Среда, 19 Апрель 2017 11:26

Сырлы Созақ, берерің көп-ақ

Баба Түкті Шашты Әзіз, Ысқақ бап, Қарабура кесенелері бар киелі мекен, кезінде мәдениеттер өркениеті тоғысқан, облыстың үштен бір бөлігін алып жатқан шежірелі Созақтың тарихы тереңде жатыр. Оған Теріскейлі қарт Қаратау куә. Талай ақын-жазушылардың, ғалым-зерттеушілердің еңбектеріне арқау болған қазыналы өңірдің бүгінгі келбетімен таяуда облыс журналистері танысып қайтты.

17523466 1523111511032189 4332066716904942055 n

«Дархан-ас» тұз шығаратын зауыты

 

Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдауында орта және шағын кәсіпкерлікке кеңінен тоқталып, әсіресе аграрлық өнеркәсіпті дамытуға мейілінше баса назар аудару керектігін айтып келеді. Сондай-ақ осы бағытта кәсіп ашып, жұмыс істеймін деген азаматтарға барынша мол мүмкіндік беруді тапсырған болатын. Елбасының тапсырмасына сәйкес бүгінгі таңда Созақ ауданының тұрғындары 47 мемлекеттік бағдарламаның игілігін көріп отыр. 

17634605 1523111671032173 4261494945997691016 n

Тоқтар Тәжібеков – мемлекеттік бағдарлама бойынша несие алып, мал шаруашылығымен айналысып жүрген кәсіпкерлердің бірі. Оның «Құрманәлі» шаруа қожалығында 1530 қой бар. Қазір қойдың қазақы және қылшық жүнді түрлерін будандастырып, бір қойдан 80 келі ет алып отыр. Алдағы уақытта ұсақ малды шетелге экспорттауды мақсат еткен. 2016 жылы ауданнан 2688 ұсақ мал Біріккен Араб Әмірліктеріне экспортқа шығарылған болатын. Биылғы жылы нарыққа 10 мыңнан аса мал сату жоспарланған. 

– Созақ жері мал асырауға өте қолайлы. Ал табиғи, құнарлы шөптерді жеп өскен малдардың еті де жақсы болады. Сондықтан да шетелге экспорттауға тиімді. Осыны ескеріп алғашқыда «Созақ несиеден» 3 миллион алып, жүз шақты қой асырай бастадық. Кейіннен басқа да малдарға біртіндеп көштік. Қазір мемлекет кәсіп бастаймын деген азаматтарға көп мүмкіндік беріп отыр. Жалпы өкіметтен 10 миллион теңге көлемінде субсидия алдым, – дейді «Құрманәлі» шаруа қожалығының басшысы Тоқтар Тәжібеков.

17626689 1523125481030792 3031359387668689253 n

IMG 8087-03-04-17-12-02«Аруана» қымыран цехы

 


Үш отбасы жұмысқа тартылған шаруа қожалықта қойдан бөлек 61 сиыр, 121 бас жылқы және 345 түйе бар. Сүт пен қымызды қоспағанның өзінде кооперативке күніне 30 литрден 100 литрға дейін қымыран тапсырады. Ал бұл өткізілген түйе сүтін қабылдап, оны өңдейтін «Аруана» өндірістік кооперативі Созақ ауданының орталығы Шолаққорған ауыл округінде орналасқан.

– Цехтың ғимаратын жөндеп, түйе сүтін өңдеп шығаратын құрылғыны алу үшін «Ырыс» несиеден 12 миллион теңге несие алдық, – дейді «Аруана» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы Жанболат Әдишов. 

Күніне 1 тонна сүт өндіретін кәсіпорында 15 адам жұмыс істейді. Келешекте бұл көрсеткішті 5 тоннаға дейін жеткізуді мақсат етіп отыр. Қазір мұнда қымыраннан бөлек, айран, иогурт, кілегей секілді өнімдер де шығарылуда. 

– Қазіргі дәрігер-ғалымдар уран өндірілетін аумақтағы тұрғындарға күніне жарты литр қымыран ішіп тұруға кеңес береді. Өйткені, мұндай жерлердегі адамдар туберкулез және түрлі ісік ауруларына шалдығуы мүмкін. Ал қымыранның осы дерттерге қарсы емдік қасиеті бар, – дейді «Аруана» кооперативінің инженер-технологы Көшбаев Сәрсен. 

Созақ – уран мен алтыннан бөлек тұз өндіруге де қолайлы аймақ. Мәселен, аудандағы «Бақыт таңы» тұз кені қазірде бүкіл өңірді ас тұзымен қамтамасыз етіп отыр. «Дархан-Ас» деп аталатын өндіріс кәсіпорны сағатына 5 тоннаға дейін иодталған ас тұзын өңдеуге қауқарлы. Қазір онда бас-аяғы 30 адам қызмет етуде. Дайын өнімнің аудан дүкендеріндегі 1 келі бағасы 20 теңге. 

IMG 8110-03-04-17-12-02

– «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша несие алып, осы өндіріс орнын аштық. Зауыт толықтай автоматтандырылған. Алдымен бізге келген тұз жуылып, кептіріледі. Сосын иодталып, қорапқа салынып, сатылымға жіберіледі, – дейді кәсіпорын басшысы Мұрат Сапаров.

Айта кетейік, елімізде былтырғы жылдың өзінде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 740 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Алғашқы жартыжылдықта оған 9500-ден аса адам қатысып, 15 мың жұмыс орны ашылған. 

Сапар барысында Созақ ауданының орталығы Шолаққорғанның орталық кітапханасында да болдық. Шолаққорғанның Оңтүстік Қазақстан облысындағы аудан, қалалар арасында кітап қоры жағынан көш бастап тұрғанын да айта кеткен жөн. 

– Кітапханада 385 мыңнан астам кітап бар. Олардың 8500-і сирек кездесетін құнды кітаптар. Сондай-ақ, бізде әлемдік әдебиеттің 280 томдығы және көне кітаптардан «Манас», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырлары өте жақсы сақталған,–дейді орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Зылиха Мыңжасарова.

17626287 1523099131033427 5254642019172265681 n

Кітапханада бұдан бөлек соңғы 32 жылдан бері «Егемен Қазақстан» («Социалистік Қазақстан»), «Оңтүстік Қазақстан», «Казахстанская правда», «Жас Алаш», «Молшылық үшін», «Теріскей», «Созақ үні» секілді газеттердің мұрағаты сақталған.
Кезінде «Оңтүстікте Созақ деген ел бар. Бұл шалғай жатқан, өзіне Қыдыр қонған ел» деп Шерхан Мұртаза айтып өткен Созақ ауданы Оңтүстік Қазақстан облысының 7 ауданында құрылған индустриалды аймақтың бірі.

17626434 1523144154362258 8052394877444214943 n– Созақ ауданы облыс орталығынан шалғай орналасқан. Бізде теміржол жоқ. Сондықтан кәсіпкерлікті дамытып, «ҚазАтомПром» мекемелеріне қатысты өнімдер шығаруға басымдық берілген. Сосын ауылшаруашылық саласына да ерекше көңіл бөлінуде. Жылына 10 млрд теңгенің өнімін өндіреді. 830-дан астам шаруа қожалық бар. Ал аудан бойынша 250 мың ұсақ мал, 9000-нан астам түйе, 25 мыңнан астам мүйізді ірі қара, 11 мыңнан астам жылқы бар,  –  деді аудан әкімі
Мақсат Исаев облыс журналистерінің Созақ өңіріне жасаған сапары кезінде.

 

Сапарғали ҚАНАТ,
Шымкент – Шолаққорған – Шымкент

 

 

Опубликовано в Қала

Қала келбеті тек сәнді де сәулетті үйлермен, жасыл желекті саябақтармен өлшенбейді. Күн сайын көркейіп келе жатқан Шымкенттің ажары оның тазалығына да байланысты. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Шымкент республикадағы үшінші мегаполиске айналатынын және тұрғындарының саны миллионға жетуі тиіс екенін айтқан еді. Қаланың таза, әдемі әрі жасыл желекке оранып тұруы әрбір адамның сүйіспеншілігі мен жанашырлығын қажет етеді. Соңғы жылдары шаһардың ауқымы кеңейіп, күн санап қарыштап дамуда. Сондықтан тазалық мәселесі алдыңғы орында.

DSC 1509

«Тазалық табалдырықтан басталады» дейді халқымыз. Ауланы ретке келтіріп, ұқыпты ұстау санитарлық талап қана емес, мәдениет пен талғамның белгісі. Содан болар, көктем, күз мезгілдерінде қала тұрғындары сенбілікке шығуды дәстүрге айналдырған. Олар қоршаған ортаны таза ұстауға өз үлесін қосуда. Дегенмен өз үйінің ішкі жинақылығымен ғана шектелетіндер бар. Себебі, қоқысты көшеге төгетін, үйдің жоғары қабатынан далаға лақтыратындар да кездеседі. 

Қаламызда 2 мыңнан астам көше, 2010 көпқабатты тұрғын үй, 1400-ге жуық аула бар. Бүгінде 1, 2, 3 санатты 156 көшенің тазалығына санитарлық-тазалық мекемелері жауапты. 

Дамыған шетелдерде тазалық мәселесі түбегейлі шешімін тапқан. Мәселен, Сингапур мен Малайзияның тұрғындары бұл жағына өте ұқыпты. Егер көшеге адам темекі тұқылын тастаса, 200 АҚШ доллары көлемінде айыппұл төлейді. Ал көліктің дөңгелегі кір болса, 500 доллар төлеуге міндеттісің. Сондай-ақ Германияда тазалықты таңнан кешке дейін комиссарлар қадағалайды. Ережеге бағынбайтындарға заң қатал. Бұл елде әрбір қадам сайын арнайы қоқыс жәшіктері қойылған. Темекіге, бөтелкеге, сағыз, шемішкеге арналған ыдыстар бар. Сондай-ақ Швейцария әлемнің таза мекені деп есептеледі. Өйткені қала ғана емес, кішкентай елдімекендер де мұнтаздай жарқыраған көрінеді. Бұл заң бәріне қатысты.

DSC 1629

Әрине біздің Шымкент тазалық мәселесінде әзірге Швейцариямен теңесе алмас. Дегенмен Швейцария да бірден бүгінгідей жағдайға жете қоймаған шығар. Ендеше...

 

Қалада қоқыс контейнерлері бар ма?

2016 жылы біздің қаламызда да тазалықты насихаттайтын орындықтар қойылды. «Туған қаламызды бірігіп таза етейік!» деген ұран жастарға әсер етпей қойған жоқ. Бұрын орындыққа отырып, шемішке шағып, сағыз қалдығын тастайтындардың қатары азайып келеді. «Қаламыз таза болса, көңiлiмiз де таза жүредi» деген қала басшысының сөзі жадымызда. Шымкенттің тазалығы үшін өткен жылы 830 қоқыс урнасы қойылды. Бұл тұрғындарға жауапкершіліктің артқандығын білдірсе керек. Сондай-ақ қоқыс жәшіктерін орнату жұмысы үлкен серпінмен алға басып келеді. Өткен жылы аудандарда 1140 қоқыс контейнерлері қойылды. Бұл көшелердің таза болуына, әрі қала мәдениетін қалыптастыруға тиімді болды. Ал қанатқақты жоба аясында қоқыстарды сұрыптайтын контейнерлер Қарасу, Қабанбай батыр көшелеріне және теміржол вокзалына орналастырылды. Енді қала тұрғындары үйден шыққан, үй маңындағы қоқыстарды сұрыптайтын контейнерлерге сала алады.

 

Көше тазалаушы – кемсітетін кәсіп емес

Соңғы жылдары өңірдің шырайы күннен-күнге айшықтала түсуде. 

Ұлттық нақышта безендірілген аллеялар, демалыс орындары көбейді. Осыдан он жыл бұрынғы Шымкент пен қазіргі қаланың келбетін салыстыруға келмейді. Оған көше тазалаушылардың қосқан үлесі аз емес. 

Шымкентте «ЛТД Тұрмыс» ЖШС, «Бәйтерек ЛБ», «Югдорсервис» және «СМД» ЖШС тазалық мекемелері қызмет етеді. Күн сайын қолына сыпырғы, күрек ұстайтын тазалық жанашырларының еңбегі ерен. Жұмысшылар шақырайған күннің, шытынаған аяздың, сіркіреген жауынның астында да жұмыс істейді. Ауа райының қандай қолайсыздығы болсын, тазалықшылардың жұмысы тоқтамайды. 

DSC 1649

Алайда олар қала тұрғындарының тазалық мәселесінде мәдениетін көтеру керек екенін айтады. Баласын қоқыс төгуге жіберетін кейбір ата-аналар арнайы жәшікке қоқысты апарды ма, болмаса аулаға, көшеге қалдырып кетті ме, сұрамайтыны аян. Өкінішке қарай, кейбір адамдар қоқысты кез келген жерге төгіп, тазалықшылардың еңбегін бағаламайды. 

– Жанға бататыны, тұрғындардың тазалыққа көзқарасының төмендігі. Кейде қолындағы умаждалған қағазын, сусыннан босаған баклажкасын тастаған жастарға, кейде тіпті ересек кісілерге ескертсең: «Сендердің жұмыстарың емес пе, сол үшін айлық аласыңдар ғой», – деп кемсітетіндері бар. Біз барлық жағдайда да өз жұмысымызды жауапкершілікпен атқарамыз, – дейді «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-нің тазалық-санитария бөлімінің жұмысшысы Замира Байтілеуова. 

Қалалық тұрғын үй шаруашылық бөлімінің бас маманы Ерубай Құралбаевтың айтуынша Шымқалада тағы да 15 көшеге тазалық жұмыстары жүргізіледі. Атап айтқанда, бұлардың қатарында Сайрам, Бадам-1, Бадам-2, Жұлдыз, Қарабастау елдімекендері бар. Сондай-ақ Шымкент қаласы әкімдігі мен «ОҚО Азаматтық Альянсы» қауымдастығымен бірлескен «Таза қала» байқауы өз жемісін беруде.

 

Асылхандай ағалар көп болса ғой

Иә, «Таза қала» байқауының маңызы ерекше. Қатысушылар саны жыл сайын көбейіп келеді.

DSC 1649

2016 жылы байқауға қатысуға 300-ден астам өтініш келіп түскен. ОҚО Азаматтық Альянсы» қауымдастығының президенті Шәріпбек Жамалбектің айтуынша, шымкенттіктер байқау өткізілгелі тазалыққа бей-жай қарамайтын болған. Бұрынғыдай емес, көшелер мен көпқабатты үй аулаларында тәртіп пен жинақылықтың қалыптасқаны байқалады. Сондай-ақ мектеп оқушыларының да белсенділігі жоғары көрінеді. Байқаудың нәтижесінде Шымқала біршама тазарып қалды. «Қаланың әдемі көшесі», «қаланың таза көшесі» деп айтатын жағдайға жеттік. Айта кету керек, байқаусыз да ауласын абаттандыратын тұрғындар да бар. Мәселен, Еңбекші ауданына қарасты «Ұлағат» шағынауданының тұрғыны, зейнеткер Асылхан Ағманов шағынаудандағы Айдын көшесін көркейтуге өзіндік үлесін қосып келеді. Зейнеткер өз қаржысы есебінен көше бойына автобус аялдамасын салған. Асылхан аға қариялар мен балалардың күз бен қыстың, жауын-шашынды, көктем мен жаздың ыстық күнінде көлік күтіп тұратынына жаны ашығандықтан осындай игі іс жасапты. 

– Мың шыбық шаншып өсірсең, халқыңа орман салғаның, өзіңе қорған салғаның» деген бабалар. Әр тұрғын көшет әкеліп отырғызуы тиіс. Жасыл желек бізге өте қажет. Түрлі кеселден аулақ болу үшін ағашты көбейтіп, аулаларды абаттандыру керек, – дейді бағбан. 

Қалаға жанашыр, көше, ауланы көркейтуге талапшыл тұрғындардың бары рас. Бірақ өкінішке қарай ондай жандар көп емес. Жанашырлық, қамқорлық әрбір адамның жүрегінде болса дейсің. Ұқыптылық санитарлық тазалық мекеме жұмысшыларына ғана керек пе? Әлде тазалық мәселесін «Таза қала» байқауымен ғана шектеу қажет пе? Қала, аудан әкімдіктері тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар жоқ емес. Жаңартылған аяқ жолдар, абаттандырылған аулалар, балалар және спорт алаңшалары қандай?! Мұның бәрі қаланың келбеті, тұрғындардың игілігі үшін ғой... 

Шымшаһар «таза, жасыл қала» ретінде өзге өңірлерге үлгі болуы тиіс. Оған мүмкіндік мол. Сырттан келген қонақтар қандай таза, шырайлы» деп тамсанып, танданса, ол біздің де көңілімізді көркейтпей ме?! Бұл – біздің қала деп мақтанбаймыз ба?!

Опубликовано в Қала
Пятница, 07 Апрель 2017 04:34

Шатқалдар саябаққа айналады

Шымкенттің жасыл желегі жайқалған қалаға айналады. Жоспар бойынша, қаланың 16 аумағында «Шатқал» бағдарламасы жүзеге асуда. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев жаңа жобаға жауапты мекемелерді бекітті. Олардың қатарына «Нұр Отан» партиясы ОҚО филалы, облыстық, қалалық мәслихат хатшылығы мен депутаттары және өңіріміздегі ЖОО-ы тартылған.

shatqaldar

Бүгінде Шымқалада жалпы аумағы 300 гектарды құрайтын 8 саябақ бар. Сондай-ақ 107 көше абаттандырылған. Ал «Шатқал» бағдарламасы нәтижесін берсе, 47 сай-сала көркейтіледі. Сонда әрбір шымкенттіктің үлесіне 16 шаршы метрден жасыл желек тимек. 

– Алдымызда жаз маусымы шіліңгір шілде келе жатыр. Әсіресе, аптап ыстықта облыс орталығындағы экологиялық ахуал қиындай түседі. Қазір адам басына демалыс аумағы небәрі 3 шаршы метрді құрайды. Сондықтан «Шатқал» бағдарламасын жедел түрде іске асыруымыз қажет. Көктемнің керемет шағын пайдаланып, ағаш отырғызу ісін тездетуіміз қажет. Сондықтан игі бастамаға қолдау білдірген азаматтар мен мекеме басшыларына алғысымды білдіремін, – деді облыс әкімі Жансейіт Түймебаев. 

Бекітілген жауапты мекемелердің күтіп-баптауына 226 гектар жер беріледі. Алғашқы кезеңде ағаш егілсе, келесі кезеңде жол төселеді. Көркейту, көгалдандыру жұмыстарынан соң, демалыс орындары мен балалар алаңшаларының құрылысы жүргізіледі. 

Айта кетейік, абаттандырылуы тиіс шатқалдардың көлемі жағынан үлкені – «Самал». Оның жалпы аумағы – 38 гектар. «Шымсая» мен «Юнус Эмре» шатқалдары 25 гектарды алып жатыр. Ал қалғандары 8-10 гектардың көлемінде. Ел игілігіне тапсырылатын шатқалдарға шығыс әдебиетінің көрнекті өкілдерінің, ақын, ғұлама, ойшылдарының есімдері беріледі.

Опубликовано в Қала
Пятница, 07 Апрель 2017 04:24

Мегаполис мүмкіндіктері

Шымкент әлеуетті де дәулетті қала болмақ

2013 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Шымкент Астана мен Алматыдан кейінгі халқы миллионды қамтитын үшінші алып мегаполиске айналуы тиіс» деген болатын. Содан бері көне шаһарда үлкен өзгерістерге дайындық жұмыстары жүргізіліп келеді.

Оңтүстік тұрғындары мұндай қарқынды өзгерістен, бұрын-соңды бұл аймаққа таңсық болған «Мегаполиске» қызығушылығы ауа бастады. Дегенмен, жұртшылықтың ауызынан әлі де «Шымкент мегаполис болса не болады?», «Мегаполис тұрғындары деген кімдер?», «Жалпы мегаполис деген не?» деген секілді сұрақтарды да естіп қалатынымыз жасырын емес. Көпшіліктің көкейіндегі осы сұрақтарға жауап іздеп көрдік.

DSC 1952

МЕГАПОЛИС ДЕГЕНІМІЗ...

Қазақстанда бір шаршы км-ге 6 адамнан, ал Сингапурде 7437 адамнан келеді екен. Бұл мемлекетіміздің халық саны жер аумағының үлкендігіне сай келмейтіндігін көрсетеді. Осындай үлкен территорияда тұрғындарды біркелкі қоныстандыру және үлкен аймақты игеру оңай емес. Сондықтан да мемлекетті модернизациялау бағдарламасында халықты аумақтық ұйымдастыруға баса назар аударылады. Оның дұрыс орындалуы халықтың еңбек әлеуетін тиімді пайдалануға мүмкіншілік береді.

Халықты аймақтық ұйымдастыруға – орналасу және қоныстану жатады. Осыған орай облыс, қала, ауылдық елдімекендер деген секілді атауларға бөлінген.

Қалалар – кез келген мемлекет дамуының негізгі рөлін атқарады. Мұнда адамдар көп шоғырланғандықтан түрлі бағыттарда еркін дамуға мүмкіндік болады. Сондықтан да әлемнің барлық жерлерінде ауылдан қалаға қоныс аудару процесі көп жүреді. Бұны бір сөзбен – урбандалу деп атайды. Ал тиісінше қала тұрғындары әлеуетінің артуы жалпы мемлекеттің қалыптасуына септігін тигізбей қоймайды. 

Қалалық орналасудың 3 формасы бар. Олар қала, қалалық агломерация және мегаполис. 

Қала – тұрғындары өнеркәсіп, сауда, қызмет көрсету орындарында және ғылыми, мәдени, басқару мекемелерінде жұмыс жасайтын, халқы тығыз орналасқан ірі елдімекен. Елімізде қала болуы үшін халық саны 50 мыңнан асуы керек. 

Агломерация лат. aqqlomerare - қосылу деген мағынаны береді. Қалалық орналасудың екінші формасы. Агломерация негізгі қаладан (ядро) және жақын маңындағы байланысы жақсы дамыған серіктес қаладан тұрады. Мысалы, Қарағандыны айтуға болады. Ал бұл Tеміртау қаласының пайда болуынан туындаған. 

Мегаполис – орналасудың үшінші формасы. Грек тілінен meqas - ірі (үлкен), polis – қала деген мағынаны білдіреді. Ежелгі Грекияның 35 елдімекенінің тұтасып кетуі нәтижесінде қалыптасқан «Мегалополь» қаласының атауынан пайда болған. Бұл агломерациялардың бірігуінен туындайды. Мегаполис тек қалалық құрылыстардан ғана тұрмайды. Шамамен аумағының оннан тоғыз бөлігі ғана ашық жерлер болады. Қала тұрғындарының саны миллионнан асады. Елімізде Алматы – Талдықорған, Астана – Қарағанды, Шымкент – Тараз секілді қалалар маңында кездеседі. Дүниежүзінде қалыптасқан мегаполистерге Токио — Осока (Жапония), Лондон — Ливерпуль (Ұлыбритания), Ұлы көлдер (АҚШ — Канада) және Калифорния (АҚШ) аудандары секілді жерлер жатады.

«SHYMKENT CITY» – ҚАЛАНЫҢ БАСТЫ ҚҰРЫЛЫС АЛАҢЫ

Американдық «Population Reference Bureau» зерттеу агенттігінің 2013 жылғы қорытындысы бойынша жер шарында 7,1 миллиард адам өмір сүреді екен. Оның 4,8 миллиарды Азияда, 1,1 миллиарды Африкада, 760 миллионы Еуропада, ал 352 миллион адам Солтүстік және 606 миллион адам Оңтүстік Америкада тұрады. 2050 жылы әлем тұрғындарының саны 9,7 миллиардқа жетеді деп болжаған.

Аталған ұйым сонымен қатар Токио әлемдегі ең ірі мегаполис екендігін мәлімдеген болатын. Деректерге сәйкес Жапония астанасында 37,2 миллион адам яғни, халықтың 29 пайызы шоғырланған. Ал Үндістан астанасы Нью-Дели қаласында 22,7 миллион, Мексика астанасы Мехикода 20,5 миллион адам тіршілік етеді. 

Деректерден байқағанымыздай, мегаполистердің басты ерекшеліктерінің бірі — халықтың қала аумағына шоғырлануы. Мемлекет басшысы Шымкент үшінші мегаполис болуы тиіс екенін текке айтқан жоқ. Оңтүстікте халық саны көп және бала туу көрсеткіші де жоғары. Мегаполис тұрғындарының саны миллионнан асып түсуі керек. Халық санының көп болуы экономиканың да жоғарылауына өз әсерін тигізбей қоймайды. Мұндай жағдайда бәсекелестік артып, ақша айналымы көбейеді. Соңғы мәліметтер бойынша Шымкент қаласында 910 мың адам тұрады. Бейресми статистикаға сүйенсек, қазірдің өзінде қаладағы адам саны миллионның үстінде. Мамандар биыл бұл көрсеткішке ресми түрде жетеміз деп отыр. 2017 жылы халық санының өсімі 102,9 пайызды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 2,9 пайызға артады деп күтілуде. Осыған орай, қала аумағы да 117 мың гектарға ұлғайып, төртінші Қаратау ауданы қосылды. Оның аумағы - 33 319 гектар. Жаңа ауданның құрамына «Асар», «Қайтпас», «Нұрсәт» және жиырмаға жуық тұрғын алаптары кіреді. Бұдан бөлек Сайрам, Төлеби, Ордабасы аудандарынан қосылған 40 елдімекеннің 145 мың тұрғыны қалалық атанды. Демек, адам санының өсуіне байланысты бюджеттің де қаражаты көбейеді деген сөз. Бюджет демекші, егер Шымкент мегаполис болса қала республикадан қаржыландырылатын болады. Сәйкесінше, оның көлемі де артады.

Адам санының өсуіне байланысты әлемнің ең ірі мегаполистерінің өзінде де көлік кептелісі бойынша мәселелер жоқ емес. Дегенмен, Шымкент қаласы мұндай өзгеріске алдын ала қамданып, ерекше дайындық жұмыстарын жүргізуде. Мәселен, қаланың оңтүстік және солтүстік аумағына қарай 5 байланыс жолы қосылады. Және жаңа жолайрықтар мен жаяу жүргіншілер өткелі салынып, ескі жолдар қайта құрылады. Сондай-ақ, жеңіл рельсті жолдар мен А-2 тас жолдарын салу жоспарланған. Осы арқылы Абай және Қонаев даңғылдарының жалғасын және Оңтүстік, Солтүстік, Шығыс айналма жолдарының құрылысын аяқтау тапсырылған. Өңірімізде жыл сайын көлік саны артып, тек қала көшелерінің өзінде 323, күндіз 500 мыңға дейін жетіп отыр.

Үлкен қаланың келбетін көркейте түсетін тағы бір нәрсе – зәулім ғимараттар. Қала әкімінің жоспарына сәйкес, Шымкентте заман талабына сай жаңа ғимараттар бой түзейді. Ол Астана, Арғынбеков, Қонаев көшелерінің бойында салынатын болады. Сондай-ақ, еліміздегі ең үлкен сауда-ойын сауық орталығы «Shymkent Mall» салынбақ. Дүкен, гипермаркет, балалардың ойын алаңы, кинотеатр, 3000 адамға лайықталған фудкорт, 3500 орынға лайықталған автотұрақ барлығы да 38 гектарды құрайтын осы орталықтан табылмақ. Осының нәтижесінде қала ішіндегі ретсіз сауда жойылып, ірі базарларға толыққанды жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ал қаланың солтүстік бетінде салынатын «Shymkent city» қалашығы мен жаңа әуежай да қала көркін асыра түсері анық.

Мегаполис тек адам саны мен зәулім ғимараттармен ғана шектелмейді. Мұндай шаһардың тұрғындары тұрақты жұмыспен қамтылып, кедергісіз кәсіппен айналысып, сапалы әрі қауіпсіз өмір сүруі керек. Шырайлы Шымкент шаһарында мұндай мәселелердің бар екені жасырын емес. Дегенмен, қала басшылығы бұл мәселелерді жоспар бойынша біртіндеп шешіп келеді. Мәселен, қазір халықтың 83,5% ауызсумен, 44,8% кәріз жүйелерімен, 85% электр жарығымен, 65% табиғи газбен қамтылған. 2020 жылға қарай қаланың коммуналдық мәселелері толықтай шешіледі деп күтілуде. Сондай-ақ, былтыр 2455 жеке тұрғын үй, 557 коммерциялық нысан, 42 мемлекеттік (әлеуметтік) нысан пайдалануға берілді. Биыл 1600-ге жуық коммуналдық пәтердің кілттерін табыстау жоспарланған. Мемлекеттік «Тұрғын үйлерді жаңғырту» бағдарламасы бойынша көпқабатты тұрғынүйлерге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Ал тұрғын үй құрылысының даму жоспарына сәйкес, өңірімізде алдағы 5 жылда 47 619 отбасы баспанамен қамтамасыз етілетін болады.

Шымкенттің транспорт және логистикалық әлеуеті де жоғары. Қаладан түрлі бағыттарға теміржол мен тасжол өтеді. Батыс Қытай – Батыс Еуропа дәлізімен көрші мемлекеттерге сауда-саттық жасауға болады. Табиғаты, ауарайы қолайлы. Мал, егін шаруашылығын дамытуға мүмкіндік көп. Тоғыз жолдың торабында орналасқандықтан көне шаһар туризмге де өте тиімді. Қазіргі таңда қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың тапсырмасына сай, осы айтылған барлық бағыттар бойынша жұмыстар жүргізілуде.

«МЕГАПОЛИС ТҰРҒЫНДАРЫ» КІМДЕР?

Дегенмен, Шымкентті мегаполисқа айналдыру тек басшылардың ғана бас ауыртатын жұмысы емес. Бұл ретте қала тұрғындары шаһардың шаруасына бір кісідей атсалысуы тиіс. Бізге мұндайда Токио мен Шанхайдың бір-бірін түсінетін, Сингапур мен Баварияның тазалына бейжай қарамайтын, Лондон мен Нью Йорктың адам құндылықтарын бағалайтын мегаполис тұрғындары үлгі бола алады. Міне, «Мегаполис тұрғындары» осылар.

Шымкент те көп ұзамай мегаполис қалаға айналатыны анық. Мұнда да «Мегаполис тұрғындары» өмір сүреді. Көптеген ғимараттар тұрғызылып, жаңа құрылыстар жүргізіліп, аумағы кеңейеді. Алайда, тұрғындардың мәдениеттілігі де қаламен бірге өсіп отыруы керек. Мәселен, Токио тұрғындары секілді. Бұл жақтың көшелерінен қоқыс жәшіктерін көп кездестірмейсіз. Өйткені, тұрғындар қоқыстарын үйіне барғанда бірақ тастайды. Бұған әрине таңғаларсыз, дегенмен сүйінішті іс. Сондай-ақ, ол жақта әмияныңыз жоғалып қалса, оны қайтарып беру мүмкіндігі 90%. Ал Берлинде қоғамдық көліктерде билет тексеру болмайды. Әркім өз ар-ұятымен ақша тастап кетеді. 

Бұл бағытта да Шымкент билігі түрлі жұмыстар жүргізуді бастады. Алдымен қоғамдық көліктерде айқайлап адам жинайтын кондукторларды тәртіпке келтіру ұсынылған. Мұндай әрекеттер шетелден және өзге облыстардан келген қонақтарға жағымсыз әсер қалдырады. Бұдан басқа, мәдениетке теріс әсер ететін көлік тұрақтарындағы тәртіпсіздік, жол ережесін бұзу, қоқыс тастау секілді әдеттерден бірге арылуымыз керек.

Опубликовано в Қала

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында еліміздің аграрлық секторы экономиканың жаңа драйвері болуы тиіс деп атап өтті. Бұл ретте ауыл шаруашылығын дамыту, оның ресурстарын, бірінші кезекте жерді, материалдық мүмкіндіктерді, өндірістік қорларды, қажетті ұйымдастырушылық іс-шаралар жүргізу кезінде еңбек ресурстарын дұрыс пайдалануға үлкен үміт жүктеледі.

 

57430fd963854Жаңа үлгіні қалыптастырудың негізі

Бүгінде ауыл шаруашылығын көтеру және дамыту үшін мемлекет тарапынан қаражат жеткілікті бөлінуде. Және аграрлық салада кооперация негізінде заңды түрде дамитын жаңа кезең басталады деп батыл айтуға болады.

Агроөнеркәсіп кооперациясының үрдісі жаңалық емес, ол ауыспалы табыспен дамып отырды. Кеңес одағының билігі кезеңінде ол бізге нақты сабақтар мен қорытындылар берген күштеп ұжымдастырумен жүргізілді.

Еліміздің аграрлық секторын дамытудың жаңа кезеңі үшін осы үрдістің негізін қалаушы қағидаттар және оның ішінде шаруашылық жүргізу түрлерін, әлеуметтік-экономикалық алғышарттарды еркін таңдау құқығының, осы үрдісті қолдаудың заңдық негіздері мен тетігінің болуы маңызды. 

2016 жылдың бірінші қаңтарынан Қазақстанда кооперация туралы жаңа заң қабылданды. Осы мәселе бойынша бұдан бұрын қабылданған Заңдар, дәлірек айтсақ, оның үшеуі іс жүзінде өз күшін жойды. Бұрынғы заңда қабылданған өзекті мәселелердің бәрі соңғы кооперация туралы заңда шоғырланған. Біріншіден, онда еріктілік қағидасы тіркелген.

Шын мәнінде, қазіргі заманғы кооператив – бұл жаңа үлгідегі құралымдар құру үшін өндіріс ресурстарын біріктіру. Осы үрдіске екпінді серпін беру үшін қазіргі таңда мемлекет кооперацияны дамытуды қолдауға үлкен қаржы бөліп отыр. Ұлт Көшбасшысының айтуынша, кооперацияны дамытуға 100 миллиардтан астам теңге бөлінеді. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтың мәліметі бойынша осы жылға 51 миллиард теңгеден артық қаржы берілген. Бөлінген қаражат, соның ішінде кооперация үрдісінің даму барысын ынталандырады. Айта кету керек, шаруалар бұған үлкен қызығушылық танытуда.

Уақыт келді

Кооперация үрдісінің маңыздылығы мен қажеттілігі көптеген алғышарттарымен анықталады. Егер, кеңес уақытының ұжымдастыру және индустрияландыру кезеңін мысалға алатын болсақ, онда сол кезеңнің көптеген ғалымдары және оның бірі Алов-Лапскер » қазір, жиырмасыншы жылдары тек ертең жүзеге асыруға болатын істер атқарылуда» деп сол кездің өзінде атап өткен. Шындығында ол кездері агроиндустриалды комбинаттар құру процесін жүзеге асыру мен дамытудың жеткілікті алғышарттары болмады. Бұл қалыптасуға мәжбүрлеп енгізілген шаруаларға ауылшаруашылық шикізаттары алыстан тасып жеткізіп отырылды. Ең алдымен не материалдық, не қаржы ресурстары жеткілікті болмаған.

Біздің Президент бұрынғы жылдардың тәжірибесін ескере отырып, бұл үрдісті іске асыру бойынша үкіметке уақытылы тапсырма берді. Нақты заңнамалық негізі, өндірістің әлеуметтік-экономикалық шарттары мен материалдық-қаржы ресурстары дайындалған. Шаруалар жеке дара жұмыс атқарып, ұсақ тауарлар өндірумен айналысты және өз тәжірибелерінде ірі тауар өндірісін дамыту үшін ерікті түрде кооперативке бірігу қажет екендігіне: онда оның әрбір мүшесінің беделді дауысы бар, бір кооператив мүшесі – бір дауыс екеніне көздері жетті. Бүгінде елімізде ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілетін кооперация нысандарымен қамтылмаған 500 мыңнан астам жеке қосалқы шаруашылықтар мен ұсақ фермалар бар.

Аграрлы Шымкент

Шымкентте 3900-ге жуық жеке қосалқы шаруашылығы ауыл шаруашылығы өнімдерінің негізгі бөлігін өндіреді, оның ішінде 65% ет пен 87% сүтін миллион халқы бар қала тұтынады. Облыс орталығында шамамен 240 жеке кәсіпкер, ауыл шаруашылығы кооперативтері мен ЖШС бар.

2012 жылмен салыстырғанда Шымкент қаласының алаңы жаңа бас жоспарға сәйкес 40 мың гектардан 117 мың гектарға дейін үш есе артқан. Оның ішінде ауыл шаруашылығы алқаптарының ауданы 62 мың гектарды құрайды. Бұл дегеніміз Шымкент қаласын тек Қазақстанның оңтүстігі емес, еліміздегі, сонымен қатар Орталық Азиядағы бірегей қала екенін көрсетеді. Өйткені олардың көбісінің азық-түлік қауіпсіздігі мен таза экология белдігі болып саналатын мұндай агроөнеркәсіптік потенциалы жоқ. Президентіміз дәл осындай белдеулерді мегаполистердің айналасында қалыптастыру туралы айтты.

Иә, қаланың өсу болашағы әлі алда. 2030 жылға дейін 62 мың га ауылшаруашылығы жерлерінің 20 мың гектары тұрғын-үй құрылысы мен қаланың инфрақұрылымына кетеді. Дегенмен, 42 мың га жер ауылшаруашылығы мақсатында қалады. Оларды тиімді пайдаланылған жағдайда суармалы жерлер 40 %-ға және ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігі кемінде бір жарым есеге өсуі тиіс. Демек, біз ауылшаруашылық өндірісінің көлемін арттырып қана қоймаймыз, сондай-ақ мал шаруашылығының өнімділігін арттырамыз.

Бүгінгі күні Шымкент қаласы бойынша ауылшаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 22 миллиард теңгеге жетті. Қазір Шымкент қаласы аграрлық өндірісінің көлемі және ауылшаруашылығы алқаптарының аумағы жағынан ОҚО-ның 14 аудандарының арасында жетінші орында тұр. Байқасаңыз, соңында не болмаса соңғының алдында емес, ортасында. Осыдан кейін «бұл факторды тиімсіз пайдалануға біздің құқымыз бар ма?» деген сұрақ туындайды.

Шымкенттің шекарасының ішінде аграрлық азық-түлік белдеуі өнімді жеткілікті көлемде шығарады, тамаша инфрақұрылымы бар, облыс орталығына өзін-өзі қамтамасыз етудің кең мүмкіндіктерін ұсынады. Барлығы белгілі «егістік-дүкен» формуласын біледі. Шымкентте ол жақсы жүзеге асырылуда, яғни , жақын уақытта сәтті іске аспақ.

Соның ішінде логистика

Аграрлық аймақ аумағында – Шымкент қаласының азық-түлік белдеуінде сауда-логистикалық орталығы (СЛО) орналасқан. Біз СЛО секторының иелерімен бірлесе отырып оның базасында кооперативтер құру туралы бастамалар көтеріп отырмыз. Бұл ретте сауда-логистикалық орталығы секторы иесінің сыйымдылығы 10 мың тоннаға дейін жететін тоңазытқыштары бар. Әрине, сол үшін бұл қуаттарды жеміс-көкөніс және ет өнімдерімен толтыруға мүдделілік бар.

Өткен жылдардың тәжірибесіне жүгінсек, бұл СЛО ыдыстары өте нашар толтырылған. Өнім сапасыз, түрлері жеткіліксіз болған. Жалға алушылар мардымсыз шаршы метрді алып, өздерінің азғантай өнімдерін сонда сақтап отырған. Сондай-ақ, бұл алаңдар ауылшаруашылық өнімдерін мысалы, Қазақстанның басқа өңірлерінен әкелінген картопты сақтауға пайдаланылған. Бізге бұл картоп ерте күзде әкелініп, жаңа жылдан кейін солтүстік аймақтарға қайта шығарылған.

Ал қазір біздің алдымызда өзіміздің өнімімізді өндіріп, СЛО-да сақтап, оны одан әрі таратуды жүзеге асыру міндеті тұр. Міне, бұл тиімді! Міне осыған сауда-логистикалық орталықтары қоймаларының иелері қызығушылық танытуда.

Бұрын бұл идеяны жүзеге асыру үшін қажетті көлемде және тиісті сапада өнім болмаған. Ассортимент те жеткіліксіз болған. Ал кооперация бұл жоспарды жүзеге асыру үшін өте көп кеңшілік береді.

Көптеген ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілері кооперативтері СЛО қоймалар базасында кооперативтер құруға тілек білдіруде. Бұл өте тиімді. Өндірушілер СЛО қоймалардың иелерімен шартқа отырып, өздерінің өнімдерін осы қоймаларда сақтауға тапсыратын болады. Шартта ауылшаруашылық өнімдерінің көлемі, ассортименті, сапасы, көрсетіліп, болашақта сәтті жүзеге асырылады.

Ғылым – көмекке келеді

Бұл – осы бағыттағы алғашқы қадамдар ғана. Бұл жұмыс 2016 жылдың қаңтарынан басталған болатын. 2016 жылдың соңында біз 15-тен астам кооперативтер құрдық. Осы жобаларды іске асыру үшін біз ең алдымен кооперация туралы заңның авторларын және Қазақ агроөнеркәсіп кешені экономикасы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарын шақырдық. Олардың фермерлер мен Шымкент қаласы әкімдігінің аграрлық бөлімінің қызметкерлерімен кездесулері ұйымдастырылды.

Бұл шаруа қожалықтарында көшпелі семинарлар ұйымдастыруға түрткі болатын өте қызықты және пайдалы іс-шара болды. Онда біз ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілерді жеке кооперативтер құруға, сонымен бір мезетте жергілікті ғалымдарды ойлап тапқан технологиялық элементтерін өндіріске ендіру жөнінде ұсыныстар айтуға шақырдық.

Мәселен, профессор А. М. Аширов тұқымдық және отырғызылатын материалды себу алдындағы өңдеу технологиясын ойлап тапқан. Онда ол тұқым мен отырғызылатын материалды өңдеу мен себу уақытын анықтау үшін алғаш рет космогеофизикалық әдістер пайдаланған. 

Технология жан-жақты. Оның негізінде «Ауыл шаруашылығы дақылдарының биорезонансты белсенділігін күшейту заңдылықтары» мәнісін ашудың сыры жатыр және ол дәстүрлі агротехнологияны өзгертуді қажет етпейді. Ол кез келген жерде қолданылады және ауылшаруашылығы дақылдарының 11 түрінде сыналған, оның ішінде бидай, арпа, мақта өсімдігі, күріш, қызылша. Барлық жағдайларда өнімділіктің үштен бірге артқандығы тіркелген. Бұл технология Қазақстанда, Ресейде, Өзбекстанда, Украина, Германия, Түркия, Канадада сынақтан өткен.

Ресейлік және германиялық сараптамадан кейін (Ганновер) профессор А.Ашировке ғылыми жаңалықтары үшін Ресейдің дипломы берілді (10.12.2004 жылғы №272 қаулысымен), төрт патент алынды және Қазақстанның авторлық куәлігі берілді. Зерттеу нәтижелері бойынша бес монографиясы, соның ішінде шетелде де жарияланды. Ұсынылып отырған инновациялық технологиялардың ауқымдылығын ескере отырып, авторларға қалалық, облыстық әкімдіктер және мемлекет тарапынан қаржылық қолдау қажет.

Бұл технологиялардың егжей-тегжейі «Казахстанская правда» газетінің 30 сәуір 2005 жылғы санында «Открытие глобального значения», «Мегаполис» газетінде (№9 (222) 5.03.2005 ж.) «В лучах славы» және 18.04.2005 жылғы «Революционный прорыв» атты мақалаларда жарияланған.

 

Тимур БАЙМҰХАНОВ
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, экономика
ғылымдарының докторы

Опубликовано в Әлеумет

Қазір көктемнің күні туып, диқан қауымы шаруаға кіріскен шақ. Қаладағы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілер 10 400 гектар алқапқа егін егу жұмыстарын жүргізді. Қажетті жанар-жағар май мен тыңайтқыштар көлемін анықтау мақсатында шаруашылықтардан өтінім жинау басталып кеткен. Ел Үкіметі агроөнеркәсіп кешенін дамыту, шаруашылықтарды кооперативтерге тартуға баса назар аударып отырғаны белгілі. Шымкентте бұл бағытта атқарар жұмыс көп. Қалалық ауылшаруашылығы және ветеринария бөлімі 2020 жылға дейінгі даму тұжырымдамасын жүзеге асырмақ.

sharua

КООПЕРАТИВКЕ ҚЫЗЫҚТЫРА БІЛУ КЕРЕК

Елбасы 14 ақпан күні Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасын бекітті. Ондағы негізгі мақсат – отандық өнімнің экспорттық әлеуетін дамыту, ауылшаруашылық кооперациясына шағын және орта шаруашылықтарды тарту, су ресурстарын тиімді пайдалану және т.б.
2021 жылға дейін азық-түлік өнімдерін экспорттауды 40%-ға ұлғайту міндеті тұр. Елбасы халыққа арнаған әр Жолдауында ауылшаруашылын дамытуға, оның ішінде етті және сүтті мал өнімдерінің көлемін арттыруға, оны қайта өңдеу ісіне мән береді.
Таяуда облысқа ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов келіп, кооператив ісіне шаруаларды қызықтыра білуге шақырды. Яғни, бұл саладағы мамандарға зор жауапкершілік жүктеліп отыр.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Тимур Баймұханов бұл бағытта қалада атқарар шаруа көп екенін айтады. Өткен жыл жемісті қорытындыланды. Бірқатар мәселелер де бар.
Қазір қаладағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі – 62,2 мың га: 39 417 га – егістік, 19 571 га – жайылым, 244 га – шабындық және т.б. Жалпы қала бойынша бүгінде 4152 ауылшаруашылық кәсіпорыны жұмыс істейді. Оның 3908-ы шаруа қожалық, қалған 244-і жауапкершілігі шектеулі серіктестік пен өндірістік кооператив.
– Азық-түлік тауарларын өндіру жөнінен де қаланың әлеуеті жоғары. Бұл бағытта да нәтижелі жұмыстар баршылық. Былтыр облыс әкімдігі, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы және қала әкімдігі тарапынан үшжақты келісім-шарт негізінде салаға қатысты 30 тапсырма берілсе, жыл қорытындысы бойынша аталған тапсырмалардың 27-і жоғары деңгейде орындалды. 2016 жылдың қорытындысы бойынша қалада 15 ауылшаруашылығы кооперативі құрылды. Оның ішінде қазір жұмыс істеп тұрғаны – 12.
Осы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2016 жылы қала бойынша жалпы ауыл шаруашылығы өндірілген өнім көлемі 22 млн 215,5 теңгеге жетті, – дейді Тимур Сұлтанбекұлы. Бұдан бөлек, қалада ветеринариялық бақылау және қадағалау ісі, ауылшаруашылық жануарларын тасымалдау бойынша да бірқатар жұмыстар жүргізілмек.

 

10,1 ГЕКТАР ЖЫЛЫЖАЙ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімі мамандарының берген мәліметі бойынша қалада атқарылып жатқан жұмыстардың барысына келейік.
2016 жылы жүзеге асқан ірі жобалардың бірқатары мынадай: жобалық құны 500 млн теңгеден астам «SMG Greenhouse Profit» ЖШС-і – 2,2 гектарға жылыжай құрылысын аяқтады. Ал 4,7 гектар алқапқа жайғасқан «Асар KZ» АӨК өнеркәсіптік жылыжайының жалпы жобалық құны – 519 млн теңге.
Бұдан бөлек, 336 млн теңгеге жобаланған «Аманкелді» ЖШС-і мал бордақылау алаңы құрылысын жүргізіп, жұмысты бастады.
«ZEROMAX» және «Ak ordasy building» ЖШС-і 57 гектарға құны 15 млрд теңгеге жуық «Агроқалашық» жылыжай кешенінің құрылыс жоспарын дайындады. Жалпы, былтыр 10,1 гектар алқапта жылыжай, 20 гектар жерде қарқынды бау өндірісі жұмысын бастады. Егін шаруашылығына жоғары өнімді жаңа интенсивті технологиялар ендірілуде. Атап айтқанда, былтыр 4200 гектар жерге терең қопсыту, 200 гектарға тамшылатып суғару технологиясы енгізілді.

 

«МАЛ ҰРЛЫҒЫНА ТОСҚАУЫЛ!»

Қалада ветеринариялық бақылау және қадағалау жұмыстары да жандана түскен. Ауылшаруашылығы жануарларын және ет өнімдерін тасымалдау мен ветеринариялық-санитарлық бақылау күшейе бермек. Өткен жылы облыстық прокуратураның бастамасымен «Мал ұрлығына тосқауыл!» жобасы іске асты.
Шымкент қаласының аудандық прокурорлары, жергілікті полиция қызметінің өкілдері, қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімі мамандары қаладағы базарларда ауыл шаруашылығы малдарының сырғасын, ветеринариялық паспортын және анықтамасын анықтау мақсатында рейдтік іс-шаралар жүргізіп, бірқатар заңсыздықтарды анықтаған.
Мәселен, 8 қаңтар күні «Сандыбаев» және «Иман» ЖШС-нің мал базарларына ветеринариялық-санитарлық бақылау жұмыстары жүргізіліп, оның нәтижесінде «Ветеринария туралы» Заңының 25 бабы 4 тармағының және ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің бекітілген талаптары бұзылғаны мәлім болып отыр. Жеке кәсіпкерлерге қалалық бөлім тарапынан заң бұзушылықтарды қалпына келтіру туралы нұсқама берілді.
Қазіргі таңда ветеринария саласында құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында қалада 10 ірі базарға, 2 мал базарына, 104 супермаркет пен дүкенге хабарландыру ілінді.
ҚР Ауыл шаруашылығы министірінің бұйрығына сәйкес, 2016 жылы облыстық басқарма бекіткен ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жоспарына сай 33 500 бас ірі қара, 74 500 бас уақ мал және 2560 бас жылқы малы бірдейлендіріп, ВЕБ-порталға енгізілді. Бұл – жүз пайыздық көрсеткіш.

 

СУАРМАЛЫ ЖЕР КӨЛЕМІН 40 ПАЙЫЗҒА ҰЛҒАЙТУ ҚАЖЕТ

Қалада агроөнеркәсіп кешенін дамыту мақсатында қолға алынған 2020 жылға дейінгі «Даму» бағдарламасына сәйкес бірқатар жобаларды жүзеге асыру міндеті тұр.
Мәселен, жылыжай өндірісі бойынша 136 гектар жерге жайғасатын «Жылыжай жұмағы» кешенін айта кеткен жөн. Жобаның жалпы құны – 50 млрд теңгеден астам.
2020 жылға дейін тамшылатып суғару технологиясын 1150 гектарға ендіріп, қарқынды бау көлемін 154, ал жылыжай көлемін 90 гектарға дейін ұлғайту керек. Бұл орайда ескерер мына жағдайды айта кетсек. Бүгінде шаруашылықтарға мал азығын егудің орнына, қала халқының тұтынуына қажетті ауыл шаруашылығы дақылдарын егу ұсынылып отыр. 10 мың га суармалы жерлерді игеру бағытына сәйкес, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерге түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, 2020 жылға дейін қала аумағындағы суармалы жер көлемін 40 пайызға ұлғайту межеленген.
Жалпы, қала бойынша ауыл шаруашылығы су нысандарының ұзындығы – 275, 2 шақырым. Бүгінде бөлім мамандары тарапынан нысандарды зерделеу актісі дайындалуда. Оның қорытындысына сәйкес, жөндеу және тазалау жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттамалар бойынша бюджетке ұсыныс беріледі.
Қала әкімінің орынбасары Т.Баймұханов су нысандарын күтіп ұстау бойынша Сайрам, Төлеби, Ордабасы аудандары әкімінің орынбасарларымен кездесу жиын өткізген еді. Ендігі кезекте Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімі тарапынан мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын ашу қажеттігі туындап тұр.
Кооперативтер құру ісіне келер болсақ, бұл бағытта да атқарар жоспар ауқымды. Қазіргі таңда қала аумағындағы шағын мал бордақылау алаңдарын қоса алғанда 15 000-ға жуық ірі қара мал бордақылануда. Бағдарламаға сәйкес, 2020 жылға дейін 188 шағын мал бордақылау алаңын, 140 шағын сүт және 4 шағын құс фермасын ашу көзделіп отыр.
Статистика мәліметтеріне сәйкес, 2016 жылдың қорытындысы бойынша ет және сүт өндірісінің 50 пайыздан астам үлесі жеке қосалқы шаруашылықтарға тиесілі екен. Қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімі ет және сүт өндірумен айналысатын жеке қосалқы шаруашылықтарды біріктіру арқылы ауыл шаруашылығы өндірістік кооператив құруды ұлғайта бермек.

Опубликовано в Қала
Среда, 29 Март 2017 05:28

Жылыжай жылуын сезіндірген

Елбасы биылғы Жолдауында: «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіру керек. Қазақстанның әр өңірі жаппай кәсіпкерлікті, соның ішінде отбасылық кәсіпкерлікті дамыту бағытында кешенді шаралар ұсынуға тиіс», – деген болатын. Президенттің тапсырмасымен Үкімет биылдан бастап Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асыруға кірісіп кетті.

IMG-20170210-WA0016

Осы орайда Шымкент қаласының Кәсіпкерлікті қолдау орталығы, ОҚО Кәсіпкерлер Палатасы жергілікті кәсіпкерлерге несие беру аясын кеңейтіп, бизнес жүргізу үшін қаржылық сауаттылыққа үйретіп келеді. «Даму» Қорының қолдауын алған түркістандық кәсіпкер жылыжай шаруашылығымен 3 жылдан бері айналысады. Жылыжай демекші, жуырда ғана өңір басшысы Жансейіт Түймебаев биыл облысымызда жылыжай көлемі 300 гектарға артып, тамшылатып суару әдісі 7,2 мың гектар алқапта қолданылатынын айтқан болатын. 

Түркістандық кәсіпкер бикеш Айгүл Қанжігіт 3 жыл бұрын жылыжай шаруашылығымен айналыса бастады. Оған отбасы да атсалысады. «Айгүл Қанжігіт» жеке кәсіпкерлігі 26 адамды жұмыспен қамтуда. Жылыжай аумағы 3 гектарды құрайды, 2 гектарға қызанақ, қияр және голландиялық раушан гүлдері отырғызылған. Қызанақтан – 80-90 тонна, қиярдан – 70-80 тонна, 45 мың түп раушанның әр түбінен 3-4 гүлден өнім алған. 

Өткен жылы шаруалар жаңаша бағытта ізденіп, өндірісті дамытуды көздейді. Оңтүстік аймақтың нарығындағы ауылшаруашылық өнімдеріне талдау жасағана олар ташкенттік сұрыптағы лимон өсіруді қолай көріпті. 

IMG-20170314-WA0014

– Жылыжайда көкөністерді өсіру көп еңбекті қажет етеді. Жылыжай көбірек өнім беруі үшін, әрбір көкөніс пен жеміс түрін өсірудің құпиясын білуі керек. Мұнда топырақ органикалық жағдайда құнарландырылады, – дейді жеке кәсіпкерліктің агрономы Бақытжан Момынов. – Жылыжайда қызанақ пен қияр өсіреміз. Ал өткен жылдың басында лимонды да өсіру қолға алынды. Лимон қыста да, жазда да халықтың үлкен сұранысына ие. Өз өнімдеріміз әзірге еліміздің ішкі нарығына ғана таралуда. Яғни, Астана, Алматы, Ақтөбе, Қызылорда облыстары мен Түркістан қаласын қамтып отыр. 

IMG-20170314-WA0005Лимон өсіру үшін кәсіпкер Түркістан қаласындағы «Даму» Қорының Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына (КҚКО) барған, ол жерде кәсіпкердің жобасын мемлекеттік бағдарлама шеңберінде Банк-серіктестен мақұлдау алғанға дейін қолдау көрсетіледі. Осылайша, жыл басында кәсіпкерлер «АТФ Банк» АҚ филиалынан 16 пайыздық несие бойынша жалпы соммасы 130,0 млн теңге қаражат алады. Оның 10% сыйақы мөлшерлемесін «Даму» Қоры субсидиялайды, ал қалған 6% кәсіпкердің өзі төлейді.

Несие қаражатына жылыжай кешені салынды, 1 300 түп ташкенттік сұрыптағы лимон көшеттері сатып алынды, бұл сұрып жұқа және жұмсақ қабығы үшін, ал еті шырынды және хош иісті болғандықтан, үлкен сұранысқа ие. Көшеттер топыраққа отырғызылады, көшет отырғызу аумағы 1 гектарды қамтиды. Температурасы +10С төмен емес деңгейде сақталып отырады, көмірмен жылытылады. 

Көшеттер былтыр күзде бір ағаштан 20 данаға дейін өнім берген. Кәсіпкер алдағы күзде 26 тонна лимон жинамақ ниетте. Түркістандық кәсіпкер Айгүл Қанжігіттің ел экономикасына қосып жатқан үлесі, міне, осындай.

Опубликовано в Қоғам

Түлкібас ауданы, Керейт ауылында облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың қатысуымен «Кооперация-агроөнеркәсіп кешенін дамытудың негізі» атты семинар өтті. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ұйымдастырған форум аясында мамандандырылған балық шаруашылығын дамыту жайы сөз болды.

balyq

Семинар басталмас бұрын «Ақсанат Инжиниринг» ЖШС-нің басшысы Ерік Оспанов қонақтарды алдымен бекіре тұқымдас балық өсіру кәсіпорнының жұмысымен таныстырды. Құны 452 млн теңгені құрайтын жобадан бүгінде 40 тонна балық еті мен 30 келі уылдырық өндіріледі. 

– Балық шаруашылығын 2012 жылы бастағанбыз. Қазір мұнда бекіре, фарель, ақ амур, карповый, сазан балықтары бар. Ет өндірісін тұрақтандырдық. Биылдан бастап қара уылдырық өндіруді игердік, – деді шаруа басшысы.

«Ақсанат Инжиниринг» ЖШС-і ет өнімдерін дайындауда балықпен шектелмепті. Өңір басшысы кәсіпкердің ұсақ және ірі қара мал, жылқы фермаларын аралады. Ашылғанына үш жыл өткенімен құны 200 млн теңгені құрайтын фермада Ахалтеке, Донская, Кушумская, пони және асыл тұқымды қазанаттар бар.

Мұндағы 200-ге жуық жылқының бабын келтіру үшін фермада 20 адам жұмыс істейді. Сондай-ақ, мұнда шетелден әкелінген асыл тұқымды 660 абердин-ангус, 241 герефорд және 901 ірі қара, 1 120 ұсақ мал бар. Семинарға қатысушы шаруаларды қызықтырғаны – асылтұқымды жылқылар, герефорд және балық өсіру болды. Облыс көлемінде балық өнімдерін қайта өңдейтін 3 және балық өсірумен айналысатын 28 шаруашылық кәсібін дөңгелетіп келеді. 2015 жылы 3 301 тонна, ал 2016 жылы 5 213 тонна балық өнімдері өндірілген. Балық өнімдерін қайта өңдейтін «Шардара балық-1» ЖШС, «Хамит» СТК, «JSM» ЖШС-лерінің жылдық қуаттылығы 6 мың тонна. Демек, әлі де жақсы жетістіктерге жетудің мүмкіндігі көп. Облыс әкімі Ж. Түймебаев берілген мүмкіндіктерді толық пайдалану үшін кәсіпкерлерге балық шаруашылығын кеңінен насихаттау қажеттігін айтты. Балық шаруашылығын қолға алған кәсіпкерлер семинарда бір-бірінен білмегенін сұрап, кәсіби ақыл кеңес алды. Тіпті, қылтанағы жоқ балық өсіруді қолға алған 

20170314 143047

Әуесхан есімді жас кәсіпкерге өңір басшысы тағы үш бассейн салып беруге көмектесетінін айтып, қолдау танытты. 

– Біз мұндай семинарларды бір-біріңізден тәжірибе алмассын деп ұйымдастырып отырмыз. Несиені алғаннан кейін той-томалаққа жаратып жібермей, өндіріске салыңыздар. Шаруашылықты қолға алғанда экологияны қорғауды да естен шығармау қажет. Ағынсуды бұрып, балықты асыраған соң ластанған суды қайта өзенге жіберуге болмайтынын ескеру қажет. Жақында Бөгеннен Қазығұрт ауданы арқылы Сарыағашқа су тартуға келісім жасадық. Алдағы уақытта балық өсіру, ет өнімдерін арттыру ісі жандана түседі, – деп облыс әкімі өз кеңесімен бөлісті. 

Өңірлік индустриалды карта шеңберінде іске қосылған «Ақсанат Инжиниринг» ЖШС-нің директоры Е.Оспанов балық шаруашылығы және асыл тұқымды мал шаруашылығын (репродуктор) дамыту туралы баяндама жасады. 

20170314 144810

– Бекіре – балықтың өте сирек кездесетін түрі. Ал фарель – жергілікті халық үшін жеңсік ас болатын. Көрші Ресейден алдыратын балықтарды қазір өз өңірімізде өсіруді меңгердік. Бастысы, уақыттан ауытқымай өте мұқият қарау ләзім. Су жылы болуы керек. Соның өзінде бастапқыда алған 100% уылдырықтың 65%-ы толық жетіліп, аман қалады. Шаруаны жолға қойып, өнімдерді саудаға шығарып жатырмыз, – дейді кәсіпкер. 

Облысымызда жалпы 23 өзен-көлдің көлемі 576,5 гектарды құрайды. Ерік Оспанов мұндай сулы аймақтың игілігін пайдалануға үндейді. Балық өсіруді қолға алса, етке сұраныс өте көп. Бұны жергілікті халық басты табыс көзіне айналдыра алатынын да жасырмады. «Ақсанат Инжиниринг» ЖШС болашақта балыққа, қара малға жем өндіретін зауыт салуды қолға алмақ. Кәсіпкер бұл орайда ет, сүт, жем өнімдерін өндіруге, аталған шаруашылықты дамытуға мемлекет тарапынан көптеген көмек көрсетіліп жатқанын айтып, алғысын білдірді. Шаруа қожасы айтқандай, дүниежүзінде адам саны күн санап артып, таза экологиялық өнімдер тапшы болып барады. Осы орайда Мемлекет басшысының саясатын негізге ала отырып, еліміздің, жеріміздің байлығын пайдалану арқылы ауыл шаруашылығын дамытуға тиіспіз. Ерік Оспанов бұл кәсіпке машықтанып, болашақта оны ұрпаққа мирас етіп қалдыруға шақырды. 

Кәсіпкердің ойын Түлкібас ауданы, Майлыкент ауылының әкімі Келесбек Жартыбаев жалғады. 

20170314 151330

– Балық шаруашылығы ет өнімін арттырып ғана қоймай, туризмді дамытуға да сеп бола алады. Түлкібастың табиғатында балық аулауға қызықпайтын адам жоқ. Өткен жылы көктемде балық өсіруге әуестеніп, 3 мың дана шабақ алдым. Күзге дейін ас болды. Кейде ермекке балық аулаған боламыз. Жалпы, үйде балық өсіру жақсы әсер қалдырды. Биыл үйде екі бассейн құрып, тағы да көбірек шабақ алу ниетім бар. Бастысы, таза ет өніміне қол жеткіземіз, – дейді ауыл әкімі. 

Түлкібаста өткен «Кооперация – агроөнеркәсіп кешенін дамытудың негізі» тақырыбындағы теориялық жиын шаруа адамдарына тың ой тастағаны белгілі. Кәсіпкерлер енді бірігіп жұмыс жасап, жиі тәжірие алмаса алады. Семинарды облыс әкімі Ж. Түймебаев қорытындылады. 

– Біздің облыстың болашағы – ауыл шаруашылығында. Сондықтан тәжірибесі мол шаруа қожалықтары тірлігін енді бастаған әріптестеріне барынша қолдау білдіруі қажет. Білгенін үйретіп, аяқтан тұруына көмек қолын созғаны абзал. Сонда ғана ұсақ шаруашылықтарды біріктіруге, ірі жобаларды іске асыруға болады. Бұл өз кезегінде мемлекет тарапынан бөлінген субсидияларға қол жеткізуге ықпал етеді. Ең бастысы – Оңтүстіктің ауыл шаруашылығы дамиды, – деді ол.

Опубликовано в Қала

Аяқжолдар, веложолдар мен ирригациялық жүйелерді заман талабына сай қайта құрылымдау қажет. Саладағы жоспарлы жұмыстардың жай-күйі қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың төрағалығымен өткен әкімдік мәжілісінде кеңінен талқыланды.

17309322 1883229795256712 2652771198632159679 n

Қалалық тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық бөлімінің басшысы Талғат Қасымбековтің айтуынша, күні бүгінге дейін қала тұрғындарын әбігерге салып келген ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру жұмыстары дендеп қолға алынуда. Яғни, су басудың алдын алу мақсатында жалпы ұзындығы 9,8 шақырымды құрайтын 32 мекенжайда тұйық ирригация жүйесі жүргізілген. Сонымен қатар, 21 мекенжайда тұйық ирригация жүйесін ретке келтіру жұмыстарының құжаттары әзірленуде.

– Қазіргі таңда көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары толығымен жарықтандырылды, – деді Ғабидолла Рахматоллаұлы. – Дегенмен, салада өзге де өзекті мәселелер жетерлік. Ирригация жүйелері биыл толығымен ретке келтірілуі тиіс. Сондай-ақ, қала көшелерінде қосымша веложолдар жолағы сызылып, велотұрақтар салу қажет. Мұның барлығы, өз кезегінде, қала тұрғындарының жайлы әрі қауіпсіз өмір сүруіне мүмкіндік беретіні сөзсіз.

Айта кетейік, өткен жылы қала аумағындағы көшелерді жарықтандыруға 840 миллион теңге бөлінген. Бұл қатарда, 13 көшедегі 2110 дана жарықшам көзі светодиодты шамдарға ауыстырылды. Аталған жарықшам көздері пайдаланылған электр энергиясын 40 пайызға үнемдеуге мүмкіндік береді.

Жиынды қорытындылаған қала әкімі Ғ. Әбдірахымов күн тәртібіндегі мәселелердің өзектілігіне тоқталып, сала мамандарына нақты міндеттер жүктеді. Берілген тапсырмалардың орындалу барысын өз қадағалауына алатынын жеткізді.

Опубликовано в Қала

Биыл Шымкентте 225 көше жөндеуден өтеді

Жөндеуден өткен жолдардың сапа деңгейін Шымкент қаласының әкімі өзінің жеке қадағалауына алмақ. Себебі, бұған дейінгі ағымдағы жөндеу жұмыстарының нәтижесіне көңілі толмайтын тұрғындардың қатары арта түскен. Жоспарлы жұмыстардың жай-күйі қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың төрағалығымен өткен әкімдік мәжілісінде кеңінен талқыланды.

– Қаланың қай көшесіне бағыт алсаңыз да, ойылып кеткен ой-шұңқырларға кез боласыз, – деді Ғабидолла Рахматоллаұлы. – Мұндай олқылықтарға кейбір коммуналдық қызмет көрсетуші мекемелердің мамандары да кінәлі. Олар өз жұмысын аяқтаған соң, қазылған жолды қайта қалпына келтіруі тиіс. Мәселен, Түлкібас ауданына баратын А-2 тасжолымен жүріп өту тіпті, мүмкін емес. Жүргізілген жөндеу жұмыстарының игілігі бір жыл уақыт мерзіміне де жетпейді. Енді жүргізілген жөндеу жұмыстарының сапасына тікелей өзім бақылау жасаймын. Кемшіліктері байқалды ма, жауапты мердігер мекеменің жұмысы қабылданбайды.

Кемшіліктер түзелмейінше, төлемақы берілмейді. Бұл ретте, қызметін тиянақты әрі жылдам атқара білетін шетелдік мамандардан лайықты үлгі алған жөн.

Қала әкімі сондай-ақ, сала мамандарына Тәуке хан даңғылының бойында жүріп жатқан жөндеу жұмыстарын жылдам аяқтауды тапсырды. Еске сала кетсек, ауа райының қолайсыздығына байланысты, тоқтап қалған жөндеу жұмыстары осы аптадан бастап қайта жүргізілуде.

– Қаланың бет-бейнесі болып табылатын Тәуке хан даңғылындағы жөндеу жұмыстары аса мұқият болуды талап етеді, – деді Ғабидолла Әбдірахымов. – Осыған орай, жол бойына жасыл белдеуді қалыптастыру, ағаш көшеттерінің айналасын торлап, суағарлар қызметін ұйымдастыру мәселелері ескерілуі тиіс. 

Өз кезегінде, қала әкімі сала мамандарына облыс орталығының басты көшесіне сәндік безендіру мүмкіндіктерін де қарастыруды тапсырды.

Байтұрсынов көшесі кеңейтілмейді

Жиында сондай-ақ, бұған дейін айтылып келген Байтұрсынов көшесін кеңейту жұмыстары жүргізілмейтіні мәлім болды. Қала әкімдігінің мұндай шешімге келуіне жергілікті тұрғындардың көпжылдық ағаштарды өз орнында қалдыру туралы өтініштері себеп болған.

– Азаматтардың тілек-талабын ескере отырып, Байтұрсынов көшесін кеңейту жөніндегі шешімді қайта өзгерткелі отырмыз, – деді Ғабидолла Рахматоллаұлы. – Дегенмен, жол толығымен қайта құрылымдаудан өтеді. Аяқжолдар жаңартылып, велосипед жолы, оң жақ бұрылыс өткелдері салынады. Мұндай жұмыстар Адырбеков көшесіне де жүргізіледі. Қазір әлемдік тәжірибеде қалыптасқан үрдіс бойынша тұрғындар көбіне-көп велосипед қызметін пайдалануға ұмтылуда. Көлік кептелісінің алдын алу үшін біз ағаштарды кесіп, жолды кеңейтпек емеспіз. Алдағы уақытта қала аумағындағы аялдамаларға қоғамдық көлік тоқтауға ыңғайлы арнайы «қалта-жол» салынады.

Еске сала кетейік, биыл жол-көлік кептелісінің алдын алу мақсатында Тәуке хан даңғылы мен Рысқұлов көшесіне дейінгі аралықта Байтұрсынов көшесінде кеңейту жұмыстары жоспарланған болатын. Жоспар негізінде ені 8 метрді құрайтын жол бойын 21 метрге дейін ұлғайту, сол себепті, көше бойындағы 900-ге жуық ағашты өзге орындарға ауыстыру қарастырылған. Алайда, қала тұрғындары «жасыл желектердің» орнын ауыстыруға айтарлықтай алаңдаушылық білдіруде. 

DSC 0021

Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қуатжан Жұматаев биыл Шымкент қаласында 225 көшенің жөндеуден өтетінін жеткізді.

– 2016 жылы бұл мақсатта 12,2 млрд теңге қаржы бөлінген болса, биыл бұл көрсеткіш – 13,7 млрд теңге, – деді Қ. Жұматаев. – Нәтижесінде, биыл 225 көше жөндеуден өтеді. Жөндеу жұмыстары сәуір айында басталады.

Бұл ретте, Абай ауданының аумағында 105 көше жөндеуден өтеді, төрт көше бойына жаңа аяқжол салынбақ. Тиісінше, Әл-Фараби ауданында 16, Еңбекшіде 46, Қаратау ауданында 58 көше жөнделеді.

Бүгінде жалпы ұзындығы 2882 шақырымды құрайтын көше жолдарының 1484 шақырымы, яғни, 50,2 пайызы асфальтталған.

Сала мамандары қала жолдарының сапалық көрсеткішін мұнан әрі жетілдіру бағытында бірқатар жобаларды әзірлеп жатқанын жеткізді. Бұл қатарда, Астана және Республика даңғылының жолдарын қалпына келтіру, бұдан бөлек, негізгі жеті көше бойын қайта құру, Темірлан тасжолы, «Самал» базары мен Республика даңғылы бойында жерасты өткелінің құрылысын салу жобалары бар.

2017 жылы бірнеше нысан пайдалануға беріледі. Момышұлы, Әл-Фараби даңғылы, Қожанов және Арғынбеков көшелерінің көлік жолы, Темірлан тасжолы мен Мангельдин көшелерінің қиылысындағы жерасты жүргіншілер өткелі тұрғындардың игілігіне берілмек. Сонымен қатар, Бадам өзені арқылы өтетін көпірді қайта жаңарту, «Қайтпас-1», «Нұртас», «Тассай», «Азат», «Достық», «Қазығұрт», «Сәуле», «Жайлау», «Ынтымақ», «Бадам» шағынаудандарындағы бірқатар көше жолдарын күрделі жөндеуден өткізу бойынша ЖСҚ әзірленуде. 

Жиынды қорытындылаған қала әкімі Ғ. Әбдірахымов күн тәртібіндегі мәселелердің өзектілігіне тоқталып, сала мамандарына нақты міндеттер жүктеді. Берілген тапсырмалардың орындалу барысын өз қадағалауына алатынын жеткізді.

Опубликовано в Қала
Страница 3 из 7