Среда, 12 Апрель 2017 06:08

Шырайлы шаһар ШЫМКЕНТ

2020 ЖЫЛЫ ТМД ЕЛДЕРІНІҢ МӘДЕНИ АСТАНАСЫ БОЛМАҚ

Үш жылдан соң, яғни 2020 жылы Шымкент ТМД елдерінің мәдени астанасы мәртебесін иеленбек. Бұл туралы Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен достастық елдері сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысында айтылды. Жиында ТМД елдерінің «Мәдени астанасы» бағдарламасын жүзеге асыру туралы шешім қабылданды.

IMG 7251

11 мемлекет қатысқан алқалы жиында 15 мәселе қаралды. Басқосуда Сыртқы істер министрлері кеңесінің былтыр атқарған жұмыстары мен биылғы жұмыс жоспары пысықталды. Терроризмге қарсы бірлесіп күресу, Ислам, Христиан және өзге де діни конфессия өкілдерінің арасындағы кемсітушілікке жол бермеу, ТМД елдері арасындағы экономикалық байланысты одан ары нығайту жайы сөз болды. Басқосуда қаралған осы және өзге де мәселелер енді ТМД үкімет басшыларының Кеңесіне ұсынылмақ.

Құқық қорғау саласындағы әріптестік пен жымысқы жолмен жиналған табыстарды жария ету, қаржылық алаяқтық және жаппай қырып жоятын қаруларды таратпауға қатысты бірлескен іс-қимыл туралы келісілді. Бұдан өзге кеңесте сыртқы саяси ведомство басшылары Ресейдің Ішкі істер министрлігіне қарасты Нижегородск қаласындағы академияны ортақ қаржы құрылымдарына қажетті мамандар дайындайтын орталыққа айналдыруды ұсынды. 

Сонымен қатар, басқосуда ТМД елдерінің мәдени астанасы бағдарламасы қабылданды. Осы құжатқа сәйкес 2018 жылы Арменияның Горис қаласы, 2019 жылы Беларусьтың Бресті, ал 2020 жылы Шымкент шаһары достастық елдерінің мәдени астанасы мәртебесіне ие болмақ. Кездесу барысында Орталық Азияның 5 мемлекетінің өкілдері өзара ынтымақтастық туралы құжатқа қол қойды. ТМД саммиті қарсаңында Мәскеу қаласында кеңестің келесі отырысы өтеді деп жоспарланды.

Опубликовано в Қала

Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкент қаласында «Шатқал» бағдарламасы аясында Қ.Төлеметов көшесі мен Алматы-Термез автожолының қиылысынан тағы бір саябақ құрылды.

shatqal

Аталған жоба бойынша құрылған қаладағы 4-ші саябаққа облыс әкімі Ж.Түймебаев арнайы қатысып, жасыл желек отырғызды. Демалыс аймағының тез арада дамып, халыққа сая сыйлауы маңызды екеніне тоқталған әкім, көлемі 17 гектар болатын демалыс аймағын қарап, оны жасыл желекпен қамтамасыз етуге қолдау білдірген облыстық мәслихаттың депутаттарына алғыс білдірді.

– Бұл «Шатқал» бағдарламасы аясында салынатын қала аумағындағы 14 шатқалдың көлемі 226 гектарды құрайды. Көгалдандыру ісінің бірінші кезеңінде ағаш егіліп, тамшылатып суару әдісі орнатылуы тиіс. Абаттандыру жұмыстарының екінші кезеңінде жауапты мекемелер шатқалдарға жол салып, жарықтандыру ісімен айналысатын болады. Дамыту жұмыстарының үшінші кезеңінде демалыс орындары мен балалар ойын алаңдарының құрылыс жүргізуі жоспарланып отыр, – деді әкім.

Халық қалаулыларының жауапкершілігіне алынған саябақта көлеңке беретін жай жапырақты ағаштар – қаратал, үйеңкі сынды желектердің 4 мың данасы отырғызылды. Айта кету керек, облыстық мәслихат құрамындағы 3 депутат – Қайрат Балабиев, Рәшкүл Оспанәлиева және Нұралы Әбішевтер жер телімін жеке алып, абаттандырады. Мәселен, облыстық мәслихат хатшысы Қ.Балабиев Қ.Төлеметов пен Т.Өтегенов көшесінің қиысындағы 8 гектар аумаққа 3 мың түп жасыл желек отырғызып, демалыс аймағын ретке келтіру үстінде. Ал Р.Оспанәлиева мен Н.Әбішевтер бірігіп, Қ.Төлеметов пен Т.Өтегенов көшесі қиысының арғы бетіндегі 10 гектар жерді жеке өздері қадағалауға алып отыр.

Қазіргі таңда Шымкент қаласында жалпы аумағы 300 гектарды құрайтын 8 саябақ бар. Сонымен қатар, 104 көшеде ағаш отырғызылған. Алдағы уақытта «Шатқал» бағдарламасы аясында 47 шатқал іске асқанда жалпы орманды алқап көлемі 16 мың гектарға жетеді деп жоспарлануда. Облыс орталығының әрбір тұрғынына кемінде шамамен 16 шаршы метрлік жасыл желек қажет. Бұл қажеттілікке аталған бағдарлама толық іске асқанда қол жеткізілмек.

Абаттануы тиіс шатқалдардың көлемі жағынан үлкені «Самал» шатқалы. Оның жалпы аумағы – 38 гектар. «Шымсая» мен «Юнус Эмре» шатқалдарының аумағы 25 гектардан, ал қалғандары 8-10 гектардың көлемінде. Мәселен, «Нұр Отан» партиясы ОҚО филиалына 8 гектар, облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиевке 8 гектар, облыстық мәслихат депутаттарына 17 гектар, кәсіпкер Рәшкүл Оспаналиева мен 

Нұралы Әбішевке 10 гектар, Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Педагогикалық институтына 10 гектар, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне 10 гектар, Қ. Ясауи атындағы қазақ-түрік университетіне 10 гектарлық шатқалдардың картасы мен сертификаты берілген.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Опубликовано в Қала

Қала келбеті тек сәнді де сәулетті үйлермен, жасыл желекті саябақтармен өлшенбейді. Күн сайын көркейіп келе жатқан Шымкенттің ажары оның тазалығына да байланысты. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Шымкент республикадағы үшінші мегаполиске айналатынын және тұрғындарының саны миллионға жетуі тиіс екенін айтқан еді. Қаланың таза, әдемі әрі жасыл желекке оранып тұруы әрбір адамның сүйіспеншілігі мен жанашырлығын қажет етеді. Соңғы жылдары шаһардың ауқымы кеңейіп, күн санап қарыштап дамуда. Сондықтан тазалық мәселесі алдыңғы орында.

DSC 1509

«Тазалық табалдырықтан басталады» дейді халқымыз. Ауланы ретке келтіріп, ұқыпты ұстау санитарлық талап қана емес, мәдениет пен талғамның белгісі. Содан болар, көктем, күз мезгілдерінде қала тұрғындары сенбілікке шығуды дәстүрге айналдырған. Олар қоршаған ортаны таза ұстауға өз үлесін қосуда. Дегенмен өз үйінің ішкі жинақылығымен ғана шектелетіндер бар. Себебі, қоқысты көшеге төгетін, үйдің жоғары қабатынан далаға лақтыратындар да кездеседі. 

Қаламызда 2 мыңнан астам көше, 2010 көпқабатты тұрғын үй, 1400-ге жуық аула бар. Бүгінде 1, 2, 3 санатты 156 көшенің тазалығына санитарлық-тазалық мекемелері жауапты. 

Дамыған шетелдерде тазалық мәселесі түбегейлі шешімін тапқан. Мәселен, Сингапур мен Малайзияның тұрғындары бұл жағына өте ұқыпты. Егер көшеге адам темекі тұқылын тастаса, 200 АҚШ доллары көлемінде айыппұл төлейді. Ал көліктің дөңгелегі кір болса, 500 доллар төлеуге міндеттісің. Сондай-ақ Германияда тазалықты таңнан кешке дейін комиссарлар қадағалайды. Ережеге бағынбайтындарға заң қатал. Бұл елде әрбір қадам сайын арнайы қоқыс жәшіктері қойылған. Темекіге, бөтелкеге, сағыз, шемішкеге арналған ыдыстар бар. Сондай-ақ Швейцария әлемнің таза мекені деп есептеледі. Өйткені қала ғана емес, кішкентай елдімекендер де мұнтаздай жарқыраған көрінеді. Бұл заң бәріне қатысты.

DSC 1629

Әрине біздің Шымкент тазалық мәселесінде әзірге Швейцариямен теңесе алмас. Дегенмен Швейцария да бірден бүгінгідей жағдайға жете қоймаған шығар. Ендеше...

 

Қалада қоқыс контейнерлері бар ма?

2016 жылы біздің қаламызда да тазалықты насихаттайтын орындықтар қойылды. «Туған қаламызды бірігіп таза етейік!» деген ұран жастарға әсер етпей қойған жоқ. Бұрын орындыққа отырып, шемішке шағып, сағыз қалдығын тастайтындардың қатары азайып келеді. «Қаламыз таза болса, көңiлiмiз де таза жүредi» деген қала басшысының сөзі жадымызда. Шымкенттің тазалығы үшін өткен жылы 830 қоқыс урнасы қойылды. Бұл тұрғындарға жауапкершіліктің артқандығын білдірсе керек. Сондай-ақ қоқыс жәшіктерін орнату жұмысы үлкен серпінмен алға басып келеді. Өткен жылы аудандарда 1140 қоқыс контейнерлері қойылды. Бұл көшелердің таза болуына, әрі қала мәдениетін қалыптастыруға тиімді болды. Ал қанатқақты жоба аясында қоқыстарды сұрыптайтын контейнерлер Қарасу, Қабанбай батыр көшелеріне және теміржол вокзалына орналастырылды. Енді қала тұрғындары үйден шыққан, үй маңындағы қоқыстарды сұрыптайтын контейнерлерге сала алады.

 

Көше тазалаушы – кемсітетін кәсіп емес

Соңғы жылдары өңірдің шырайы күннен-күнге айшықтала түсуде. 

Ұлттық нақышта безендірілген аллеялар, демалыс орындары көбейді. Осыдан он жыл бұрынғы Шымкент пен қазіргі қаланың келбетін салыстыруға келмейді. Оған көше тазалаушылардың қосқан үлесі аз емес. 

Шымкентте «ЛТД Тұрмыс» ЖШС, «Бәйтерек ЛБ», «Югдорсервис» және «СМД» ЖШС тазалық мекемелері қызмет етеді. Күн сайын қолына сыпырғы, күрек ұстайтын тазалық жанашырларының еңбегі ерен. Жұмысшылар шақырайған күннің, шытынаған аяздың, сіркіреген жауынның астында да жұмыс істейді. Ауа райының қандай қолайсыздығы болсын, тазалықшылардың жұмысы тоқтамайды. 

DSC 1649

Алайда олар қала тұрғындарының тазалық мәселесінде мәдениетін көтеру керек екенін айтады. Баласын қоқыс төгуге жіберетін кейбір ата-аналар арнайы жәшікке қоқысты апарды ма, болмаса аулаға, көшеге қалдырып кетті ме, сұрамайтыны аян. Өкінішке қарай, кейбір адамдар қоқысты кез келген жерге төгіп, тазалықшылардың еңбегін бағаламайды. 

– Жанға бататыны, тұрғындардың тазалыққа көзқарасының төмендігі. Кейде қолындағы умаждалған қағазын, сусыннан босаған баклажкасын тастаған жастарға, кейде тіпті ересек кісілерге ескертсең: «Сендердің жұмыстарың емес пе, сол үшін айлық аласыңдар ғой», – деп кемсітетіндері бар. Біз барлық жағдайда да өз жұмысымызды жауапкершілікпен атқарамыз, – дейді «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-нің тазалық-санитария бөлімінің жұмысшысы Замира Байтілеуова. 

Қалалық тұрғын үй шаруашылық бөлімінің бас маманы Ерубай Құралбаевтың айтуынша Шымқалада тағы да 15 көшеге тазалық жұмыстары жүргізіледі. Атап айтқанда, бұлардың қатарында Сайрам, Бадам-1, Бадам-2, Жұлдыз, Қарабастау елдімекендері бар. Сондай-ақ Шымкент қаласы әкімдігі мен «ОҚО Азаматтық Альянсы» қауымдастығымен бірлескен «Таза қала» байқауы өз жемісін беруде.

 

Асылхандай ағалар көп болса ғой

Иә, «Таза қала» байқауының маңызы ерекше. Қатысушылар саны жыл сайын көбейіп келеді.

DSC 1649

2016 жылы байқауға қатысуға 300-ден астам өтініш келіп түскен. ОҚО Азаматтық Альянсы» қауымдастығының президенті Шәріпбек Жамалбектің айтуынша, шымкенттіктер байқау өткізілгелі тазалыққа бей-жай қарамайтын болған. Бұрынғыдай емес, көшелер мен көпқабатты үй аулаларында тәртіп пен жинақылықтың қалыптасқаны байқалады. Сондай-ақ мектеп оқушыларының да белсенділігі жоғары көрінеді. Байқаудың нәтижесінде Шымқала біршама тазарып қалды. «Қаланың әдемі көшесі», «қаланың таза көшесі» деп айтатын жағдайға жеттік. Айта кету керек, байқаусыз да ауласын абаттандыратын тұрғындар да бар. Мәселен, Еңбекші ауданына қарасты «Ұлағат» шағынауданының тұрғыны, зейнеткер Асылхан Ағманов шағынаудандағы Айдын көшесін көркейтуге өзіндік үлесін қосып келеді. Зейнеткер өз қаржысы есебінен көше бойына автобус аялдамасын салған. Асылхан аға қариялар мен балалардың күз бен қыстың, жауын-шашынды, көктем мен жаздың ыстық күнінде көлік күтіп тұратынына жаны ашығандықтан осындай игі іс жасапты. 

– Мың шыбық шаншып өсірсең, халқыңа орман салғаның, өзіңе қорған салғаның» деген бабалар. Әр тұрғын көшет әкеліп отырғызуы тиіс. Жасыл желек бізге өте қажет. Түрлі кеселден аулақ болу үшін ағашты көбейтіп, аулаларды абаттандыру керек, – дейді бағбан. 

Қалаға жанашыр, көше, ауланы көркейтуге талапшыл тұрғындардың бары рас. Бірақ өкінішке қарай ондай жандар көп емес. Жанашырлық, қамқорлық әрбір адамның жүрегінде болса дейсің. Ұқыптылық санитарлық тазалық мекеме жұмысшыларына ғана керек пе? Әлде тазалық мәселесін «Таза қала» байқауымен ғана шектеу қажет пе? Қала, аудан әкімдіктері тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар жоқ емес. Жаңартылған аяқ жолдар, абаттандырылған аулалар, балалар және спорт алаңшалары қандай?! Мұның бәрі қаланың келбеті, тұрғындардың игілігі үшін ғой... 

Шымшаһар «таза, жасыл қала» ретінде өзге өңірлерге үлгі болуы тиіс. Оған мүмкіндік мол. Сырттан келген қонақтар қандай таза, шырайлы» деп тамсанып, танданса, ол біздің де көңілімізді көркейтпей ме?! Бұл – біздің қала деп мақтанбаймыз ба?!

Опубликовано в Қала
Пятница, 07 Апрель 2017 04:34

Шатқалдар саябаққа айналады

Шымкенттің жасыл желегі жайқалған қалаға айналады. Жоспар бойынша, қаланың 16 аумағында «Шатқал» бағдарламасы жүзеге асуда. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев жаңа жобаға жауапты мекемелерді бекітті. Олардың қатарына «Нұр Отан» партиясы ОҚО филалы, облыстық, қалалық мәслихат хатшылығы мен депутаттары және өңіріміздегі ЖОО-ы тартылған.

shatqaldar

Бүгінде Шымқалада жалпы аумағы 300 гектарды құрайтын 8 саябақ бар. Сондай-ақ 107 көше абаттандырылған. Ал «Шатқал» бағдарламасы нәтижесін берсе, 47 сай-сала көркейтіледі. Сонда әрбір шымкенттіктің үлесіне 16 шаршы метрден жасыл желек тимек. 

– Алдымызда жаз маусымы шіліңгір шілде келе жатыр. Әсіресе, аптап ыстықта облыс орталығындағы экологиялық ахуал қиындай түседі. Қазір адам басына демалыс аумағы небәрі 3 шаршы метрді құрайды. Сондықтан «Шатқал» бағдарламасын жедел түрде іске асыруымыз қажет. Көктемнің керемет шағын пайдаланып, ағаш отырғызу ісін тездетуіміз қажет. Сондықтан игі бастамаға қолдау білдірген азаматтар мен мекеме басшыларына алғысымды білдіремін, – деді облыс әкімі Жансейіт Түймебаев. 

Бекітілген жауапты мекемелердің күтіп-баптауына 226 гектар жер беріледі. Алғашқы кезеңде ағаш егілсе, келесі кезеңде жол төселеді. Көркейту, көгалдандыру жұмыстарынан соң, демалыс орындары мен балалар алаңшаларының құрылысы жүргізіледі. 

Айта кетейік, абаттандырылуы тиіс шатқалдардың көлемі жағынан үлкені – «Самал». Оның жалпы аумағы – 38 гектар. «Шымсая» мен «Юнус Эмре» шатқалдары 25 гектарды алып жатыр. Ал қалғандары 8-10 гектардың көлемінде. Ел игілігіне тапсырылатын шатқалдарға шығыс әдебиетінің көрнекті өкілдерінің, ақын, ғұлама, ойшылдарының есімдері беріледі.

Опубликовано в Қала
Пятница, 07 Апрель 2017 04:24

Мегаполис мүмкіндіктері

Шымкент әлеуетті де дәулетті қала болмақ

2013 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Шымкент Астана мен Алматыдан кейінгі халқы миллионды қамтитын үшінші алып мегаполиске айналуы тиіс» деген болатын. Содан бері көне шаһарда үлкен өзгерістерге дайындық жұмыстары жүргізіліп келеді.

Оңтүстік тұрғындары мұндай қарқынды өзгерістен, бұрын-соңды бұл аймаққа таңсық болған «Мегаполиске» қызығушылығы ауа бастады. Дегенмен, жұртшылықтың ауызынан әлі де «Шымкент мегаполис болса не болады?», «Мегаполис тұрғындары деген кімдер?», «Жалпы мегаполис деген не?» деген секілді сұрақтарды да естіп қалатынымыз жасырын емес. Көпшіліктің көкейіндегі осы сұрақтарға жауап іздеп көрдік.

DSC 1952

МЕГАПОЛИС ДЕГЕНІМІЗ...

Қазақстанда бір шаршы км-ге 6 адамнан, ал Сингапурде 7437 адамнан келеді екен. Бұл мемлекетіміздің халық саны жер аумағының үлкендігіне сай келмейтіндігін көрсетеді. Осындай үлкен территорияда тұрғындарды біркелкі қоныстандыру және үлкен аймақты игеру оңай емес. Сондықтан да мемлекетті модернизациялау бағдарламасында халықты аумақтық ұйымдастыруға баса назар аударылады. Оның дұрыс орындалуы халықтың еңбек әлеуетін тиімді пайдалануға мүмкіншілік береді.

Халықты аймақтық ұйымдастыруға – орналасу және қоныстану жатады. Осыған орай облыс, қала, ауылдық елдімекендер деген секілді атауларға бөлінген.

Қалалар – кез келген мемлекет дамуының негізгі рөлін атқарады. Мұнда адамдар көп шоғырланғандықтан түрлі бағыттарда еркін дамуға мүмкіндік болады. Сондықтан да әлемнің барлық жерлерінде ауылдан қалаға қоныс аудару процесі көп жүреді. Бұны бір сөзбен – урбандалу деп атайды. Ал тиісінше қала тұрғындары әлеуетінің артуы жалпы мемлекеттің қалыптасуына септігін тигізбей қоймайды. 

Қалалық орналасудың 3 формасы бар. Олар қала, қалалық агломерация және мегаполис. 

Қала – тұрғындары өнеркәсіп, сауда, қызмет көрсету орындарында және ғылыми, мәдени, басқару мекемелерінде жұмыс жасайтын, халқы тығыз орналасқан ірі елдімекен. Елімізде қала болуы үшін халық саны 50 мыңнан асуы керек. 

Агломерация лат. aqqlomerare - қосылу деген мағынаны береді. Қалалық орналасудың екінші формасы. Агломерация негізгі қаладан (ядро) және жақын маңындағы байланысы жақсы дамыған серіктес қаладан тұрады. Мысалы, Қарағандыны айтуға болады. Ал бұл Tеміртау қаласының пайда болуынан туындаған. 

Мегаполис – орналасудың үшінші формасы. Грек тілінен meqas - ірі (үлкен), polis – қала деген мағынаны білдіреді. Ежелгі Грекияның 35 елдімекенінің тұтасып кетуі нәтижесінде қалыптасқан «Мегалополь» қаласының атауынан пайда болған. Бұл агломерациялардың бірігуінен туындайды. Мегаполис тек қалалық құрылыстардан ғана тұрмайды. Шамамен аумағының оннан тоғыз бөлігі ғана ашық жерлер болады. Қала тұрғындарының саны миллионнан асады. Елімізде Алматы – Талдықорған, Астана – Қарағанды, Шымкент – Тараз секілді қалалар маңында кездеседі. Дүниежүзінде қалыптасқан мегаполистерге Токио — Осока (Жапония), Лондон — Ливерпуль (Ұлыбритания), Ұлы көлдер (АҚШ — Канада) және Калифорния (АҚШ) аудандары секілді жерлер жатады.

«SHYMKENT CITY» – ҚАЛАНЫҢ БАСТЫ ҚҰРЫЛЫС АЛАҢЫ

Американдық «Population Reference Bureau» зерттеу агенттігінің 2013 жылғы қорытындысы бойынша жер шарында 7,1 миллиард адам өмір сүреді екен. Оның 4,8 миллиарды Азияда, 1,1 миллиарды Африкада, 760 миллионы Еуропада, ал 352 миллион адам Солтүстік және 606 миллион адам Оңтүстік Америкада тұрады. 2050 жылы әлем тұрғындарының саны 9,7 миллиардқа жетеді деп болжаған.

Аталған ұйым сонымен қатар Токио әлемдегі ең ірі мегаполис екендігін мәлімдеген болатын. Деректерге сәйкес Жапония астанасында 37,2 миллион адам яғни, халықтың 29 пайызы шоғырланған. Ал Үндістан астанасы Нью-Дели қаласында 22,7 миллион, Мексика астанасы Мехикода 20,5 миллион адам тіршілік етеді. 

Деректерден байқағанымыздай, мегаполистердің басты ерекшеліктерінің бірі — халықтың қала аумағына шоғырлануы. Мемлекет басшысы Шымкент үшінші мегаполис болуы тиіс екенін текке айтқан жоқ. Оңтүстікте халық саны көп және бала туу көрсеткіші де жоғары. Мегаполис тұрғындарының саны миллионнан асып түсуі керек. Халық санының көп болуы экономиканың да жоғарылауына өз әсерін тигізбей қоймайды. Мұндай жағдайда бәсекелестік артып, ақша айналымы көбейеді. Соңғы мәліметтер бойынша Шымкент қаласында 910 мың адам тұрады. Бейресми статистикаға сүйенсек, қазірдің өзінде қаладағы адам саны миллионның үстінде. Мамандар биыл бұл көрсеткішке ресми түрде жетеміз деп отыр. 2017 жылы халық санының өсімі 102,9 пайызды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 2,9 пайызға артады деп күтілуде. Осыған орай, қала аумағы да 117 мың гектарға ұлғайып, төртінші Қаратау ауданы қосылды. Оның аумағы - 33 319 гектар. Жаңа ауданның құрамына «Асар», «Қайтпас», «Нұрсәт» және жиырмаға жуық тұрғын алаптары кіреді. Бұдан бөлек Сайрам, Төлеби, Ордабасы аудандарынан қосылған 40 елдімекеннің 145 мың тұрғыны қалалық атанды. Демек, адам санының өсуіне байланысты бюджеттің де қаражаты көбейеді деген сөз. Бюджет демекші, егер Шымкент мегаполис болса қала республикадан қаржыландырылатын болады. Сәйкесінше, оның көлемі де артады.

Адам санының өсуіне байланысты әлемнің ең ірі мегаполистерінің өзінде де көлік кептелісі бойынша мәселелер жоқ емес. Дегенмен, Шымкент қаласы мұндай өзгеріске алдын ала қамданып, ерекше дайындық жұмыстарын жүргізуде. Мәселен, қаланың оңтүстік және солтүстік аумағына қарай 5 байланыс жолы қосылады. Және жаңа жолайрықтар мен жаяу жүргіншілер өткелі салынып, ескі жолдар қайта құрылады. Сондай-ақ, жеңіл рельсті жолдар мен А-2 тас жолдарын салу жоспарланған. Осы арқылы Абай және Қонаев даңғылдарының жалғасын және Оңтүстік, Солтүстік, Шығыс айналма жолдарының құрылысын аяқтау тапсырылған. Өңірімізде жыл сайын көлік саны артып, тек қала көшелерінің өзінде 323, күндіз 500 мыңға дейін жетіп отыр.

Үлкен қаланың келбетін көркейте түсетін тағы бір нәрсе – зәулім ғимараттар. Қала әкімінің жоспарына сәйкес, Шымкентте заман талабына сай жаңа ғимараттар бой түзейді. Ол Астана, Арғынбеков, Қонаев көшелерінің бойында салынатын болады. Сондай-ақ, еліміздегі ең үлкен сауда-ойын сауық орталығы «Shymkent Mall» салынбақ. Дүкен, гипермаркет, балалардың ойын алаңы, кинотеатр, 3000 адамға лайықталған фудкорт, 3500 орынға лайықталған автотұрақ барлығы да 38 гектарды құрайтын осы орталықтан табылмақ. Осының нәтижесінде қала ішіндегі ретсіз сауда жойылып, ірі базарларға толыққанды жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ал қаланың солтүстік бетінде салынатын «Shymkent city» қалашығы мен жаңа әуежай да қала көркін асыра түсері анық.

Мегаполис тек адам саны мен зәулім ғимараттармен ғана шектелмейді. Мұндай шаһардың тұрғындары тұрақты жұмыспен қамтылып, кедергісіз кәсіппен айналысып, сапалы әрі қауіпсіз өмір сүруі керек. Шырайлы Шымкент шаһарында мұндай мәселелердің бар екені жасырын емес. Дегенмен, қала басшылығы бұл мәселелерді жоспар бойынша біртіндеп шешіп келеді. Мәселен, қазір халықтың 83,5% ауызсумен, 44,8% кәріз жүйелерімен, 85% электр жарығымен, 65% табиғи газбен қамтылған. 2020 жылға қарай қаланың коммуналдық мәселелері толықтай шешіледі деп күтілуде. Сондай-ақ, былтыр 2455 жеке тұрғын үй, 557 коммерциялық нысан, 42 мемлекеттік (әлеуметтік) нысан пайдалануға берілді. Биыл 1600-ге жуық коммуналдық пәтердің кілттерін табыстау жоспарланған. Мемлекеттік «Тұрғын үйлерді жаңғырту» бағдарламасы бойынша көпқабатты тұрғынүйлерге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Ал тұрғын үй құрылысының даму жоспарына сәйкес, өңірімізде алдағы 5 жылда 47 619 отбасы баспанамен қамтамасыз етілетін болады.

Шымкенттің транспорт және логистикалық әлеуеті де жоғары. Қаладан түрлі бағыттарға теміржол мен тасжол өтеді. Батыс Қытай – Батыс Еуропа дәлізімен көрші мемлекеттерге сауда-саттық жасауға болады. Табиғаты, ауарайы қолайлы. Мал, егін шаруашылығын дамытуға мүмкіндік көп. Тоғыз жолдың торабында орналасқандықтан көне шаһар туризмге де өте тиімді. Қазіргі таңда қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың тапсырмасына сай, осы айтылған барлық бағыттар бойынша жұмыстар жүргізілуде.

«МЕГАПОЛИС ТҰРҒЫНДАРЫ» КІМДЕР?

Дегенмен, Шымкентті мегаполисқа айналдыру тек басшылардың ғана бас ауыртатын жұмысы емес. Бұл ретте қала тұрғындары шаһардың шаруасына бір кісідей атсалысуы тиіс. Бізге мұндайда Токио мен Шанхайдың бір-бірін түсінетін, Сингапур мен Баварияның тазалына бейжай қарамайтын, Лондон мен Нью Йорктың адам құндылықтарын бағалайтын мегаполис тұрғындары үлгі бола алады. Міне, «Мегаполис тұрғындары» осылар.

Шымкент те көп ұзамай мегаполис қалаға айналатыны анық. Мұнда да «Мегаполис тұрғындары» өмір сүреді. Көптеген ғимараттар тұрғызылып, жаңа құрылыстар жүргізіліп, аумағы кеңейеді. Алайда, тұрғындардың мәдениеттілігі де қаламен бірге өсіп отыруы керек. Мәселен, Токио тұрғындары секілді. Бұл жақтың көшелерінен қоқыс жәшіктерін көп кездестірмейсіз. Өйткені, тұрғындар қоқыстарын үйіне барғанда бірақ тастайды. Бұған әрине таңғаларсыз, дегенмен сүйінішті іс. Сондай-ақ, ол жақта әмияныңыз жоғалып қалса, оны қайтарып беру мүмкіндігі 90%. Ал Берлинде қоғамдық көліктерде билет тексеру болмайды. Әркім өз ар-ұятымен ақша тастап кетеді. 

Бұл бағытта да Шымкент билігі түрлі жұмыстар жүргізуді бастады. Алдымен қоғамдық көліктерде айқайлап адам жинайтын кондукторларды тәртіпке келтіру ұсынылған. Мұндай әрекеттер шетелден және өзге облыстардан келген қонақтарға жағымсыз әсер қалдырады. Бұдан басқа, мәдениетке теріс әсер ететін көлік тұрақтарындағы тәртіпсіздік, жол ережесін бұзу, қоқыс тастау секілді әдеттерден бірге арылуымыз керек.

Опубликовано в Қала

Облыс аумағындағы сай-салалар мен шатқалдарды көркейту, көріктендіру ісі арнайы бағдарлама аясында жүйелі түрде жүргізілмек. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың бастамасы бойынша, жалпы аумағы 16 мың гектарды құрайтын 47 шатқалға ағаш егіліп, көріктендіріледі. Сай-салалар айналасы абаттандырылып, тұрғындар демалатын көрікті мекенге айналғалы отыр.

Алғашқы шатқалдар пайдалануға берілуде

shatkal

Қазіргі көрінісі

 

«Шатқал» бағдарламасының бірінші кезеңінде Шымкент қаласында 4 саябақ салу көзделген. Оның бірі «Нұртас» шағынауданында орналасқан «Шымсая» шатқалының аумағы 13 гектарды құрайды. Алдағы уақытта демалыс аймағында 6 мың түп ағаш көшеттері егіліп, балалар алаңшасы, шахмат және дойбы алаңы, веложолдар мен театралдық сахна, полиция бөлімшесі, спорттық жаттығу алаңдары тұрғындардың игілігіне берілмек. 

– Бүгінде өркениеті дамыған елдерде мұндай тәжірибе кеңінен қолданылуда. Жуырда Оңтүстік өңірінен арнайы делегация құрамында Түркия елінде болғанымызда, ондағы қалыптасқан біраз жайтты көңілге түйіп, тәжірибе жинақтап қайттық. Жол бойындағы сай-салалар дерлік демалыс орнына айналған. Зерлі кілем төсегендей жасыл ландшафтар, алқызыл гүлдермен өрнек салған гүлзарлар көздің жауын алады. Озық елдің өнегелі тәжірибесін неге бізде де жүзеге асырмасқа?! Табиғи климаты қолайлы, жері құнарлы оңтүстік өңірінде тұрғындарға сая сыйлайтын мұндай саябақтардың көп болғаны қажет-ақ, – дейді қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұрлан Архабаев.

Пайдалануға берілген «Шымсая» шатқалында қарағай, арша, емен, шаған, талшын секілді бойшаң ағаш көшеттері егілуде. Қазіргі таңда «Жасыл желек» мекемесі өз тарапынан 680 көшет отырғызған болса, Дендрологиялық саябақ КММ-нен 38 дана қарағай көшеттері жеткізілген. Сондай-ақ, «Нұрсәт» шағынауданындағы Әкімшілік-іскерлік орталығында бой түзейтін шатқалды көгалдандыруды қалалық құрылыс бөлімі өз міндетіне алған. Оның жалпы аумағы – 25 гектар. 

 

14

Келешек келбеті

 

Ал «Самал-3» шағынауданында салынып жатқан саябаққа бүгінде 5 мың түп ағаш көшеттері отырғызылыпты. «Самал» шатқалы деп атау берілген саябақ 38 гектар аумақты құрайды. Мұнда 15 мыңнан астам – үйеңкі, емен, шаған, шынар, қарағаш, сексеуіл, қараған, жылауық тал мен арша, қарағай калифорниялық терек егілмек.

– Шымкенттегі 8 саябақ, 30 гүлзар, 1 дендросаябақтың жалпы аумағы жасыл желекпен қосқанда 300 гектарды құрайды. Мұны миллион тұрғынға шаққанда, адам басына бар болғаны 3-ақ шаршы метрден келеді. Бұл бір адамға бір талдан келеді деген сөз. Ал санитарлық талаптар бойынша қалада әрбір адамға 16 шаршы метр жасыл желек болуы керек. Қала аумағындағы сай-салаларды көгалдандыру мемлекеттік қызметкерлердің ғана міндеті болып саналмайды. Оған баршамыз бірлесе атсалысуымыз керек, – дейді Нұрлан Төлепбергенұлы.

Сала мамандарының берген мәліметінше, қала аумағындағы жасыл белдеудің жалпы көлемі 16,8 мың гектарды құрайды. Бұл бағытта бағдарламаның негізгі мәні қараусыз қалған шатқалдарды көгалдандырып, онда инфрақұрылым жұмыстарын жүргізуді, субұрқақтар, аяқжолдар, басқа да халыққа қызмет көрсету нысандарының қатарын арттыруды көздейді.

Бағдарламаның екінші кезеңі бойынша жалпы аумағы 124 гектарды құрайтын 12 шатқалды пайдалануға беру көзделуде. Оның 5-еуі Төлеметов көшесінің бойында және «Бозарық» шағынауданы мен «Бозарық» тас жолының аумағынан салынады.

Опубликовано в Қала
Среда, 15 Февраль 2017 05:36

Қала келбеті ажарлана түспек

Шымкент қаласының әкімдігінде өткен Қоғамдық кеңес мәжілісінде қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов 2016 жылы атқарған жұмыстары бойынша есеп берді. Әкім облыс орталығының дамуы мен еліміздің үшінші мегаполисіндегі өмір сүру деңгейін жақсарту туралы сөз етті.


DSC 7232

Оның айтуынша, аталған кезеңде «Нұрлы жол» және «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» шеңберінде 64 көпқабатты тұрғынүй салынған (3777 пәтер). Одан бөлек, 32 тұрғынүй кешені (996 пәтер) «Қазақстан ипотекалық компаниясы» мен «Бәйтерек development» АҚ қолдауымен пайдалануға берілді. Нәтижесінде 1302 отбасы баспанамен қамтамасыз етіліп, 35 отбасы жатақханаға орналастырылды. 52 жобаның іске асуы үшін 20 миллиард теңге бөлініп, оның 27-сі пайдалануға берілді. Көлік инфрақұрылымын дамыту үшін 13 миллиард теңге игерілді, 2015 жылмен салыстырғанда қаржыландыру 6,7 миллиард теңгеге көбейген.

DSC 7171

– Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 327 миллиард теңгені құрап, 4 %-ға

өсті, – деді әкім. – Ауыл шаруашылық өндірісінің көлемі 3  % құраса, құрылыс жұмыстарының көлемі  14 %-ға, ал пайдалануға берілген тұрғынүй саны 23 %-ға  өскен.

Қала әкімі өткен жылы атқарған есебінен кейін Қоғамдық кеңес мүшелерінің сұрақтарына жауап берді.

Мәселен, «Шымкент келбеті» және «Панорама Шымкента» газеттерінің бас редакторы Айгүл Қапбарова қаланың жасыл желекке айналуына байланысты сауал қойды. Ғабидолла Әбдірахымов таяуда Шымшаһарда Қырым қайыңы мен талшын ағаштары отырғызылатынын хабарлады, мұндай мәңгі жасыл көшеттер қала тұрғындарын тек жазда ғана емес, қыста да қуантатынын жеткізді.

DSC 7004

– Қылқанжапырақты ағаштарға байланысты айтар болсақ,

орталықтағы көшелерге біздің жергілікті ауа райына әбден бейімделген шынар ағаштарын отырғызудамыз. Әсіресе, биыл күрделі жөндеуден өткізілетін Байтұрсынов көшесінің бойын шынар ағаштарымен абаттандыру жоспарда тұр. Бұл көшедегі 900-дей қара ағаш басқа көшелерге көшіріледі, -деді әкім.

Облыстық орыс театрының бас режиссері Игорь Вербицкий жарнама ілетін орын берілуін өтінді. Әкім өз жауабында мәдени мекемелер – театрлар мен цирктер, сонымен қатар зоопарк те өткізіп жатқан іс-шараларын қаланың қақ ортасындағы жарнама билбордтарына ілуіне болатынын жеткізді.

DSC 6978

Ғ.Әбдірахымовтың айтуынша, қала бойынша аялдамалар мен таксопарктер мәселесі реттелетін болады. Нақтырақ айтсақ, такси тұрақтары жойылмайды, еуропалық стандарттарға сай қайта салынады. Ол тұрақтарға тек тіркелген автокөліктер ғана кіре алады.

Өз кезегінде қалалық Қоғамдық кеңес төрағасы Мұхтар Битеміров 2016 жылы 12 мәжіліс өткізіліп, онда 20 нормативтік-құқықтық актілер мен жобалар қаралып, 1 қоғамдық тыңдау, 15 мемлекеттік орган басшыларының есептері тыңдалғанын айтты. Қоғамдық кеңесте қаладағы қоғамдық-әлеуметтік мәселелер  қаралып, жауапты мемлекеттік мекемелерге міндетті түрде назарға алуға жіберілген. Айта кететін ауқымды жұмыстардың бірі Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің отырысында кеңес тарапынан Шымкент қаласының әкімі Ғ.Әбдірахымовқа Оқушылар сарайының алдындағы алаңшаға автотұрақ құрылысын жүргізу туралы ұсыныс түсіп, Кеңестің шешіміне сәйкес бұл мәселе сәтті шешімін тапқан.

Мәжіліс соңында жуырда ғана қабылданған Елбасы Жолдауында белгіленген мақсат-міндеттерді орындау мақсатында Қоғамдық кеңес пен атқарушы биліктің алдағы уақытта да бірлесіп жұмыс істеуі үшін бірауыздан Қарар қабылданды. 

Опубликовано в Қала
Пятница, 03 Февраль 2017 03:43

Шымкент – ең жайлы қала

Ел аумағындағы ірі 20 қаланың ішінде тұрғындардың өмір сүру сапасы, инфрақұрылымдық даму көрсеткіші, тазалығы мен қонақжайлық деңгейі бойынша мамандар арнайы сараптама жасады. OLX сервисі ұйымдастырған «Үздік қала» сауалнамасының нәтижесінде ең үздік көрсеткішке 43,3 балл жинаған Шымкент қаласы ие болды. Шымкентті ел тұрғындары «Жылы қала», «Жайсаң жандар мекені» ретінде бағалаған.

DSC 2909

Ел аумағындағы ірі 20 қаланың ішінде тұрғындардың өмір сүру сапасы, инфрақұрылымдық даму көрсеткіші, тазалығы мен қонақжайлылығының деңгейі бойынша мамандар арнайы сараптама жасаған. Яғни, OLX сервисі ұйымдастырған «Үздік қала» сауалнамасына қатысушылар өз бағасын берді.

Сауалнамаға қатысушылар қалалардың бүгінгі ахуалын 1-ден 7-ге дейінгі шкала бойынша бағалады. Ең үздік көрсеткішке 43,3 балл көрсеткішін жинаған Шымкент қаласы ие болды. Шымкентті ел тұрғындары «Жылы қала», «Жайсаң жандар мекені» ретінде бағалаған.

Екінші және үшінші орындарды өзара бөліскен Талдықорған мен Орал қалалары тиісінше, 42,2 балдық көрсеткіш нәтижесіне ие болды. Ал ел астанасы 40,8 балмен алтыншы көрсеткішке ие.

Қоғамдық зерттеудің ең негізгі критерийлері ретінде дүкендердің жақын орналасуы, демалыс пен спортқа арналған орындардың болуы, сондай-ақ балаларға арналған инфрақұрылымдардың лайықты жабдықталуы сынды 10 фактор басты назарға алынған.

Опубликовано в Қала

Көзі қарақты көпшілік біледі, Шымкенттегі «Жаңа талап» спорттық-туристік агенттігі 2016 жылдың үздік туристік ұйымы атанған болатын. 2010 жылы компанияның құрылуынан бастап атына сай «жаңа талапты» игере отырып, туристік сала нарығындағы жаңа стандартты қызмет көрсетудің озық үлгісін ұсынуда. Агенттік алты жыл ішінде өздерін сенімді серіктес, кең ауқымды қызмет түрін көрсетуші ретінде таныта білді. Оның жеңісінің құпиясы неде? Бұл жөнінде өз ойымен бөліскен «Жаңа талап» спорттық-туристік агенттігінің директоры Денис Жарменов мекеменің атқарылған істері мен болашағы жайлы баяндап берді.

ofis

– «Жаңа талап» – еліміздегі жалғыз спорттық-туристік агенттік – дейді Денис Қасымұлы. – Біздер спорт пен туризмді бір арнаға тоғыстырып, күш біріктіре білдік. Тұжырымдаманы жасауда негізгі күшті белсенді демалыс пен экстремалды спорт түріне бағыттай отыра, облысымызға туристерді тартып, ішкі туризмді дамытамыз. Бірақ, әрине сыртқы туризмге де қызмет көрсетеміз. Бүгінгі таңда агенттік қызметкерлерінің көмегімен әлемнің түкпір-түкпіріне баруға мүмкіндік туып отыр. Бүкіл әлем бойынша кең ауқымды турлар ұйымдастырамыз, оның ішінде: фитнес-тур, емдік-айықтыру турлары, тарихи-қажылық турлар, шоптур, экологиялық тур, сондай-ақ тау-шаңғы және жағажай турлары. Еліміздің спорт жанкүйерлерін ірі халықаралық жарыстарға жібереміз. Сонымен қатар, әуе және теміржол билеттерін алуда, қонақүй бөлмесін брондауда, шетелдіктердің күтіп алуына, қиындықта виза рәсімдеуге көмектесіп, кез келген көлік түрімен тасымалдау қызметін ұсынамыз. 

«Абырой – ақшадан қымбат» деген ұстанымда қызмет ету біздердің жеңісіміздің құпиясы болса керек. Әрбір тұтынушыға өзіндік ерекше назар аударамыз. Тіпті ең «қытымыр» туристің өзі бізге разы болып кетіп жатады. Сондықтан да, біз үшін ең алдымен қызмет көрсету деңгейі – басты назарда. Біздегі мамандар біліктілігін жоғарылату мақсатында үнемі семинар мен мастер-класқа, ақпараттық турларға қатысып тұрады. 

denis

Бізге сенім білдірген қазақ-стандықтардың артуына орай, биылғы жылы «Жаңа талап» туристік агенттігінің Астана қаласында филиалын ашпақпыз. Осылайша облысымызға келетін туристер ағынын ұлғайтуға тырысамыз.

Елімізде туризмнің тұрақты дамуы үшін табиғат русурстары мен таптырмас мүмкіндік бар екенін айта кету керек. Бұл сала аймақтың гүлденуінің бастауы екенін түсініп, қолдау көрсетуші жергілікті биліктің болуы да үлкен рөл атқарады. Тиімді туристік орталық құру үшін мемлекет тарапынан, сонымен бірге отандық және шетелдік инвесторлар тұрғысынан да қаржылық салымдар қажет. 

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев бүгінде туризм саласын жұмысының маңызды бағытына айналдырды. Бұл ретте Қазақстан Республикасында 2020 жылға дейін туризм саласын дамыту бағдарламасына сәйкес, Оңтүстік Қазақстан «Ұлы Жібек жолының жүрегі» ретінде танылады.

Біздің облысымыздың туристік бағыты тамаша табиғат көріністерімен, көшпелілер тирихы мен мәдениетін, тарихи қала тынысын таныстыруды ұйымдастырады. Қазір туризмнің даму бағыты облыс әкімінің қолдауының арқасында дұрыс жолға қойылуда. Олар – Түркістан және Отырар аудандарындағы тарихи-мәдени туризм орталығы, Сарыағаш ауданында – емдеу-сауықтыру туризмі, Түлкібас пен Төлеби (Қасқасу) аудандарында, Шардарада экологиялық, тау-шаңғы және жағажай турлары бар. Жалпы алғанда, облыс басшылығымен атқарылып жатқан жұмыстар ОҚО-ның туристік әлеуетін көтеруге жол ашатынына сенемін. Облыстық кәсіпкерлік палатасы, Марат Қарабаевтың басқаруындағы индустриалды-инновациялық даму және туризм ұйымы, «ОҚО туристік индустриялық даму орталығы» Ассоциациясы (жетекшісі Гүлмира Ахбердиева), «Ontustik Tourism Center» туристік-ақпараттық орталық (директоры Жасұлан Тулебеков) біздерге үлкен көмегін көрсетуде. Осы ұйымдармен бірлесе «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі туристерінің бағытын жасауға қатысамыз. Әрине, бұл іс-шара еліміздің беделін асқақтатуға зор үлесін қосады. Оның қатарына 29 қаңтарда Алматы қаласында бастау алатын ХХVІІ қысқы Бүкіләлемдік Универсиада да кіреді. Әлемнің әр түкпірінен келген туристерге қазыналы Оңтүстікті таныстыруда мол мүмкіндік берері сөзсіз. 

 

ОҚО-да спорттық туризмді, оның ішінде белсенді демалыстың барлық түрін дамыту керек деп ойлаймын. Биыл біз Алматыда өтетін ірі халықаралық көрмеге қатысып, «ОҚО-ның су әлемі» деп аталатын жобасымен таныстырамыз. Түрлі мемлекеттен келген қонақтарға облысымыздың су жүйесінің дамуы мен бағыттарының барлық мүмкіндіктері көрсетілетін болады. Сондай-ақ, оның базасында қолдануға болатын белсенді демалыс ұйымдастыру көрсетіледі. Атап айтсақ, өзенге серуен, балық аулау, су шаңғысы, дайвинг, т.б. Бұған облысымызда өзен мен көлдер жеткілікті деп айтуға болады. 

 

logostar«ШК» АНЫҚТАМА

Денис Қасымұлы Жарменов – байдарка мен каноэ есуден Қазақстан Республикасының спорт шебері, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, байдарка мен каноэ есуден ОҚО федерациясының президенті, «Жаңа талап» спорт-туристігінің директоры.
2012 және 2014 жыл қорытындысымен облыстың үздік жаттықтырушысы болып танылған. Олимпиада қозғалысына қосқан үлесі үшін ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің дипломымен марапатталған.

 

Белгілі сәулетші Бақытжан Әшірбаевпен бірлесе отырып облыс басшылығына Оңтүстіктің ғана емес, бүкіл Қазақстанның басты қаруына айналатын ОҚО-дағы есу арнасының құрылысының жобасын ұсынбақпыз. Жоба эскизі дайын. Бұл еліміздегі алғашқы есу арнасы болмақ. 

Айта кету керек, екі жыл бұрын Бадам су қоймасында әмбебап есу кешені ашылған. Бұл оқиғаны оңтүстікқазақстандық спортшылар 20 жыл күткен болатын. Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойынына оңтүстікқазақстандық ескекшілер ең көп лицензияны жеңіп алғанын да ескеру қажет. Инчхонда өткен Азия ойындарында ОҚО өкілдері бес алтын жүлдені олжалады. Қазақстандағы жалғыз жастар арасында әлемнің бес дүркін жеңімпаздары ағайынды Емеляновтар екенін ерекше айтып өткеніміз жөн. 

Өсіп келе жатқан ескекшілердің бұдан да жоғары жетістіктерге жетуі үшін арнаны құру қажет. Бұл жерде Әлем кубогі, Азия чемпионаттарын өткізуге де болады. Бізге әлемнің спортшылары мен жанкүйерлері келіп, спорттық доданың көрігін қыздыруға қолайлы жағдай жасалады. Бұл жоба нәтижесінде облысымыздың туризмі қарқынды дамып, облысымызды жан-жақты насихаттауға болады. 2,5 шақырымға созылатын жарыс алаңымен қатар, волейбол ойнауға арналған алаң, кіші футбол, велосипед пен жүгіру кілемі, аквапарк, демалыс аймағына айналатын инфрақұрылымы жоғары деңгейдегі арна салынбақ. Жағажай аймағында суда мотоциклмен жүру, катамаран, скутер, су шаңғысы, парасейлинг секілді танымал суда демалу түрлері ұйымдастырылады. Аталған жоба инвестиция тартуға өте қолайлы. Жоба тек спортшыларға ғана емес, облысымыздың мыңдаған тұрғындары денешынықтыру және спортпен айналысып, тамаша демалыс сыйлауға жол ашады.

«Zhana Talap» спорттық-туристік агенттігі

Мекен-жайы: Шымкент қаласы, Жангельдин көшесі 8/48
Тел.: 8 7252 390 445, 8 7252 56 11 83, 8778 146 25 25
website: www.zhana-talap.com

Жұмыс уақыты: дүйсенбі-жұма: 09:00 - 19:00, сенбі: 09:00 - 15:00
e-mail: Этот адрес электронной почты защищён от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.
instagram: @turfirma_zhana_talap

Опубликовано в Қоғам
Пятница, 13 Январь 2017 08:11

Алаңшалар орнатылды

Қалаға қосылған елдімекендерде абаттандыру жұмыстары қарқын ала бастады. «Жол картасы-2020» бағдарламасы аясында Жаңаталап, Қызылжар елдімекендерінде жалпы саны 13 аула абаттандырылып, жуырда ел игілігіне берілді.

aula 4

Абай ауданы әкімдігінің мәліметінше, елдімекендерде инфрақұрылым жұмыстары кестеге сәйкес жүріп жатыр. Мұнда көркі көз тартар заманауи ойын алаңшалары орнатылып, тұрғындардың қуанышын еселей түсті. Республикалық бюджеттен бөлінген 162 млн теңге игеріліп, өткен жылдың соңында құрылыс жұмыстары толық аяқталған. Енді елдімекен аулалары жарқырап, жаңа кейіпке енді. Әсіресе, ойын балаларының көңілдері көтеріңкі.
Еске сала кетсек, өткен жылы Абай ауданы бойынша 50 аула абаттандырылып, 139 аулаға түнгі жарық шамдарын орнату жұмыстары толығымен аяқталған. Нәтижесінде аудандағы 258 ауланың 176-сы жаңарып отыр.

Опубликовано в Қала
Страница 5 из 10