Ретсіз орналасқан сауда орындары көзге қораш көрінетін қоқыс үйінділері... Әсіресе, «Қырғы базар», «Ескі қалашық» немесе «Кристалл» сауда қатарларының маңынан өтер болсаңыз, шалынып не болмаса әлдебір затқа соқтығысып өтпегеніңізге шүкір дерсіз. Жаяу жүргіншілер жолын жауып, қаз-қатар тізілген жүк көліктері онысымен қоймай, дабыл қағып, жаяу жүргіншілердің зәре-құтын алатыны тағы бар. Әлі күнге дейін шегі шұбатылған мәселенің нақты шешімі нендей болмақ? Осы орайда, бүгінгі ахуалды тағы бір зерделеп көру үшін бірқатар сауда қатарларына бағыт алған едік.

DSC 0202


Тұтынушысын жаздың ыстығына, қыстың аязына ұрындырмайтын жабық кешенді сауда қатарларын салу – қала әкімдігінің ұзақ жылдар бойғы меншік иелеріне жүктеген қатаң талабы болатын. Дегенмен, тек «Тұлпар» және «Бекжан» базарлары ғана талап үдесінен көріне алды. Ал біз барған «Қырғы базарда» әзірге, мұндай мақсатты жұмыстар байқалатын емес. Тізбектелген көліктердің арасынан оңтайлы сәтті күтіп, базар ауласына кірдік. Төлеби көшесінің бойымен базар сыртын жағалап өтер болсаңыз, жоғарыда сөз болған «кейіпкерлердің» кейпін бірден танитыныңыз анық. Бақша өнімдері, аяқ киімдер мен тәтті күлшелер... асыққан жолаушыларды әбігерге салады. Ал ондағы жерасты өткелі арқылы қарсы бетке өту үшін де үлкен тәуекел қажет.

– Мынау Түлкібастың, яғни, өзіміздің бақшаның өнімдері, – дейді алма сатып отырған отанасы. – Келісін 150-200 теңгеге бағалап, сатып жатырмын. Одан артық баға қоя алмаймын. Себебі, өнімдерімді бүгін толық өткізіп, ауылға қайтуым керек. Неғұрлым арзан болса, өнім соғұрлым тез өтеді. 

«Сауда қатарларынан неге орын алмадыңыз? Сізге ешкім түсіндірмеді ме?» деген саулымызға: «Әй, қайдам, енді бірер аптада осыларды өткізіп алсам болды ғой. Маған базар ішінен тұрақты орынға қажеттілік жоқ» деп жауап берді.

97Әл Фараби ауданының әкімі Бауыржан Қалжановпен де сұхбаттасудың сәті түсті. Аудан басшысының айтуынша, жақын күндері мұндай ретсіздікке мүлдем тыйым салынбақ.

– Қазіргі таңда, аудан аумағына қарайтын «Акбар» базары мен «Қазына», «Оптовик» сауда үйлерінің аумағындағы белгіленбеген орындар біршама ретке келтірілген. Әзірге осы «Қырғы базар» маңындағы ұзаққа созылған өзекті мәселеде түпкілікті нәтижеге қол жеткізу үшін сот шешімін күтудеміз. Яғни, мұндағы 300-ден астам заңсыз сауда иелері үшін заң аясында нақты шара қабылданады. Аталмыш базар басшылығы да бұл істе бізге лайықты қолдау танытуда. Демеушілік жәрдем көрсетіп, әкімдік мамандары үшін арнайы велосипедтер алып берді. Мұнда біздің қызметкерлер велосипед қызметін пайдаланып, жүйелі түрде бақылау шараларын ұйымдастыруда, – дейді Бауыржан Ахметәліұлы.

Осы орайда, аудан аумағындағы санитарлық тазалықты қалыптастыру бағытында сауда орындарының маңынан тұрмыстық қатты қалдықтарға арналған 185 контейнер алаңшалары және 626 қоқыс контейнері орнатылыпты.

Қаланың 2020 жылға дейінгі арналған әлеуметтік-экономикалық даму Тұжырымдамасы аясында «Қырғы базарды» қайта құрылымдап, шығыс стиліндегі сәулетті кешенге айналдыру көзделген. Нәтижесінде, «Шығыс базары» – келешекте қаланың көрікті орнына айналып қана қоймай, Ұлы Жібек жолының бойындағы ежелгі сауда-саттық дәстүрін жаңғыртқан, ұлттық кескін-келбеті сақталған орын болмақ.

Жалпы, бүгінде қала аумағында 33 әмбебап базар мен сауда қатарлары жұмыс істеуде. Олардың 11-і ірі базарлардың қатарына жатады. Дегенмен, ондағы олқылықтарды бірізді жүйеге келтіру әзірге мүмкін болмай тұр. Мәселен, базарлар мен сауда қатарларының ешбірінде көлік тұрағы мәселесі шешілмеген. Ал қолданыстағы заңға сәйкес, әр базар аумағының 36 пайызы автотұрақтарға берілуі тиіс.

Жуырда ТМД елдерінің басшылары бас қосқан келелі жиында Шымкент – 2020 жылғы «ТМД елдерінің мәдени астанасы» ретінде жарияланған еді. Қаланың мұндай мәртебеге ие болуы да тегін емес. Шымқалада соңғы бес жылда 50-ге таяу мәдени нысан бой көтеріпті. Соңғы 3 жылдың ішінде қала аумағы 117 мың гектарға кеңейіп, жаңа аудандар қосылды. Шаһар еліміздің демографиясына да лайықты үлес қосып келеді. Жақын күндері 1 миллион тұрғыны бар қала ретінде мәлім болмақ. Қаланың соңғы жылдары экономикалық әлеуеті еселене түскен. Облыс орталығының қарқынды дамуы мәдени астана атануына мүмкіндік беруде.

 

ТҮЙІН

Иә, жоспарлы міндеттер орындалып, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қарыштап алға басқан сәтте, қаланың ішкі мәдениетін қалыптастыру, санитарлық тазалығын сақтау, қоғамдық орындарда заң мен тәртіпті ұстану – ендігі қала тұрғындарының басты ұстанымы болуы шарт. Бұл тұрғыда, күллі әлемге үлгі болып отырған Жапония, Корея, Сингапур елдеріндегі қол жеткен жетістіктер нақ осы біз айтқан жанашырлықтың нәтижесінде жүзеге асқанын айта кеткен жөн.

Опубликовано в Қала
Среда, 09 Август 2017 05:35

Базар қала сыртына көшіріледі

Шымкент қаласындағы ретсіз сауда мен базарларды жойып, заман талабына сай сауда орындары мен алып дүкендердің құрылысын қолға алуымыз керек. Осыған сәйкес қаланың бас жоспары бойынша ірі базарлардың бәрі қала сыртында орналасатын болады.

bazar-koshedi

Бұл туралы қаладағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралау барысында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев мәлім етті.

Өңір басшысы күтпеген жерден Рысқұлов пен Дулати көшелерінің қиылысында орналасқан «Қазыбек» әмбебап базарына аялдады. Базар маңындағы құжынаған халық пен ешқандай санитарлық талаптарға жауап бермейтін жүйесіз сауда реттерін көрген әкім базар жыл соңына дейін қала сыртына көшірілетінін айтты. Сондай-ақ Елбасының тапсырмасына сәйкес Шымкентті ірі мегаполиске айналдыру бойынша жаңа жобалардың қолға алынып жатқанына тоқталды. Аталған базарды қала сыртына көшіруді жыл соңына дейін шешуді қала басшылығына тапсырды. 

– Қазіргі талаптарға сәйкес бұл базар қала сыртына көшірілетін болады. Сондықтан мұндағы сауда жасап жатқан кәсіпкерлер түсіністікпен қарап, бізге қолдау білдіруі қажет. Саудагерлер далада қалмайды. Бәріне заң талаптарына сай заманауи үлгіде салынып жатқан «Бозарық» шағынауданындағы сауда орталығынан орын беріледі. Сондықтан аталған базарды жыл соңына дейін жауып, көшіруді тапсырамын, – деді Ж.Түймебаев.

Облыс әкімінің бұл талабына сондағы сатушылар да қолдау білдіріп, көшуге байланысты ескерту шараларының дер кезінде жүріп жатқандығын жеткізді. Айтак етсек, «Қазыбек» әмбебап базарында жеміс-жидек, көкөніс пен күнделікті тұтынуға арналған және құрылысқа қажетті тауарлар саудаланады. Сауда орталығының жалпы аумағы 20 595 шаршы метрді құрайды. Оның ішінде 10 719 шаршы метрі сауда алаңына жатады.

Опубликовано в Қала
Среда, 15 Февраль 2017 04:58

Ретсіз саудаға – қатаң бақылау

Шымкент қаласының аумағында белгіленген жерлерден тыс орындардағы ретсіз сауда-саттықты жою мақсатында қалалық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен кезекті рейд жұмыстары жүргізілді.

reid 10

reid 13«Орталық қырғы базардан» басталған тексеру барысында жергілікті тұрғындар жүретін жолдарда және базар маңындағы автокөлік тұрақтарының орнына қойылған ретсіз сауда орындары анықталды. Осыған орай, Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары Серік Нұрманов кәсіпкерлерге түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Оның айтуынша, қаладағы мұндай ретсіз сауда орындарының көбі Төле би көшесінде болған. Қазіргі таңда бұл олқылықтар түзетіліп, ретке келтірілуде. Сонымен қатар, базар басшылығымен жаңа жұмыс орындарын қарастырып, жұмыссыз қалған кәсіпкерлерге көмек көрсету жоспарланған. 

– Осы уақытқа дейін 87 саудагердің ретсіз сауда жұмыстары тоқтатылған. Алайда, оның 17-ін жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз еттік. Ал қалған 70-іне «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша қоғамдық жұмыстарға және көтерме сауда базарларына ұсындық. Сонымен қатар, сенбі, жексенбі күндері өтетін жәрмеңкеге де сауда орындарын ақысыз беріп жатырмыз, – дейді Серік Шермаханбетұлы.

Опубликовано в Қала
Пятница, 30 Сентябрь 2016 06:35

Ретсіз саудамен күрес жалғасуда

ill018Шымкент қалалық кәсіпкерлік бөлімінің қызметкерлері салық және құқық қорғау саласының мамандарымен бірлесіп, Абай ауданы аумағы бойынша ретсіз сауда орындарына рейдтік шара ұйымдастырды. Тексеруші топ Ахунбабаев көшесінде орналасқан «Алаш» базарының маңы мен аялдамаларын ретсіз сауда қатарларынан тазалау жұмыстарын жүргізді.

– Ретсіз сауда иелерін заманауи талаптарға сай қалпына келтірілген сауда орындарына орналастыруға тиісті нұсқау берудеміз. Бірнеше рет айтылған ескертуге бей-жай қараған сауда иелері үшін ішкі істер бөлімінің қызметкерлері тарапынан заң аясында айыппұлдар салынады, – дейді қалалық кәсіпкерлік бөлімнің сектор меңгерушісі Қайрат Базарбеков.
Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, қала аумағында белгіленген жерлерден тыс орындардағы сауданы жою үшін бүгінде 4 жұмыс тобы құрылған. ҚР Әкімшілік Кодексінің 204-бабына сәйкес, жыл басынан бері қалада 2 жарым мыңға таяу азаматқа 5 миллион теңге көлемінде айыппұл салыныпты. Оның 4 миллион 172 мың теңгесі өндіріліп алынған.

Опубликовано в Қоғам
Среда, 30 Март 2016 05:00

Ретсiз саудадан тазартылды

Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың тапсырмасына сәйкес, жабайы сауда орындары мен заңсыз қызмет көрсетіп келе жатқан дүңгіршектерге қарсы күрес шаралары қызу жүргізілуде. Осыған орай Әл-Фараби ауданы аумағында кезекті рет рейд өткізілді.

 alPharabi-reid  alPharabi-reid-2

Белгіленбеген орында жеміс-жидек сатушылар базар ішіне көшіріліп, ал жаяу жүргіншілер жолында орналасқан дүңгіршектер жүк көлігіне тиеліп, аумақ ретсіз саудадан тазартылды.
Аудан әкімінің орынбасары Серік Нұрмановтың айтуынша, жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесіп, аудан аумағындағы ретсіз саудамен күресті күшейткен.
– Біз «Қырғы базардың» сыртында, көше бойында сауда жасайтын сатушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, 42 сауда нүктесін базар ішіне көшірдік. Ал жыл басынан бері заңсыз тұрған 8 дүңгіршек алынып, 32 хаттама толтырылды. Оның 25-іне айыппұл салынды. Жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесіп, күнделікті бақылап, рейд өткізудеміз. Ретсіз саудамен күрес жұмыстары жалғасатын болады, – деді С. Нұрманов.

Опубликовано в Қоғам