Ретсіз орналасқан сауда орындары көзге қораш көрінетін қоқыс үйінділері... Әсіресе, «Қырғы базар», «Ескі қалашық» немесе «Кристалл» сауда қатарларының маңынан өтер болсаңыз, шалынып не болмаса әлдебір затқа соқтығысып өтпегеніңізге шүкір дерсіз. Жаяу жүргіншілер жолын жауып, қаз-қатар тізілген жүк көліктері онысымен қоймай, дабыл қағып, жаяу жүргіншілердің зәре-құтын алатыны тағы бар. Әлі күнге дейін шегі шұбатылған мәселенің нақты шешімі нендей болмақ? Осы орайда, бүгінгі ахуалды тағы бір зерделеп көру үшін бірқатар сауда қатарларына бағыт алған едік.

DSC 0202


Тұтынушысын жаздың ыстығына, қыстың аязына ұрындырмайтын жабық кешенді сауда қатарларын салу – қала әкімдігінің ұзақ жылдар бойғы меншік иелеріне жүктеген қатаң талабы болатын. Дегенмен, тек «Тұлпар» және «Бекжан» базарлары ғана талап үдесінен көріне алды. Ал біз барған «Қырғы базарда» әзірге, мұндай мақсатты жұмыстар байқалатын емес. Тізбектелген көліктердің арасынан оңтайлы сәтті күтіп, базар ауласына кірдік. Төлеби көшесінің бойымен базар сыртын жағалап өтер болсаңыз, жоғарыда сөз болған «кейіпкерлердің» кейпін бірден танитыныңыз анық. Бақша өнімдері, аяқ киімдер мен тәтті күлшелер... асыққан жолаушыларды әбігерге салады. Ал ондағы жерасты өткелі арқылы қарсы бетке өту үшін де үлкен тәуекел қажет.

– Мынау Түлкібастың, яғни, өзіміздің бақшаның өнімдері, – дейді алма сатып отырған отанасы. – Келісін 150-200 теңгеге бағалап, сатып жатырмын. Одан артық баға қоя алмаймын. Себебі, өнімдерімді бүгін толық өткізіп, ауылға қайтуым керек. Неғұрлым арзан болса, өнім соғұрлым тез өтеді. 

«Сауда қатарларынан неге орын алмадыңыз? Сізге ешкім түсіндірмеді ме?» деген саулымызға: «Әй, қайдам, енді бірер аптада осыларды өткізіп алсам болды ғой. Маған базар ішінен тұрақты орынға қажеттілік жоқ» деп жауап берді.

97Әл Фараби ауданының әкімі Бауыржан Қалжановпен де сұхбаттасудың сәті түсті. Аудан басшысының айтуынша, жақын күндері мұндай ретсіздікке мүлдем тыйым салынбақ.

– Қазіргі таңда, аудан аумағына қарайтын «Акбар» базары мен «Қазына», «Оптовик» сауда үйлерінің аумағындағы белгіленбеген орындар біршама ретке келтірілген. Әзірге осы «Қырғы базар» маңындағы ұзаққа созылған өзекті мәселеде түпкілікті нәтижеге қол жеткізу үшін сот шешімін күтудеміз. Яғни, мұндағы 300-ден астам заңсыз сауда иелері үшін заң аясында нақты шара қабылданады. Аталмыш базар басшылығы да бұл істе бізге лайықты қолдау танытуда. Демеушілік жәрдем көрсетіп, әкімдік мамандары үшін арнайы велосипедтер алып берді. Мұнда біздің қызметкерлер велосипед қызметін пайдаланып, жүйелі түрде бақылау шараларын ұйымдастыруда, – дейді Бауыржан Ахметәліұлы.

Осы орайда, аудан аумағындағы санитарлық тазалықты қалыптастыру бағытында сауда орындарының маңынан тұрмыстық қатты қалдықтарға арналған 185 контейнер алаңшалары және 626 қоқыс контейнері орнатылыпты.

Қаланың 2020 жылға дейінгі арналған әлеуметтік-экономикалық даму Тұжырымдамасы аясында «Қырғы базарды» қайта құрылымдап, шығыс стиліндегі сәулетті кешенге айналдыру көзделген. Нәтижесінде, «Шығыс базары» – келешекте қаланың көрікті орнына айналып қана қоймай, Ұлы Жібек жолының бойындағы ежелгі сауда-саттық дәстүрін жаңғыртқан, ұлттық кескін-келбеті сақталған орын болмақ.

Жалпы, бүгінде қала аумағында 33 әмбебап базар мен сауда қатарлары жұмыс істеуде. Олардың 11-і ірі базарлардың қатарына жатады. Дегенмен, ондағы олқылықтарды бірізді жүйеге келтіру әзірге мүмкін болмай тұр. Мәселен, базарлар мен сауда қатарларының ешбірінде көлік тұрағы мәселесі шешілмеген. Ал қолданыстағы заңға сәйкес, әр базар аумағының 36 пайызы автотұрақтарға берілуі тиіс.

Жуырда ТМД елдерінің басшылары бас қосқан келелі жиында Шымкент – 2020 жылғы «ТМД елдерінің мәдени астанасы» ретінде жарияланған еді. Қаланың мұндай мәртебеге ие болуы да тегін емес. Шымқалада соңғы бес жылда 50-ге таяу мәдени нысан бой көтеріпті. Соңғы 3 жылдың ішінде қала аумағы 117 мың гектарға кеңейіп, жаңа аудандар қосылды. Шаһар еліміздің демографиясына да лайықты үлес қосып келеді. Жақын күндері 1 миллион тұрғыны бар қала ретінде мәлім болмақ. Қаланың соңғы жылдары экономикалық әлеуеті еселене түскен. Облыс орталығының қарқынды дамуы мәдени астана атануына мүмкіндік беруде.

 

ТҮЙІН

Иә, жоспарлы міндеттер орындалып, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қарыштап алға басқан сәтте, қаланың ішкі мәдениетін қалыптастыру, санитарлық тазалығын сақтау, қоғамдық орындарда заң мен тәртіпті ұстану – ендігі қала тұрғындарының басты ұстанымы болуы шарт. Бұл тұрғыда, күллі әлемге үлгі болып отырған Жапония, Корея, Сингапур елдеріндегі қол жеткен жетістіктер нақ осы біз айтқан жанашырлықтың нәтижесінде жүзеге асқанын айта кеткен жөн.

Опубликовано в Қала

Бүгінде облыста 7 автовокзал және 23 автобекет жолаушыларға қызмет көрсетеді. Автовокзалдар мен автобекеттерді Ұлттық стандарт талаптарына сәйкестендіру – уақыт талабы. Бұл мақсатта облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен автовокзал басшылары арасында 2016 жылы Меморандум түзілген еді. Оған сәйкес, автотұрақтар заманауи талапқа сай болып, сапалы қызмет ұсынуы тиіс. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы БАҚ өкілдеріне арнайы ұйымдастырған рейд барысында қаладағы бірқатар автотұрақтардың жағдайымен таныстық.

DSC 4709

Автовокзалдар төрт санатқа бөлінген

Меморандумға сәйкес, 2019 жылы автотұрақтар 100 пайыз талапқа сай болуы керек. Осы бағытта мекеме басшылары заманауи талапқа сай болуға әрекет етіп жатыр. 

Бекеттер – қаламыздың көркі. Жолаушылар, туристердің ең бірінші бас сұғатыны осы орындар. Сол себепті мекемелер жауапкершілікті сезінуі керек. Бүгінде бұл маңдағы ретсіз сауда нүктелері жойылуда. 

Қазір өңірде 63 тасымалдау мекемесі бар болса, 2700-ден астам автобус түрлі бағытқа қатынайды. Сапалы қызмет көрсету және қауіпсіздікті сақтауға көңіл бөлінуде. 

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Мырзабаевтың айтуынша, қазір автовокзалдар төрт санатқа бөлініпті. 

– Облыста бірінші санатқа лайық 6 автовокзал бар. Олар 80 пайыз талапқа сай. Екінші санаттағылар 65-80, үшінші санаттағылар 50-65 пайыз аралығында талапқа сай. Ең төменгі – төртінші санаттағылардың жағдайы 50 пайызға дейін. Біз оларды тізімнен шығарып тастау мәселесі бойынша облыстық әкімдіктің комиссиясына ұсынамыз, – дейді Мақсат Сайлаубайұлы. 

DSC 4761

Заңсыз тасымалдаумен күресу – тікелей облыс әкімінің назарында тұрған мәселе. Аудандарда мобильдік топ құрылған. Жеті айдың ішінде 24 рейд өткізіліп, 145 хаттама толтырылыпты. Заңсыз тасымалдаушылар да толық анықталған: 145 үлкен сиымдылықты, 756 шағын автобус осындай тізімде тұр.

 

Заманауи талаптарға сай

2006 жылы ашылған Шымкенттегі халықаралық «Самал» автовокзалында оң өзгерістер баршылық. Аумағы 1 гектарды қамтитын нысанда 8 тамыз күні заманауи талаптарға сай екінші күту залы жолаушылардың игілігіне берілді. Мекеменің атқарушы директоры Асқар Шалабаев бірқатар жаңалықтардан хабардар етті. 

– Бізден 2 халықаралық, 7 облысаралық, 23 аудандағы елдімекендерге көліктер қатынайды. Келісімшарт бойынша 22 көлік компаниясымен бірлесе жұмыс істейміз. Бұған дейін келісімшартты бұзу мәселесі болған емес. Таяуда ауданаралық бағыттарға арналған күту залы ашылды. Қыста жылы, жазда салқын. Одан бөлек, облыста алғашқы болып электронды билет сату жүйесін іске қостық. Халықтың әлеуметтік жағдайына қарай баға көтерілген емес, – дейді ол. 

DSC 4730

Мұнда жолаушылардың қауіпсіздігі де басты назарда. Автотұрақ маңында 28 бейнебақылау орнатылған. Мобильдік топ күндіз-түні күзетеді. 

Жүргізушілерге де барлық жағдай қарастырылған. Яғни, олардың жолға шығу алдында дәрігерлік тексеруден өтуіне мүмкіндігі бар. 

Жаңадан ашылған күту залында кітап оқып отырған Азиза Исаевамен сөйлестік. Зейнет жастағы апай мұндағы жағдайға дән риза. Түркістанға жол жүріп бара жатыр. Қарт жолаушы көліктердің қолжетімділігіне, тазалық пен тәртіпке өз ризалығын айтты. 

«Бекжан» автовокзалында да барлық жағдай қарастырылған. Сауда қатарлары стандартқа сай. Мекеменің директоры Ғалымжан Әбуовтің айтуынша, мұнда күнделікті 300 автобус жолға шығады. Облысаралық 6, ауданаралық 27 бағыт бар. 19 компанияның жұмысы ретке келтірілген. 

Көлік компанияларына жүктелген міндеттің бірі – жолаушылардың қауіпсіздігіне көңіл бөлу. Мәселен, бүгінде көліктерге өз мекемелерінің атаулары жапсырылып жатыр. Бұл жолаушыларға өте тиімді. Қай бағытқа жүретіні, қай фирмаға тиесілі екені айқын жазылып тұр. Жол патрульдік полициясы да көліктердің бағытын анықтап отырады. 

DSC 4660

Заңсыз жолаушылар тасымалына жол жоқ

Облыста шамамен 145 сыйымдылығы үлкен автобус пен 756 шағын автобустың заңсыз тасымалдаумен айналысатыны анықталған. Олардың енді тәртіпке мойынсынуына тура келеді. 

Басқарма басшыларының мәліметінше, бүгінге дейін ауданарлық тұрақты бағыттарға қызмет көрсететін 354 (75 пайыз) шағын автобусқа өз белгілері орнатылыпты. Яғни, бұдан былай, көлікте мұндай мәліметтері болмаса, ол заңсыз жолаушылар тасымалымен айналысатын автокөлік тізіміне кірмек. 

Сондай-ақ, тасымалдаушы компаниялар өз көліктерін жыл сайын жаңарту керек. Былтыр екі тасымалдаушымен келісімшарт бұзылған. Биыл 111 автобусты жаңарту жоспарда тұр.

БАҚ өкілдері де заңсыз жолаушылар тасымалдайтындардың әрекетіне рейд барысында куә болды. Шымкент-Ташкент бағытында қатынайтын бірқатар көліктердің заңсыздықтары анықталды. Мәселен, кейбір жүргізушілердің жолаушылар тасымалдау куәлігінің уақыты өтіп кеткен. Оларға жол-патрульдік полиция қызметкерлері тарапынан 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Ал енді бірінің сақтандыру полисінің мерзімі жарамсыз болып шықты.

Опубликовано в Қала
Пятница, 03 Март 2017 05:57

7 заңсыз дүңгіршек сүрілді

Шымкентте Әл-Фараби ауданы бойынша заңсыз саудамен айналысқан дүңгіршектер алынуда.

20170214 154033

Осы мақсатта аудан әкімдігінің қызметкерлері рейдке шықты. Тексеру барысында жеті дүңгіршек орнынан алынды.

Жалпы, өткен жылы аудан аумағындағы 88 дүңгіршек заңсыз деп танылған. Жыл басынан бері тағы 15 дүңгіршек жойылды. 

– Басты мақсат – заңсыз сауда орындарын болдырмау. Қала тұрғындарына кедергі келтіретін орын қалыптастырмау, қала көркін бұзбау. Жалпы, аудан аумағындағы жол бойында, жүргінші жолдарындағы заңсыз дүңгіршек толығымен жойылады, – дейді Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары Серік Нұрманов.

Рейд барысында жұмысшы топ азаматтарға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, ҚР Әкімшілік кодексі бойынша айыппұл салынатынын ескертті.

Опубликовано в Қала
Пятница, 24 Февраль 2017 05:37

Тоғыз заңсыз дүңгіршек жойылды

Әл-Фараби аудандық әкімдігі Шымкент қаласының көшелерін ретсіз саудадан тазарту мақсатында рейдтік шараларын жалғастыруда.

20170214 171923

20170214 153131

Қала орталығында ретсіз сауда қатарын қалыптастырған дүңгіршектердің сүрілетіні туралы меншік иесіне бір жыл бұрын хабар берілген. Тіпті, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы ҚР Кодексінің 505 бабы бойынша толтырылған хаттамаға сәйкес айыппұл төлеп, дүңгіршекті алдыру туралы талаппен таныс болған. Сондай-ақ, заң шеңберінде сүрілуге ұсынылған нысандардың тізімі газет бетінде де жарық көрген.

Бұл жұмыстардың нәтижесінде 2016 жылы қала көшелерінде заңсыз орнатылған 88 дүңгіршек алынды. Дегенмен, жыл бойы ескерту жасалғанымен кейбір дүңгіршектерді орнынан алдыруды әкімдік қызметкерлері өз міндетіне алды. 

– Дулати көшесінің Рысқұловпен қиылысқан тұсында көп жылдан бері жұмысын жүргізіп келе жатқан ретсіз сауда қатарының сүрілетіні туралы осыдан бір жыл бұрын хабарланған. «Дүңгіршекті алып кетеміз» десе де, жыл бойы нәтиже шығармады. Сондықтан мемлекет тарапынан арнайы көлік бөлініп, осы айналадағы тоғыз дүңгіршек иелерінің келісімімен алынып тасталды. Дүңгіршектерді Громова көшесіндегі автотұраққа қалдырамыз, – дейді Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары Серік Нұрманов.

20170214 155139

С.Нұрмановтың айтуынша, ретсіз сауда халық жүріп өтетін аяқжолдарға орналасқан. Соның салдарынан адамдар автожолдармен жүреді, көлік тоқтатады. Мұның бәрі қоғамдық көліктердің қозғалысына кедергі келтіріп, кептеліс тудыруда. Биыл заңсыз орнатылған дүңгіршектер саны жыл басынан бері 15-ке жетіп отыр. Қазіргі таңда Әл-Фараби ауданында ретсіз сауда нүктелерін анықтау, хаттама толтырып, ескерту жасау жұмыстары жүргізілуде.

Опубликовано в Қала
Среда, 15 Февраль 2017 04:58

Ретсіз саудаға – қатаң бақылау

Шымкент қаласының аумағында белгіленген жерлерден тыс орындардағы ретсіз сауда-саттықты жою мақсатында қалалық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен кезекті рейд жұмыстары жүргізілді.

reid 10

reid 13«Орталық қырғы базардан» басталған тексеру барысында жергілікті тұрғындар жүретін жолдарда және базар маңындағы автокөлік тұрақтарының орнына қойылған ретсіз сауда орындары анықталды. Осыған орай, Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары Серік Нұрманов кәсіпкерлерге түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Оның айтуынша, қаладағы мұндай ретсіз сауда орындарының көбі Төле би көшесінде болған. Қазіргі таңда бұл олқылықтар түзетіліп, ретке келтірілуде. Сонымен қатар, базар басшылығымен жаңа жұмыс орындарын қарастырып, жұмыссыз қалған кәсіпкерлерге көмек көрсету жоспарланған. 

– Осы уақытқа дейін 87 саудагердің ретсіз сауда жұмыстары тоқтатылған. Алайда, оның 17-ін жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз еттік. Ал қалған 70-іне «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша қоғамдық жұмыстарға және көтерме сауда базарларына ұсындық. Сонымен қатар, сенбі, жексенбі күндері өтетін жәрмеңкеге де сауда орындарын ақысыз беріп жатырмыз, – дейді Серік Шермаханбетұлы.

Опубликовано в Қала
Пятница, 14 Октябрь 2016 05:28

Тәртіп бұзғандарға талап қатаң

Әл-Фараби аудандық әкімдігінің ұйымдастыруымен қоғамдық орындарда санитарлық тазалықты сақтау мақсатында «Қала тазалығы – баршамызға ортақ!» атты кезекті рейд өтті.

20161012 173233

Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары М.Тәжібаев жетекшілік еткен іс-шарада әкімдік қызметкерлерінен бөлек, жергілікті учаскелік полиция инспекторлары мен Әл-Фараби ауданына қарасты ЖОО жастар саясаты бөлімінің қызметкерлері де белсене қатысты.

Қала тұрғындарына және дәмхана, дүкен иелеріне қала тазалығына жауапкершілікпен қарау жайында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Осы бағытта пәтеріне жөндеу жұмыстарын жасап, үйден шыққан қоқысты аулаға қалдырғандарға және темекі, басқа да азық-түлік қалдықтарын тиісті орынға тастамағандарға ескерту жасалды.

20161012 162508

– Рейдтік іс-шара апта сайын тұрақты түрде жүргізіледі. Мұндағы мақсатымыз – айыппұл салу емес, тұрғындарға қала тазалығын сақтауды азаматтық парызым деп білетін ой қалыптастыру, жастарды дұрыс жолға бағыттау, – дейді Марат Тәжібаев.

Опубликовано в Заң
Среда, 12 Октябрь 2016 04:36

Оңтүстікте – жаңа әкім

Оңтүстік Қазақстан облысында ауыс-түйіс орын алды. Кешегі аптада Жансейіт Түймебаев облыс әкімі болып тағайындалды. Өңірге келген ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Оңтүстік Қазақстан облысы активіне жаңа әкімді таныстырды.

Облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында Б. Сағынтаев Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың облыс әкімі қызметіне Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Жансейіт Түймебаевтың кандидатурасын ұсыну туралы хатын оқып берді.
«Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінен, Қазақстан Республикасының Албания Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі міндетін қоса атқарудан босатылсын», – делінген Жарлықта. Мәслихат депутаттары аталған кандидатураны бірауыздан қолдады. Облыс активінің алдында сөйлеген сөзінде Б.Сағынтаев бұрынғы әкім Б.Атамқұловқа атқарған қызметі үшін алғысын айтты.
Түймебаев Жансейіт Қансейітұлы Оңтүстік Қазақстан облысында 1958 жылы дүниеге келген. Филология ғылымының кандидаты, профессор. Қазақ мемлекеттік университетін, Мәскеу мемлекеттік әлеуметтік университетінің заң факультетін бітірген. Еңбек жолын Қазақ мемлекеттік университетінде бастаған. Сыртқы істер министрлігінде, Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Елшілігінде, Президенттің Протоколы қызметінде жауапты қызметтер атқарған. Түркия Республикасының Ыстамбұл қаласындағы Қазақстан Республикасының бас консулы, Қазақстан Республикасы Президенті Протоколының бастығы, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі-Протоколының бастығы.
2006 жылы ақпанда Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалды.
2007 жылы қаңтарда айынан Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрі болып тағайындалды. 2010 жылы қазанда – Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалды. 2011 жылы наурызда Түркия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Қазақстан Республикасының Албания Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы болып тағайындалды Облыс активінің алдында сөйлеген сөзінде Б.Сағынтаев бұрынғы әкім Б.Атамқұловқа атқарған қызметі үшін алғысын айтты.
– Мемлекет Басшысының маған білдірген сенімі үшін Нұрсұлтан Әбішұлына зор алғысымды білдіремін! Және де Оңтүстіктің халқына, маған қолдау көрсеткен депутаттық корпусқа, барша әріптестеріме үлкен рахметімді айтамын, – деді Бейбіт Бәкірұлы өзіне сөз берілгенде. – Біз Елбасының барлық тапсырмаларын орындауға тырыстық.Сол тапсырмалардың ең негізгілері – халықтың жағдайын жақсарту, өңірге инвестиция тарту, дағдарысқа қарсы іс-шаралар қабылдау. Мемлекеттік бағдарламалар сәтті жүзеге асырылды. Асырылып та жатыр. Елбасының және Үкіметтің тапсырмаларын орындау нәтижесінде, облыс еліміз бойынша алдыңғы қатарда. Біз үшін басшылықтың тапсырмаларын орындау – үлкен жауапкершілік. Алдағы уақытта да, Елбасының сенімінен үнемі шығуға және маған жүктелген тапсырмаларды орындауға дайын екенімді айтқым келеді!
Ал Бейбіт Атамқұлов Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі қызметіне тағайындалды.

Опубликовано в Саясат
Среда, 05 Октябрь 2016 06:10

Заңсыз дүңгіршектер алынуда

Шымкент қаласына қарасты Әл-Фараби ауданы әкімдігінің қызметкерлері заңсыз саудамен айналысқан аумаққа рейдке шықты. Тексеру барысында заңсыз деп табылған 23 дүңгіршек техника көмегімен алынып тасталды.

reid apf

Жалпы, жыл басынан бері аудан аумағындағы 69 дүңгіршек заңсыз деп танылып, алынып тастауға бұйрық берілген. Айта кетерлігі, бір апта бұрын әкімдік мүшелері БАҚ арқылы заңсыз дүңгіршек иелеріне хабарландыру беріп, тиісті шара қолдануларын сұрадық деп отыр.

Сондай-ақ, осыған орай қала тұрғындарының назарына заңсыз сауда орындары мен дүңгіршектерді белгіленбеген орындарға орналастырмауды кезекті рет ескертті.

Опубликовано в Қоғам
Пятница, 30 Сентябрь 2016 06:35

Ретсіз саудамен күрес жалғасуда

ill018Шымкент қалалық кәсіпкерлік бөлімінің қызметкерлері салық және құқық қорғау саласының мамандарымен бірлесіп, Абай ауданы аумағы бойынша ретсіз сауда орындарына рейдтік шара ұйымдастырды. Тексеруші топ Ахунбабаев көшесінде орналасқан «Алаш» базарының маңы мен аялдамаларын ретсіз сауда қатарларынан тазалау жұмыстарын жүргізді.

– Ретсіз сауда иелерін заманауи талаптарға сай қалпына келтірілген сауда орындарына орналастыруға тиісті нұсқау берудеміз. Бірнеше рет айтылған ескертуге бей-жай қараған сауда иелері үшін ішкі істер бөлімінің қызметкерлері тарапынан заң аясында айыппұлдар салынады, – дейді қалалық кәсіпкерлік бөлімнің сектор меңгерушісі Қайрат Базарбеков.
Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, қала аумағында белгіленген жерлерден тыс орындардағы сауданы жою үшін бүгінде 4 жұмыс тобы құрылған. ҚР Әкімшілік Кодексінің 204-бабына сәйкес, жыл басынан бері қалада 2 жарым мыңға таяу азаматқа 5 миллион теңге көлемінде айыппұл салыныпты. Оның 4 миллион 172 мың теңгесі өндіріліп алынған.

Опубликовано в Қоғам

Шымкент қалалық кәсіпкерлік бөлімі ретсіз сауда орындарын жою мақсатында қала әкімінің тапсырмасына сәйкес Абай ауданында рейдтік іс-шара ұйымдастырды. Оған аудандық жергілікті полиция бөлімі, сәулет және қала құрылыс, жер қатынастары бөлімінің мамандары қатысты. Олар Республика даңғылындағы «Көмешбұлақ» базары маңында заңсыз көкөніс, балмұздақ пен сусын, тағы басқа өнімдер сатып жатқан сатушыларға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, айыппұл салды. 

– Абай ауданы бойынша жыл басынан бері ретсіз саудаға қатысты 568 хаттама толтырылды. 1 миллион 166 мың теңге көлемінде айыппұл салынып, оның 646 мың теңгесі өндіріліп отыр. 85 ретсіз сауда орындары анықталып, сол бойынша қазір түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, – дейді Шымкент қалалық кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Досанғали Ертаев.

Айта кетейік, аудан көлемінде бұдан бөлек 104 дүңгіршек анықталып, оның 80-ге жуығы алынып тасталған.

Опубликовано в Қоғам
Страница 1 из 2