Пятница, 24 Июнь 2016 06:53

Әр үйдiң алдында жылыжай

Алыстан менмұндалаған көк үйлерді көріп көз сүйсінеді. Бұл – Шымкенттің шығысынан бой көтерген «Асар» шағынауданы. Көз тартар көрікті үйлерге мемлекеттік «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша Өзбекстаннан атамекенге оралған ағайындар қоныс тепкен. Бүгінде «Асарда» 19 мыңға жуық халық тату-тәтті ғұмыр кешуде. Шырайы кірген шағынауданның басқалардан бір ерекшелігі – əрбір үйдің іргесінде 300 шаршы метр жерге жылыжай орналасқан.

Нағыз «Таза қала»

Бүкіл үйдің тұрғындары жылыжай шаруашылығымен айналысады. Әр жылыжайдан жылына 2 рет өнім жиналады екен.

– 2010 жылдан бастап тұрғындар көшіп келіп, қоныстана бастады. Ал 2011 жылдың соңында газ, жарық, ауызсу берілді. Бүгінде ауылымыздағы 1550 үйде жылыжай бар. Бұдан бөлек, екі мектеп, үш балабақша, аурухана, тағы басқа мекемелер ел игілігі үшін қызмет етуде. Арыз-шағымы, өтініші, мәселесі бар адам бізге келеді. Біз тиісті сала мамандарына ол өтініштерді жеткізіп, мәселесінің оң шешілуіне ықпал етеміз, – дейді «Ел аманаты» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Сейдахмет Мамырбаев.

 MG 4080

«Асарда» 72 көше, 6 учаскі, әр учаскінің ауыл билері бар. Олар әрбір тұрғынның мәселесіне жіті назар аударып, өздеріне бөлінген аумақтың тазалығына, көгалдандырылуына жауап береді. Ауызбіршілікке, ынтымаққа ұйытады. 

Өзгелерден тағы бір ерекшелігі – 2014 жылы бой көтерген аллея. Бұл аллеяға отбасында бір сәби жарық дүние есігін ашса, ата-анасы, ата-әжесі келіп көшет отырғызады. Немесе жас отбасы үйлі-баранды болып, отау құрса, олар да саябаққа шыбық қадайды. Аллеяны аралап жүріп байқағанымыз, әр көшеттің жанындағы тақтайшада еккен адамның аты-жөні, арнауы мен уақыты көрсетіліпті. Тіпті белгілі әнші Заттыбек
Көпбосыновтың қызы Айзереге арнап отырғызған көшетін де кездестірдік.

 MG 4073

Сондай-ақ, былтыр «Таза қала» акциясында Қаратау ауданы бойынша «Асардағы» №6 көше үздік шығып, І орын жеңіп алды. Тап-таза, көше бойы жасыл-желек пен жұпар иісі аңқыған гүлдермен көмкерілген. «Ел аманаты» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мінәйімбек Салибаев биыл да «Таза қала» акциясына қатысуға сақадай-сай екендіктерін айтады. Шағынаудан бойынша үш көше қатысып, бақ сынамақ.
«Асардағы» жылыжайға қажеттi құралдарды, пластикалық өнiм және модульдiк үйлер өндiрiсi, бетон блоктарын шығаратын зауыт 500-ге тарта тұрғынды жұмыспен қамтып отыр. «Асарлықтардың» арманы жоқ. Тарихи отанына оралған қандастарға барлық жағдай жасалынғанына көз жеткіздік.

 

Ынтымақты ту еткен

«Асар» шағынауданының тұрғындары – еңбексүйгіш. Еңбексүйгіш емей не дейік, 1550 отбасы үйінің алдындағы үш соттық жылыжайға қысы-жазы көкөніс өсіріп, мол өнім алып отыр. Ерте көктемнен бастап-ақ қияр, қызанақ, болгар бұрышы, тағы басқа өнімдерін қала базарларына шығарып сатуда. 66 жастағы Қожаназар Байзақов атаның отбасы биыл жылыжайға бірінші рет болгар бұрышын егіпті.

 MG 4099

– Жыл сайын қияр, қызанақ егіп, мол өнім алатынбыз. Балалармен ақылдасып, биыл болгар бұрышын егіп көрейік деп шештік. Өнім жаман емес. Жылыжайдағы өнімнің жартысына жуығын сатып үлгердік. О баста 600-700 теңгеден өткізгенбіз, қазір 250-300 теңгенің айналасында сатылып жатыр. Бір жылыжайға мың көшет кетеді. Уақытылы дәрумені мен суын беріп, оған да өз балаңа қарағандай қарау керек. – дейді Қожаназар ата.
Сырдария ауданынан қоныс аударған ақсақал 24 жыл мақта шаруашылығында еңбек еткен екен. Кейіннен он жылға жуық ауыл әкімі қызметін атқарып, тұрғындардың атамекенге оралуына жәрдем береді. Ұйымдастыру ісінің басы-қасында жүріп, «жұртым» деп жұмыла іс атқаруға бастамашы болады.
2010 жылы «Асарға» көшіп келгеннен бастап, №3 учаскенің биі. Аумағындағы 250-ге жуық үйдің тазалығына, көгалдандыруына жауап береді, той-думан мен түрлі іс-шараларды абыройлы өткізу – ақсақалдың мойнында.
«Ынтымақ қайда болса, ырыс-құт сонда барады» деген ұранды ұстанған Қожаназар атаның үйінде бүгінде екі баласы мен екі келіні берекелі ғұмыр кешіп жатыр. 5 ұл, 2 қызынан немере сүйіп, жұбайы екеуі олардың қуанышына кенеліп отыр.
– Екі ұлымнан өзгесі үйлі-баранды. Өз жолдарын, өмірлік серіктерін тапты. Қолымызда екі келініміз бар. Кейде өзге адамдар «қазіргі заманда қолда бір келіннің тұруы қиын. Екі келін бір үйде қалай тату-тәтті ғұмыр кешіп жүр?» деп таңғала сұрайтындар бар. Бәрі тәрбиеге байланысты. Оларға дұрыс бағыт, жол көрсетіп тұру керек. Үйде бірлік, ынтымақ болса, бәрі де өз ретімен болады, – дейді
Қожаназар ақсақал.

«Асарда» 30 үй салынуда

Жуырда баспанасыз жүрген 900 отбасы қуанышқа кенеліп, көптен күткен пәтер кілтіне қол жеткізеді. Өйткені «Асарда» бес қабатты, 30 үйдің құрылысы қызу, қарқынды жүргізілуде. Мерзімінен бұрын тапсыруға тырысқан құрылысшылар күні-түні еңбек етуде.

 MG 4066

– Алдымен алты үйді алтыншы шілде Астана күніне орай тапсырамыз деп жоспарлап отырмыз. Пәтердің ішкі қабырғасы мен кішігірім сантехникалық жұмыстары қалды. Ал қалған пәтерлерді өз ретімен желтоқсан айына дейін аяқтаймыз деген жоспар бар, – дейді учаске басшысы Нұржан Қауысбеков.
«Ақ орда корпорациясы» ЖШС-і салып жатқан бұл үйлер 1, 2 және 3 бөлмелі.
Тақтайдай түзу жол, электр жарығы, көгiлдiр отын, әр аулада атқылаған ауыз су, әлеуметтiк нысандар, жалпы әдемi өмiр сүру үшiн «Асарда» қажеттiнiң бәрі бар. Мұның бәрі Отанынан жыраққа кетiп, қайтып оралған қандастар үшiн жасалынып жатқан зор игi жұмыстардың айғағы болса керек.

Опубликовано в Қала
Страница 3 из 3