Вторник, 05 Июль 2016 05:06

Зообақ әсем келбетке бөленеді

Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Шымкент зообағында болып, мекеменің бүгінгі таңдағы жағдайын саралады.

Жауапты сала мамандарына қала тұрғындары үшін маңызы зор бұл аумақты абаттандыру, ағаш отырғызу, зообақтағы көк шөп егілген алаңды көбейту, ішкі жолдарды ретке келтіру бойынша нақты тапсырмалар берді. Қала әкімінің айтуынша, зообақ – бұл қаламыздың тұрғындары мен қонақтарын қуанышқа бөлейтін, шаһарымыздың мақтан тұтарлық жерлерінің бірі болуы тиіс.

Опубликовано в Қала

Қала аумағын қақ жарып өтетін Қошқарата өзенінің жағалауы абаттандырылып, қала тұрғындары үшін көгалды демалыс аймағына айналуы тиіс.

   

Осы мақсатта Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов өзен арнасы мен оның айналасында салынған әлеуметтік нысандардың жұмыс барысымен танысты.
Қала әкімі тұрғындардың тынығу орындарымен қамтылуы маңызды міндет болып табылатынын атап өтті. Осыған сәйкес, жауапты сала мамандарына өзен жағасындағы қоршаған ортаның тазалығын жақсартып, қолайлы, еркін демалыс аймағын жасауды тапсырды.

Опубликовано в Қала
Пятница, 24 Июнь 2016 05:41

Велотуризмге бет бұрған қала

ШЫМКЕНТТЕ АЛҒАШҚЫ ВЕЛОЖОЛ АСТАНА КҮНI
ҚАРСАҢЫНДА ПАЙДАЛАНУҒА БЕРIЛМЕК

Велотуризм шымкенттіктер үшін белсенді саяхат түріне айналмақ. Бұл жөнінде Шымкент қаласы әкімдігінде қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың төрағалығымен өткен мәжілісте айтылды. Күн тәртібіне сәйкес, қала әкімінің орынбасары Б.Жанбосынов облыс орталығындағы велосипед туризмінің даму жағдайы туралы баяндама жасады.

Әкім орынбасарының баяндауынша, мұндай қадам «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры, Шымкент қаласының әкімдігі және Қазақстан велоспорт федерациясы арасындағы үш жақты меморандумға сәйкес жасалып отыр. Нәтижесінде, жобаның алғашқы кезеңі бойынша қаланың орталық 9 көшесі мен 2 алаңға арнайы веложолақтар салу үшін қайта құрылымдау жұмыстары жүргізілмек.

– Аталмыш жоба қала тұрғындары арасында салауатты өмір салтын насихаттау, экологиялық ахуалды жақсарту, велоспортты, инфрақұрылымды, сондай-ақ, велотуризмді дамытуды көздейді. Алғашқы веложолақтар шымкенттіктер үшін Астана күні мерекесі қарсаңында пайдалануға беріледі, – деп атап өтті Б.Жанбосынов.

velozhol

Жоба аясында қалада велосипедтерді жалға берудің автоматтандырылған жүйесі іске қосылмақ. «Самұрық-Қазына» АҚ қолдауымен алғашқы кезекте 200 велосипед сатып алынатын болады. Бұл үшін 40 станция қызметін үйлестіру көзделуде. Заманауи талапқа сай жабдықталған велосипедтер Франция елінен жеткізіледі. Арнайы тапсырыс негізінде оған GPS қондырғылары орнатылып, Шымкент қаласының жаңа туристік логотипі бейнеленеді.

Айта кетер жайт, жылдық абоненттік карталарын қала тұрғындары 6 мың теңгеге сатып ала алады. Сондай-ақ, әрбір велосипедті жалға алу құны сағатына 100 теңге мөлшерінде белгіленбек.

– Ел аумағында велосипедті жанына серік еткендер үшін Астана мен Алматы қаласында ғана лайықты жағдай жасалған. Елдегі үшінші мегаполис қала ретінде Шымкентте де велосипед инфрақұрылымын дамыту маңызды. Бұл үшін қаланың ауа райы мен климаты да оңтайлы мүмкіндіктер береді. Ең алдымен, бұл әрбір адамның өз денсаулығы үшін пайдалы, екіншіден, қаржылық үнемдеуге қол жеткізе алады, үшіншіден, қала көшелеріндегі көлік тығынын азайтып, экологиялық ахуалды жақсартуға септігі мол болмақ, – деді қала әкімі Ғ.Рахматоллаұлы.

Ғабидолла Әбдірахымов өз кезегінде, жауапты мамандарға әсіресе, сенбі-жексенбі күндері көлік жолының оң жақ өткелдерінде қозғалыс жылдамдығын сағатына 40 шақырымға дейін шектеуді ұсынды. Осыған орай толық зерделеу жұмыстарын жүргізіп, нақты шешім әзірлеу үшін тиісті мамандарға 2 күн уақыт мерзімін белгіледі.

Опубликовано в Қала

Былтырдан бері қаламызда «Жібек жолы» мекемесі ұсынған екі қабатты қызыл автобустар жүре бастаған еді. Ұлыбританиядан алынған қос көлік қала қонақтарын кешкі серуенге шақырады.

DSC 0594

2015 жылдың 9-мамырында алғаш рет өз ісін бастаған мекеме бүгінде 7 адамды жұмыспен қамтып отыр. Қала тұрғындары мен қонақтарға мерекелік күндері қайырылымдық акцияларын жасап тұрады. «Қиял әлемінен» бастау алатын бағыт Дендросаябақта аяқталады. Сағат 18.00-ден бастап кешкі екі сағатыңызды Шымкент қаласының тамаша жерлерін аралаумен өткізе аласыз. 

– Қазақстан бойынша city bus-tours көліктері біздің қаламызда ғана бар. Біз осымен мақтана аламыз. Өз автобустарымызды басқа да аймақтарда жүргізсек дейміз. Бұл көліктер қаламыздың туризм саласының дамуына күш салуда. Алдағы уақыттарда автобус санын көбейтеміз, – дейді «Жібек жолы» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Әсел Ибоходжаева.

DSC 0626

Билет бағасы былтырғыға қарағанда едәуір қымбаттады. 2015 жылы 500 теңге болса, биыл 800 теңгеге жетіпті. 6 жасқа дейінгі балаларға билет тегін беріледі. Қаланы тамашалау барысында гид үш тілде қызмет көрсетеді. Екі қабатты автобустың жоғарғы бөлігінде 49, төменгісінде 15 адамдық орын бар. Күніне екі рет қатынайтын көліктер қала ішінде басқа да сұраныстарға ие. Туристік агенттіктер ұйымдастырған мерекелік шара кезінде арнайы шақыртуларға ие болады. «Жібек жолы» жеке кәсіпкерлігіне 2015 жылдың «Ең үздік туристік ұйымы» номинациясы берілді.

Нұрбол НЫШАНБАЙ,
Қ.А.Ясауи атындағы  ХҚТУ-дың студенті

Опубликовано в Қала

Шымкент қаласының бас жоспарына сәйкес, аумағы кеңейіп, халық саны өскен шаһарда инфрақұрылымды дамытуға басымдық берілгені белгілі. Қаланың бас жоспары, ең алдымен, Шымкенттің архитектуралық ажарын айқындайтын, оған ерекше кескін мен келбет беретін айшықты жоба. Әсіресе, салынатын тұрғын үйлер мен әлеуметтік-тұрмыстық нысандардың және басқа да ғимараттардың бір-бірімен үйлесімді болуы маңызды. Осы орайда Шымкент қаласының сәулет және қала құрылысы бөліміне қарасты жұмыстардың атқарылуы қалай болып жатыр? Бұл туралы аталмыш бөлім басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Кенжеқұловпен әңгімелескен едік.

IMG 1850

– Бауыржан Рахматоллаұлы, Шымкент қаласында заңсыз салынған құрылыс нысандары бар ма?

– Заң талаптарына қайшы келетін құрылыс нысандары жоқ емес. Біздің басқарма ұжымы белгілі бір жүйелердің, өзендердің қорғау аймағы мен белдеулерінде орналасқан нысандарды анықтау үшін Оңтүстік Қазақстан облысының сәулет және қала құрылысы басқармасымен бірлесіп жұмыс жүргізуде. Бүгінге дейін Шымкент қаласында сәулет және құрылыс нормаларын бұза орналасқан нысандардың жалпы саны – 4129-ға жетіп отыр. Бұл санақтың 549-ы заңсыз болса, заңсыз құрылыстың 244-і «қызыл сызықта» орналасқан. Ал инженерлік жүйелердің қорғау аймағында 3580 құрылыс нысаны анықталды. Оған «Қазтрансойл», «Оңтүстікжарық», газ қоймалары, су ресурстары, «Қазақтелеком» және жылу жүйелері қарайтынын ескерткім келеді. Жоғарыда айтылған 549 заңсыз құрылыс нысандары бойынша жер иелерінің мәліметтері толық жинақталып, облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасы мен облыстық Жер инспекциясы басқармасына да өз тараптарынан тексеру жүргізу үшін хаттар жолданды.
Сондай-ақ, каналдардың бойында да осындай ретсіздіктерге жол берілген. Қазіргі таңда канал бойындағы 33 және су қорғау аймақтарындағы 769 нысанға ҚР Жер Кодексінің 167 бабы бойынша істің сот тәртібімен қаралатыны туралы хат жолданды.
Аталған жұмыстардың барысы әр аптада ОҚО әкімінің бірінші орынбасары Д.Сатыбалдының төрағалығымен өтетін жиналыста қаралады.

– «Қызыл сызық» дедіңіз, сол туралы толығырақ айтып өтіңізші.

– «Қызыл сызық» – елді мекендерді жоспарлау құрылымындағы кварталдардың, шағынаудандардың, өзге элементтердің аумағын көшеден (жолдардан, алаңдардан) бөліп тұратын шекара болып табылады. 2012 жылы Шымкент қаласының бас жоспары бекітілді. Осы бас жоспарды іске асыру мақсатында 2014 жылы Төлеби, Сайрам, Ордабасы аудандарына қарасты 40 елдімекен қала аумағына енді. Қазіргі таңда бұл аймақтарда бекітілген егжей-тегжейлі жобаларға сәйкес өзектендіру жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, келешекте Шымкент қаласының көше-жол торабын дамыту мен жетілдіру мақсатында автотранспорттың селитебті аймақтан айналып өтуіне арналған автомобильді жартылай сақинасын, қаланың солтүстігі мен оңтүстігіндегі шет аудандарды бір-бірімен байланыстыратын үлкен айналма жолын, қаланың орталық аумағында көлік қозғалысын жеңілдету мақсатында ішкі шағын автомобильді сақинасын ұйымдастыру жұмыстары жоспарланған. Бұл ұсыныстар негізінде болашақта құрылысы жүретін аумақтарда жалпықалалық және аудандық маңызы бар жаңа магистральді көшелер құрылысын салу жоспары да қарастырылған. Сонымен бірге бұрынғы көшелерді жөндеуден өткізу және Бадам өзені үстінен көлік жүретін жаңа көпірлер салу да болжанып отыр. Ғимараттар мен жолдар сияқты коммуналдық (газ, су, электр, кәріз жүйесі) құрылғылардың орны да жоспарда алдын ала қаралады. Міне, осындай жобаларға енген аймақтар «Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңында қызыл сызықпен белгіленетіні айтылған.

– Жер телімін алып, жекеменшік үйінің құрылысын бастап қойғаннан кейін ғана сәулет және қала құрылысы талаптарына сай келмейтінін біліп, әуреге түсіп жататындар бар. Жалпы, қала тұрғындары мұндай келеңсіздікке жол бермеу үшін не істей алады?

– Қала құрылысы нормаларына сәйкес және заңсыз құрылысқа жол бермеу үшін меншік иесі заңды тұлға болсын, жеке азамат болсын, құрылысты бастамай тұрып, тіпті, жерді сатып алатын сәттен бастап сол жер телімінің заңды екендігін анықтап алуы тиіс. Ол үшін тұрғылықты жері бойынша сәулет және қала құрылысын басқаратын мекемелерге жер телімінің пайдалану мақсатын (үй, дүкен, дәмхана, шаруашылық т.б.), көлемін, орналасқан жері мен сұралған мақсатына орай пайдалану құқығын білдіретін құжаттарды, өтініш және өз атында басқа да жер телімінің бар-жоқ екендігі туралы мәліметтерді қоса тапсырады. Сала мамандары қабылдаған құжаттарды пайдалана отырып жер телімінің орналасу аймағы туралы толық ақпаратты сұраушыға мәлімдейді. Нәтижесінде, жер бос болса мақсатты жоспарын жүзеге асыруына болады.

– Ал жер телімінің пайдалану мақсаты басқа болса қайтеді?

– Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге болады. Қала тұрғындары ҚР Жер кодексінің 49-1 – бап, 2-тармағындағы жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту тәртібіне сәйкес өтініш бере алады. Өтініште жер учаскесінің кадастрлық нөмірі, көлемі, сұралып отырған нысаналы мақсаты; мемлекеттік актісінің көшірмесі нақты көрсетіледі. Шымкент қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімінің қызметкерлері аталған құжаттарды негізге ала отырып жер телімінің сұралып отырған нысаналы мақсатын мүмкіндігіне орай өзгертіп, сол мәліметті базаға ендіреді. Сондай-ақ, кез келген құжат тапсырған азаматтар міндетті түрде қорытынды қағазын алуы тиіс.

– Қала тұрғындары жылжымайтын мүлікке берілетін реттік нөмірді қалай және қайдан алады?

– Жылжымайтын мүлікке реттік нөмір беру қызметі біздің мекеменің жауапкершілігіне қарайтын жұмыс. Дегенмен, жылжымайтын мүлік объектілеріне реттік нөмір, мекенжай алу үшін тапсырылатын өтініштер Халыққа қызмет көрсету орталықтарында қабылданады. Жекеменшік үйлерде реттік нөмірдің сәйкес келмеуі орын алатын жағдай. Өйткені, қала тұрғындары әуелі жер телімінің нөмірімен құжат туралайды. Кейін ол жақтарға көше салынады. Кей көшелерге жаңа атау немесе нөмір беріледі. Сондайда тұрғындардың бірі көшенің ана басынан, екіншісі мына басынан, үшіншісі ортасынан жылжымайтын мүлкін заңдастырып, үйдің нөмірін алып қояды. Көше бойын жағалай орналасқан үйлердің арасында бос жатқан жерлер болуы да мүмкін. Кейде бір жер телімін екіге бөліп немесе 2-3 жер телімін қосып алып жататындар да бар. Мұндайда реттік нөмірдің дұрыс жазылмауы да заңдылық. Уақыт өте келе мекенжайын нақтылағысы келген қала тұрғындары реттік нөмірді алуға өтініш білдіреді. Ал көпқабатты үйлерде мұндай жағдай сирек кездеседі, себебі, бір тұрғын үйде қанша пәтер бары белгілі.
2016 жылдың алғашқы 5 айында ХҚКО-ға реттік нөмірін сұраған 22903 абоненттен өтініш түскен. Қазір оның 4154-іне жылжымайтын мүлік нысандарына реттік нөмір берілді. 18499-ының жылжымайтын мүлік нысандары нақтыланып, мекенжай ақпараттық жүйесіне тіркелді.

– Құрылысы қарқынды жүріп жатқан қаламыздың сәулетін тек биік ғимараттар мен асфальт төселген көшелер ғана ашпайды. Сонымен қатар, көше жарнамасының да атқаратын рөлі зор. Осы орайда, Шымқала көшелеріндегі жарнаманың жай-күйі қандай? Сіз басқарып отырған мекеме бұл бағытта қалай жұмыс жүргізеді?

– Шымкент – Қазақстандағы үшінші қала. Халқы миллионға жақын, жер көлемі де 117 мың гектарға ұлғайды. Агломерациялық даму орталығына айналды. Қала берсе, «Ұлы Жібек Жолының» жүрегі. Яғни, Шымкент – қайнаған өмірдің қазаны. Мұндай қалада жарнаманың алатын орны да ерекше. Біздің бөлімде жарнама жұмыстарын реттейтін арнайы сектор жұмыс істейді.
Жарнама тәртібіне тоқталсақ, Шымкент қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімі тек сыртқы жарнамаға жауапты. Сыртқы жарнама объектілерін орналастыру үшін кез келген заңды немесе жеке тұлға рұқсат алуы тиіс. Рұқсат жоғарыдағыдай мекен-жай, мақсат-мүддесі, салық төлеу, тағы басқа заңдылықтарды ескере отырып беріледі. Ал жарнама мәтіні Шымкент қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне жібереміз, сонда тексеріледі.
Жарнама ілуге рұқсат алу үшін жарнама объектісінің жұмыс істеуін инженерлік қамтамасыз ету жөніндегі шешім қоса қабылданады.
Сыртқы жарнама ілуде де заңсыздықтар орын алады. Осы кемшіліктерді болдырмау және алдын алу үшін біздің бөлімнің қызметкерлері Шымкент қаласының Ішкі істер басқармасымен бірлесе отырып ай сайын рейд жүргізеді.

– Құжат рәсімдеу жұмыстары, әсіресе жылжымайтын мүлікке қатысты құжаттарды реттеу ісі халықтың санасында «сыйақымен бітетін жұмыс» болып қалыптасқан. Бөлім басшысы ретінде бұл пікірге қаншалықты мән бересіз?

– «Сыбайлас жемқорлық» ұғымынан арылатын уақыт келді. Біз – сыбайлас жемқорлық көріністерімен кездескен жағдайда азаматтардың қалай әрекет ету қажет екенін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жиі түсіндіріп отырамыз. Мұндай фактілерге жәрдемдескен әрбір азамат жемқорлықтың жойылуына атсалысады, ал біле тұра үндемесе жемқорлықтың қанат жаюына жол бергені. Сондықтан, қала тұрғындары тарапынан да белсенділікті күтеміз.
Біздің бөлім мамандарының қатысуымен «Мемлекеттік қызметкерлер сыбайлас жемқорлыққа қарсы» атты дөңгелек үстелдер, конференциялар, дәріс, семинарлар, брифингтер ұйымдастырылып тұрады. Айта кету керек, қазіргі уақытта қала құрылысы және сәулет бөлімі «ашық терезе» тәртібімен жұмыс істейді. Мекеме қызметкерлері мен абоненттер арасында «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге орын жоқ. Қарым-қатынас тек терезе арқылы жүргізіледі және жоғарыдан бейнебақылау орнатылған.

– Қала тұрғындары мен «Шымкент келбеті» газетінің ұжымына айтарыңыз бар ма?

– Әрине! Бәріміз де Шымкенттің гүлденуі үшін еңбек етіп, тер төгіп жүрген жандармыз. Соның нәтижелі болуы үшін ең әуелі қала тұрғындары да жауапты екенін сезінсе, заңсыз құрылыстан, рұқсатсыз жарнамадан аулақ болса, қала сәулетіне тамшыдай болса да үлес қосқаны. Ал кәсіби мереке қарсаңызда газет ұжымына шығармашылық табыс тілеймін.

– Шымқаланың сәулетін арттырудағы еңбектеріңіз жана берсін. Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Ақмарал Молдиярқызы

Опубликовано в Сұхбат
Пятница, 10 Июнь 2016 04:37

Сыртқы келбеті өзгеруде

Қала тұрғындары үшін әсерлі көрінген бейне – қоғамдық көліктердің сыртқы келбеті түрлі нақыштағы суреттермен безендірілуде. Онда Шымкент қаласының ең көрікті де көркем көріністерін бейнелеген картиналар жапсырылған. Бұл өз кезегінде, жолаушы тасымалымен айналысатын автобустардың реттілігін сақтап, сыртқы келбетіне өзгеше рең беруде.

57580bfe68727

Қазіргі таңда №69 және №34 бағытында қатынайтын автобустарға «Шымсити – болашақтың қаласы!», «Шымкент – таза қала», «Шымкент – сүйікті қалам» деген әсерлі сөздер жазылған.

Жоба жетекшілерінің мәлімдеуінше, бұл ең әуелі қала тұрғындары мен туристердің қызығушылығын арттыруға бағытталған. Қаланың туристік нышаны бедерленген бұл баннерлер шаһар көшелеріндегі қоғамдық көліктердің шырайын ашқанын бірден аңғаруға болады. Алдағы уақытта мұндай жапсырмалар қаладағы қоғамдық көліктерге көптеп орнатылмақ.

Опубликовано в Қала
Среда, 08 Июнь 2016 06:06

Қайта түлеген Дендросаябақ

Шымкентке қонақ болып, ат басын бұрғандардың дені жасыл желек жамылған дендросаябаққа соқпай кетпейді. Бұл мекен қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналғалы қашан. Бір мезгіл бой сергітіп, таза ауамен тыныстап қайту үшін ағылатындар көп мұнда.

dendro

Аптап ыстықта жанға сая іздеп, біз де осы саябаққа аяңдадық. Айнала жап-жасыл. Құстардың сайраған үні естіледі. Дендросаябақтың ғылым, мониторинг және молайту бөлімінің басшысы Гүлшат Сыдықова қарсы алып, жол бастап, әңгімесін әріден бастады.
Тарих беттерін парақтасақ, Шымкент дендрологиялық саябағын құрудың тарихы 1979 жылдан бастау алады. Бұл аумақ сол жылдары қала ма-ңындағы қоқыс тастайтын орын болған деседі. Белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Асанбай Асқаровтың бастамасымен бой көтерген.

– Дендросаябақ Оңтүстік Қазақстан өңіріне отандық және дүниежүзілік дендрофлора түрлерін интродукциялау, оларды сақтау, кешенді түрде зерттеу және тиімді пайдалану жолдарын анықтау мақсатында құрылған. Ағаш-бұта өсімдіктерін өңірімізде интродукциялауды жоспарлы түрде жүргізген алғашқы ғылыми мекеме болып есептеледі. Дендросаябақтың аумағы Қазақстан және Орта Азия зонасы, Еуропа, Қырым, Кавказ, Қиыр шығыс, Сібір, Шығыс Азия және Солтүстік Америка және көшеттерді өсіруге арналған көшеттік және көл деп 5 флористикалық аймаққа бөлінген, – дейді Гүлшат Сыдықова.

dendro-2

Бірақ, 90 жылдары тоқырау кезінде саябақ күтімсіз қалып, жабайы тоғайға айналады. Тек 2009 жылы сол кездегі облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың қолдауымен «Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны болып қайта құрылды.

Қаржы бөлініп, абаттандыру жұмыстары қолға алынады. Су жүйелері, саябақ ішіндегі ішкі жолдар, атпен және велосипедпен серуендеу жолдары қалпына келтіріледі. Кіреберіс қақпасы қайта жөндеуден өтті. Осылайша тынығушылардың көрікті демалыс орнына қайта айналды.

 MG 9227

Дендросаябаққа кіру құны – 100 теңге. Алматы қаласының тұрғыны Әсел Дағжанға үнемі достары дендросаябақ туралы айтып, қызықтырған соң, Оңтүстікке келген сапарында арнайы ат басын бұрыпты. – Шымкентке алғаш келуім. Дендросаябақ жайлы көп естідім. Бәрі мақтап келетін. Сол мақтаулардың шындыққа жанасатынына көз жеткізіп отырмын. Яғни, бекер мақтамайды екен. Тып-тыныш. Жап-жасыл. Санаң сергиді. Кітап алып келіп, оқысаң, тіпті тамаша шығар, – дейді Әсел.

Дендросаябақта отау құрып жатқан жастардың сүйікті жеріне айналған «Жас жұбайлар» мен «Ардагерлер» аллеясы бар. Той серуенін өткізуге келген ақ көйлек киген келіншек пен костюм-шалбар киген күйеу жігітті жиі кездестіресіз. Өмірінің ең шуақты кезеңдерінен фотосессия жасап, көпір үстіндегі темірге ырым ғып құлып тағып кетіп жатады.

 MG 1416

Айтқандай, дендросаябақ ресми түрде ашылғалы бері, яғни 30 жылдан бері тал-дарақтарға санақ жұмыстары жүргізілмепті. Өткен жылы Алматыдағы Қазақ орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары үш ай бойы ағаштар мен бұталардың түрін ғана емес, әрқайсысы қай жерде өсіп тұрғанына дейін анықтап шықты. Сонымен, ғылыми-зерттеу институты ғалымдарының мәліметі бойынша, қазір Шымкенттегі дендросаябақта талдың 213 түрі ғана қалған. Оның 142-сі тал, 71-і бұта. Ал ашылған сәтте тасқа қашалып жазылған 1360-тан астам түрден қалғаны осы ғана бүгінде. Сондай-ақ, дендросаябақ ішіндегі ағаштар мен мүсіндердегі аты-жөндерін бадырайтып жазып кеткен жазудан көз сүрінеді. Бұл мәдениетіміздің төмен көрсеткіші, дұрыс демала алмайтынымыздың айғағы. Тамаша демалыс орнын көздің қарашығындай сақтау, оларды бүлдірмеу – әрбіріміздің азаматтық борышымыз екенін ұмытпасақ екен.

Опубликовано в Қала
Пятница, 27 Май 2016 04:59

Ойын алаңшалары жаңартылуда

Әл-Фараби ауданы аумағындағы 665 көпқабатты тұрғын үйде 400 аула орналасқан болса, бүгінде оның 34 ауласы спорт алаңшасымен жабдықталған.

Сондай-ақ, 211 аула жөндеуді қажет етеді. Бұл бағытта биыл 83 көпқабатты тұрғын үй аулаларын абаттандыруға және балалар ойын алаңшаларын орнатуға құны 665,4 миллион теңге болатын сметалық құжаттама әзірленген.
Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында балалардың ойын алаңшалары мен спорт алаңшалары орнатылған 70 ауланы жарықтандыру үшін құжаттар қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне ұсынылып отыр. Қазіргі таңда жоба бойынша кең ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

Опубликовано в Қала
Среда, 25 Май 2016 04:54

Аулалардың ахуалы қандай?

Тазалық таза аулада қалыптасады. Ал ұқыптылық көше сыпырушыларға ғана емес, тұрғындарға да ортақ. Өйткені тазалық бар жерде тәртіп пен реттілік болатыны анық.

20160427 113022

Қала әкімі Ғ. Әбдірахымов Шымкентті көркейту жөніндегі кеңесте: "Қалада тазалық шараларын сақтау қажет. Барлық аула, көшелер мен жол өткелдерінде қоқыс тастауды доғару қажет" деген болатын. Қазір тазалық жұмыстары жолға қойылды. Шымкент орталығындағы тазалықта мін жоқ. Аулалар мен көшелерде қоқыс жәшіктерінің саны артты. Дегенмен аулалардың қазіргі ахуалы қандай? Абаттандырылуы көңілден шыға ма?
Бүгінде көпқабатты үй аулаларының жағдайы әртүрлі. Бірінде көркейту жұмыстары жақсы жүргізілсе, бірінде мүлгіген тыныштықты көресіз. Тіпті кейбір үйлердің балалар алаңшасы көліктердің автотұрағына айналған.

Әрине, көктемнен бастап, қаладағы қоғамдық орындардың бәріне сенбілік жұмыстары жиі өткізіледі. Бірақ миллионға жуық тұрғыны бар Шымкенттің қуыс-қалтарысын тазалап, ретке келтіру мүмкін емес. Биыл көркейту-көгалдандыру жұмыстарына Әл– Фараби ауданы бойынша, 235 млн теңге бөлінген. Бөлінген қаржыға 40-қа жуық аула абаттандырылады деп жоспарлануда. Еңбекші ауданы бойынша 244 млн теңгеге 23 үйдің ауласы жөнделеді. Ал Қаратау ауданының аулалары жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен көркейтілмек. Осы орайда «Таза қала» байқауының да өз үлесі бар. Акцияның мақсаты – қала тұрғындарын тазалық сақтауға үндеу. Көшелерді, көп қабатты үйлердің аула аумақтарын көріктендіру, көгалдандыру, санитарлық жағдайына көңіл бөлу. Биыл төртінші рет өткізілетін байқаудың жүлде қоры да қомақты – 4 миллион теңге. 

20160427 112120

Қуантарлығы, акцияға қатысушы тұрғындардың саны жылдан жылға артып келеді. Соның бірі – Ш. Қалдаяқов көшесі, 1/5 үйдің тұрғыны Фархад Исмайлов. Зейнеткер қажетсіз дүниелерді кәдеге жаратыпты. Шебердің қолы ортақ демеске лаж жоқ. Есіктің алды тап-таза. Қоршаулары сырланып, ағаштары әктелген. Қызылды-жасылды гүлдер, бой көтерген жеміс ағаштары көңілге жайлылық ұялатады. Келген қонақтар таңданысын жасырмай, Фархад ағайға алғысын айтып жатады.
– Атымызды шығару үшін емес, өзіміз, балалар мен немерелеріміз үшін көріктендіріп жатырмыз. Бұл іске тұрғындардың бәрі бір кісідей атсалысуда. Жарамсыз зат қалдықтарын кәдеге жаратып, ауламызды әрледік. Нәтижесін көпшілік те байқап жатқан болар. Біздің ауламызды көруге әрі демалуға көрші үйлердің тұрғындары да келіп тұрады. Әрине, мұндай аула кез келген жанның көңілін жадыратпай қоймайды,-дейді зейнеткер. Дегенмен қала аулаларының барлығы тамаша деп айта алмаймыз. Әлі де шешімін таппаған мәселелер кездеседі. Мысалы, Бауыржан Момышұлы көшесіндегі №20, 21 үйлердің аулалары. Тақыр аула үйлердің келбетін қашырып тұр. Қыбыр еткен тіршілік иесі байқалмайды. Тым-тырыс. Кездейсоқ жолыққан тұрғынның айтуы бойынша, аулалар айына бір жиналатын көрінеді. Оған дейін аула сыпырушылардың ат ізін салмағанына айдың жүзі болыпты. Ал аула тазалығы айтпаса да түсінікті.

20160427 113206

Шындығында көпқабатты үйлердің аулаларын көше сыпырушылар тазалайды. Бірақ олар аула тазалығына толықтай жауапты деген сөз емес. Тұрғындардың сыпыратын, тазалайтын адам бар деп кез келген жерге қоқыс тастауына болмайды. Ал үйдің тазалығы алдымен ауладан басталатыны анық. Тазалық арқылы қалалықтардың қандай деңгейде екенін көруге болады. Алдағы уақытта жауапты мекемелер, осы аталған №20, 21 үйлердің ауласын ретке келтіреді деп сенеміз. Ескертуіміз дер кезінде қолға алынса, бұл аула әлі көркейіп, алаңқайда балалардың асыр салып ойнайтыны анық.
Кореяның жеткіншектері мектепке бара жатқанда ата-анасы сөмкесінің бір жақ қалтасына қалақша, бір жақ қалтасына сыпыртқы салып береді екен. Бұл сана мәдениетін қалыптастыру болса керек. Бала кішкене қоқыс көрсе әлгі құралымен алып, жәшікке тастайды. Қала тазалығына тек көше сыпырушылар мен тазалық мекемелері ғана емес, тұрғындар да жауапты. Ал ұқыптылық алдымен адамның өзінен басталуы керек. Әрбір тұрғын туған қалаға ықыласы мен сүйіспеншілігін өзі тұратын ауладан бастаса қанекей! Сонда еліміздегі таза қалалар қатарынан көрінер едік.

Опубликовано в Қала

Қоршаған ортаның ластануы туралы экологтардың дабыл қаққаны қашан? Алайда, жылдар жылжыған сайын бұл мәселе күннен-күнге өзекті бола түсуде. Табиғатты ластаушы факторлар көп, соның бірі – автокөліктер. Темір тұлпарды іске қосқан сәттен бастап-ақ, одан бөлінетін зиянды заттар тек қоршаған ортаға ғана емес, сонымен қатар адамзат баласының денсаулығына кері әсерін тигізуде. Оталған көліктен көміртегі оксиді, көмірсутек, күйе, бензапирен, азот қышқылы, күкірт оксиды, қорғасын қоспалары бөлінеді. Көлік адамзат баласының өмірін жеңілдеткенімен, оның сапасына зиянын тигізіп-ақ отыр.

Қоғамдық көлiктер қатаң бақылауда

DSC 1385

Автокөлік бөліп шығаратын газдың құрамында шамамен 200 зат бар екен. Тіпті, қаншалықты сапалы бензин құйсаңыз да, жүріс кезінде бөлінетін газдың құрамында 2,7% жанбай қалған көмірсутегінің тотығы болады. Экологтардың айтуынша, бұл ірі қалаларға тән мәселе. Ал қалада қозғалған кезде қара түтінге оранып жүретін автобустардың жеткілікті екені белгілі. Бүгінде бұл мәселе көзі қырағы қалалықтардың назарынан тыс қалған емес. Сонымен қатар, қаланың ішкі жолдарымен жүретін жүк көліктерін қосыңыз. Соңғы санақ бойынша Шымкенттегі көліктердің саны 200 мыңнан асып жығылады. Салыстыру үшін айта кетейік, 2013 жылғы мәлімет бойынша қалада 54 мыңнан астам автокөлік тіркелген екен. Үш жылдың айналасында көлік саны төрт есеге жуық артып отыр. Ал қоғамдық көліктерге келер болсақ, жалпы қалада 76 бағыт бойынша 29 көлік компаниялары жолаушыларға қызмет көрсетеді. Оның 52-сі автобус, ал 24-і шағын автобустар.
Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Наурыз Сүгірәлиевтің айтуынша, қала жолдарында қатынайтын қоғамдық көліктерге бақылау қатаң. Бөлім тарапынан көлік компанияларына кемшілікті жою жөнінде ескертулер беріледі. Бұдан бөлек, автобустардың қоршаған ортаға жанар-жағар майдың сапасыздығынан зиян келтіруі мүмкін.
– Біздің бөлім тарапынан автобустарды жаңарту жұмыстары қолға алынған. Өздеріңізге белгілі, 2012 жылы 500-ге жуық автобустар жаңартылды. Қалада жолаушыларды тасып жүрген қоғамдық көліктердің басым бөлігі Қытайдан сатып әкелінген. Біздің байқауымыз бойынша, ол жақтан жеткізілген көліктердің сапалысы да бар. Мәселен, «Green bus company» ЖШС де Қытайдан әкелді. Мысалы, «Ман Оңтүстік» компаниясының 1980-1990 жылдары Германияда шығарылған автобустары ескі болғанымен, кейінгі әкелінген көліктерге қарағанда сапасы әлдеқайда жақсы. Салоны да әдемі, жүргенде қара түтін шықпайды. Біз қара түтінге оранған немесе қозғалтқышы нашарлаған автобустардың компанияларына кемшілікті жою үшін рейске шықпауын талап етеміз. Негізінде қоғамдық көліктер жылына екі рет техникалық тексеруден өтуі тиіс. Сондай-ақ, күнделікті бағытқа шығар алдында да түрлі тексерулерден өтеді. Өйткені, олар тек өзі үшін ғана емес, өзгенің өмірі мен денсаулығына да жауапты екенін біледі, – дейді Наурыз Сүгірәлиев.
Айта кетейік, «Green bus company» компаниясы 2014 жылдың соңында экологиялық жағынан таза, газбен жүретін 200 автобус әкеліп, өткен жылдың басынан қалалықтарға қызмет көрсете бастады. Биыл да автобустар жаңаланады деген жоспар бар. Н.Сүгірәлиевтің айтуынша, автобустар техникалық тексеруден соң жарамды болып табылса, бағытқа шығуына рұқсат беріледі.

Басты талап – сапалы қызмет

Шымкенттегі көлік компанияларының барлығында мін жоқ деп айта алмаймыз. Кейбір бағыттардағы автобустардың қара түтінін будақтатып жүретінін жасырмау қажет. Мәселен, «Green bus servise» компаниясының №17 бағыттағы автобустарынан байқауға болады. Осы компания директорының орынбасары Мақсат Кененбаевтың айтуынша, мұндай кемшіліктер туралы хабарламалар қала әкімдігінің WatsApp жүйесіне жиі келетін көрінеді.
– Экологиялық қауіпті автобустар жұмысқа шықпайды. Оның қозғалтқышын жөндеп, ретке келтірген соң ғана бағытқа шығады. Сонымен қатар, күн сайын таңертең барлық автобустарды механиктер тексереді. Жыл басынан бері үш автобустың кемшіліктерін жойдық, – дейді М. Кененбаев.
Ал «Галиев и К» ЖШС-нің директоры Генадий Галиев бұл мәселенің өзекті екенін айтады. Бұл компанияда қоғамдық көлік 6 мың километр жүрген сайын түтін шығатын түтікшелерді арнайы тексеруден өткізеді. №70 бағытта жүретін автобустардың да қозғалған кезде қара түтінге оранатыны жасырын емес.

DSC 1056

– Автобустардың қоршаған ортаны ластауы арзан бағада сатылатын сапасыз дизель отынынан да болады. Тәп-тәуір жүріп тұрған көліктің бұзылуына да себеп. Бұл мәселені қаншама рет көтердім. Өйткені, бізде жанар-жағар майдың сапасын тексеретін зертхана жоқ. Қазір автобустардың рулінде жас жігіттер отырады. Басым бөлігі жүрген кезде бірден қозғалып, қара күшке салады. Осының салдарынан қозғалтқыш пен моторға зиян келіп, қара түтін шығады, – деген уәж айтты Г. Галиев.
Қоршаған ортаға зиянын тигізетін қоғамдық көліктерді тексеріп, оларға айыппұл салу үшін жергілікті полиция қызметкерлерімен бірге рейдке шығу көзделген. Алайда, жыл басынан бері бірде-бір рейдтік жұмыстар жүргізілмепті. Тек Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің «Диспетчерлік қызмет орталығы» ЖШС-гі тарапынан жоспарлы тексерулер жүргізіліп, ескертумен ғана шектелген. Биыл қаңтар және сәуір айлары аралығында қоғамдық бағыттарда жүретін автобустардың жұмысына өткізілген рейдтің нәтижесі бойынша, 32 рет тексеру жүргізіліп, 62 ескерту берілген. Барлығы 121 тәртіп бұзушылық анықталып, көлік компанияларына 62 ескерту хаттар жіберілген.

Ауаның фондық концентрациясы жоғары

Қаланың экологиялық ахуалын бақылауда «Қазгидромет» РМК ОҚО бойынша филиалының да атқарар қызметі зор. Мәселен, Шымкентте олардың 6 бекеті бар. Соның ішінде төртеуі стационар, ал екеуі автоматтандырылған. Осы құрылғылар арқылы орталық қызметкерлері адам ағзасына кері әсерін тигізетін ауадағы зиянды заттектерді анықтап, ауаның ластану индексін шығарады. Айта кетейік, стационарлық бекеттер қалада 1978 жылдан бері бар болса, ал автоматтандырылған бекеттер 2014 жылы «Нұрсәт» және «Самал-3» шағынаудандарына қойылды. «Қазгидромет» РМК ОҚО бойынша филиалының жетекші маманы Алтынай Атамбаева бекеттердің халық көп шоғырланған және көлік қозғалысы көп орындарға орнатылғанын айтады. Зертханадағы сараптама нәтижесінде облысымыздағы зиянды заттардың фондтық концентрациясының қалыпты жағдайдан жоғары екені анықталып отыр. Өйткені, тексеру кезінде көміртек көптеп анықталуда. Мұны экологтар көлік санының көбеюімен түсіндіреді.
Десек те, эколог мамандардың мәліметі көңіл көншітпейді. ОҚО экологиялық департаментінің бөлім басшысы Ержан Бестереков 2010-2014 жылдар аралығында облысымызда 197 мың тонна жанар-жағар май пайдаланылғанын алға тартты. Осылайша, жыл сайын оның қолдану көлемі 10 пайызға артып отырған. Дизель отыны 2010 жылы 5 мың тонна жағылса, 2012 жылы 6 мың тоннаға жеткен. Жылдан жылға оның қолданылу көлемі 15 пайызға артып отыр.
– Қалада соңғы жылдары көлік көбейген. Кейбір отбасында кемінде екі көліктен бар. Қоғамдық көліктерді тағы қосыңыз. Алдағы уақытта жергілікті полициямен бірлесіп, «Таза ауа» деген іс-шара өткізіп, автопарктерге бармақпыз. Кемшіліктер болса, айыппұл саламыз. Қаланың фондық концентрациясын жақсарту үшін коммуналдық автобустар мен автопарктерді газға көшіруді ұсынбақпыз. Мұнан соң, электрмен жүретін троллейбус, трамвайды іске қоссақ дейміз. Бұл жөнінде облыс әкімдігіне ұсыныс берілді, – дейді Е.Бестереков.
Айта кетейік, облыстық экология департаменті де, Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің қызметкерлері де жергілікті полицияның рұқсатынсыз рейд жұмыстарын жүргізіп, айыппұл сала алмайды. Соңғы рейдті облыстық экологиялық департаменті 2011 жылы өткізіпті. Сол кезде қоршаған ортаға зиянын тигізетін кемшіліктері бар көліктер анықталған. Соның нәтижесінде жалпы айыппұл көлемі 1 миллион 313 мың 928 теңге түскен. Жуырда экологтар қала ішінде жергілікті полициямен бірге рейд өткізуді жоспарлап отыр.
Бүгінгі таңда қоршаған ортаны ластамау үшін шымкенттік жүргізушілер газбен жүруге көшкен. Темір тұлпарды тізгіндегендердің арасында көліктеріне газ қондырғысын қойғандар көбейіп отыр. Біріншіден, ауаны ластамайды, екіншіден, газ бағасы жанар-жағар майға қарағанда әлдеқайда арзан.

Опубликовано в Қала
Страница 9 из 10