің тұрғындарынан қаржы жұмсалмайды, бюджеттен де қаражат қаралмаған. Үйлердің қасбетін әрлеу бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүзеге асырылатын игі бастамалардың бірі. Әр үйді жаңартуға қажет экскизді қалалық сәулет бөлімінің мамандары жасап, бекіткен. Соған сәйкес үйлердің балкондары - қоңыр, ал қабырға ақшыл сары түске боялады.

Еске салсақ, Шымкентте үйлердің қасбеттерін жаңарту бағдарламасы бір жылдан аса уақыт бұрын қолға алынған. Ондағы басты мақсат - қаланың көркін аша түсіп, жаңаша келбет қалыптастыру.

Опубликовано в Қала

Елбасы Н.Назарбаевтың Парламент палаталарының бірлескен отырысындағы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» Үкіметтен үлкен іске бел шеше кірісуді талап ететіні анық. Әсіресе баспана мәселесінде қоғамның көңілінен шығатын бастама жасалды.

Айта кетерлігі бес бастаманың дәл осы бағытын жүзеге асыру үшін Қазақстанда ипотека берумен айналысатын тағы бір компания құрылатын болды. Ол компанияның қалай аталатыны әзірше белгісіз. Дегенмен, оның нақты міндеті анық, тұрғын үйдің ипотекасы 7 процентпен 25 жылға берілуі шарт. Ал алғашқы жарнаның көлемі 20 процент болады. Бүгінде ондай шарттармен еліміздегі бірде-бір банк заем бермейді. Тіпті, «Нұрлы жер» бағдарламасында ондай жеңілдіктер қаралмаған. Ендеше алдағы уақытта Қазақстанның ипотекалық нарығында біраз өзгерістер болуы әбден мүмкін. Оны шенеуніктердің өздері де растап отыр. Елбасы көтерген «7-20-25» бағдарламасының механизмі әлі дайын емес. Дегенмен, Үкіметтегі талқыға байланысты аталған бастаманың қалайша іске асатынын сараптап көрген едік.

Сонымен, жаңа бағдарламаның негізгі шарттарын Президенттің өзі белгілеп берді. «Бізге Ұлттық банк, екінші деңгейлі банктер және қор нарығының мүмкіндіктерін барынша пайдалану қажет. Ұлттық банк арнайы компанияны құруы тиіс. Аталған компания, кем дегенде, бір триллион теңгені тартып, жаңа ипотекалық несиелерді сатып алуы қажет», – деді Н.Назарбаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында. Демек, жаңадан құрылатын компания екінші деңгейлі банктерге қаржы құйып, ипотеканың мөлшерлемесін 7 процентке дейін түсіруі әбден мүмкін. Алайда бүгінде дәл осы схема бойынша жұмыс істейтін компания бар. Ол – Қазақстанның ипотекалық компаниясы. Аталған ұйым арқылы берілетін ипотеканың жылдық мөлшерлемесі 10 процентті құрап отыр. Одан кем түспейді. Сарапшы мамандардың сөзіне қарағанда, 7 проценттік ипотеканы іске асыру міндеті дәл сол компанияға жүктелуі мүмкін. Әйтсе де Қазақстанның ипотекалық компаниясының құзыретін кеңейту үшін «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасына өзгеріс енгізу керек. Ал Президенттің айтып тұрғаны – бөлек бағдарлама. «7-20-25» бөлек мемлекеттік бағдарлама ретінде қолға алынса, оның операторы, яғни іске асырушы органы да бөлек болады. Айтпақшы, ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек те Қазақстанның ипотекалық компаниясы жаңа бағдарламаға араласпайтынын растаған болатын. Оның айтуынша, аталған ұйым өз қызметін «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жалғастыра береді. Бұл ретте министр ипотека нарығында бәсекенің қыза түсетінін де алға тартты. «Қазіргі кезде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі барлық ипотеканың жартысынан көбін алып отыр. Меніңше, жаңа компанияның келуімен бәсеке қыза түседі. Әлбетте, халық арзан ипотеканы асыға күтіп отыр. Компания құрылғаннан кейін адам кезегі де көбейді. Оны да жақсы түсінеміз. Алайда Мемлекет басшысы ипотека саласына бір триллион теңгеге дейін қаржы тартуды тапсырған болатын. Сондықтан жаңа бағдарлама қарбалассыз іске асырылуы тиіс», – дейді Жеңіс Қасымбек. Сосын министр мырза 7 проценттік ипотеканың екінші деңгейлі банктер арқылы берілмейтінін айтып отыр. Оның сөзінше, арзан ипотеканы берумен алда құрылатын компанияның өзі айналысады. Олай болса, «7-20-25» бағдарламасы аясында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі сияқты бөлек бір ипотекалық банк құрылатын шығар. Қалай болса да, бір нәрсе анық, тұрғын үй құрылысы саласында да, ипотекалық нарықта да бәсеке қызады. Себебі жаңа бағдарламаның аясында жыл сайын 100 000 пәтер, яғни 5 миллион шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Құрылыс істері және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық комитетінің төрағасы Марxабат Жайымбетовтың айтуынша, «7-20-25» бағдарламасы қолға алынғаннан кейін «Нұрлы жер» бағдарламасына, соның ішінде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі мен Қазақстанның ипотекалық компаниясы қойып отырған талаптарға да өзгеріс енгізуге тура келеді. «Мәселен, Қазақстанның ипотекалық компаниясы жаңа бағдарламаның шарттарына шыдай ала ма, жоқ па, оны айту қиын. Дегенмен, біз Тұрғын үй құрылыс банкінің де, Қазақстанның ипотекалық компаниясының да жұмысын қайтадан қараймыз. Енді, ол жердегі берілетін несиелердің жағдайын дұрыстау керек, жеңілдетуіміз керек», – деді М.Жайымбетов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында. Әрине, 7 проценттік несиенің болғаны тиімді. Халықтың сұранысын осымен қанағаттандыруға әбден болады. Алайда оған бюджет қаражаты жеткілікті бола ма? Министр Жеңіс Қасымбек арзан ипотека бәріне жетеді деп отыр. Ендіші бір мәселе арзан ипотекаға қандай баспана алуға болады? «Арзанның жілігі татымайды» деген мақал бәріне белгілі. Мәселенің осы жағы қалай? Яғни, жаңа бағдарлама аясында салынатын баспананың сапасын естен шығармау қажет-ақ. Осы салада мемлекеттік бақылау шаралары бар. Оған дау жоқ. Дегенмен, құрылыс саласында әлі күнге дейін сыбайлас жемқорлық әрекеттері көп. Мәселен, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жасаған зерттеуге сәйкес, құрылыс жұмыстарын атқару бойынша ұйымдастырылатын мемлекеттік сатып алуларда демпинг мәселесі ушығып тұр. Палата төрағасының орынбасары Елдос Рамазановтың айтуынша, осы уақытқа дейін 8 мың тендер зерделенді. Зерттеуге сәйкес, құрылыс-монтаждау жұмыстары бойынша демпинг 34 процентке, ал жобалық-сметалық құжаттарды даярлау саласында аталған көрсеткіш 72 процентке (!) жетті. «Мәселен, «Казаxстанский Водоканалпроект» ЖШС Алматы облысының Талғар қаласындағы 300 орындық мектепті жобалау құнын 24 млн теңгеге дейін түсірген. Алайда ол жұмыстың өз бағасы 61 млн теңге болған. Сол сияқты Қарасай ауданында мектепке жапсарлас құрылысты жобалауға тендер жарияланды. 600 орынға есептелген нысанды жобалау жұмыстарына 54 млн теңге қарастырылған болатын. Ал «Проммедконтракт» ЖШС бағаны 26 млн-ға дейін түсіріп, тендерге кіріп алған», – деді Е.Рамазанов кәсіпкерлер құқығын қорғау және жемқорлыққа қарсы кеңестің отырысында. Оның айтуынша, Астананың өзінде баға демпингі бар. Мәселен, Ұлы Дала даңғылы (бұрынғы Хусейн бен Талал – авт.) бойында орналасқан тұрғын үйдің құрылысы бойынша теxникалық бақылаудың қызмет құны 41 млн теңге деп белгіленген болатын. Алайда «VEHI.KZ» ЖШС бағаны 17 млн-ға дейін түсіріп, тендерді оп-оңай алып кетті. «Осының нәтижесінде ақша барынша үнемделеді. Жоба өзгертіледі, сапасыз материалдар сатып алынады. Кәсіби жұмысшыларды да тартуға мүмкіндік болмайды. Содан құрылыстың сапасы төмендейді. Сол себепті демпингтің шекті көрсеткішін тездетіп орнату қажет. Сондай-ақ, құрылыс саласындағы мемлекеттік сатып алулар бойынша типтік келісімшарттарды бекіткен жөн», – дейді Е.Рамазанов. Бұдан бөлек, құрылыс компанияларына лицензияны беру саласында тәртіп бұзушылықтар аз емес. Соның салдарынан саны көп, сапасы аз компаниялар көбейіп кеткен. Ресми мәліметке сәйкес, осы уақытқа дейін құрылысты жүргізуге 29 мың лицензия берілді. Алайда белсенді жұмыс істеп жатқан компаниялардың саны 300-ге де жетпейді. Осыған байланысты «Атамекен» ҰКП құрылыс компанияларының бірыңғай тізімін жасауды ұсынып отыр. Онда нақты бір компанияның салып шыққан нысандары, материалдық-теxникалық базасы, аттестациядан өткен мамандары, бұған дейін қатысқан тендерлері және тағы басқа ақпарат көрсетілуі шарт. Соның арқасында лицензия берудің ашықтығын қамтамасыз етуге болады. Компаниялар арасындағы бәсеке де қыза түседі. Ал бәсеке болса, сапа да жоғарылайды. Үкімет әлгіндей олқылықтарды болдырмау үшін бақылау тетіктерін күшейтсе. Сонда ғана «7-20-25» бағдарламасы аясында салынатын баспананың да сапасы жоғары болады деген сенім бар. Әйтпесе дәл осы мемлекеттік бағдарламалар бойынша салынған баспаналардың сапасына қатысты басынан дау кеткен емес. Осы жағын да ескеруге тура келеді.

 

Арман АСҚАРОВ,
журналист

Опубликовано в Қоғам

shymkala-816

Биыл Шымкент қаласында көпқабатты 83 үйді күрделі жөндеу жоспарлануда. Облыстық тұрғын үй-коммуналды шаруашылық басқармасының мәліметі осындай. Басқарма басшысы Марғұлан Марайымның айтуынша, бұл мақсатта 1,2 млрд теңге қарастырылмақ.


Бұған қоса тағы 9 үйді сейсмикалық тұрғыдан нығайту үшін 453,5 млн теңге бөлу жоспарлануда. Қазіргі таңда облыста көпқабатты 3 518 тұрғын үй бар. Соның ішінде 1393 үйді күрделі жөндеу, ал 20-сын сейсмикалық нығайту қажет.

«Өңірдегі көпқабатты үйлерді күрделі жөндеудің 2017-2020 жылдарға арналған кешенді іс-шара жоспарына 2020 жылға дейін қосымша 488 үйді күрделі жөндеу енгізілген» ,– дейді сала мамандары. Бұл жұмыстарға 6 млрд 861 млн теңге бағытталуы тиіс. Нәтижесінде күрделі жөнделуі қажет үйлердің үлесін 39,6 пайыздан 25,7 пайызға азаяды деп күтілуде.

Айта кетейік, 2016 жылы өңірімізде көпқабатты үйлерді жөндеуге қаржы бөлінбеген. «Ал 2017 жылдың нәтижесіне сүйенсек, күрделі жөндеуді қажет ететін үйлердің үлесі 44,4 пайыздан 42,5 пайызға төмендеді», – дейді басқарма өкілдері. Нақты айтқанда былтыр Шымкент қаласында 7 үйге күрделі жөндеу жүргізіліп, оған 723,4 млн теңге жұмсалған.

Опубликовано в Қала

Шымкентте «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 288 отбасы баспаналы болды. Тұрғын үйдің кілтін облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, Шымкент қаласының әкімі Нұрлан Сауранбаев салтанатты түрде табыс етті.

– Өткен жылы 7,5 мыңдай тұрғынға пәтер берілді. Бір жылда баспаналы болғандар 3 мың адамға көбейді. Жыл сайын тұрғын үйге қол жеткізушілер санын арттыруды жоспарлап отырмыз. Өйткені, отбасы үшін бес-алты қажеттілік бар десек, ең бастысы – шаңырақ. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында елге беріліп жатқан тұрғын үйлер Елбасының халыққа деген қамқорлығы. Мемлекеттік бағдарлама аясында облыс орталығынан бөлек, өңірдің түкпір-түкпірінде үйлер қарқынды бой көтеріп, жерлестеріміз жаңа пәтерлерге ие болуда. Қуаныштарыңыз құтты болсын. Жаңа пәтердің игілігін көріңіздер, –деді құттықтау сөзінде аймақ басшысы.

Тұрғын үй кезегіне тұрып, баспаналы болғандар арасында Ұлы Отан соғысының ардагерлері, мүгедектер, мұғалімдер, көп балалы аналар және мемлекеттік, әскери қызметкерлер бар. Қуанышқа кенеліп, жаңа үйдің кілтін алған жанның бірі – Бауыржан Айсағалиевтың үй кезегіне тұрғанына 6 жыл болған. Бес баланың әкесі ұстаздық қызмет атқарады. Ол мемлекет көп балалы отбасыларға тарапынан жасалып жатқан қолдауға ризашылығын білдірді. 9 қабатты екі тұрғын үйдің құрылысы өткен жылы басталған. Құрылысты жүргізген «Югстройсервис-Н», «Шымкентстрой» ЖШС-і. 

Айта кетейік, өткен жылы жалпы саны 7500-ге жуық пәтер берілген. Оның ішінде 3 мыңнан астам пәтер «Бәйтерек» АҚ арқылы берілген арендалы тұрғын үйлер.

Опубликовано в Қала

Былтыр, яғни 2017 жылы Шымкентте 76 тұрғын үй пайдалануға берілді. Олардың 27-сі бюджет есебінен болса, 39-ы Ұлттық компанияның, 10-ы жеке инвестициялар есебінен салынған.

DSC 0070

Енді биыл қалада 162 үйдің құрылысы жалғасады: 56 – бюджет есебінен, 9 – Ұлттық компанияның, 97 – жеке инвестициялар есебінен салынады. 20 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бұдан өзге, осы жылы бюджет қаражаты есебінен тағы 21 нысан пайдалануға берілмек: 10 инженерлік инфрақұрылым және 11 әлеуметтік нысан (оның ішінде 7 мектеп және 1 балабақша). Қалада бюджеттік қаржы есебінен басқа жекеменшік балабақшалар салынып, қолданысқа беріліп жатқанын да айта кету керек.

Сондай-ақ, Шымкентте тұрғын үй құрылысына инновациялық шешімдерді енгізу мәселесі қарастырылуда (жылдам әрі үнемді құрылыс жүргізу технологиясы, энергия үнемдеу, құрылыстағы IT шешімдер). Қазіргі таңда инновациялық мәселені кәсіби тұрғыда талқылап, шешу мақсатында құрылыс саласындағы білікті мамандардан консультативті-техникалық кеңес құрылған.

Опубликовано в Қала
Среда, 06 Декабрь 2017 06:50

96 отбасы қоныс тойын тойлады

Тұрғын үй кешенінің ашылу салтанатына облыс әкімі Ж.Түймебаев қатысып, тұрғындарды құттықтады.

– «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы аясында «Шымкент» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ы арқылы қалада салынған бірінші кезектегі 2 тұрғын үй пайдалануға беріліп отыр. Бұл үйлердің құрылысы тұрғын үй комбинаттарының өнімдерін қолдана отырып, іске асырылуы және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағытына ұқсас жүргізілуде, – деді әкім. 

Айта кетерлігі, облыс тұрғындарын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында «Шымкент» ӘКК» ҰК АҚ құрылысқа 1,2 млрд теңге көлемінде инвестиция салған еліміздегі алғашқы әлеуметтік корпарация болып отыр. 

Қаланың әкімшілік және іскерлік орталығында орналасқан тұрғын үй кешенінде тоғыз қабатты 4 тұрғын үй бой көтерген. Мұндағы пәтерлердің жалпы ауданы – 14776,6 шаршы метр. Бүгінде 2 блок, яғни 96 пәтер пайдалануға берілсе, қалған 2 блок келер жылдың бірінші тоқсанының аяғына дейін пайдалануға беріледі. Жобаның жалпы құны – 2,75 млрд теңге.

«Астана» тұрғын үй кешені екінші классқа жататын, бір тұрғынға 25 ш.м. жеке кеңістікті есептеу арқылы салынған сәнді апартаменттер. Тұрғын үй құрылысын жүргізген «Оңтүстік құрылыс сервис» ЖШС құрылыс кезінде 300-ден астам адамды жұмыспен қамтыған.

Айта кетейік, аталған тұрғын үйдегі «Өз үйім» бағдарламасы бойынша «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-нан пәтерлерді сатып алуға болады. Бағдарлама бойынша орташа бағасы бір шаршы метр үшін – 180 мың теңге. Несиенің жылдық пайыздық мөлшерлемесі 5-тен 10 пайызға дейін.

Опубликовано в Қоғам

Шымкент қаласындағы 76 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Бұл – 302 мың шаршы метрді құрайтын 4833 пәтер. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бой көтерген 76 үйдің 44-і биыл пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Яғни, жыл соңына дейін «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» (ҚТҮҚЖБ), «Бәйтерек Деволопмент» АҚ, «Самұрық-қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ және Жергілікті атқарушы органдар (ЖАО) тұрғындарға 2200-ден астам пәтерді үлестірмек. 44 үйдің 11-і коммуналдық бағытта жалға беріледі.

20171120 103807

1314 пәтер жалға беріледі

Шымкент қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Әбілсейіт Рабаев БАҚ өкілдеріне мердігерлер тұрғын үй құрылысын аяқтап, нысандарды тапсыру жұмыстары қолға алынғанын мәлімдеді.

20171120 112531– Әзірге құрылыс алаңынан 90 мың шаршы метрді құрайтын 27 үй дайын. Бұл – 1710 пәтер. «Нұрлы жер» бағдарламасына сәйкес, баспанамен қамту шаралары 5 санат бойынша және банктік несиелендіру негізінде жүзеге асады. Мемлекеттік бағдарлама аясында пилоттық жобалар да қаралған. Жер учаскесіне кезекке тұрғандар өте көп. Ал жер телімінің саны шектеулі. Сондықтан, қазір «Бозарық», «Бозарық-2» шағынауданынан екіқабатты бірыңғай жер үйлер салу жоспары қаралуда, – дейді құрылыс бөлімінің басшысы.

Әкімшілік-іскерлік орталығында салынған 19 үйдің 11-і «ҚТҮҚЖ» банкінің ипотекалық несие есебінен, ал 8-і ЖАО арқылы коммуналдық жалға берілетін көпқабатты үйлер. Шымкентте ЖАО арқылы кезекке тұрғандар саны 33 мыңнан асқан. Бұл туралы қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Мәлік Әбдінұров хабарлады.

2017 жылы «ҚТҮҚЖ» банкі – 558, «Самұрық» – 321, «Бәйтерек Деволопмент» – 549 пәтердің кілтін тапсырады. Ал ЖАО арқылы Әкімшілік-іскерлік орталығынан (ӘІО) 8 үй, «Тұран» шағынауданынан 3 үй, барлығы 1314 пәтер коммуналдық бағытта жалға берілмек

20171120 115312

20171120 112609– Азаматтар тұрғын үйге 5 санат бойынша кезекке тіркелген. Олар – Ұлы Отан соғысының ардагерлері, жетімдер, әлеуметтік жағынан әлсіз топтар, мемлекеттік және бюджеттік мекеме қызметкерлері және соңғысы үйі апатты жағдайда деп танылған азаматтар. 2017 жылы «ҚТҮҚЖ» банкі – 558, «Самұрық» – 321, «Бәйтерек Деволопмент» – 549 пәтердің кілтін тапсырады. Ал ЖАО арқылы Әкімшілік-іскерлік орталығынан (ӘІО) 8 үй, «Тұран» шағынауданынан 3 үй, барлығы 1314 пәтер коммуналдық бағытта жалға берілмек, – дейді М.Әбдінұров.

 

290 салымшы төлем қабілетін растауға кірісті

ӘІО-дағы 9 қабатты 11 үйдің тұрғындары жақын күндері қоныс тойын тойлайды. 1 шаршы метрі – 140 мың теңгеге бағаланған бұл үйлер мемлекеттік субсидилау нәтижесінде арзанға түсіп отыр дейді «ҚТҮҚЖ» банкі басшысының орынбасары Ақылбек Қоспанов.

– ӘІО-дағы үйлер 3 сыныпты сапамен салынды. 1 шаршы метрдің негізгі құны – 160 мың теңгеге тең. Бірақ, мемлекеттік субсидиялау нәтижесінде тұрғындарға 1 ш/м – 140 мың теңгеден беріледі. Сонда, 3 бөлмелі (көлемі – 73,66 шаршы метр) пәтер құны – 10 312 400 теңге. 2 бөлмелі (58,81 ш/м) пәтер –8 233 400 теңге. Ал 1 бөлмелі (37,59 ш/м) пәтер – 5 262 600 теңге, – дейді ол.

20171120 115237

«ҚТҮҚЖ» банкі 2005 жылдан бері облыс аумағында 3,5 мыңға жуық пәтерді мемлекеттік бағдарлама аясында үлестірді. Бүгінде 57 мың салымшысы бар банктің жалпы жинақ қоры 27 миллиард теңгеден асқан. 

– Биыл 558 пәтер кілтін тапсыруды жоспарланғанбыз. Оның 142-сі конкурс нәтижесінде анықталып бүгінде жаңа пәтерінің кілтін алуға дайын отыр. Сондай-ақ, жексенбі күні конкурстың екінші кезеңі аяқталды. 290 пәтердің иелері енді төлем қабілетін растауға кіріседі, – дейді А.Қоспанов.

Еске сала кетейік, «ҚТҮҚЖБ» ішкі ережесіне сәйкес, салымшы үйдің 30% құнын жинауы шарт. Ал конкурс сол 30% қор жинаған салымшылардың ұпай санын анықтайды. Жиған қорын банкте көбірек сақтаған салымшының ұпайы жоғары болады. Баспанаға қажетті қалған 70%-ды 5%-дық үстемемен банк несиеге береді.

Банк мемлекеттік бағдарламадан тыс, жеке инвесторлардың демеушілігімен және «Өз үйім» бағдарламасы аясында да салымшыларына жаңа пәтер кілтін табыстайтын болады.

turgin-ui-93

Баспанамен түгел қамтыла ма?

Көпқабатты тұрғын үйлер бүгінде «Тұран» шағынауданы мен «Шымкент сити» қалашығында да бой көтерді. «Бәйтерек Деволопмент» АҚ арқылы пайдалануға берілетін 16 үйдің 10-ы жаңа шағынаудандардан салынса, 6-ы Төлеметов көшесінің бойынан орын тепті. Мұндағы 6 қабатты, сапасы 3 сыныпты тұрғын үйлердің 1 шаршы метрі 180 мың теңге. Сондай-ақ, «Тұран» шағынауданындағы көпқабатты үйлердің 5-і «Самырұқ Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ арқылы берілмек.

Шымкент қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы М.Әбдінұров:

– Бүгінде кезекте тұрған 33 мың адамды баспанамен қамту үшін жылына 3000 коммуналдық және 4000 кредиттік пәтердің құрылысын аяқтап, пайдалануға тапсыруымыз қажет. Сонда 5 жылда бұл мәселе шешімін табады.

Опубликовано в Қала
Пятница, 24 Ноябрь 2017 06:05

Төрт отбасыға үй салып берді

ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкілдігі әрдайым жақсы істің бастамашысына айналған. Таяуда облыстық өкілдік пен «Зекет» қоры бірлесіп, облыс деңгейінде «Асар» атты қайырымдылық акциясын ұйымдастырды.

IMG 3046

Соның нәтижесінде Ордабасы ауданы, Шұбарсу елді мекенінде тұратын жағдайы төмен, көп балалы алтын құрсақты 4 отбасыға тегін зәулім үй салынды.

Жалпы, әрбір отбасыға бөлінген жер телімі – 8 сотық, салынған әр үйдің көлемі – 120 шаршы метр. Салынған әр жеке үйге 7 млн теңге көлемінде қаражат жұмсалды.

Әйгерім Асанова (5 баласы бар), Забира Оралова (7 баласы бар), Айнұр Төлегенова (5 баласы бар) және Насихат Батыроваға (2 баласы бар) пәтер кілтін ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы өзі тапсырды. 

IMG 3063

– Діни басқарма жыл сайын дәстүрлі түрде жағдайы төмен, көпбалалы алтын құрсақты, өмір тауқыметін тартқан отбасыларға үй салып беру қайырымдылық жұмысын қолға алуда. Биыл Оңтүстікте 8 үй салынды. Бұл шараларға жергілікті қолы ашық жомарт жандар демеушілік жасады. Мұндай игі істер жыл сайын жалғасады», – деді Бас мүфти БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында. 

Сондай-ақ, ҚМДБ төрағасы қайырымдылық іс-шарасы кезінде 4 отбасыға азық-түлік, үй жиһаздары мен өзге де тұрмыстық қажетті заттарын сыйға тартты. 

Бас мүфти асыл дініміздің өркендеуіне жан-жақты үлес қосып, халықтың әлеуетін көтеруге атсалысып келе жатқан жергілікті қайырымды жандарға айрықша алғысын жеткізді.

Опубликовано в Дін

Соңғы жылдары елімізде тұрғындарды баспанамен қамту мәселесі жүйелі түрде жүргізілуде. Осы орайда мемлекет қолдауының нәтижесінде облысымызда баспанаға қолы жетіп, қоныстойын тойлап жатқандардың қатары аз емес.


Облыс орталығы Шымкентте де көркі көз тартатын сәулетті де зәулім тұрғын үйлер бой көтеруде. Бұл жолғы «Нұрсәт» шағынауданындағы 35 пәтерлі қызметтік үй мен «Тұран» шағынауданындағы бесқабатты 16 үйдің пәтер кілттерін облыс әкімі Жансейіт Түймебаев салтанатты түрде табыс етті. 

Қоныс иелерін құттықтаған аймақ басшысы халықты баспанамен қамтамасыз ету мақсатында қалада соңғы жылдары тұрғын үй салу жұмысы қарқын алғанын айтты.

Әкімшілік-іскерлік орталығында орналасқан 35 пәтерлі қызметтік үйді баспана кезегінде тұрған – мәдениет саласы, әскерилер мен мемлекеттік және бюджеттік қызметкерлер алды.

Ал «Тұран» шағынауданындағы 640 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында «Бәйтерек Девелопмент» АҚ-ның есебінен салынған. Мұндағы 339 пәтер жергілікті атқарушы органдарда баспана кезегінде тұрғандар арасында бөлінді.

Жалпы, өңірімізде 2017 жылы 263 үйдің құрылысы жүргізіліп, жыл соңына дейін 116 үйдің құрылысы аяқталмақ. Осының нәтижесінде жыл соңында 6000 отбасы баспаналы болады.

Опубликовано в Әлеумет
Страница 1 из 4