Өткен аптада қала жолдарын су басты. Екі күн жауған жаңбырдың салдарынан арық-атыздар арнасынан тасыды. Кейбір орталық көшелерді жауын суы басып, көлік қатынау қиындады. Ал еңісте орналасқан шағынаудан тұрғындарына қолайсыздық туғызды.

«Қазгидромет» мекемесінің ОҚО бойынша филиалының синоптигі Динара Айтмырзаеваның айтуынша, биылғы ақпан айының бірінші және екінші онкүндігінде облыс аумағында ауа райы құбылмалы болып, былтырғы жылмен салыстырғанда жаңбыр мен қар өте көп мөлшерде түскен. Бірнеше айда түсетін қалыпты нормадан асып кеткен жауын-шашын салдарынан судың мөлшері Шымкент қаласында 184 мм болды. Табиғаттың тосын мінезінен ирригация жүйелері арнасынан асты. Жауын-шашыннан туындаған қолайсыздықпен күресуге – 2 эксковатор, 12 мотопомпа, 11 су сорғыш құралы және 245 жұмысшы жұмылдырылды. Ал қаладағы коммуналдық қызметкерлер жаңбыр суын айдап, бітеліп қалған арықтарды тазалаумен шұғыл айналысып кетті. Дегенмен синоптиктер ақпан айының 25-28 аралығында облыс көлемінде тағы да жауын жауатынын, Шымкентте ауа температурасы 3-5 градустан +12-15-ке көтерілетінін айтады.

vlcsnap-2016-08-17-14h08m24s235

Су алу қаупі бар 22 мекенжай анықталды

Толассыз жауған жауын-шашын тұрғындарды әжептәуір әбігерге салды. Мәселен, Таң нұры көшесіндегі апатты №17 үй жаңбырға шыдамай, опырылып қалды. Бұл үйлер кезінде сүрілуі тиіс болған. Сондай-ақ «Самал-3»-тегі Өтегенов жолын қиятын аты жоқ көшеге лай су жиналған. 

– Өз үйімізге өзіміз кіре алмай отырмыз, – дейді тұрғындар. Абай ауданы әкімі аппаратының халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Бауыржан Қалмұратов бұл мәселе шешімін табады деп сендірді. 

– Өтегенов көшесіне кәріз жүйесі жүргізілген. Бірақ көше еңісте орналасқан. Соның себебінен жауын суы жиналады. Алдағы уақытта асфальт төсеу жоспарланып отыр, – дейді Б. Қалмұратов. 

Жауын-шашын кезінде Ақжар тұрғын үй алабының тұрғындары да зардап шегеді. Өткен сенбіде шайынды су алты үйдің ауласын басып қалды. 

7564830

Су деңгейінің көтерілуіне орай, сала мамандары дер кезінде көмекке келіп, төтенше жағдайды ретке келтірді. Атап айтқанда Ескі қалашықтағы Хаят көшесі, Тәуке хан даңғылындағы «Салтанат» балабақшасына су тарту жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ 112 орам, «Қайтпас-1», шағынауданындағы Аманкелді, Аймауытов, «Самал -3» шағынауданындағы Қобыланды батыр, Манкентская көшелеріне жиналған су тартылып, ретке келтірілді. 

Бүгінде қаланың ирригациялық жүйесі шаһар басшысы Ғ. Әбдірахымовтың басты назарында. Ирригация мәселесі тек Шымкент үшін ғана емес, Қазақстанның өзге де қалаларында да өзекті. Ирригациялық жүйелер ескіріп, жарамсыз күйге енген. Жуырда облыс әкімі Ж. Түймебаев қала басшысы Ғ. Әбдірахымовқа Шымкентке қосылған елдімекендердің картасын әзірлеп, арық атыздар салу үшін зерттеу жұмыстарын жүргізуді тапсырған болатын. Сонымен қатар, облыс пен қалаға шаһардың ирригациялық жүйесін реттеу мақсатында арнайы карта схемасын дайындауды жүктеген еді.

Ал Шымкент қаласы тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық бөлімі қала аумағында су алу қаупі бар 22 мекенжайды анықтады. Қазіргі таңда оның 17-не сметалық құжаттары әзірленіп, 167,0 млн теңгені құрайтын құрылыс жұмыстарына бюджеттік комиссияға ұсыныс енгізілді. Яғни, Бәйдібек көшесі арқылы өтетін ирригациялық өткел Манкентская көшесіне дейін жүргізіледі. Шымкент қаласы тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық бөлімі көріктендіру секторының бас маманы Алмас Шитеновтің айтуынша, «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-і тарапынан жалпы ұзындығы 1100 метр 22 ирригациялық өткел мен қала аумағындағы өзен, каналдардың 5,7 шақырым арнасы тазаланды. Қазіргі таңда мамандар су басу қаупі бар аймақтарды жіті бақылауға алған. 

Ауа райының тосын мінезі әп-сәтте абыржытатыны анық. Алда-жалда төкпелеп жауын жауса, су арықтардан асып, көшелер көлшікке айналары ғажап емес. Осы орайда Төтенше жағдай қызметкерлері тұрғындардың қора-қопсысы мен аулаларын қымтап, тасқын суға бөгет салуды ұмытпауды еске салады.

Опубликовано в Қала

Бүгінде облыста 17 мыңнан астам ұсақ шаруашылықтарды біріктіретін 242 кооператив жұмыс істейді. Кооператив – шаруа қожалықтары мен қосалқы шаруашылықтар кірістерін арттыру, өнімін өткізу, сақтау және өндіріс құралдарымен, материалдық-техникалық ресурстармен жабдықтаудың тиімді жолы. Дегенмен, бұл орайда ескеретін біршама жағдайлар бар. ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов Сайрам ауданының Манкент ауыл округіндегі «Ет Агро – Манкент» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінде болып, кәсіпкерлерді бірқатар басымдықтардан хабардар етті.

16831144 1213643692085301 6316600208338213452 n

Шаруа қожалықтарының саны 10-ға жеткен

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында аграрлық сектор-экономиканың жаңа драйверіне айналуы тиіс екенін атап өткен еді. Осы тапсырманы іске асыру мақсатында елімізде Агро-өнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламасы әзірленді. Ондағы негізгі мақсат – ұсақ шаруашылықтарды кооперативтерге біріктіру, өнімді қажетті инфрақұрылыммен қайта өңдеуді ұлғайту. Өткен жылы еліміз бойынша 15 мың жеке қосалқы шаруашылықты қамтыған 157 кооператив жұмысын бастаған. 

«Ет Агро – Манкент» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің де алға қойған жоспарлары ауқымды. Төраға Жамолбек Утаевтың айтуынша, кооператив 2014 жылы құрылып, қазір шаруа қожалықтарының саны 10-ға жеткен. Олардың әрбірінде 400-ден астам мал бар. Ұсақ шаруа қожалықтарының саны – 72. 

Өндірістік мекеменің жалпы инвестиция көлемі – 150 млн теңге: оның 106 млн теңгесі жеке, ал 44 млн теңгесі «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығынан берілген несиелік қаражат. 

Вице-премьер А.Мырзахметов, облыс әкімі Ж. Түймебаев биыл 10 мың тоннаға дейін ет өнімдерін өндіруге қауқарлы кооператив жұмысымен танысты. Мұнда күн сайын 20 бас ірі қара, 10 бас уақ мал және 10 бас жылқы сойылады. Арнайы мал сою бекеті, мұздатқыш жұмыс істеп тұр. Малдардың жағдайын тексеретін арнайы клиника, зертханасы да бар.

Төраға ет өнімдерін Шымкент қаласынан бөлек, Алматы, Астана, Атырау және Ақтау қалаларына жөнелтуді жоспарлап отырғанын айтады. Ендігі кезекте мал басын көбейтіп, кооператив мүшелерінің санын да ұлғайтпақ ниетте. 

16641050 1916746338556598 8452705420772556157 n

– Жылдан жылға қожалықтар санын көбейту керек. Қызығушылық танытып отырғандар бар ма? Бұл мүшелер қандай жеңілдіктер барын біле ме? Яғни, біз әрбір тиыннан, теңгеден тиімділікті шығаруымыз керек. Сондықтан, мынадай кооперативтер арқылы біріктіре отырып, ірілендіре отырып, халықты жұмыспен қамтуға басымдық берілуі тиіс. Мұндағы басты мәселе – кооператив бір адамның ғана меншігі болып қалмау керек, әрбір мүшесі белсенді жұмыс істей білуі қажет. 

Тағы бір есте ұстайтын жайт, біз осы жобаны іске асыру арқылы ауылдық жерде несие берудің жүйесін қалыптастырамыз. Заңға сәйкес, кооперативке бірігетін шаруа қожалықтардың саны 20-дан кем болмаса, 6 пайыздық жеңілдікпен несие алуға болады. Кооператив құруда негізінен осындай қағидаттарға көңіл бөліңіздер, – деді Асқар Исабекұлы.

 

Субсидия беру қағидаттары өзгерді

Облыс әкімдігінде агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша кеңейтілген мәжіліс өткен-ді. Онда ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерін ірілендіру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, саладағы ахуалдан хабардар еткен. Ауыл шаруашылығы министрлігі алдағы бес жыл ішінде 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге тартып, өнімнің өңдеу сапасын жақсартуға күш салмақ. Бұл бағытқа мемлекет бюджетінен 57 миллиард теңге бағытталып отыр. 

photo 2017-02-18 14-42-58

Бағдарлама аясында ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін 38 пайызға, жалпы өнімін 30 пайызға, азық-түлік тауарларын экспорттау көлемін 600 млн АҚШ долларына дейін жеткізу жоспарда тұр. 

Сондай-ақ, бүгінде субсидиялау қағидаттары қайта қаралып жатқаны белгілі. Қазіргі жағдайда 11 субсидия түрі алынып тасталып, 35 субсидия түрінің нормативтеріне өзгерістер енгізілген.

 

600-ден астам кооператив құрылуы тиіс

Бұл мақсатта облыста да атқарылар шаруа көп. Аймақта 2017-2020 жылдары аралығында 90 мың жеке шаруа қожалықтарының бірігуі есебінен 600-ден астам кооператив нақты іске кіріседі. Облыс әкімі Ж.Түймебаев халыққа есеп беру жиынында алдағы жұмыс жоспарларымен бөлісу кезінде осылай деді. Мәселен, биылдың өзінде мал бордақылау алаңдары бар 30 жекелеген қосалқы шаруашылық біріктіріледі. 

Осы бағытта кооперативтер жүйесін жетілдіре отырып, өңірдің басымдықтарына қарай агро аймақтар құрылады. Етті, сүтті мал шаруашылығын өркендету мен құс, балық шаруашалығын дамыту қоса жүргізіледі.

Опубликовано в Саясат
Среда, 25 Январь 2017 04:28

2 электр станциясы салынуда

Оңтүстікте электр энергиясының тапшылығы өзекті мәселелердің бірі. Бүгінде бұл бағытта өңірімізде ірі жобалар қолға алынып жатыр. Қазір Шымкентте 2 электр станциясының құрылысы жүруде.

elektro

Облыс тұрғындарын сапалы электр қуатымен қамтуда өткен жылы атқарылған айтарлықтай істер бар. Мәселен, 2016 жылы облыстық бюджеттен 5,534 млрд теңге бөлініп, 22 нысанның құрылысы жүргізілген. Нәтижесінде, 585,8 шақырым электр желілері мен 233 дана КТП орнатылып, 72 мың тұрғын тұрақты және сапалы электр қуатымен қамтылған.

– Шымкент қаласының солтүстік бөлігінде 350 мың халық пен әлеуметтік нысандарды сапалы электр қуатымен қамту мақсатында құны 6,7 млрд теңгені құрайтын 220 киловольттық «Бозарық» қосалқы станциясының құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, 2016 жылы Шымкент қаласында 80 мың халықты қамтитын 110 киловольттық «Астана-1,2» қосалқы станциясының құрылысы басталды, – деді ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы М. Марайым.

Мәліметтерге сүйенсек, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің инвестициясы есебінен 4,86 млрд теңгеге 610,9 шақырым электр желілері мен 108 дана қондырғыларға қайта құру және жаңарту жұмыстары жүргізілген. Осылайша, электр жүйелерінің тозығы жетуі 57,5 пайыздан 55 пайызға төмендеп отыр.

Опубликовано в Қала
Пятница, 13 Январь 2017 08:11

Алаңшалар орнатылды

Қалаға қосылған елдімекендерде абаттандыру жұмыстары қарқын ала бастады. «Жол картасы-2020» бағдарламасы аясында Жаңаталап, Қызылжар елдімекендерінде жалпы саны 13 аула абаттандырылып, жуырда ел игілігіне берілді.

aula 4

Абай ауданы әкімдігінің мәліметінше, елдімекендерде инфрақұрылым жұмыстары кестеге сәйкес жүріп жатыр. Мұнда көркі көз тартар заманауи ойын алаңшалары орнатылып, тұрғындардың қуанышын еселей түсті. Республикалық бюджеттен бөлінген 162 млн теңге игеріліп, өткен жылдың соңында құрылыс жұмыстары толық аяқталған. Енді елдімекен аулалары жарқырап, жаңа кейіпке енді. Әсіресе, ойын балаларының көңілдері көтеріңкі.
Еске сала кетсек, өткен жылы Абай ауданы бойынша 50 аула абаттандырылып, 139 аулаға түнгі жарық шамдарын орнату жұмыстары толығымен аяқталған. Нәтижесінде аудандағы 258 ауланың 176-сы жаңарып отыр.

Опубликовано в Қала
Пятница, 09 Декабрь 2016 06:21

Саланың табысы сараланды

Биылғы жылдың өткен 11 айында Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы саласында 18 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Бір ғана жылыжай кешендерінің аумағы 141 гектарға ұлғайып, межеленген жоғары көрсеткіштерді еңсерді.

ҚР Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында елеулі жетістіктерге жеткен бірқатар сала еңбеккерлері Шымкент қаласы әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.

Атап айтқанда, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің тағайындаған «Ауыл шаруашылығы үздігі» төсбелгісімен «Сайрам агро» ЖШС-нің басшысы Хали Сарманов марапатталса, «Ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан үлесі үшін» «Агросервис БМБ» ЖШС-нің басшысы Бақтыбай Бекбауовқа «Құрмет грамотасы» табыс етілді. Сондай-ақ, қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің нұсқаушысы Ағабек Мұратовқа «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалі берілді. 

Жерден несібесін терген еңбеккерлерге қала әкімінің «Алғыс хатын» тапсырған қала әкімінің орынбасары Тимур Баймұханов сала мамандарына алдағы уақытта да биік белестерді бағындырар жолда толайым табыстар тіледі. Айта кетейік, бүгінде Шымкент қаласы аумағында барлығы 4152 ауыл шаруашылығы нысаны тіркелген.

Опубликовано в Қоғам
Понедельник, 07 Ноябрь 2016 04:19

Тұрғын үйлер жылуға қосылды

Шымкент қаласындағы 1782 көпқабатты тұрғын үй және 400-ге жуық бюджеттік мекеме жылуға толық қосылды.

«Қуат жылу орталығының» бас инженері Айбек Қожабековтің айтуынша, көпқабатты тұрғын үйлердің ішкі желісіндегі ақауларына байланысты жылусыз отырған үйлердің мәселесі де жақын арада шешімін таппақ. Қазіргі таңда Абай ауданы бойынша осындай 28 үйге жылуды қайта қосу жұмыстары жүріп жатыр.

Сала маманы қазіргі беріліп жатқан жылу деңгейі сыртқы ауа температурасына байланысты екенін айтады. Егер түрлі себептермен үйіңізге жылу берілмеген жағдайда, «Қуат жылу орталығының» дистпечерлік бөліміне 44-82-37 және 50-30-50 телефондары арқылы хабарласуға болады.

Опубликовано в Қоғам
Понедельник, 07 Ноябрь 2016 03:55

Ауыл шаруашылығындағы ауқымды істер

Оңтүстік Қазақстан облысында соңғы 25 жыл ішінде өндірілген көкөністің көлемі 5 есеге артқан. Атап айтқанда, егін шаруашылығы бойынша жүргізілген жүйелі әртараптандырудың арқасында 1991 жылмен салыстырғанда майлы дақылдардың егіс көлемі 73 мыңнан 80 мың гектарға, бақша 49 мыңнан 59 мыңға, ал көкөніс 27 мың гектардан 40,4 мыңға, картоп 9 мың гектардан 15,3 мың гектарға ұлғайыпты. Тиісінше, алынған өнім көлемі де айтарлықтай нәтижеге ие. Мәселен, 1991 жылы облыс бойынша 163,4 мың тонна көкөніс жиналса, бүгінде бұл көрсеткіш 866 мың тоннаға, яғни бес есеге артты. Осылайша, өңір шаруалары өздерінің еңбекқорлығымен Тәуелсіздік кезеңіндегі ең үлкен рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп отыр.

ШЫМКЕНТТІКТЕР ЖЫЛЫЖАЙЫМЕН МАҚТАНАДЫ

 MG 4098

Тәуелсіздік жылдарында елде агроөнеркәсіптік кешені саласын дамытуға айрықша басымдық берілді. Бұл ретте, ҚР Президенті Н. Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қатерді жаһандық сын-қатерлер қатарына жатқызған болатын. Яғни, әлемде халық саны өсуімінің жоғары қарқыны азық-түлік тапшылығы мәселесін туындатуда.
Бұл қатарда, мемлекеттік 2013-2020 жылдарға арналған агроөнеркәсіп кешенін дамытудың салааралық «Агробизнес-2020» бағдарламасы Шымкент қаласында ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыруға айтарлықтай мүмкіндік беруде.
– Қазіргі кезде әлем елдерінде экономикалық белсенді халықтың 45 пайызы ауыл шаруашылығымен айналысады. Бұл бағытта, мемлекеттік ауқымда қолдау көрсетіліп отырған «Агробизнес-2020» бағдарламасының нәтижесінде, агроөнеркәсіптік кешендегі субъектілер санын 4,5 есеге көбейту көзделген. Бұл құжаттың басқа бағдарламаларға қарағанда ерекшелігі өте зор. Яғни, алдымызда қаладағы агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру міндеті тұр, – дейді қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Ғани Құрманбай.
Жалпы, Шымкент қаласындағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 62 219 гектарды құрайды. Яғни, бұл көрсеткіш қала аумағының 54 пайызын иеленеді. Несібесін жерден терген 4152 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері тіркелген. Жыл бойы атқарылған ауқымды жұмыстардың нәтижесінде, жинап алынған өнімнің көлемі 16 миллиард 543 миллион теңгені құрады.
Ауыл шаруашылығы саласын түлетуде климаты қолайлы әрі жер құнарлылығы жоғары Шымкент қаласы бүгінде ел аумағындағы жылыжайлардың отанына баланады. Оған жыл сайын өнім көлемі ұлғая түскен ауыл шаруашылығы кешендерінің нәтижесі де басты себеп болуда. Яғни, жылыжайлардың жалпы көлемі 123 гектарға ұлғайды. Жинап алынған өнімдерді сақтау және жыл бойы тұтынушыларға қажетінше жеткізу мақсатында сыйымдылығы 45 мың тонна болатын қоймалар дайындалған.
Облыс орталығында азық-түлік белдеуін қалыптастыру, бағаны тұрақтандыру бағытында жасалған тың қадамдар өз қайтарымын беріп те келеді. Қала тұрғындарын таза әрі арзан көкөніспен қамтамасыз ету мақсатында биыл пайдалануға берілген «Асар KZ» шаруа қожалығы жылыжай кешенінің өнімдері шымкенттік тұтынушылардың дастархан мәзірін толықтырып үлгерді. Бүгінде жылыжай кешенінің жалпы көлемі 4,7 гектарды алып жатыр. Қожалық басшысы Бақтыбек Әбдіхалықов алдағы уақытта жылыжай кешенінің көлемін мұнан әрі де ұлғайта түспек ниетте.

АТА КӘСІПКЕ АДАЛДЫҚ

auyl 88

Мал шаруашылығы бүгінде ел экономикасын түлетуде тың серпін беретін елеулі күшке айналды. Бір кездері қазақ даласында миллиондап саналатын ашатұяқтылар қатары тоқсаныншы жылдары тіпті азайып кеткен еді. «Агробизнес-2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде соңғы жылдары аталмыш салаға жан бітіп, тамырына қан жүгірді. Мал шаруашылығын өркендетуге көңіл бөлініп, шаруаға қаржылай қолдау көрсетілуде. Бұл қатарда, мемлекеттік бағдарламалар – ата кәсіпті өркендетудегі бірден-бір қолайлы жоба болуда.
Бүгінде Шымкент қаласында ауыл шаруашылығы жануарларының жалпы саны 65 мыңнан асып жығылады. Мемлекеттік «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары шеңберінде биыл шымкенттік фермерлер 150 ірі қара мал, 15 асыл тұқымды бұқа, 400 уақ мал, 70 жылқы сатып алыпты. Мал бордақылау алаңдарының саны 41-ге артса, 30 жанұялық сүт фермасы қызмет атқаруда. Тиісінше, «Прод&Груп» және «Марк» ЖШС-лері ет өнімдерін өңдеу көлемін жылына 1500 тоннаға дейін арттырып отыр.
Иә, мал – баққанға бітеді. Төрт түлікті қазақ ежелден ырыс санаған. Кез келгеннің қорасына біте бермейтін болған соң да осылай түйіндеген болар. Мал расында мінсе – көлік, жесе – тамақ, ішсе – сусын, кисе – киім. Демек, кәсіптің көзін іздегендер мал шаруашылығына ойланбай кірісуіне болады. Әсіресе, ел болып, еңсе түзеген Тәуелсіздік жылдарындағы шаруалардың жетістіктері еңбектің еселі нәтижесі боларын дәлелдеп бергендей. Бүгінгі қол жеткен жетістіктер Тәуелсіздіктің жиырма бес жылдық мерейтойына лайықты тарту болмақ.

Опубликовано в Қала

Шымкентте ирригациялық жүйелер қыс мезгілінде міндетін мінсіз атқаруы тиіс. Осы орайда, қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың тапсырмасына сәйкес, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылы бөлімінің мамандары кешенді жұмыс жоспарын белгілеп отыр.

vlcsnap-2016-01-27-17h36m07s176

Жасыратыны жоқ, Шымкенттегі ирригациялық жүйелер сын көтермейді. Жауған қар мен жауынның салдарынан қала көшелері суға толып, жаяу жүргіншілермен қатар, көліктердің де қозғалысында айтарлықтай қиындықтар туындайды. Мамандар мұндай келеңсіздіктердің алдын алудың бірден-бір жолы ретінде бүгінде ескіріп, жарамсыз күйге енген ирригациялық жүйелерді толығымен жаңартуды ұсынады.

Бұл бағытта арнайы жұмыс тобы да құрылған. Анықталған мекен-жайларды маңызына қарай топтастыра отырып, мәселені кезең-кезеңімен жүзеге асыру көзделуде. Кешенді жұмыстардың алғашқы екі кезеңі бойынша барлығы 34 мекен-жайда ирригация жүйелері жүргізіліпті. Оның жалпы ұзындығы 11 шақырымды құрайды. Ал биыл үшінші кезең аясында 32 мекен-жайда жұмыстар атқарылуда. Мұндағы жұмыстардың аумағы 11,8 шақырымға созылады. Бұл үшін биыл жергілікті бюджеттен 230 миллион теңге қаржы бөлінген.

Бүгінге дейін Нұртаза Исмайлов көшесінің тұрғындары да жауған қар мен жауынның зардабын тартып келген еді. Енді міне, жоспарлы жұмыстар аясында мұнда ұзындығы 2 шақырым көше бойында ирригация жүйелері жүргізілуде. Жұмыстарды мердігер мекеме – «Жасыл даңғыл» ЖШС-і атқаруда. 

– Бұл міндетті атқару үшін мекеменің көтергіш кран, эксковатор және нығыздаушы техникалары жұмылдырылған. Жоспарлы жұмыстар желтоқсан айының 15-жұлдызына дейін тапсырылады, – дейді «Жасыл даңғыл» ЖШС-нің учаске басшысы Белтай Үсентаев.

Айта кетейік, бүгінде қала аумағында ирригация жүйелерін жаңарту жұмыстарымен 3 мекеме – «Жасыл даңғыл», «Көркем қала KZ» және «Шаһар құрылысы интернейшнл» ЖШС-лері айналысуда. 

Шынында, ирригация мәселесі тек Шымкент үшін ғана емес, еліміздің өзге де қалаларында өзекті болып отыр. Бұл жағдайға айрықша көңіл бөліп отырған қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары алдағы жылы, кешенді жоспардың 4-кезеңі аясында жалпы ұзындығы 11,2 шақырымды құрайтын 22 мекен-жайда ирригация жүйелерімен қамту жұмыстарын жүргізбек.

Опубликовано в Қала
Среда, 19 Октябрь 2016 08:35

Көшелері көркейген Шымкент

Қаланың орталық көшелерінің бойында қайта құру жұмыстары қыза түскен. Мердігер компания өкілдерінде тыным жоқ. Өйткені, жұмыс межелі мерзімде аяқталуы тиіс. Тәуке хан даңғылында бүгінге дейін асфальт төсеу жұмыстары жүргізілді. Енді суағарларды ауыстыру, аяқжолдарды кеңейту жұмыстары қалып тұр.

DSC 0924

Қайта құру жұмыстары кестеге сай атқарылуда. Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Абай Тұрхановтың айтуынша, құрылыс жұмыстары желтоқсанға дейін толық аяқталмақ. Тәуке хан даңғылындағы жұмыстар соңына таяды. Бұл мақсатта қалалық бюджеттен 337 млн теңге бөлінген. Мердігер мекеме – «Береке А» корпорациясы» ЖШС-і. 

Сондай-ақ, бүгінде Қапал батыр, Жібек жолы, Төлеметов, Жангелдин көшесінің бойында да жолдар жөнделіп, аяқжолдар салынуда. 

DSC 0836

Тәуке хан даңғылы мен Жангелдин көшесіндегі құрылыс барысымен таныстық. «Береке-А» корпорациясы» ЖШС өкілдері өз міндеттерін жоғары деңгейде аяқтауды қолға алған. Учаске басшысы Нұржан Мәлібековтың айтуынша, мұндағы қайнаған құрылысқа 50 адам жұмылдырылған. Жұмыс тамыз айында басталып, бүгінге дейін асфальт төселінді, қоршаулар орнатылды. 

– Қонаев даңғылы, Байтұрсынов, Дулати, Қазыбек би көшесіндегі бұрылыстарды қайта құру жұмыстары ғана қалды. Суағарларды бір аптада қойып бітеміз. Одан кейін жаяу жүргіншілер жолдарын ауыстыру жоспарда. Жалпы, жұмысты толығымен қарашада аяқтаймыз. Кестеден кешікпеуіміз үшін жұмыс үзіліссіз жүріп жатыр. Таңғы сағат 8.00-ден бастап, кешкі сағат 8-9-ға дейін жалғасады. Кейде түнгі 12-1-ге дейін созылады, – дейді ол. 

DSC 0658

Граниттен жасалған қоршаулар отандық өнім. Құрылыс материалдары көрші Жамбыл облысынан әкелініпті. Ал суағарлар корпорацияның өз өнімі. 

Б. Момышұлы даңғылынан басталған аяқжолдарды орнату жұмыстары Тәшенов көшесіне дейін жалғасады. 

Бұдан бөлек, Тәуке хан даңғылының бойындағы ағаштардың бәрінің түбі металды конструкциямен қоршалады. Бұл жұмыстар суағарлар орнатылып біткеннен кейін іске аспақ.

Жангелдин көшесінде де жұмыс қарқынды. Мұнда аяқжолдар ретке келтірілуде. «Құрылыс» ЖШС-інің жігіттері жұмысты 22 қыркүйекте бастаған. 

DSC 0692

– Күн суытпай тұрғанда тезірек бітіруге әрекет етіп жатырмыз. Бастысы, материал жеткілікті. Таңғы сағат 8.00-ден кешкі 19.00-ге дейін істейміз. Бізге Ә. Молдағұлова көшесінің тұсынан «Айгүл» аялдамасына дейін аяқжолдарды ретке келтіру жүктеліп отыр, – дейді 5-6 жігіттің жұмысын қадағалап жүрген Сағи Баймаханов. 

Мінекей, қалада осындай жұмыстар қолға алынған. Жолдар абаттандырылып, көшелер көріктендірілуде. Енді тұрғындар тазалықты сақтап, еңбекті бағалауы қажет. Қала тұрғыны Өрісбай Қожаберді де осыған үндейді. 

– Қала көркейіп жатыр. Көшелер тұрғындарға кең әрі ыңғайлы етіп көріктендірілуде. Енді игілімізге жараған дүниені күтіп ұстау өзімізге байланысты, – дейді 56 жастағы қала тұрғыны. 

Айналасы 2-3 сағаттың ішінде осындай жұмыстарға куә болдық. Жұмысшылар күндіз-түні құрылыс басында. Ауа райы да құбылып тұр. Сол себептен, межелі мерзімнен кешікпеу керек екендігін түсінеді.

Опубликовано в Қала

Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, облыс орталығында ұсақ құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған «Шымкент – қауіпсіз қала» аталған арнайы Жол картасы әзірленіп отыр. Оның негізгі мәні – қылмыс деңгейін 30 пайызға дейін төмендету. Жуырда қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртайдың төрағалығымен өткен жиында өңірде орын алған қылмыстың 60 пайызға жуығы Шымкент қаласы аумағында тіркелетіні айтылған болатын.

maqsat

Басты міндет – аулаларды толық жарықтандыру

Қылмыстың ең көп шоғырланған нүктесі ретінде қаладағы «Асар», «Ворошиловка», «Көксай», «Бадам» елдімекендері аталады. Осыған байланысты, арнайы Жол картасын әзірлеген мамандар ондағы туындаған күрделі ахуалдың бірден-бір себебі ретінде жарықтандырылмаған көше бойы мен аулалардың мәселелерін атап отыр.
Сараптама нәтижесі көрсеткендей, күні бүгінге дейін Әл-Фараби ауданына қарасты Терешкова-Быковский көшелері «қауіпті нүктелердің» бірі ретінде аталатын. Кешқұрым бас қосатын ішімдікке әуес жастар мұнда жиі бой көрсетіп келген. Тіпті, ұйымдасқан түрде жасалған пәтер, көлік және қалта ұрлығы деректері де арта түскен. Тек, түнгі жарықтандыру жүйелері орнатылғаннан кейін ғана жағдай бақылауға алынып, тұрғындардың үрейі басылыпты. Аталған көше бойларымен ұзындығы 1968 метр болатын электр желісі тартылып, 68 дана жарық шам орнатылған. Өз кезегінде, қалаға қосылған елдімекен тұрғындары өз ризашылықтарын білдіруде.
– Балаларды тиісінше, мектеп пен балабақшаға жібергенде, бұған дейін орын алып келген қорқыныш сезімдерден арылдық, – дейді қуаныш сезімін жасыра алмаған көпбалалы ана Бейбіт Оспанәлиева.
Сондай-ақ, қаладағы орталық көшелердің бірі Республика даңғылының 40а үйінің тұрғыны Гүлнұр Жорабекова
сәт сайын гүлденіп-көркейіп келе жатқан шаһарда өмір сүретініне қуанады әрі мақтаныш етеді.
– Қаланың жергілікті тұрғыны ретінде ұзақ жылдар ұстаздық қызмет атқарып келемін. Ұл-қыздарым да осы қаламен бірге есейіп келеді. Көңілге кірбің салып келген қараңғылық жағдайы да өз шешімін тапты. Енді кешқұрым уақыттарда балаларымыз аулада алаңсыз уақытын өткізеді, – дейді ол.
Әл-Фараби ауданы әкімдігінің халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің бас маманы Бақтияр Салиевтың айтуынша, ағымдағы жылы аудан көлемінде 73 аулаға 210 шам орнатылған. Тиісінше, ІІ кезең аясында 153 аулаға 459 шамды орнату жұмыстары жүргізілуде. Аудан аумағында әлі де болса 68 көпқабатты тұрғын үй ауласы жарықтандыруды қажет етеді.

Диодты шамдардың артықшылығы қандай?

Қазір қаладағы аулаларды жарықтандырумен «Ақсемсерстройсервис» және «Электростроймонтаж» мердігер мекемелері айналысуда. Күні бүгінге дейін қаладағы барлығы 1020 ауланың 334-і жарықпен қамтылған. Жыл соңына дейін тағы 455 аула жарықтандырылуы тиіс.
Қаланың түнгі шырайын арттыру, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында әкімдік пен тұрғындар арасында ортақ түсінік қалыптасқан. Қазіргі таңда Ш. Уәлиханов, Елшібек батыр, Сайрам және Т. Рысқұлов көшелерін, Жібек жолы көшесін А. Байтұрсынов көшесіне дейін түнгі шамдарын реттеу жұмыстары қолға алынған. Ең бастысы, соңғы үлгідегі бағаналар қойылуда. Қалаға қосылған елдімекендерді, сондай-ақ, «Жұлдыз», «Сайрам», «Қайнарбұлақ» тұрғын алабының орталық көшелерін де жарықтандыру жоспарда тұр.
Қаланың түнгі тыныс-тіршілігіне айрықша реңк беретін ол – диодты шамдар. Мамандардың айтуынша, мұндай энергияны аз қажет ететін, бірақ жарық беру әлеуеті үлкен диодты шамдар ескі жарық көздерімен салыстырғанда 5 есе жарық көп береді. Яғни, 139 көше, 334 аула, 8 саябақ және 30 гүлзарға жалпы саны 1189 дана диодты шам орнатылған.

«Қатерлі нүктелер» азайып келеді

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі мамандарының арнайы зерделеуімен алғашқы кезекте жарықтандырылуы тиіс 1-санаттағы 364 көше анықталған. Осының негізінде 2016-2018 жылдарға арналған арнайы жоспар әзірленіп, жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылуда. Яғни, биыл барлығы 139 көшені жарықтандыру көзделген. Жыл соңына дейін 40 көшеге ЖСҚ әзірленіп, 23 көшеге жарықтандыру жүйесі жүргізілмек. 4 көше қайта құрылымдалады.
– Қылмыстылық картасында қаланың «қатерлі нүктелері» саналатын аумақтар осыдан бірер жыл уақыт бұрын бірнеше ондап саналушы еді. Енді міне, ауқымды түрде жүргізілген жарықтандыру жұмыстарының нәтижесінде, «нүктелер» санымен қатар, қылмыс деңгейін біршама төмендетуге мүмкіндік туындауда. Осы арқылы, бақылау камераларының қатарын арттырып, тұрғындармен тығыз қарым-қатынас орнату да ендігі міндетіміз аталады, – дейді Әл-Фараби аудандық жергілікті полиция бөлімінің басшысы, полиция подполковнигі Сейтхан Пайзуллаұлы.
Сөз басында айтылған «Шымкент – қауіпсіз қала» Жол картасы аясында барлық көпқабатты үйлердің аулалары жыл соңына дейін толығымен жарықтандырылуы тиіс. Бұдан бөлек, «Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық даму Тұжырымдамасына» сәйкес, қала көшелерін жарықтандыру жұмыстары 2020 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.

Суретті түсірген М. ШАҒЫРБАЕВ

Опубликовано в Қала
Страница 4 из 7