Среда, 17 Январь 2018 09:04

Атқарылған жұмыс ауқымды

Еңбекші ауданы бойынша өткен жылы 100 көшеге атау берілген. 2017 жылы ауданда 41 көшенің 21,6 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жалпы ұзындығы 20,5 шақырым 18 көшеге шағал тас төселген. Әлеуметтік саланы айтар болсақ, есепті кезеңде жалпы 1631 орынды 18 жекеменшік балабақша пайдалануға беріліпті. Аудан әкімі Ғалымжан Ильясов халық алдында өткен жылғы атқарылған жұмыстарды қорытындылап, есеп берді.


DSC 6591

Еламан көшесіндегі № 127 орта мектепте өткен алғашқы есеп беру кездесуге келген облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, аудан тұрғындары қатысты. Шымкент қаласы әкімінің кеңесшісі Талғат Ысқақов та әкімнің есебін тыңдады.

Ғалымжан Молдабайұлы аумақты көріктендіру және санитарлық тазалық, тұрғын үй-коммуналды-шаруашылық. әлеуметтік сала, құқық бұзушылықтың алдын алу, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы жөнінде бірқатар ілкімді жұмыстардан хабардар етті. 

Алдымен жарыссөзге шыққан облыстық мәслихаттың депутаты Бахарам Абдукаримов атқарылған жұмыстарды оң бағалады. Дегенмен, оның айтуынша, әлі де шешімін күткен мәселе көп.

– Атқарылған жұмыстарға куәміз. Игі істерді жалғастыруға бәріміз атсалысайық. Аудандағы үлкен мәселенің бірі – Көксай көшесіндегі үйлерді абаттандыру. Бұл – көп жылдан бері көтеріліп келе жатқан жағдай. Сондай-ақ, асфальт төселмеген көшелер бар. Көпқабатты үйлердің ауласына балалар алаңшасы керек. Аяқжолдар салу да кезек күткен мәселенің бірі. Жалпы, кәріз жүйелерін жүргізуде көп жұмыс істелді. Бірақ, тиісті жұмыс біткеннен кейін оны қадағалау жоқ. Толық орнына келтірілмеген күйі қалып қоюда. Мәселен, Клара Цеткин көшесіндегі жағдайдан көпшілік хабардар. Осыны ретке келтірсеңіздер, – деді облыстық мәслихат депутаты.

DSC 6587

Ал Базарқақпа алабының тұрғыны Анармат Арзықұловтың да өз айтары бар. Ақсақалдың әкім есебіне көңілі тоқ. Тұрғын алапта 20 жылдан бері күткен мектеп салынғанын, қосымша ғимараттар да пайдалануға берілгенін атап өтті. Жолдар жөнделуде. Тұрғындарды негізінен ауызсу мәселесі қинайды.

– Жалпы, Базарқақпа, Тұрдыабад, Абдулабад бөлімшесінде ауызсу мәселесі шешілмеген. Әсіресе, Тұрдыабадта көлікпен су тасып ішуге тура келеді. Бұл мәселені көп көтердік. Құжат мәселесі шешілмей жатыр. Жаңадан су құбырларын жүргізіп, су беруді ойластырып көрсеңіздер, – деді ол өтінішін жеткізіп.

Аудан әкімі Ғ. Ильясов Көксай көшесін қайта құру өзекті екенін айтты. Ең қажет егжей-тегжей жобалау жұмыстары бекітілген. Соны іске асыруға кірісу қажет. Біріншіден, сол аумақты игеретін инвестор табу керек.

Жолдар жөнделуде. Ауданда жыл сайын 25-30 шақырымға дейін асфальт жолдар салынады. Аулаларды абаттандыру бойынша қазір 87 аулаға жобалық-сметалық құжат дайындалыпты.

Қазылған шұңқырларды ретке келтіру бойынша тұрғын үй-коммуналды шаруашылық бөлімінің мамандары жауап берді. Бүгінде мердігер мекемелер жұмыс істеуде. Мәселе бөлім мамандарының бақылауында.

DSC 6617

Ауданның басқа да тұрғындары кездесуде өз талап-тілектерін жеткізді. Еламан шағынауданының тұрғыны, зейнеткер Ерсейіт Тайшиков кәріз жүйесі мәселесін шешіп беруді сұрады. Сондай-ақ, көшені асфальттап беруді де өтінді.

Бұл мәселеге аудан әкімінің өзі жауап берді. Бүгінде кәріз жүйесі құжат бойынша пайдалануға қабылданып қойған. Қажеттілік болса, өтініш беріп, кәріз жүйесіне қосылуға мүмкіндік бар.

Ғ. Ильясов ауданда өткен жылы 100 көшеге, оның ішінде Еламан шағынауданы бойынша, 16 көшеге жер-су аттары берілгенінен құлағдар етті.

Ал Абдулабад көшесінің тұрғыны мектепті күрделі жөндеу қажет дейді. Мектеп ғимараты 1954 жылы салынған. Апатты жағдайда. Оған қоса Абдулабад көшесі бойынан орталыққа қарай көлік жүрмейді.

Аудан әкімінің айтуына қарағанда, №101 мектеп бойынша жобалық-сметалық құжат дайындалды. Сараптамадан да өткен. Енді бюджетті нақтылауға өтінім берілмек. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мамандары екінші мәселеге нақты жауап берді. Қазір инвестор есебінен қосымша көлік жүргізу үшін қалаға 30 автобус әкелінді. Бұған қоса тағы 70 автобус әкелінбек. Солар қалаға жеткізілгеннен кейін мәселе толық шешіледі. 

Жалпы, тұрғындар спорт алаңдары, жаяу жүргіншілер жолағын сызу, жолаушылар көлігі бойынша да өзекті мәселелер көтерді. Жиынды қорытындылаған қала әкімінің кеңесшісі Талғат Ысқақов барлық ұсыныс пен талап-тілек бақылауға алынатынын мәлімдеді.

Аудан әкімінің келесі есеп беру кездесуі 18 қаңтар күні Тоғыс тұрғын алабындағы № 120 орта мектепте өтеді.

Опубликовано в Қоғам

Абай ауданының әкімі Ахмет Татыбаевтың тұрғындармен алғашқы есеп беру кездесуі Құрсай шағынауданындағы №49 жалпы орта мектепте өтті. Жиынға ауданға қарасты Қазығұрт, Құрсай, Ақжар шағынаудандары және Айкөл алабынан тұрғындар көп жиналды.

DSC 6466

Есептік кездесуге Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров, қалалық тұрғын үй-коммуналды шаруашылық, көлік, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімдерінің басшылары қатысты. Құқық қорғау, прокуратура саласының өкілдерімен қатар халық қалаулылары сол жерден табылды. Бұдан бөлек газ, жарық, су саласына қатысты мамандар да шақырылған.

– Мемлекет басшысы Н. Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында жаңа өнеркәсіптік дәуірге қадам басып отырғанын айтты. Елбасы заманауи технологиялардың әлемді өзгертіп жатқанын ескере келе, ел алдындағы жүзеге асырылуы тиіс 10 міндетін атап өтті. Оларды орындау үшін қоғамның бірлігі мен ынтымағы керек екенін, ол үшін Үкімет пен әкімдердің кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігін айтқан болатын. Қазір бұл бойынша ауданда 4 ақпараттық-насихаттық топ құрылып, тұрғындармен 115 кездесу өткізуді жоспарладық,– деп бастады баяндамасын Абай ауданының әкімі.

DSC 6411

Ахмет Татыбаев аудан көлеміндегі бір жыл ішіндегі санитарлық-тазалық және көріктендіру, жылумен қамту, электр энергиясы, ауыз сумен қамту, көгілдір отынмен қамтамасыз ету бойынша атқарылған нақты жұмыстарға тоқталды. «Аудан аумағының 76% сапалы электр жарығымен қамтамасыз етілген. Дегенмен, жекеменшік трансформаторға тәуелді болып отырған елдімекендер бар. Қазір Самал-1, 3, Құрсай шағынаудандарында бұл мәселелерді шешудің жолдары қарастырылуда. Мәселен, Самал-3 шағынауданындағы 4896 абонентке жарық жеткізу үшін жобалық-сметалық құжат әзірлеуге 5 млн 900 мың теңге қарастырылды. "Былтыр Қазығұрттағы 782 үйге жарық берілді" деген аудан әкімі коммуналдық саладағы шешімін тапқан жұмыстарды ретімен жеткізді. Сондай-ақ, ол тұрғындардың қажетіне керек қоғамдық көлік, жолаяқтар салу, көшелерді асфальттау мен жарықтандыру және қалалықтардың қауіпсіздігін сақтаудағы құқық бұзушылықтың алдын алу жайында атқарылған жұмыстарды да ұмыт қалдырмады.

Өткен жылда аудан көлемінде ел игілігі үшін атқарылған жұмыстар үшін тұрғындар аудан әкімдігіне алғысын жеткізді. 

Қазығұрт шағынауданының тұрғыны Әділбек Сатыбалды соңғы жылдары жарық, жылу, жол мәселелерінің тиісті шешім тауып келе жатқанын алға тартып, елдімекендегі бірнеше өзекті жағдайға тоқталды.

DSC 6434

– Жарық бағаналары ағаштан болғандықтан, ескіріп, шіріп тұр. Олар дауылды күндері бірде болмаса бірде сынып, қайғылы оқиғаға соқтыра ма деп қауіптенеміз. Бағаналар жаңасымен алмастырылса деген өтінішім бар, - дейді Әділбек қария.

Есептік кездесуде №4 сайлау округінен сайланған облыстық мәслихаттың депутаты Жұмағали Білісбеков те сөз алды.

– Кездесуде істелген жұмыстан атқарылар шаруа көп екенін байқадым. Бір ғана мысал, өткен жылы Құрсай шағынауданының электрмен жабдықтау жұмысына 365 млн теңге қаралды, биыл бұл саланың жұмысын жақсартуға тағы 588 млн теңге бөлінеді. Енді бөлінген қаржыны қадағалау, мердігерді анықтау, атқарылған жұмыстың сапасын бақылауға алу әкімдердің құзырында емес пе?

Халық қалаулысы Қызылжар, Құрсай шағынаудандарында 500 адам қабылдайтын емхана салынатын жағымды жаңалығымен бөлісті. Құрылыс мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жүзеге асады екен. 

Ақжарлықтарды 10 жылдан бері шешімі табылмаған ауыз су мәселесі алаңдатса, құрсайлықтар қоғамдық көлік, «мемлекеттік трансформатор» қажет деген өтініш-тілектерін жеткізді. Әкімдік өкілдері бұл өтініштердің барлығы ескерілетінін және халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бағытталған шаралар алдағы уақытта жоспарлы түрде жүзеге асатынын мәлімдеді.

Айта кетсек, дәл қазіргі таңда Абай ауданында 300 мыңнан аса халық тұрады. Әкімдік мамандарының айтуынша, бір жыл ішінде халықтың саны 100 мыңға көбейген.

Опубликовано в Қоғам

IMG-20170828-WA0022

Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов халық қалаулылары алдында 2017 жылдың алғашқы жарты жылдығындағы жұмысы туралы есеп берді.

2016 жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда қалада көптеген сала бойынша өсім байқалады. Мысалы, өндіріс 1 пайызға, ауыл шаруашылығын өндіру – 9,6%, құрылыс – 14%, инвестиция көлемі – 1,7%, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі – 11,3%, бөлшек сауда көлемі 3,4%-ға көбейген. Былтырмен салыстырғанда халық саны да 3,7%-ға артып отыр. 2017 жылдың 1 шілдесіндегі мәлімет бойынша Шымкентте 932 мың адам тіркелген.

Айта кету керек, шаһардағы барлық жұмыс депутаттар осыдан 5 жыл бұрын қабылдаған Шымкенттің даму концепциясына сәйкес атқарылады.

IMG-20170828-WA0023

 

Инфрақұрылым

2017 жылдың басынан атқарылған кешенді жұмыстар нәтижесінде қазір Шымкенттегі тұрғындардың ауызсумен қамтамасыз ету көрсеткіші 93,3%-ды (былтырғы тиісті мерзіммен салыстырғанда 1,3%-ға артық), кәріз жүйесімен – 48% (былтыр – 46%), электр энергиясымен – 90% (былтырдан 2% артық), газбен қамтамасыз етілуі 92%-ды (2%-ға көп) құрайды.
Бозарық және Астана-1,2 подстанцияларының құрылысы аяқталып келеді. Сапалы жылумен қамтамасыз ету мақсатында Байтұрсынов көшесіндегі ұзындығы 5,2 шаөырым жылу магистралін алмастыру жұмысы аяқталып келеді. Көшедегі жарық шамдары LED-шамдармен алмастырылуда.

 

Көріктендіру

Көріктендіру саласында да ауқымды жұмыс атқарылған. Сайрам ауданындағы «Наурыз» саябағы қайта жанданып, Мәртөбедегі қоқыс полигонын рекультивациялау жұмысы жалғасуда. Бадам өзені жағалауы мен осындағы жолды көріктендіру жұмысы атқарылуда. "Шатқал" бағдарламасы аясында қаладағы 7 шатқалға 10 мыңнан астам көшет егілді.

 

Ирригация

Ұзақ уақыттан бері алғаш рет қаладағы ирригация желісі қалпына келтірілуде. Орталық 10 көшедегі 19,2 шақырым және қалған 14 көшедегі 4,2 шақырым арық лотоктары алмастырылуда.

 

Көлік

Көлік саласында да тындырымды жұмыс бар. Мысалы, 8 шағынаудандағы магистралды көшені қайта қалпына келтіру, 6 шағынаудандар 21 көше салу, 3 шағынауданда 12 көшені қалпына келтіру жұмыстары аяқталып келеді. 20 шағынаудандағы 110 көше толық жөнделіп, 91 көше орташа дәрежеде жөнделуде. 12 аяқжол төселіп, 17 қиылысқа бағдаршамдар орнатылуда. Ірі 5 жолайырығын салу жоспарлануда. Оның алғашқысы – Темірлан тас жолындағы құрылыс басталып та кетті. Шалғай елдімекен тұрғындарын тасымалдау үшін 10 әлеуметтік бағыт анықталған.

 

Баспана

Қазіргі таңда қалада тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесі кезегінде – 116 мыңнан астам, ал баспана кезегінде 31 мың адам тұр. Әкімшілік-іскерлік орталық және «Тұран» шағынауданында көпқабатты үйлер бой көтеруде. 2017 жыдың 7 айында 185,2 мың шаршы метр баспана салынды, бұл – 2016 жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда 11,3%-ға көп. Биыл 1314 пәтерлі 19 коммуналды үйді, несиелік 11 үйді (558 пәтер), ұлттық компаниялар салған 43 үйді (2711 пәтер), коммерциялы 65 үйді (524 пәтер), компаниялар салған 6 үйді (272 пәтер) ел игілігіне беру жоспарлануда. «Шымкент-СИТИ» қалашығындағы құрылыс та жалғасуда. Қазіргі таңда мұнда инженерлі және жол инфрақұрылымы тартылып, алғашқы көпқабатты үйлер салынуда. Бұған қоса шаһарда үйлерді жаңарту (21 үй) және сейсмо-нығайту (7 үй) жұмыстары жалғасуда. Көпқабатты 31 үйдің қасбеті жаңартылды. Қошқар ата өзені маңындағы 420 ескі үйдің орнына көпқабатты 61 үй (3679) пәтер) салу жоспарланған.

 

Қауіпсіздік

Қаладағы қауіпсіздік мәселесі біршама жақсарды. Атқарылған жұмыстар нәтижесіндегі Шымкенттегі криминогенді жағдай 17,1 пайызға төмендеп, жол апаты саны 152-ге кеміді.

 

Білім беру

Биыл 17 мектеп құрылысына қаржы бөлу жоспарланған. 1 қыркүйекке дейін жалпы саны 4800 орынды 5 жаңа мектеп пайдалануға тапсырылады: «Сәуле», «Достық», «Жаңаталап», «Қайнарбұлақ», «Ақжайық» шағынаудандары. Бұған қоса №27, 34 және 97 мектептерге қосымша ғимарат салынды. Қалған 9 мектептің құрылысы 2018 жылы аяқталады. №27, 39 және 100 мектептер толық жөнделді. Қазіргі таңда қалада 51 мың 5 сәби балабақшаларға барады. Бұл саладағы қамту 82,8%-ды құрап отыр. Мемлекеттік тапсырысты тағы 3500 орынға көбейту мәселесі шешілуде.

 

Мәдениет

Қаладағы бүкіләлемдік ЮНЕСКО қорын байыта алатын 2 бірегей нысан бар. Қазір Сайрам және Шымкент көне қалашықтарын ұсыну бойынша қажет құжат әзірленуде. Бұған қоса ескі қалашықтың орнынан ашық аспан астындағы музей жасаудың жобалық-сметалық құжаты жасалуда.

 

Жұмыспен қамту

Еңбекпен қамту саласында жұмыспен қамту орталығының мобильді қосымшасы жасалған. Оның көмегімен кез келген азамат осы орталыққа келмей-ақ бос орындар туралы біле алады. "Өрлеу" бағдарламасы бойынша да жұмыс жалғасуда.

Мәжілісте қала әкімінің жұмысын оң бағалаған халық қалаулылары қаланың дамуы және тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту бағытында пікір алмасты. Жиынды қорытындылаған қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов шаһардың дамуына Елбасының ерекше назар аударып отырғанын айта келе, қаланың әлеуметтік-экономикалық даму бағытындағы жұмыстарды жүзеге асыруда бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Сондай-ақ, әкім алға қойған маңызды міндеттер орындалып жатқанын және осы бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын табатынын жеткізді.

Опубликовано в Қала

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев жергілікті «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының тікелей эфирінде тұрғындардың толғандырған сұрақтарына жауап берді. «Әкім сағаты» хабарында өңір басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша баяндама жасады. 2 сағатқа созылған тікелей эфир барысында тұрғындар тарапынан 600-ден астам сұрақ түсті.

19059972 1325982694184733 9121410058189174491 n

Сауалдардың басым бөлігі негізінен, ауыл шаруашылығы, жұмыспен қамту, кәсіпкерлік, коммуналды шаруашылық, білім, денсаулық сақтау, туризмді дамыту, т.б., маңызды салаларға қатысты болды. 

– Елбасы Жолдауында атап көрсетілгендей, ауыл шаруашылығын экономиканың драйверіне айналдыру жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Бүгінде 50 мың отбасыны біріктірген 468 ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылды. Тасқын судың алдын-алу әрі егістік алқаптарды суландыру мақсатында өзендердің бойынан 16 су қоймасын жүргізу жоспарлануда. Оған 9,3 млрд. теңге қаралып, нәтижесінде 17 мың алқапты суландыру көзделуде. Биыл елді мекендерді газдандыру және електр энергиясымен қамту жөнінде ауқымды жұмыстар атқарылады, – деді өңір басшысы тікелей эфирде. 

Облыста биыл 57 елдімекен көгілдір отынмен қамтылады. Осы мақсатқа облыстық бюджеттен 14,1 млрд теңге жұмсалмақ. Жалпы, өңірдегі 844 елдімекеннің 300-і табиғи газбен қамтамасыз етілген. 

Облыстың елді мекендерін 2017-2020 жылдар аралығында газдандырудың кешенді іс-шара жоспары әзірленген. Жоспарға сәйкес, 2020 жылға қосымша 383 елді мекенді газдандыру көзделіп отыр. 

Жансейіт Қансейітұлы 2021 жылға табиғи газбен қамтылған елді мекендер санын 683-ке немесе 2 млн. 720 мың тұрғынға жеткізу межеленіп отырғанын атап өтті. 

Өңір басшысы тұрғындардың ауыз су мәселесіне қатысты сұрақтарына да жауап берді. Бүгінде аймақта елді мекендердің 73 пайызы ауыз сумен қамтылған. Бұл көрсеткіш бойынша өңір республикада 4-ші орында. Арнайы қабылданған бағдарламаға сай алдағы жылдары 844 елдімекеннің 701-іне ауыз су жеткізіледі. 

Сұхбат барысында жауап беріліп үлгермеген сауалдардың жауабы алдағы уақытта облыс әкімінің ресми сайтында жарияланбақ.

Опубликовано в Саясат
Среда, 22 Февраль 2017 04:18

ОҢДЫ ІСТЕРІ МОЛ ОҢТҮСТІК

Облыс әкімі Ж. Түймебаев халық алдында есеп берді

Оңтүстік Қазақстан облысында 2016 жылы экономикалық және әлеуметтік салаларында атқарылған жұмыстар бойынша Жансейіт Түймебаев халық алдында есеп берді. «Түркістан» сарайында өткен есепті кездесуде әкім алдағы бес жылда іске асырылатын жұмыс жоспарларымен де бөлісті.

Өңір басшысының халық алдындағы жылдық есебі биыл алғаш рет онлайн режимде Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің ontustik.gov.kz сайтынан көрсетіліп, үш миллионға жуық халқы бар күнгей тұрғындарын қамтыды.

Өнеркәсіп өнімінің  көлемі – 776, 8 млрд теңге

Есепті кездесуге жергілікті тұрғындармен қатар ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік инспекторы М.Имандосов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі А. Мырзахметов, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Ә. Бектаев пен Қ. Айтаханов қатысты.

Өткен 2016 жылы атқарылған жұмыстарға тоқталған өңір басшысы өнеркәсіп саласында 776, 8 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, 2015 жылмен салыстырғанда 4,4 %-ға артқанын айтты. Бұл көрсеткіш бойынша біздің облыс республикада 3 орынды иеленіп отыр. Ал Шымкент қаласы бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі өткен жылы 326 970, 4 млн теңгені құрағанын білеміз. 

Өңір басшысының сөзіне сүйенсек, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында облыста 303 жобаға қолдау көрсетіліп, 2126 жұмыс орны ашылған. Оның 140 жобасы Шымкент қаласына тиесілі, қаржыландырылуының жалпы сомасы 65 440, 4 млн теңгені құрайды. 

Жансейіт Түймебаев ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 445 млрд теңгені құрап, 2015 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,9 % өскенін мәлімдеді. Ал, ауыл шаруашылығы дақылдары өткен жылдан 13 мың га ұлғайып, 788,8 мың га құраған.

Шымшаһар бойынша тоқталсақ, қалада өткен жылы 3908 шаруа қожалығы мен 244 ЖШС құрылған. 

Елбасының тапсырмасына сәйкес, «Ауыл шаруашылығы кооперативтері» туралы Заңды нәтижелі іске асыру мақсатында кооперативтерді құру жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Бүгінгі күні жаңадан 17 мыңнан астам ұсақ шаруашылықтарды біріктіретін 242 кооператив құрылған. Өңір басшысының жылдық есебінде айтылған осы тұсы Елбасы Н.Назарбаевтың биылғы кезекті Жолдауындағы екінші басымдықтағы төртінші міндетте міндеттелгеніндей, «аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек». 

Сонымен қатар облыс әкімі Денсаулық сақтау саласында 4, білім саласында 39, мәдениет саласында 8, спорт саласында 2 нысан пайдалануға берілгеніне де тоқталып өтті. 

«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша 18,8 млрд теңге (2015 жылы – 5,4 млрд. теңге) игеріліп, нәтижесінде 72,2 мың адам қамтылып, 36,2 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. Сондай-ақ, 24 ауыз су, 25 табиғи газ нысандары пайдалануға берілсе, 640,9 шақырым автомобиль жолдары мен елдімекен көшелеріне құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілді. Есепті кездесуде облыс әкімі 2017 жылы атқарылатын жоспарларын да ортаға салды. Елбасы биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жаңа индустриялар құрумен қатар дәстүрлі базалық салалары мен өнеркәсіптің басым салаларындағы бәсекеге қабілетті экспортқа бағытталған өндірістерді құра отырып, өндірісті дамыту міндеттерін қойып отыр.

– Осы бағыттағы жұмысты жандандыру мақсатында, облыстың Индустрияландыру картасы аясында 2017-2020 жылдары 91 жоба, оның ішінде 2017 жылы 20 жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұл дегеніміз – мыңдаған жаңа жұмыс орнының ашылуы, жергілікті халықтың әл-ауқатының, тұрмыс-тіршілігінің түзелуі, – деп атап өтті Жансейіт Қансейітұлы.

 

Төрт бірдей демалыс орны ашылмақ

Облыс тұтынушыларын сапалы және қажетті көлемде электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында Шымкент қаласында «Бозарық», «Астана 1,2» қосалқы станцияларының құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде, қаладағы өнеркәсіп орындары мен 430 мың тұрғындар сапалы электр қуатымен қамтамасыз етілетінін де Жансейіт Қансейітұлының жылдық есебін тыңдау барысында қанық болдық. 

Елбасының Шымкент қаласын үшінші мегаполиске айналдыру бойынша берген тапсырмасына сәйкес, негізгі жұмыстар қаланың архитектуралық келбетін жақсарту, инфрақұрылымын дамыту, абаттандыру, көгалдандыру бойынша жүргізіледі. 

Ж.Түймебаевтың айтуынша, мәселен, қаладағы әкімшілік-іскерлік орталығы дамытылады. Яғни, мұнда 2518 пәтерлі 29 көпқабатты үй, 1200 орындық мектеп, 8 мың орындық мешіттің құрылысы жүргізілмек. Сондай-ақ, оқушылар сарайының, өнер орталығының, «Shymkent mall» сауда орталығының құрылысы жүргізілетін болады. Сонымен қатар, Шымкентті жасыл қала мәртебесіне айналдыру мақсатында 125 га жерге 50 мыңға жуық жасыл желектер мен көп жылдық ағаш бұтақшалары отырғызылмақ. Қаланың шалғай елдімекендерінде қараусыз жатқан сай, қырларды саябаққа айналдыру мақсатында өңірде «Шатқал» бағдарламасы әзірленді. Осы бағдарлама аясында Астана даңғылы бойындағы 25 га, Төлеметов көшесіндегі 50 га, «Тассай» тұрғынүй алабындағы 35 га, «Бозарық» шағынауданындағы 60 га шатқалда қоғамдық демалыс орындары ашылады. Ал ескі қоқыс полигоны аумағына рекультивация жасалып, орнына 34,3 га жерге саябақ құрылысы басталды. Ескі шаһардағы көне 54 көпқабатты үй күрделі жөндеуден өтіп, апатты жағдайдағы 7 тұрғын үйге сейсмикалық күшейту жұмыстары жүргізілмек. 

Есепті жиында әкім баспанамен қамтамасыз ету бойынша қажеттіліктерді кезең-кезеңімен шешу үшін 2016 жылы 530 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылғанын тілге тиек етіп, осы жылы жалпы 700 мың шаршы метр болатын тұрғын үйді тапсыру жоспарда тұрғанын айтты. 

infpgraph– Алдағы 15 жылда еліміздің тұрғындарын толығымен баспанамен қамту мақсатында елімізде жаңадан «Нұрлы жер» бағдарламасы қолға алынды. Осы бағдарлама шеңберінде жеке тұрғын үй құрылысы бойынша Шымкент қаласында пилоттық жоба ретінде екі коттеджді қалашықтар салынатын болады. Оның бірі 76 гектар алқапта 293 үй орналасатын «Бозарық» кешені мен 180 гектар алқапта 1 050 үймен «Таскен» тұрғын үй кешені бой көтереді, – деді облыс әкімі.

«Жақсы әкімнің қадірін газ келгенде білерсің...»

Есепті кездесуге жиналғандардың қарасы көп болды. Солардың арасында әкімге көкейіндегі сауалын қойып үлгергісі келгендер де аз емес. Тұрғылықты жерінде мектебі жоқ немесе жаңа мектепті қажет ететін елдімекен тұрғындарының өзекті мәселесі де назардан тыс қалмады. Осы орайда облыс әкімі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында алдағы бес жылда 131 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүрсе, 205 жаңа мектеп, биылғы 2017 жылы 70 жаңа мектеп салынатынын алға тартып, барлық мәселені уақыт көшінен қалмай шешетінін мәлімдеді. 

Қазақстанның халық ақыны Әселхан Қалыбекова әкімге Отырар ауданына газ тартып беруін айтып: 

– Жақсы күннің қадірін жаз келгенде білерсің, Жақсы әкімнің қадірін газ келгенде білерсің, – деп әзілмен көмкере сөз сабақтады. «Соған ертерек ықпал етсеңіз!» – деп айтыскер ақын залға жиналған көпшілікті ду күлдірді. 

Жиында жұмыс өтілі аз, жұмысқа орналаса алмай жүрген жастар да сауал қойды. Сонымен қатар Анкара университетінде білім алып жатқан Бағлан Ермаханов Түркістанды туристер орталығына айналдыруға көмектескісі келетінін онлайн байланыс арқылы жеткізді. 

Жарыссөзге шыққан Парламент Сенатының депутаты Әли Бектаев: – Соңғы 3-4 айда облыстың көлемінде жаңа басшылықтың тарапынан жасалып жатқан жаңалықтарды естіп, марқайып жүрген жайымыз бар. Шынтуайтында, алпауыттар арпалысқан алмағайып заманда, қаржы дағдарысы деген дауыл тұрып тұрған кезеңде мемлекеттік қаржыға ғана иек артып қоймай, инвесторларды тартып, Оңтүстіктің экономикасын арттырып, әлеуетін дамытудағы қадамдары нақты әрі айқын, – деп өңір басшысының жұмысын айрықша бағалады. Таяуда ғана өткен «Қазақстан-Түркия инвестициялық форумының» берері мол екенін де назардан тыс қалдырмады.

Бұдан бөлек ОҚМПИ ректоры Оңалбай Аяшев, Парламент Мәжілісінің депутаты Розақұл Халмұрадов пен Төлеби аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә.Шыңғысбаевтар облыс әкімі Ж.Түймебаевтың жылдық есебіне оң бағасын беріп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

Опубликовано в Саясат

Кеше Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов 2016 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысы және қаланың алдағы 5 жылға арналған даму жоспары бойынша жергілікті тұрғындар алдында есеп берді. Қала әкімінің есепті кездесуіне облыс әкімі Жансейіт Түймебаев қатысты.

Жиында әсіресе, инфрақұрылым, коммуналдық шаруашылық, білім беру, жұмыспен қамту, абаттандыру мәселелері кеңінен сөз болды. Сондай-ақ, тұрғындар қоғамдық көлік саласының қызметіне қатысты өзекті мәселелерді талқыға салып, қаланың келбеті мен мәдениетін қалыптастыру бағытында өз ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

DSC 5892

Кәсіпкерлік саласында бетбұрыс бар

Ел аумағында жер көлемі жөнінен бірінші, халық саны бойынша екінші орынды иеленетін Шымкент қаласы соңғы бесжылдықта әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан өрлеу мен жаңғырудың жаңа кезеңін өткеруде. Бас Жоспарға сәйкес, қала шекарасы 2,9 пайызға ұлғайды. Соңғы санақтың қорытындысы бойынша қазір мұнда 910 мыңның үстінде адам тұрады. Осы орайда, жиналған көпшілік қауымға алдымен, LED-экран арқылы қаланың өткен жылдағы табысты жетістіктері сараланған бейнефильм ұсынылды.

Қаланың 2016 жылғы бюджеті 111 млрд теңгені құрады. Қаржының басым бөлігі, қалада инженерлік жүйелер өзекті болғандықтан, осы саланы дамытуға бағытталды. Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов есепті баяндамасында кәсіпкерлік саласындағы оңды өзгерістерді атап өтті. Нақты айтқанда, бүгінде 136 мыңнан астам адам кәсіпкерлік саласында жұмыспен қамтылған. Соңғы жылдарғы мемлекеттің қолдау механизмдері кәсіпкерліктің дамуына оң ықпалын тигізуде. Өткен жылда өндірістік кәсіпорындар 326 миллиард 970 миллион теңгенің өнімін өндірген. Бұл көрсеткіштің нақты көлем индексі 2015 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 4 пайызға артқан. 

«Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында жалпы құны 4,1 миллиард теңгені құрайтын 8 жоба іске қосылып, 300-ден астам жаңа жұмыс орындары ашылды.

wthats

Есепті мерзімде қала бой-ынша 2455 жеке тұрғын үй, 557 коммерциялық нысан, 42 мемлекеттік (әлеуметтік) нысан пайдалануға берілді. Бас жоспарды іске асыру мақсатында қала аумағының 5 жеріне егжей-тегжей жоспарлау жобалары жасақталды.

Қаланың сәулеттік келбетіне ықпал ететін ірі кешенді жобаларды іске асыру үшін қала құрылысы кеңесі жұмыс істеуде. Өткен жылы кеңестің 4 отырысы ұйымдастырылып, 55 жоба талқыланыпты.

Жылдың басты жемісті қызметі ретінде «Shymkent City» инвестициялық жобасының құрылыс жұмыстары басталды. «Тұран» шағынауданының егжей-тегжей жобасына өзгерістер енгізіліп, 2016 жылғы бюджеттен инженерлік-коммуникациялық жүйелердің құрылысына 1,9 миллиард теңге, 270 пәтерлі 5 тұрғын үйдің құрылысын бастауға 388 миллион теңге қаржы бөлінді. Жоспарланған аймақ көлемі 407,7 гектарды құрайды. Яғни, бұл болашақта 70 мыңға жуық тұрғынға лайықталған заманауи талапқа сай көпқабатты тұрғын үйлер мен көрікті демалыс орындарын, аллеялар мен ойын-сауық сауда орталықтарын салуға мүмкіндік береді.DSC 5800

Жалпы, 2016 жылы қалада тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілді. Барлық қаржыландыру көздері есебінен 246,7 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылып, көлемі 2015 жылмен салыстырғанда 13,5 пайызға артқан.

«Нұрлы жол» және «Өңірлерді дамыту» бағдарламалары шеңберінде 3 777 пәтерлі 64 көп қабатты тұрғын үйдің және 68 пәтерлі 2 жатақхананың құрылысы жүргізілген. Бүгінге дейін 1 370 азамат тұрғын үймен қамтамасыз етіліпті.

wthats-2

Алты жолақты көлік жолы салынады

Жиында алғаш болып жарыссөзге шыққан облыстық мәслихаттың депутаты Қайрат Молдасейітов қала әкімінің өткен жылдағы атқарған жұмыс нәтижесін оң бағалап, сын-ескертпелерін де жеткізді. Қала аумағын ирригациялық жүйелермен қамтудың қажеттілігін тілге тиек еткен Қайрат Хұсейінұлы, сонымен қатар, көлік жүргізушілерін жол қозғалысы ережелерін қатаң бақылауға алуға шақырды. Өткен жылда тұрғындарды толғандырған мәселелер бойынша депутаттық сауал ретінде жолданған 86 өтініш-арыздың қала әкімдігі тарапынан толығымен өз шешімін тапқанын да атап өтті.

Мұнан кейін «Құрмет» орденінің иегері, Шымкент қаласының «Құрметті азаматы» Әділхан Сұлтанбеков «Фронт офис» ғимаратының пайдалануға берілуін қала әкімдігінің өткен жылдағы жемісті қызметіне балады. 

Азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағытында қолға алынған шаралар бойынша қала тұрғыны Ахметбек Мұстафаның қойған сауалына қала әкімі аптаның әр сенбі және жексенбі күндері жәрмеңкелер ұйымдастырылатынын, тұрақты бақылаудың нәтижесінде, Оңтүстік өңірі ел аумағында ең төменгі бағаны «ұстап тұрғанын» жеткізді.

Ал қала тұрғыны Серік Дүйсековті әлдеқашан қазақша атауын алған «Пахтакор», «Шорсе», «Попова» сынды көше атаулары қоғамдық жолаушы тасымалдау қызметі саласында бір жүйеге келмей отырғаны қынжылтты. Яғни, ол әрбір аялдаманы байырғы атымен атайтын жолаушылар көлігі бақылаушыларының әрекетіне тыйым салуды ұсынды. 

DSC 6049

Қала тұрғыны Танабек Мәдібековтің жұмыссыздықтың алдын алу бағытында қала аумағында ірі зауыттар салу қажеттілігі бойынша қойған сауалына облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы өзі жауап берді.

– Қазіргі таңда, өндіріске тың серпін беру мақсатында өңірде 11 индустральды және 1 еркін экономикалық аймақ құрылған. Осындағы қызметін сәтті үйлестіре білген кәсіпорындардың өнімі бүгінде шетелдерге де экспортталуда. Мәселен, «Шымкент цемент» кәсіпорнының жоғары сапалы өнімі Астанадағы «ЭКСПО» қалашығының құрылысын толығымен қамтып келеді. Шымкентте тағы бір мұнай өңдеу зауыты салынбақ. Облыс орталығында күні кеше ғана ұйымдастырылған қазақ-түрік инвесторларының форумы да өз кезегінде, өңірдегі кәсіпкерлік саласының өркендеуіне тың бастама болады деген сенім бар, – деді облыс әкімі.

Көне Шымкенттің келбетін танытқан «Ескі қалашықтың» бүгінгі ахуалы да қала тұрғыны М. Миргасимовтың тарапынан сауал ретінде жолданды. 

– Қаланың кешегі тіршілігінен сыр шертетін ескі қалашықтың орнын қайта жаңғырту – «Шымкент қаласының 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму Тұжырымдамасында» айқын белгіленген. Жоспарлы жұмыстардың аясында, Қонаев көшесін онан әрі жалғастыра отырып, Ташкент тасжолына дейін жалғау қарастырылуда. Яғни, «Түркістан» моншасы мен «Ескі қалашықтың» бірқатар тұрғын үй ғимараттары сүріліп, жол құрылысы жүргізіледі. Бұдан бөлек, Байтұрсынов көшесінің бойы да 18 метрге дейінгі қашықтыққа ұлғайтылып, 6 жолақты көлік жолы салынады. Ондағы жол бойындағы 900 түп ағаш тамырымен қоса алынып, қаланың өзге де аумақтарына қайта отырғызылады, – деді қала әкімі Ғ. Рахматоллаұлы.

DSC 5692

Қала бюджеті 33 миллиард теңгеге артқан

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев қаланың келешегі кемел боларына сенім білдіріп, шаһарды шырайландыру бағытында алда атқарылуы тиіс жоспарларға тоқталды. Cондай-ақ аймақ басшысы Елбасының биылғы Жолдауынан туындаған жаңа міндеттер мен тапсырмаларды орындауда бірлік биігінен табылып, жұмыла жұмыс істеуге шақырды.

– ҚР Президентінің белгілеген тапсырмасына сәйкес, алдағы уақытта өңірдегі өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға мейлінше ден қойылады. Бұл туралы Елбасы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында да кеңінен айтты. Сол себепті, кіші және орта бизнес субекьтілерінің қатарын ұлғайтуға күш салуға тиіспіз. Бұл тұрғыда, кәсіпкерлік саласындағы тексерулерді азайту бағытында барлық жағдай жасалады. Тек соңғы бір жыл уақыт мерзімінде қала бюджеті 33 миллиард теңгеге артты. Мектеп жасына дейінгі 53 мың бүлдіршіннің 82 пайызы балабақшамен қамтылып отыр. Биыл жеке меншік иелігіндегі мекемелер санын ұлғайтудың нәтижесінде, бұл көрсеткіш 100 пайызға толығымен орындалуы тиіс. Мен қызмет бабымен шетелдерде жиі боламын. Дамыған елдерде тұрғындар өзі тұратын елдің немесе қаланың тағдырына бейжай қарамайды. Атқарушы билікпен күш біріктіре отырып, қаланың дамуы жолында қоян-қолтық жұмыс істейді. Бізде де сол тәжірибені, үрдісті қолға алатын кез келді. Әрбір тұрғын қаланың гүлденуіне үлес қосқаны жөн. Білесіздер, қоршаған ортаны көріктендіру мақсатында өңірімізде алғаш рет «Шатқал» бағдарламасы бастау алды. Бұның тиімділігі, кейінгі жасқа берер ұлағаты орасан зор. Қала таза болса көңіліміз де таза болады. Осыған үлкен-кіші демей бәріміз де атсалысуымыз керек, – деді облыс әкімі Ж. Түймебаев.

Опубликовано в Қоғам

Шымкент қаласының әкімі Ғ. Р. Әбдірахымовтың 2016 жылы атқарылған жұмыстар жөніндегі есебінің
ТЕЗИСТЕРІ

akim

Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 5 ақпандағы «Орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғарғы оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» №190 Жарлығына сәйкес, барлық деңгейдегі әкімдер халық алдында есеп береді.

Есептің мақсаты – жергілікті атқарушы органдар жұмысының ашықтығын көрсетіп, халық пен биліктің арасын жақындата түсу.

Кездесулер барысында тұрғындар тарапынан берілген сұрақтар мен ұсыныстар жергілікті атқарушы органдар жұмысының бір жыл көлеміндегі бағыт-бағдарын айқындауға негіз болады. 

Мәселен, қала әкімінің 2016 жылғы 2 ақпанда тұрғындармен кездесу барысында 74 сұрақ пен ұсыныс келіп түскен. Оларды іске асыру мақсатында іс-шаралар жоспары түзіліп, орындалуы бақылауға алынған. Аталған 74 сауалдың жауаптары «Шымкент келбеті» және «Панорама Шымкента» газеттерінде жарияланып отырды.

Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 74 сұрақ пен ұсыныстың 56-ы шешімін тауып, 18-і қаланың даму жоспарына енгізілді.

akim esebiiҚалада 2016 жылы атқарылған жұмыстар жөніндегі есеп, келесі салалар бойынша ұсынылады:

– мемлекеттік қызмет көрсету;
– негізгі көрсеткіштер;
– өнеркәсіп саласы;
– ауылшаруашылық саласы;
– эпизоотиялық ахуал;
– шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау;
– сауда қызметі;
– сәулет және қала құрылысы;
– жер мәселелері;
– бюджеттің орындалуы;
– білім саласы;
– спорт;
– мәдениет және тілдерді дамыту;
– халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қамсыздандыру;
– жастармен жұмыс жүргізу және ішкі саясат;
– инженерлік инфрақұрылымды дамыту;
– транспорт саласы;
– тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы;
– 2017 жылғы қала әкімдігінің негізгі міндеттері.

 

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ

Шымкент қаласы әкімдігіне қарасты 8 құрылымдық бөлімдер тарапынан 79 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі. 2016 жылы жалпы 388 873 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Сондай-ақ, заңды және жеке тұлғалардан, мекемелерден түскен 160 мыңнан астам құжаттарға тиісті жауаптары берілді.
Шымкент қаласы әкімдігінің shymkent.gov.kz ресми сайты жұмысын үш тілде (мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде) жалғастыруда. Аталған сайтта интерактивті карта, қала бойынша 3D-ТУР, халықтық бақылау, информсервистер, фотогалерея, қаланың көрсеткіштері, қаланың жеткен жетістіктері, болашақтың қаласы, жолдау, қоғамдық көліктер кестесі, Whatsapp – желісі және т.б жаңа бөлімдермен қамтылған.
Қаланың атқарушы органдар тарапынан мемлекеттік қызмет көрсету барысында әкімшілік кедергілерді жою мақсатында арнайы комиссия құрылып, бірқатар ұсыныстар берілді. Нәтижесінде қалалық әкімдікке түскен құжаттарды себепсіз кері қайтару салдарын болдырмау мақсатында қала әкімі аппараты, аудан әкімдері мен бөлімдерде «Ашық әкімдік» бағдарламасы енгізілді. Бұл дегеніміз халыққа бір терезе қағидасы бойынша қызмет көрсетіліп, қала тұрғындары тарапынан тапсырылған өтініштерін интернет жүйесі арқылы бақылау мүмкіндігі туындайды. Осы мақсатта Шымкент қаласы әкімдігі тарапынан қала тұрғындарына көрсетілетін қызметтердің барлық түрін «бір терезе» жүйесі арқылы қызмет көрсететін «Фронт-офис» орталығы ашылды shymkent.gov.kz/kz/material/10 .

14716061 1671530193159940 9179410956673817073 n

2016 жылы қала әкімінің «Веб сайтына» түскен 448 сұрақтың 414-не толыққанды жауап беріліп, 34 сұрақ бақылауға алынды, орындау жұмыстары жалғасуда.
2016 жылы қала әкімдігіне ОҚО әкімдігінен-643, «Нұр Отан» партиясынан-145, облыстық және қалалық мәслихаттардан-66, облыстық және қаланың аудандық прокуратураларынан – 29, жеке және заңды тұлғалардан-70 577 хаттар түсіп, тиісті жауаптар берілген.
Сонымен қатар, 2016 жылы ОҚО әкімінің тарапынан берілген 132 тапсырманың 75-ы орындалып, 28-і тұрақты бақылауға алынған, 29-ның мерзімі бар.
Қала әкімдігінің 2016 жылы өткізген 29 мәжілісінде қала өмірінің түрлі салаларына, оның ішінде әлеуметтік-экономикалық дамуына, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы және қаланың күнделікті тұрмыс тіршілігіне қатысты 45 мәселе қаралып, тиісті қаулылар қабылданды.
Еңбекші ауданында 254 мыңнан аса халық тұратынын ескере отырып және оларға сапалы мемлекеттік қызметтерді ұсынумен қатар қолайлы орта құру мақсатында, ауданда №8 «Халыққа қызмет көрсету орталығы» ашылды. Аудан тұрғындарына аталған ХҚКО арқылы 530-мемлекеттік қызмет түрлері, оның ішінде 315 электрондық, 215 дәстүрлі және 53 пилоттық түрде қосымша қызмет көрсетілуде.

 

ӨНЕРКӘСІП САЛАСЫ

Статистикалық органдардың 2016 жылдың қорытындысы бойынша берген мәліметіне сәйкес, Шымкент қаласында 551 кәсіпорын тіркелген. Оның ішіндегі 76–сы ірі және орта, 407-і шағын және 68-і қосалқы кәсіпорындар.
2016 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында өндірістік кәсіпорындар 326 970,4 млн.теңгенің өнімін өндірді. Бұл көрсеткіштің нақты көлем индексі 2015 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 4,0 пайызға артты.
Қалада «Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» іске асырылуда.

DSC 3455

2016 жылы бағдарлама шеңберінде жалпы құны 4,1 млрд. теңгені құрайтын 8 жоба іске қосылып, 300-ден астам жаңа жұмыс орындары ашылды. Оның ішінде:
– «Оңтүстік» индустриалды аймағында автомобиль колодкаларын шығаратын «ДДЭК», жол және құрылыс битумдарын өндіретін «ЭКО-Битум», аяқ киім шығаратын «Кирал достық» ЖШС;
– «Тассай» индустриалды аймағында МДФ жылтыр плитасын өндіретін «Мега СМАРТ», медициналық жабдықтар шығаратын «Marai E7group», светодиодты жарық шамдарын өндіретін «КазТехникас» ЖШС;
– «Ордабасы» индустриалды аймағында полиэтилен, полипропилен және поливинилхлоридтен жасалған трубалар шығаратын «КазТермоПласт» ЖШС.
Сонымен қатар, «Шымкентмай» ЖШС өсімдік майын өндіру бойынша өз өндірісін кеңейтті.
Одан бөлек, жеке инвестициялар есебінен құны 585,0 млн.теңгені құрайтын 5 кәсіпорын іске қосылып, 117 жаңа жұмыс орындары ашылды. Оның ішінде:
– «Оңтүстік» индустриалды аймағында электродвигательдерге арналған обмотка жасайтын «КазЭлМаш» ЖШС, асфальт және бетон жасайтын зауыт «ДезФумекс» ЖШС;
– «Тассай» индустриалды аймағында газобетон блоктарын шығаратын «Шымкентгазобетон ЛТД» ЖШС, құрылыс материалдарын шығаратын «Амандық груп Плюс» ЖШС, жиһаз шығаратын «Мега Смарт» ЖШС.

onerkasip

 

АУЫЛШАРУАШЫЛЫҚ САЛАСЫ

Статистикалық органдардың 2016 жылдың қорытындысы бойынша берген мәліметіне сәйкес, қалада 4 152 ауыл шаруашылық құрылымдары қызмет етеді. Оның ішінде 3 908 шаруа қожалықтары, 244 жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер және өндірістік кооперативтер.
2016 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында ауылшаруашылық құрылымдары 22 215,5 млн. теңгенің өнімін өндірді. Бұл көрсеткіштің нақты көлем индексі 2015 жылмен салыстырғанда 3,0 пайызға артты.
Өткен жылы барлық санаттағы ауылшаруашылық құрылымдары 8,5 мың тонна мал мен құс еті, 46,9 мың тонна сүт, 145,9 млн. дана жұмыртқа өндірді.

DSC 3041

2015 жылмен салыстырғанда ет 1,5 пайызға, сүт 4,8 пайызға артық, жұмыртқа 1,6 пайызға кем өндірілген.
Өсімдік шаруашылығын ұлғайту мақсатында 2016 жылы 30,0 мың гектар жерге егіс егілді. Нәтижесінде, 28,9 мың тонна дәнді дақыл, 30,6 мың тонна көкөніс, 9,0 мың тонна картоп, 3,9 мың тонна майлы дақыл және 5,7 мың тонна бақша өнімдері алынды.
Ауылшаруашылық құрылымдарының жұмысын қолдау мақсатында 2655 тонна жанар-жағар май, 1350 тонна тыңайтқыш жеңілдетілген бағамен берілді.
Сонымен қатар, 8 кәсіпкер тарапынан көлемі 10,07 га-ды құрайтын жаңадан жылыжайлар ашылды, оның ішіндегі 5,5 га өнеркәсіптік жылыжай. Одан бөлек, 4200 гектарға терең қопсыту технологиясы және 200 гектарға тамшылатып суғару әдісі ендірілді. Есепті жылы 69 ауыл шаруашылық техникасы алынып, 3 ауылшаруашылық кооперативі құрылды. 20 гектар жерге қарқынды бау егілді.
Мал шаруашылығын қолдау бағытында қалада «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары іске асырылуда.
2016 жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 228 бас ІҚМ мал алынып, жоспар 152 пайыз, «Алтын асық» бағдарламасымен 811 уақ мал алынып, жоспар 2 есеге, «Құлан» бағдарламасы бойынша 200 жылқы алынып, жоспар 3 есеге артығымен орындалды.

auylsharua

Ет өңдеу саласында 3 кәсіпорынды қайта құру, атап айтқанда «Прод&групп», «Марк» ЖШС-да 1,5 мың тонна ет өңдеу, «Ажар Фуд» ЖШС-да 500 тонна жеміс-көкөніс өңдеу өндірістерін кеңейту жұмыстары жүргізілді.
Қала бойынша несие ұйымдары арқылы ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында құны 824,8 млн.теңге құрайтын 130 жоба қаржыландырылды. Атап айтқанда:
– «Аграрлық несие Корпорациясы» АҚ арқылы 265,1 млн.теңгеге 17 жоба;
– «АИО«Оңтүстік» ЖШС арқылы 58,0 млн.теңгеге 3 жоба;
– «Ауыл шаруашылығы қолдау қоры» АҚ арқылы 122 млн.теңгеге 48 жоба;
– «Ырыс» ШНҰ» ЖШС арқылы 99,3 млн.теңгеге 42 жоба;
– «КазАгроҚаржы» АҚ арқылы 69,7 млн.теңгеге 1 жоба.

 

ЭПИЗООТИЯЛЫҚ АХУАЛ

Қаланың ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық шаралар, қаңғыбас ит-мысықтарды аулау, кенеге қарсы өңдеу жұмыстары жүргізілді.

Шымкент қаласының аумағында эпизоотиялық іс-шараларды ұйымдастыруға облыстық бюджеттен 76,0 млн.теңге бөлініп, жануарлар мен адамға аса қауіпті 27 түрлі ауруға қарсы диагностикалық зерттеулер мен 15 түрлі жұқпалы ауруларға қарсы профилактикалық егу жұмыстары атқарылды. Жыл басынан бруцеллез ауруына оң нәтиже берген 40 бас ІҚМ және 77 уақ мал, жұқпалы эпидидимит ауруына оң нәтиже көрсеткен 2 бас уақ мал, (мал бекетіне қайта өңдеуге тапсырылды.
Сонымен қатар, қала аумағында кенеге қарсы өңдеу жұмыстарын жүргізуге жергілікті бюджеттен 20,2 млн. теңге бөлініп, 83 092 ірі қара мал, 130215 уақ мал, 1 948 631 ш.м. орналасқан қора жайлар мен жапсарлас аумақтары залалсыздандырылды.
Одан бөлек, қаңғыбас ит-мысықтарды аулап жою жұмыстарына жергілікті бюджеттен бөлінген 49,1 млн.теңгеге жыл басынан барлығы 33 175 бас қаңғыбас ит-мысықтар ауланып, комиссия мүшелерінің қатысуымен «Беккари» шұңқырында залалсыздандырылды.
2016 жылдың 12 айында Шымкент қаласы бойынша иттердің құтыру ауруына 3 550 ветеринариялық анықтама берілді.

 

ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА КӘСІПКЕРЛІКТІ ҚОЛДАУ

Шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы қала үшін маңызды салалардың бірі.
Бүгінгі күні, қалада 136,7 мыңнан астам адам кәсіпкерлік саласында жұмыспен қамтылған. Соңғы жылдарғы мемлекеттің қолдау механизмдері кәсіпкерліктің дамуына оң ықпалын тигізуде. 2016 жылы қаладағы кәсіпкерлік субъектілерінің саны 74 813 бірлікті құрап, шығарылған өнім мен көрсетілген қызмет көлемі 297,7 млрд.теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш 2015 жылмен салыстырғанда 4,0 пайызға артқан.
Өткен жылы «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасының аясында құны 65 441,1 млн.теңгені құрайтын 140 жоба мақұлданды. Оның ішінде:
– несиенің пайыздық мөлшерін субсидиялау бағыты бойынша – 24,7 млрд.теңгеге 89 жоба;
– банк несиелерін кепілдендіру – 14 жоба;
– гранттар бойынша – 36,1 млн.теңгеге 13 жоба;
– экспортқа бағытталған кәсіпорындардың несиелерін субсидиялау – 363,3 млн.теңгеге 2 жоба;
– өндірістік инфрақұрылымды дамыту бойынша 40,2 млрд.теңгеге 22 жоба.

9M8B6385

Ал, «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығымен» құны 789,2 млн.теңгені құрайтын 163 бизнес-жоба мақұлданып, 599,0 млн.теңгеге 117 бизнес-жоба қаржыландырылды.
Сонымен қатар, кәсіпкерлікті дамыту және ынталандыру мақсатында, 2016 жылы мемлекеттік гранттарды алуға Шымкент қаласының кәсіпкерлік бөліміне жалпы 60 өтінім қабылданып, оның ішінде 10 жоба қолдау тапты.

 

САУДА ҚЫЗМЕТІ

Статистикалық мәлімет бойынша 2016 жылы қаладағы бөлшек сауда көлемі 299,5 млрд. теңгені немесе 2015 жылмен салыстырғанда 100,9 пайызды құрады, көтерме сауда көлемі 480,5 млрд.теңгені немесе 2015 жылмен салыстырғанда 80,2 пайызды құрады.
Қала аумағында 7 мыңнан астам сауда дүкендері, 948 қоғамдық тамақтандыру, 1148 қызмет көрсету орындары, 33 базар жұмыс жасайды. Аталған сауда нысандарында 30 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған.
Есепті жылы қалада жеке инвесторлар есебінен алаңы 48 400 шаршы метрді құрайтын «Shymkent PLAZA» сауда кешені ашылып, 1 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылды.
Сонымен қатар «Арман Сити» сауда кешені ашылды. Сауда алаңы 6500 шаршы метрді құрайды, онда 250 адам жұмыспен қамтылды.

Қалада бірінші қажетті азық-түлік өнімдеріне бағаны тұрақтандыру мақсатында әр аптаның сенбі және жексенбі күндері тұрақты түрде жәрмеңкелер ұйымдастырылды.
Қала аумағында белгіленген жерлерден тыс сауда орындарын жою үшін арнайы жұмыс комиссиясы құрылып, 3 626 әкімшілік хаттамалары толтырылып, жергілікті бюджетке 2,6 млн. теңге айыппұл өндірілді.

 

ТУРИЗМ

Туризмді дамыту мақсатында бірінші кезекте әуежай, темір жол вокзалынан келетін жолдарды және қаланың орталық көшелерін көріктендіру жоспарға қойылды. Осы мақсатта 2016 жылы 7 көше қиылысында көріктендіру жұмыстары атқарылды (Темірлан тас жолын, Қонаев-Желтоқсан, Тәуке хан – Қонаев, Момышұлы, Тәуке хан көшелерінің қиылыстары, Момышұлы, Түркістан, Іляев, Байтұрсынов көшелері). Сонымен қатар, үлгілі жоба ретінде «Тәуке хан» даңғылының Тәшенов көшесінен Момышұлы көшесіне дейінгі аралықта орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

DSC 1952

Одан бөлек, отбасылық демалуға арналған «Тұлпар» көлінің маңында жеке инвестор есебінен «Жайлау көл» ойын-сауық орталығы ашылды. Онда, биіктігі 50 метрді құрайтын дөңгелек шеңбер орнатылып, 15 түрлі ойын элементтері қойылды.
«Rixos Khadisha Shymkent» қонақ үйінде «Шымкент – Қазақстандағы үшінші мегаполис» атты инвестициялық кездесу өтті. Кездесуде қаланың инвестициялық мүмкіндіктері қаралып, үшінші қаланың 2020 жылдарға арналған даму тұжырымдамасындағы заманауи жобалармен таныстырылды.
Туристерге турлардың үлкен таңдауына бағыт-бағдар беру, тапсырыс бағаларының позициясын айқындау үшін, «Мегаполис» қонақ үйінің конференц-залында БАҚ өкілдерінің, көлік компанияларының, гид мамандарының, көші-қон қызметі, қолөнер шеберлерінің, туристік операторлар мен қонақ үйлер өкілдерінің қатысуымен, «ЭКСПО-ға дайындық» және «Этно-Шымкент» атты семинар-тренингтер ұйымдастырылды.
Есепті жылы «Shymkent Grand Hotel» ойын-сауық, қонақ үй кешені қайта жөндеуден өткізіліп, «CinZZano» мейрамханасы ашылды.

 

ҚАЛАНЫҢ СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС САЛАЛАРЫ

2016 жылғы статистикалық мәлімет бойынша қаладағы құрылыс жұмыстарының көлемі 96,4 млрд.теңгені құрап, 2015 жылмен салыстырғанда 123,0 пайызды құрады.
Сәулет және қалақұрылысы бөлімі тарапынан негізгі мемлекеттік қызмет түрі «бір терезе» қағидасы бойынша ұсынылады.
Қала аумағындағы заңсыз құрылыстарды анықтап, мониторинг жүргізу мақсатында Космотүсірілім бойынша «ONE EYE» арнайы бағдарлама орнатуға қала бюджетінен 18,0 млн теңге қаражат бөлінді.
Бұл бағдарлама қалада заңсыз құрылысы жүргізіліп жатқан нысандарды алдын ала анықтауға және дер кезінде заң талаптарына сәйкес, тиісті шара қолдану үшін уәкілетті органдарға мәлімет берілуіне ықпал етеді.
Есепті жыл ішінде қала бойынша 2455 жеке тұрғын үй, 557 коммерциялық нысан, 42 мемлекеттік (әлеуметтік) нысан пайдалануға берілді. Бас жоспарды іске асыру мақсатында қала аумағының 5 жеріне егжей-тегжей жоспарлау жобалары жасақталды.
Қаланың сәулеттік келбетіне ықпал ететін ірі кешенді жобаларды іске асыру үшін қалақұрылысы кеңесі жұмыс жасайды. Есепті жылы кеңестің 4 отырысы ұйымдастырылып, 55 жоба талқыланды.

saulet 7

Есепті жылы «Shymkent City» инвестициялық жобасының құрылыс жұмыстары басталды. «Тұран» шағынауданының егжей-тегжей жобасына өзгерістер енгізіліп, 2016 жылғы бюджеттен инженерлік-коммуникациялық жүйелердің құрылысына 1,9 млрд. теңге, 270 пәтерлі 5 тұрғын үйдің құрылысын бастауға 388,0 млн.теңге қаржы бөлінді. Жоспарланған аймақ көлемі 407,7 гектарды құрайды, болашақта 70,0 мыңға жуық халықты тиімді орналастыруға, заманауи талапқа сай көпқабатты тұрғын үйлер, көріктендірілген демалыс орындарын, аллеялар мен ойын-сауық сауда орталықтарын салуға мүмкіндік береді.
2016 жылы қалада тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілді. Барлық қаржыландыру көздері есебінен 246,7 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылып, көлемі 2015 жылмен салыстырғанда 13,5 пайызға артты.
«Нұрлы жол» және «Өңірлерді дамыту» бағдарламалары шеңберінде 3 777 пәтерлі 64 көп қабатты тұрғын үйдің және 68 пәтерлі 2 жатақхананың құрылысы жүргізілді. Оның ішінде есепті жылы 90 пәтерлі 2 коммуналдық, 216 пәтерлі жас отбасыларға арналған, ҚИК және «Бәйтерек development» арқылы 996 пәтерлі 32 тұрғын үй және 68 пәтерлі 2 жатақхана пайдалануға берілді. Нәтижесінде, 1 370 азамат тұрғын үймен қамтамасыз етілді.
Сонымен қатар, сейсмикалық қауіпті Асқаров, Уәлиханов, Темірлан тас жолы және 16-шы шағынаудандағы 4 көпқабатты тұрғын үй сейсмикалық күшейтуден өтті.

 

ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ САЛАСЫ

Қалада жер қатынастары мәселелерін реттеу бойынша арнайы комиссия жұмыс жасайды. Оның құрамына қалалық мәслихат депутаттары, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері енгізілген. 2016 жылы 32 жер комиссиясы өткізіліп, онда 6 272 құжат қаралды, оның ішіндегі 3 000 құжат келісілген, 3 272 құжат бойынша бас тартылған.
2016 жылы қалалық бюджетке жер телімдерін сату, жалға алу, жалға алу құқығын сату бойынша барлығы 1 056,7 млн.теңге кіріс түсіп, 2015 жылмен салыстырғанда 19 пайызға ұлғайды.
Қазіргі таңда, қалалық жер қатынастары бөлімі тарапынан 3 мемлекеттік қызмет түрлері бойынша 9 611 қызмет көрсетілді.
Қала аумағында тұрғын үй массивтерінің құрылысы қарқынды жүруіне байланысты, әлеуметтік, инженерлік, жол құрылысы үшін жер телімдерін мемлекет мұқтажына қайтару жұмыстары жүргізілуде.
2016 жылы Шымкент қаласы әкімдігінің мемлекет мұқтажы үшін жалпы алаңы 450,1 га 889 жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығару жөнінде 27 қаулы қабылданды.
Қазіргі таңда, қалада жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жер кезегінде – 87 411 азамат тіркелген.

 

БЮДЖЕТТІҢ ОРЫНДАЛУЫ

2016 жылы өзіндік кірістер бойынша болжам-жоспар 103,9 пайызға орындалды (есепті кезеңдегі болжам жоспар 51 681,9 млн.теңге болса, нақты түскені 53 717,4 млн.теңге). Кіріс көзінің құрамында салық түсімдерінің болжам жоспары 103,8 пайызға, салықтық емес түсімдердің болжам жоспары 106,1 пайызға, негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер – 104,4 пайызға орындалды.
Бюджеттің шығыс бөлігі – 111,0 млрд. теңгені құрап, оның 99,9 пайызы игерілді. Қаржының басым бөлігі білім саласына (42,9%), тұрғын үй коммуналдық шаруашылық саласына (27,3%), көлік және коммуникация (11,3%), мәдениет, спорт және туризм (4,0%), әлеуметтік салаға (2,9%) бағытталды.

 

БІЛІМ САЛАСЫ

2016-2017 оқу жылында қала аумағында 129 жалпы білім беру мектептері жұмыс жасайды. Ондағы оқушылар саны 167,6 мыңды құрады.
«ҚР Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» шеңберінде соңғы жылдары ауқымды жұмыстар атқарылуда.
2016 жылы білім саласын дамытуға 41 212,4 млн. теңге қаржы бөлінген. Оның 527,3 млн.теңгесі білім қорына бағытталып, әлеуметтік жағдайы төмен 8 398 оқушы ыстық тамақпен, 5 144 бала мектепке қажет киім-кешекпен қамтамасыз етіліп, 4 628 бала жазғы лагерьлерде демалды.

 MG 1677

Білім беру саласына жаңа технологияларды енгізу арқылы білім беру сапасын жақсарту басты басымдықтардың бірі. Қазіргі таңда, қала мектептерінде интерактивті тақта – 387, лингафон кабинеті-163, биология кабинеті – 47, физика кабинеті – 63, химия кабинеттері – 59 жетті. Білім беру мекемелері толық телефон және интернет желісіне қосылған. Бағдарлама аясында 4 964 мүмкіндігі шектеулі бала инклюзивті оқытумен қамтылды.
«Мектепке жол» акциясы аясында 2016 жылы 29 644 балаға көмек көрсетілді.
2016 жылы Ұлттық Бірыңғай тестілеуге 4 071 мектеп бітірушілері қатысып, қала бойынша орташа балл 82,6 құрады, бұл көрсеткіш 2015 жылға қарағанда 0,8 баллға жоғарылаған. 2016 жылы 100 оқушы «Алтын белгі» иегері атанды.
Салауатты өмір салтын насихаттау және оқушылардың бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында 91 спорт зал және 32 спорт алаңшаларында 924 спорттық секциялар бар, онда 83 434 бала қамтылған.
Қалада демографиялық өсімнің жоғары болуына байланысты, оқушылар санының өсімі – заңды құбылыс. Сондықтан, қалада білім нысандарын дамыту басты міндеттерінің бірі. 2016 жылы бюджеттен 894,8 млн. теңге қаржы бөлініп, 3 мектепке (№13, 28, 38) және 3 балабақшаға (№32, 45, 73) күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
2016 жылы 15 білім беру нысандарының құрылыс жұмыстары жүргізіліп, ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінде 2700 орындық 5 мектеп (№№53, 54, 91, 111, 124) және 180 орындық 1 балабақша (Оспанов көшесіндегі №61) пайдалануға берілді. Қалған 9 мектептің құрылыстары 2017 жылға өтпелі.
bilimБілім беру саласында ашықтықты, айқындылықты қамтамасыз ету әкімшілік кедергілерді төмендету, білім сапасын жетілдіру мақсатында бірқатар жаңа жүйелер енгізілді.
Атап айтқанда, білім беру ұйымдарының басшыларын тағайындау ашық конкурс арқылы өткізілуде. 2015 жылдың қазан айынан бүгінгі күнге дейін 8 мектеп директоры мен 5 балабақша меңгерушісі осы жүйе арқылы тағайындалды.
Сонымен қатар, мұғалімдерді жұмысқа қабылдау жүйесіне де өзгерістер енгізіліп, жұмысқа қабылдау үшін құжаттар электронды жүйе арқылы тапсырылып (сайт – thunter.shymkent.gov.kz), біліктілік талаптары бойынша конкурстық іріктеуден өтеді. Конкурс барысы интернет жүйесінде онлайн режим арқылы көрсетілетін болады. Осы мақсатта фронт-офисте арнайы жабдықталған кабинет дайындалды. Одан бөлек, адам факторын болдырмау үшін балабақшаға және мектепке қабылдауға электрондық жүйе енгізілді (балабақшаға – balabaqsha.shymkent.edu.kzи garden.shymkent.edu.kz., мектепке – mektep.shymkent.edu.kzи school.shymkent.edu.kz.) Баланың мектептегі үлгерімін бақылау және ата-аналардың мектеппен тығыз байланысын орнату мақсатында электронды бақылау жүйесі пилоттық жоба ретінде 29 мектепке енгізілді (сайт – i-mektep.kz.).
Мектепке дейінгі білім беру бойынша қалада 386 балабақшада 53 213 бала тәрбиеленуде (88-мемлекеттік, 272-жекеменшік, 26–шағын орталықтар). Соның ішінде, «Балапан» бағдарламасы бойынша 51 005 бала қамтылып, қамту деңгейі 82,8 пайызды құрады.
2015 жылмен салыстырғанда 68 мекемеге артып отыр. Оның ішінде 4 мемлекеттік балабақша (№60 «Тараз», №61 «Нұртас», 62 «Ботақан», №63 «Айсұлу»), 64 жекеменшік балабақша ашылды.

 

СПОРТ

Салауатты өмір салтын ұстану еліміздің маңызды мақсаттарының бірі. Осы ретте, Елбасының «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында 30%-ға дейінгі қазақстандықтар 2020 жылға дейін бұқаралық спортқа тартылуы қажет делінген.

 DSC 0605

Қазіргі таңда, қалада спортпен жүйелі түрде айналысушылар саны жылдан-жылға артып келеді, мәселен 2015 жылы 193,2 мың адам болса, 2016 жылы 221,0 мың адамға дейін артқан, бұл қала халқының 24,6 пайызын құрап отыр.
2016 жылы салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған 326 спорттық іс-шараларға 63 мыңнан астам адам қатысты.
Қалада спорт нысандарын дамыту мақсатында 2016 жылы №12-ші балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебі қайта құрудан өтіп, пайдалануға берілді. Сонымен қатар, бокстан №5-ші спорт мектебіне қосымша құрылыс және жаңадан Жиделі, Қазығұрт шағынаудандарында спорт ангарының құрылысын салу үшін жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалды. Жеке инвесторлардың есебінен 4 «Street workout» спорт алаңшалары салынды.

shymkent bike

Велоспорт туризмін дамыту мақсатында «Shymkent Bike» жобасы жүзеге асырылды. 2016 жылы орнатылған 40 велосипед станцияларында 200 велосипед қызмет көрсетуде.

 

2016 жылы тамыз айында Түркістан көшесі бойынан Кросфит орталығы ашылды. Кроссфит – бұл дене шынықтыру жаттығулары жүйесі және спорт түрі болып есептеледі. Спорт зал аумағы 1250 ш.м. 200-ден аса қала тұрғындары тұрақты түрде шұғылдануда. Өткен жылы кросфиттен 4 спорттық іс-шара өткізіліп 150-ден аса адам қатысты.
Соңғы жылдарда спорт нысандарының артуымен қатар, спортшыларымыз Олимпиада ойындарында және халықаралық түрлі жарыстарда жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Жалпы, жыл басынан өткен Әлем чемпионаттары мен Кубоктарда Шымкенттің спортшылары 29 алтын, 16 күміс, 20 қола медальге ие болды. Азия чемпионаттарында 17 алтын, 17 күміс, 25 қоланы иемденсе, Халықаралық жарыстардан 199 алтын, 195 күміс, 192 қола медаль еншіледі. Қазақстан Республикасы чемпионаттарында 297 алтын, 322 күміс, 271 қола медаль, Республикалық сайыстардан 351 алтын, 270 күміс, 408 қола медальді жеңіп алды.

 

МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ

2016 жылы қалада республикалық маңызы бар 11 ресми мерекелік, 110-нан аса мәдени-көпшілік іс-шара өткізіліп, іс-шараға 130,0 мыңнан астам адам қатысты.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығының бастау алуына арналған «KZ-25» атты салтанатты синхрон-акция, «Мен елімді сүйемін» акциясы және қала күні мерекесі кең көлемде атап өтілді.
Шымкент қаласының даму жоспарына сәйкес алғаш рет «Саиль Қошқар ата» көктем фестивалі, «Shymkent Bard – 2016» авторлық әндерінің I қалалық ашық фестивалі, «Art days» қалалық заманауи өнер фестивалі, «Шырайлы Шымкент» халықаралық фотоконкурсы, «Сырлы саздар» әндер кеші ұйымдастырылып өткізілді.

Қалада 98 мәдениет нысандары, қалалық орталықтандырылған көпшілік және балалар кітапханалар жүйесі (44 кітапхана) қызмет атқаруда.
Мәдени нысандарын дамыту мақсатында Шымкент зообағының қайта құру жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде «Тау» экспозициясының, «Африка» аумағының, «Тұяқтылар» бөлімінің құрылыс жұмыстары, жүргізіліп, су ұңғымасы орнатылды.
«ҚР тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» жүзеге асыру мақсатында Шымкент қаласының мәдениет бөлімінің жанынан қалалық тілдерді оқыту орталығы құрылған. Аталған орталықтың басты міндеті – қалада 3 тілді меңгерген тұрғындардың үлесін арттыру болып табылады.
2016 жылы мемлекеттік және жекеменшік тілдерді оқыту орталықтарында 574,0 мың адам қазақ тілін, 524,1 мың адам орыс тілін, 155,0 мың адам ағылшын тілін меңгерген. Қазіргі таңда, қаладағы мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындар саны 89,5 пайызды (2015 жылы 87,3 пайыз болған), орыс тілін меңгерген 81,7 пайызды (2015 жылы 79,8 пайыз болған), ағылшын тілін меңгерген 17,4 пайызды (2015 жылы 15,0 пайыз болған) құрап отыр.
Ономастика саласында ҚР Үкіметінің «Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидаларын бекіту туралы» 2014 жылғы 24 ақпандағы №138 қаулысының нормаларына сәйкес, ҚР Үкіметі жанындағы республикалық ономастика комиссиясының қарауына 15 көшеге атау беру және қайта атау, 1 мектепке атау беру бойынша ұсыныс енгізіліп, 12 көшені атау және қайта атау, 1 мектепке атау беру туралы ұсыныстар қолдау тапты.
5 көшеге атау беру туралы ОҚО әкімдігі мен облыстық мәслихатының бірлескен шешімі әділет органдарына тіркелді.
Бұған қоса, 2016 жылы 312 атауы жоқ және атауы қайталанатын көше атауларын өзгерту және Шымкент қаласының дендрологиялық саябағына Асанбай Асқаровтың есімін беру бойынша жұмыстар атқарылды.

 

ХАЛЫҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҚАМСЫЗДАНДЫРУ САЛАСЫ

Халықты жұмыспен қамту қазіргі таңда, жаһандық дағдарыс экономиканың өсу қарқынына кері ықпал етуде, осы ретте ҚР Үкіметінің және жергілікті атқарушы биліктің басты мақсаттарының бірі экономикалық өсімді, еңбек рыногындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету болып табылады.
Шымкент қаласында мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асыру арқылы жұмыссыздық деңгейінің өсіміне жол берілмеді. Мәселен, 2015 жылы жұмыссыздық деңгейі 5,2 пайызды құраса, 2016 жылы осы деңгейде қалып отыр. Сонымен қатар, экономика салаларында жұмыспен қамтылғандар арасындағы өсім 351,1 мың адамнан 351,8 мың адамға артқан.

zhumys

Ал, «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде еңбек нарығындағы қатынастардың белсенділігі жүйелі түрде артып келеді. Мәселен, жұмыспен қамту органдарына 2016 жылы 25 157 адам жұмысқа орналасу жөнінде өтініш білдіріп, оның 78,6 пайызы (19 777) әлеуметтік қорғау шараларымен қамтылды.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды барынша әлеуметтік қолдау мақсатында, қалалық жергілікті атқарушы органдар тарапынан 696 мүмкіндігі шектеулі азаматқа әлеуметтік қолдау көрсетіліп, жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар, қалада мүгедек жандарға жағдай жасау үшін 46 нысанға пандустар орнатылып, қала бойынша орнатылған нысандардың саны 717 жетті.
Қалада еңбек нарығындағы көрсеткіштерді жақсарту мақсатында қалалық әкімдіктарапынан бірқатар жұмыстар атқырылды, оның ішінде:
1. Азаматтарға қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін 2016 жылдан бастап, «Жұмыспен қамту орталығынан» «бір терезе» қағидасы бойынша арнайы ғимарат іске қосылып, өтініш жасаған азаматтар барлық қызмет түрлерін бір жерден алады. Сонымен қатар, ғимарат ішінде 2016 жылдың желтоқсан айынан бастап «Еңбек биржасы» ашылып, жұмыс берушілер ұсынған бос жұмыс орындары жергілікті телеарналарда жүгіртпе жол арқылы ұсынылуда.
2. Қалада «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарламаға 2016 жылы 22430 адам қатыстырылып, жоспар 33,2 пайызға артығымен орындалды.
3. Экономика салаларында жаңа кәсіпорындарды іске қосу, құрылыс, транспорт, әлеуметтік нысандарды іске қосу арқылы 16 270 жаңа жұмыс орындары ашылды.
4. Жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілерді байланыстыру мақсатында қалалық әкімдігі тарапынан 4 бос жұмыс орындары жәрмеңкелері өткізілді. Бұл жәрмеңкелерге жалпы саны 621 мекеме қатысып, 7451 бос жұмыс орындары ұсынылды.

 

ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚАМСЫЗДАНДЫРУ

Азаматтардың әлеуметтік аз қамтылған категорияларына, мүгедектерді оңалту және қарттарға лайықты қызмет көрсету іс-шаралары жүйелі түрде атқарылуда.
2016 жылы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі тарапынан халыққа ұсынылатын 27 мемлекеттік әлеуметтік қызмет түрлерінен жыл ішінде 107 517 азаматтан өтініш түсіп, оның 106 572 немесе 99,1 пайызы орындалды.
2016 жылы табысы төмен 178 отбасына 6,8 млн.теңгеге атаулы әлеуметтік көмек, 34 549 балаға 608,6 млн.теңгеге 18 жасқа дейінгі балаларға арналған жәрдемақы, 730 отбасына 26,3 млн.теңгеге тұрғын үй көмегі төленді.
Қалада 2016 жылдан бастап азаматтарды еңбекке баулу мақсатында азаматтардың отбасылық қиындықтарын жеңу үшін, өзінің әлеуметтік белсенділігін арттырып табыс табу үшін «Өрлеу» жобасы іске асырылды. 2016 жылғы бағдарламаға 268 отбасы (1 494 отбасы құрамы) қатысып, 62,3 млн. теңгеге көмек көрсетілді.
Сонымен қатар, жаңа жыл мерекесі қарсаңында 800 жетім балаларға 42 мың теңгеден ақшалай көмек көрсетілді.

 

ЖАСТАРМЕН ЖҰМЫС ЖҮРГІЗУ ЖӘНЕ ІШКІ САЯСАТ

Елбасының Ұлт жоспары бес институционалды реформаларын жүзеге асыру мақсатында қалалық әкімдік жанынан «Қоғамдық кеңес» құрылып, қаланың даму бағдарламасын, бюджетті, есептерді, азаматтардың құқықтары мен еркіндіктерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын, бағдарламалық жобаларын талқылау жұмыстарын атқарады.

DSC 1393

Қазіргі таңда, қалада 6 облыстық саяси партия филиалдары мен өкілдіктері, 20 этно-мәдени бірлестік, 134 діни бірлестік (103 исламдық, 31 исламдық емес), 360-ден астам үкіметтік емес ұйымдар тіркеліп, жұмыс атқаруда.
Діни бірлестіктермен жұмыс жүргізу, діни экстремизмге қарсы тұру, керағар діни секталардың іс-әрекетінің зияндылығы жөнінде ақпараттық-насихаттық іс-шаралар өткізілуде.
Есепті жылы студенттер арасында барлығы 90 кездесу өткізіліп, 7215 студенттер қамтылса, орта мектептерде 125 кездесу өткізіліп, 14542-ден астам оқушылар, ал елді-мекендер тұрғындары арасында 31 кездесу өткізіліп,
2402-ден астам адам қамтылды.
2016 жылы Шымкент қаласының имиджін арттыру бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда:
«Қызғалдақ мейрамы» азаматтық акциясы ұйымдастырылды.
«Мәдени мұра» жобасы бойынша Шымкент қаласының мәдени және тарихи мұраларын жинақтау жұмыстары жүргізілді.
«Шымкент – бау-бақша қаласы» азаматтық акциясы бойынша қала тұрғындары көше және аяқ жол жиектеріне өз отбасымен бірге жаппай ағаш отырғызып, бау-бақшалы қаланы құруға кеңінен тартылды.
«Өзен қорғаушылары» азаматтық бастамасы бойынша қала тұрғындарын Қошқар-Ата өзенінің тазалығын сақтауға дағдыландыру жұмыстары жүргізілді.
«Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумы аясында аға буынның өнегелік істерін насихаттау бағытында ағымдағы жылы жастарға патриоттық тәрбие беру мақсатында аға буын өкілдерінің қатысуымен 23 кездесулер ұйымдастырылып өткізілді.

 

ЖАСТАРМЕН ЖҰМЫС ЖҮРГІЗУ, ЖАСТАР САЯСАТЫ

Шымкент қаласында ресми мәліметтер бойынша 14-29 жас аралығындағы 254,9 мыңнан астам жастар бар. Оған қоса, 96 мыңнан астам студент жоғарғы және арнаулы орта оқу орындарында күндізгі бөлімдерде білім алуда.
Бүгінгі таңда қалада 10 жоғары, 36 орта арнаулы оқу орындары жұмыс жасайды.
Жұмыссыз жастарға кәсіпкерлік негіздерін үйрету үшін «Жастар ресурстық орталығы» КММ, «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, «Ырыс» микроқаржы ұйымы, «Максимум» инвестициялық орталығы арасында өзара ынтымақтастық туралы екі жақты меморандум түзілген. Меморандум аясында семинарлар, оқыту сабақтары мен кездесулер ұйымдастырылып өткізілді.
Шымкент қаласының ірі зауыттары мен кәсіпорындарында жастармен тығыз жұмыс жасау үшін «Жастар ұйымдары» құрылды. Қазіргі уақытта 16 кәсіпорында («Корона» макарон фабрикасы, «Завод Модуль» ЖШС, «ҚазМақта» АҚ, «Оңтүстікжолсервис» ЖШС, «Фиркан» ЖШС, «ВИЗиТ АЗС» ЖШС, «Оңтүстік жарық Транзит» ЖШС, «Нимекс-Транс» ЖШС, «Отау-Строй» ЖШС, «Шымкентмай» АҚ, «Dala-construction.kz» ЖШС, «Бал-Текстиль» ЖШС, «НПО «Зерде» ЖШС, «Зерде-Trans» ЖШС) жастармен жұмыс жасайтын жастар ұйымдары құрылып, қаламыздың жастар саясаты жүзеге асырылды.

 

МЕМЛЕКЕТТІК АҚПАРАТТЫҚ САЯСАТ

Бүгінгі таңда Шымкент қаласында жұмыс атқарып отырған бұқаралық ақпарат құралдарының саны – 161, оның ішінде: газеттер – 130, журналдар – 24, телеарналар-5, радиолар-2.
Қала тұрғындарының арасында Елбасының халыққа Жолдауын, Үкімет, облыс, қала әкімдіктері тарапынан атқарылып жатқан іс-шараларды мемлекеттік, өңірлік және аумақтық бағдарламалардың жүзеге асырылу барысы туралы тұрғындар арасында түсіндіру мен насихаттау мақсатында 13 тақырыптық медиа-жоспар бекітіліп, жүзеге асырылды.
Атап айтқанда, медиа-жоспар аясында 2016 жылы 5071 материал жарық көрсе, оның ішінде мерзімді басылымдарда 3025 мақала жарияланып, телеарналар мен электронды бұқаралық ақпарат құралдарында 1046 сюжет көрсетілді.

 

ҚАЛАНЫҢ ИНЖЕНЕРЛІК-КОММУНИКАЦИЯЛЫҚ ЖҮЙЕЛЕРІ

Ауыз сумен қамтамасыз ету және кәріз жүйелері 2016 жылғы жергілікті бюджет есебінен 1 магистралды және 9 тұрғын үй алаптарында ішкі орамдық ауыз су жүйелерінің құрылыстары жүргізілді. Оның ішінде 2016 жылы 1 магистралды және 6 тұрғын үй алаптарында ауыз су жүйелерінің құрылыстары аяқталды.
Нәтижесінде, 98,8 мың адам орталықтандырылған ауыз суға қосылып, қамту деңгейі 83 пайыздан 92 пайызға өсті.
Қалған 3 тұрғын үй алаптарындағы ауыз су жүйелерінің құрылыстары 2017 жылға өтпелі.

 

ЭЛЕКТРМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

zharyq 7

komunal2016 жылғы бюджет есебінен 7 тұрғын үй алаптарына және Жастар, Еламан, Застенный, Техохрана көшелеріне электр жүйелері тартылды. Нәтижесінде 68,3 мың халық сапалы электр қуатына қосылып, қамту деңгейі 84,8 пайыздан 88,3 пайызға өсті.
Сонымен қатар, қаланың солтүстік бөлігін дамыту мақсатында қуаты 220 кВ құрайтын «Бозарық», қуаты 110 кВ «Астана-1» және «Астана-2» подстанцияларының құрылыстарына 2,8 млрд. теңге қаржыбөлінді. Құрылыс жұмыстары 2017 жылға өтпелі.

 

ТАБИҒИ ГАЗБЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

2016 жылы 7 тұрғын үй алаптарына және Терешкова көшесіндегі №18 тұрғын үйгегаз құбырларын тарту жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде Мирас, Таскен, Самал-2 тұрғын үй алаптарына және Терешкова көшесіндегі №18 тұрғын үйге газ құбырларын тарту құрылыстары аяқталып, 30,3 мың адам табиғи газға қосылып, қамту деңгейі 82 пайыздан 90,0 пайызға жетті.

 

ЖЫЛУМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

IMG 7067

2016-2017 жылу маусымында 344 бюджеттік мекеме, 1 782 көпқабатты тұрғын үй орталықтандырылған жылу жүйелеріне қосылды.
2016 жылы жылу сапасын жақсарту мақсатында «Нұрлы жол» бағдарламасының шеңберінде орталық жылу бекетінен (ЦТП) РК-1 дейінгі 6,5 км магистралды жылу құбыры және Қожанов көшесіндегі 2 аудандық қазандықтың 1-ші жылу камерасынан 8-ші жылу камерасына дейінгі 2,1 км магистралды жылу құбырлары қайта құрудан өтті.
Сонымен қатар, қаланың оңтүстік бөлігіндегі 16 шақырым және солтүстік бөлігіндегі 27 шақырым ішкі орамдық жылу құбырлары ағымдағы жөндеуден өтті.

 

ТРАНСПОРТ САЛАСЫ

2016 жылы жергілікті бюджеттің есебінен автомобиль жолдарын жөндеуге және дамытуға 12,9 млрд. теңге бөлініп (2015 жылмен салыстырғанда 6,7 млрд.теңгеге өсті), 141,2 шақырым құрайтын 171 көшеде күрделі және орташа жөндеу, 48 көшеде аяқжол (тротуар) салу жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар, 78 238 шаршы метр жолға ағымдағы жөндеу, 52 км жолға шағал тас төсеу жұмыстары атқарылды.

IMG 5601-3

7 магистралды көше және 1 жер үсті өткел, атап айтқанда, Әл-Фараби, Кіші айналма жол, Жібек жолы, Қожанов, Ынтымақ ш/а атауы жоқ көше, Б.Момышұлы, Дамбовая және Қапал батыр көшесіндегі темір жол үстіндегі өткел қайта құрудан өтіп, 9 метрден 26 метрге дейін кеңейтілді.
Темірлан тас жолы-Мангельдин көшелерінің қиылысындағы жер үсті жаяу жүргіншілер өткелінің құрылысы жүргізілді.
Қаладағы жол жүрісін реттеудің техникалық құралдарын салу, қайта жаңарту, жөндеу және күтіп-ұстау жұмыстарына 427,9 млн.теңге бағытталды. Бұл қаржыға 155 бағдаршам нысанын күтіп ұстауға, сонымен қатар, 40 дана дыбыс беру құрылғысы, 877 жол белгісі, жол қиылыстарында 11 жаңа бағдаршам, 9 жаяу жүргіншілерге арналған аяқжолда бағдаршам орнатылды.
Одан бөлек, екі компоненті суық пластиктен 5 көшенің жол таңбалары және дабыл жолақтары, 60 көшеге жаңадан жол таңбалары сызылды.
51 оқу мекемелеріне 475 метрді құрайтын жасанды жол кедергілері, 33 оқу мекемелеріне 66 дана «Абайлаңыз балалар!» ақпараттық жол белгілері, 12 реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелдеріне 42 белсенді жол белгілері, Т.Рысқұлов көшесіне («Самал» базарының аумағы) 370 метрді құрайтын темір қоршаулар орнатылды.

transport

Қалада маңызды салалардың бірі қоғамдық көлік қызметі. 2016 жылы қала халқына 29 көлік компаниясы 75 бағытта, 1112 кестемен қызмет көрсетті.
Қаладан шалғай және жолаушылар ағымы төмен шағын аудандардың мәселесін шешу үшін, мемлекеттік әріптестік шеңберінде «Green Bus» компаниясымен бірлесіп «Шымкент Bus» мекемесі құрылды. Осы мекеме арқылы алдағы уақытта экологиялық таза отын түрімен жүретін жаңа автобустар алу жоспарлануда.

 

ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ

Қаланы жарықтандыру Қалада түнгі жарықтандыру жұмыстары бойынша 3 мекеме қызмет көрсетеді.

15589792 1839398416306517 8979429927034968312 n

Қаланы түнгі жарықтандыруға 2016 жылы 837,6 млн. теңге бағытталып, 139 орталық көше, 6 саябақ, 30 гүлзар, жалпы саны 29 339 дана түнгі жарықтандыру шамдары күтіп ұсталынды.
2016 жылы қала аумағында 24 көшеге LED энерго үнемдегіш жарық лампаларын ауыстыру жұмыстары басталды. Құрылыс жұмыстары 2017 жылға өтпелі.
«Қауіпсіз қала» іс-шарасының шеңберінде 4 аудан аумағында 686 аула түнгі жарық шамдарымен қамтамасыз етілді.

 

ҚАЛАНЫ АБАТТАНДЫРУ ЖӘНЕ КӨГАЛДАНДЫРУ

Қаланы абаттандыру бағытында шет аймақтағы елді мекендерді көріктендіру мақсатында Мәртөбе, Сайрам тұрғын алаптарындағы саябақтарды қайта құру жұмыстары басталды. Одан бөлек, 22 жаңадан қосылған елді мекенді абаттандыру жұмыстарына республикалық бюджеттің резервінен 577,3 млн. теңге бөлінді.
Сонымен қатар, қалада 7 гүлзар мен саябақ, Бадам, Қошқар ата өзендерінің жағалауын көріктендіру жұмыстары жүргізілді.

Қала тұрғындарының ұсыныстары бойынша Абай, Әл-Фараби, Еңбекші аудандарында 69 ауланы көріктендіруге 700,0 млн. теңге қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылды.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, Шымкентті еліміздегі ең жасыл қала мәртебесіне лайықты ету мақсатында, есепті жылы көгалдандыру жұмыстары басты назарда болды. Мәселен, күз айларында 74 мыңнан астам қылқан және жай жапырақты ағаш көшеті, 25 мыңнан аса лигуструм бұтақшасы, 4300 раушан гүлі және 1 150 м2 алаңға қызғалдақ көшеті отырғызылды.
Сонымен қатар, 29 тік ұңғыма және 18 су бұрқақтар кестеге сәйкес қала тұрғындарына қызмет көрсетті.
Ирригация жүйелерін күтіп ұстау мақсатында жалпы ұзындығы 146,3 шақырымды құрайтын Қошқар ата, Қарасу өзендері мен Шымкент, Жаңа шек, Ақсай Қарабастау және жаңадан қосылған елді мекендердің аумағындағы каналдар мен ауыл шаруашылығы мақсатындағы атыз-арықтар тазаланып, жауын-шашын күндері су бұру жұмыстары жүргізілді.
Жауын-шашын күндері су басудың алдын алу мақсатында 32 мекен жайдағы 9,8 шақырым құрайтын тұйық ирригация жүйелері қалпына келтіріліп, құрылыс жұмыстары атқарылды.
Қаланың Бас жоспарына сәйкес қосымша ирригация жүйелерін құруға, жауын-шашын күндері су алатын арықтарды реттеу жұмыстары бойынша сметалық-құжаттамасын дайындалып, 21 жердегі тұйық ирригация жүйесін ретке келтіру жұмыстары басталды.

 

ҚАЛАНЫҢ САНИТАРЛЫҚ ТАЗАЛЫҒЫ

Қала аумағында ұзындығы 835 шақырымды құрайтын156 көшеде қолмен және механикалық тазалау жұмыстары жүйелі атқарылуда, яғни, қыс айларында қардан тазалау, тұз араласқан құм себу және жаз айларында көшені жуу, су себу жұмыстары атқарылып келеді.

DSC 0406

Қаланың орталық бөлігімен қатар, 4 аудан әкімдігі тарапынан шағынаудандардың ішкі орамдық санитарлық тазалығына көңіл бөлінді. 2016 жылы қалалық бюджет есебінен санитарлық тазалық жұмыстарына 653,7 қаржы бағытталып, бірқатар жұмыстар атқарылды.
Бөлінген қаржыға шет аймақтардағы елді мекендердің санитарлық тазалығы, бей-берекет қоқыстарды шығару, аулалардың тазалық жұмыстары қамтамасыз етілді.
Сонымен қатар, Шымкент қаласының әкімдігі мен «ОҚО Азаматтық Альянсы» қауымдастығы бірлесіп, жеке, көпқабатты үйлер ауласының аумақтарын көріктендіру, абаттандыру, көгалдандыру, санитарлық жағдайына көңіл бөлу мақсатында «Таза қала» байқауы жалғасын тапты. Акцияға қаладағы 4 ауданнан 207 аула, 322 көше қатысты. Жеңімпаздарға ақшалай сертификат берілді.

 

СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕС

Шымкент қаласы әкімдігінің жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссиясы қызмет етеді. Комиссия отырысы 2016 жылдың 27 қазанында өткізілді.
Комиссияның отырысында Шымкент қаласының аудан әкімдерінің аппараттары және қала әкімдігінің құрылымдық бөлімдерінде «2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиялық бағдарламасы» аясында жүргізілген жұмыстардың барысы қаралды және осы жұмыстарды жалғастыру және тиімділігін арттыру бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Сонымен қатар, 2016 жылы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және оның алдын алу» бойынша іс-шаралар жоспарына сәйкес мемлекеттік қызметкерлер және саяси партиялар, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдарының өкілдерінің қатысуымен семинарлар, дөңгелек үстелдер, конференциялар, брифингтер ұйымдастырылып өткізілді.

 

ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІ

 MG 2008

Ұлт жоспары бес институционалды реформаларын жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» реформасы аясында қалада жергілікті атқарушы органдарға және жергілікті қоғамдастыққа есеп беретін жергілікті полиция қызметі құрылды.
Жергілікті полиция қызметінің негізгі міндеті – құқық бұзушылықтар профилактикасы, қоғамдық тәртіпті сақтау және жол жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша жұмыс жүргізу, сотқа дейінгі тергеп тексеру сияқты бірқатар іс-шаралар атқарады.

zhergilikti politsiҚылмыстың алдын алу мақсатында жергілікті полиция қызметіне жаңадан 30 дана арнайы автокөліктер, жол патрульдік полиция қызметіне 6 дана Крис-П радар құрал жабдығы берілді.
Жергілікті полиция қызметінің тиімділігін қаладағы криминогендік көрсеткіштердің біршама жақсарғанынан байқауға болады.

Атап айтқанда, 2016 жылдың 12 айында жалпы тіркелген қылмыстар саны 2015 жылмен салыстырғанда 23 332-ден 21 708-ге немесе 7,0 пайызға, оның ішінде ауыр қылмыстар 14,3 пайызға, қоғамдық орындарда орын алған қылмыстар 1,1 пайызға төмендеген.

Жыл басынан 87 рейдтік, оның ішінде пәтер және мал ұрлықтары қылмыстарының алдын алудың түнгі рейдтік іс-шаралар өткізілді.
Одан бөлек, отбасылық, тұрмыстық қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында «Қауіпсіз қала», «Құқықтық тәртіп», «Қадағалау», «Тұрмыс» жедел сауықтыру іс-шаралары өткізілді.
Қалада қылмыстың жай-күйін және қылмыстың жасалу себептерін талдау, құқық қорғау қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында Шымкент қаласы әкімдігінің жанынан қалалық әкімдік, прокуратура, мәслихат депуттары, ішкі істер органы қызметкерлерінен құралған «Шымкент – қауіпсіз қала» бойынша Үйлестіру кеңесі құрылды.

 

2017 ЖЫЛЫ ҚАЛА ӘКІМДІГІНІҢ НЕГІЗГІ МІНДЕТТЕРІ

IMG 4279

Қала тұрғындарын толғандыратын негізгі мәселелерді шешіп, қала қонақтары мен тұрғындарына жағымды жағдай жасау, кәсіпкерлікті ынталандырып, қала экономикасына инвестициялар тарту мақсатында 2016 жылдан бастап «Шымкент қаласының 2020 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы» іске асырылуда. 2017 жылы тұжырымдамада және мемлекеттік, салалық бағдарламада жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу үшін төмендегі бағыттарда жұмыстар атқарылады:
– Индустриялық-инновациялық даму және Бизнестің жол картасы бағдарламалары шеңберінде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға ықпал жасау;
– қалада бизнеске қолайлы жағдай жасау, мемлекеттік органдар тарапынан кәсіпкерлерге ұсынылатын мемлекеттік қызмет түрлерін барынша «бір терезе» қағидасы бойынша ұсыну;
– әкімшілік кедергілерді азайту мақсатында мемлекеттік қызмет түрлерін барынша «бір терезе» қағидасы бойынша «Фронт офис» арқылы ұсыну;
– қала тұрғындарын толғандыратын мәселелерге мерзімінде шаралар қабылдау үшін «Ашық әкімдік» бағдарламасын іске асыру;
– қалалық әкімдік тарапынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы және «қауіпсіз қала» іс-шараларын құзырлы органдармен бірлесіп іске асыру;
– Шымкент қаласының 5 жылдық Даму бағдарламасында 2017 жылға жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу;
– «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыру арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу, жұмыссыздықтың өсімін болдырмау;
– қаланың әлеуметтік және инженерлік жүйелерге қажеттілікті мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктері арқылы шешу;
– Шымкент қаласындағы әкімшілік-іскерлік орталығы және «Shymkent City» инвестициялық жобасының құрылысын жалғастыру;
– облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес Шымкенттің жасыл қала мәртебесіне лайықты болу үшін көгалдандыру іс-шараларын іске асыру;
– тұрғын үй құрылысын дамыту, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға баспана беру;
– қаладағы көріктендіру және абаттандыру, санитарлық тазалау жұмыстарын сапалы орындау;
– көлік инфрақұрылымын дамыту, жол айрықтар құрылысы бойынша жобалық-сметалық құжаттарды дайындап, қаржыландыруға ұсыныстар енгізу;
– жолдарды орташа жөндеудің сапасын жақсарту, қоғамдық көліктер бойынша муниципалды «Шымкент Bus» ЖШС-ң экологиялық таза отынмен жүретін жаңа автобустар алуға инвестиция тарту;
– білім беру саласында мектеп директорларын тағайындаудағы ашықтық. Мектептердегі қамқоршылық кеңестерінің жұмысын жандандыру және мектепішілік электронды бақылау жүйесін кеңінен іске асыру;
– апатты және үш ауысымдағы мектептердің мәселесін кезең-кезеңімен шешу;
– «Балапан» бағдарламасы бойынша мемлекеттік балабақшалар желісін дамыту және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмдерін кеңінен қолдану;
– кәмелетке толмаған жас өспірімдер арасында қылмыстың алдын алу шараларын жүргізу сияқты негізгі басымдықтар мен міндеттерді алға қоя отырып, жұмыс жүргізеді.

 


Шымкент қаласы әкімінің 2016 жылдың қорытындысы
бойынша халыққа есеп беру кездесуінің
КЕСТЕСІ

Өткізілетін орны

Күні

Уақыты

Шымкент қаласы әкімдігінің үлкен мәжіліс залы,

Тәуке хан даңғылы, 6

07.02.2017ж.

15-00

 

Шымкент қаласы әкімінің халыққа есеп беру кездесуі алдында тұрғындардың сұрақтары мен
ұсыныстары үшін арналған жәшіктердің орнатылған орындары

 

Аудан

Жәшіктердің орналасқан орындары

Мекен-жайы

Абай ауданы

Абай ауданы әкімінің аппараты

Ш.Қалдаяқов көшесі, 38а

Әкімшілік ғимарат

«Қатынкөпр» шағынауданы, Әл-Фараби көшесі, нөмірсіз

Әкімшілік ғимарат

«Тұрлан» шағынауданы, Г.Голицын көшесі, 16

Әкімшілік ғимарат

«Қазығұрт» шағынауданы, К.Жандарбеков көшесі, 179

Әкімшілік ғимарат

«Жанаталап» тұрғын алабы, Қырықбай ата көшесі, нөмірсіз

Әл-Фараби ауданы

Шымкент қаласы әкімінің аппараты

Тәуке хан даңғылы, 6

Әл-Фараби ауданы әкімінің аппараты

Ж.Тыныбаев көшесі, 49

Н.Төреқұлов атындағы №62 жалпы орта  мектеп

«Түркістан» шағынауданы, нөмірсіз

К.Циолковский атындағы №84 жалпы орта мектеп

195 орам, К.Тұрсынбаев көшесі, нөмірсіз

№121 «Текесу» негізгі орта мектеп

«Текесу» тұрғын алабы, Текесу көшесі, 57

Р.Мырзашев атындағы №76 негізгі орта мектеп

«Сәуле» шағынауданы, Абай көшесі, нөмірсіз

Еңбекші ауданы

Еңбекші ауданы әкімінің аппараты

Л.Толстой көшесі, 119 (2- қабат)

С.Ерубаев атындағы №24 мектеп-гимназия

15 шағынауданы, Ж.Шаяхметов көшесі, 2а

Еңбекші ауданы әкімі аппаратының Жұлдыз аумағы бойынша халықпен жұмыс жүргізу бөлімі

Қапал батыр көшесі, 84а

Еңбекші  ауданы  әкімі  аппаратының  Қаратөбе  аумағы  бойынша  халықпен  жұмыс  жүргізу  бөлімі

Ш.Шахайдаров көшесі, 2

Еңбекші  ауданы  әкімі  аппаратының  Қазығұрт   аумағы  бойынша  халықпен  жұмыс  жүргізу  бөлімі

Ж.Арзымбетов көшесі, 30

Қаратау ауданы

Қаратау ауданы әкімінің аппараты

«Нұрсәт» шағынауданы, 24

№106 жалпы орта мектеп

«Қайнар бұлақ» тұрғын алабы, А.Бөлешов көшесі, нөмірсіз

№88 жалпы орта мектеп

«Ақжайық» шағынауданы, нөмірсіз

№116 жалпы орта мектеп

«Тассай» тұрғын алабы, Ө.Әбдіразақов көшесі, нөмірсіз

Облыстық өзбек драма театры

«Сайрам» тұрғын алабы, Ибрагим ата көшесі, 118/2

Опубликовано в Қоғам

Еңбекші ауданының әкімі Ғалымжан Ильясовтың өткен жылы атқарған жұмыстары бойынша есебі № 24 мектеп-лицейде қорытындыланды. Есепті жиынға облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, қалалық құрылымдық бөлім басшылары, аудан тұрғындары, сонымен қатар, қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қатысып, өткен жылы жүзеге асқан жұмыстарды таразылады. Ауданда кәсіпкерлік дамып келеді. Әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, инфрақұрылым мәселелері оң шешімін тапқан. Қала әкімі алда осы көрсеткіштен төмендемеу қажеттігін тапсырды.

Ауданда атқарылған жұмыстар көптің көңілінен шықты. Дегенмен, әлі де болса шешімін күткен мәселелер бар. Облыстық мәслихат депутаты Рәшкүл Оспаналиева жүзеге асырылған жұмыстарға оң бағасын беріп, өз ұсынысын да жеткізді. 

– Жұмыс та бар, мәселелер де жеткілікті. Шағынаудандарда көркі көз тартатын балалар алаңшасы орнатылып жатыр. Мен 1-2 ұсынысымды айта кетейін. Әуелі қоғамдық көлік мәселесі. Тәуке хан мен Сайрам көшесінің қиылысынан айналып кететін қоғамдық көліктерді ары қарай «Фиркан сити» сауда орталығына, индустриалдық аймаққа жүргізсеңіздер. Ол жақта да біраз адам жұмыс істейді. Бүгінде Уәлиханов көшесіндегі саябақ қараусыз қалған. Осыны абаттандыруға көңіл бөлген жөн. Жалпы, көпшілікке айтарым – өз үй аулаларымызды қоқыстан арылтып, тазалыққа көңіл бөлейік, – деді Р. Оспаналиева.

Одан кейін жарыссөзге шыққан Тоғыс тұрғын алабының тұрғыны Ермахан Түктібаевты толғандырып жүрген екі мәселе бар екен. Соның бірі – Тоғыс елдімекенінде мұнайшы ауылындағы кәріз жүйесіндегі шайынды сулар Бадам өзеніне тіке ағып жатыр. Бұл мәселе қашан шешімін табады? – деген сауалына қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың өзі жауап берді. «Ол жағдайға өзім куәмін. Сол жерге барып көрдім. Жобалық-сметасы әзірленіп жатыр. Осы айда сараптамадан шығады. Наурыз айында жұмыстарқа кірісеміз. Тазалау жүйелерін орнату жұмыстарын биыл бітіреміз» деді қала әкімі. Ал «Көшемізге қойылған шамдар түнде жанбайды» деген шағымына да тиянақты жауап берілді. Ол шамдар әлі қаланың балансына өтпеген екен. Қазір құжаттар реттеліп жатыр. Осы жұмыстар аяқталған соң жарық қосылмақ. 

«Оңтүстік» шағынауданының тұрғыны Нартай Жәнібеков: «Эдельвейс» көшесіне асфальт жол салып берсеңіздер», – дейді. 

Сондай-ақ, 15 шағынаудан тұрғыны балаларға спорт алаңы керектігін алға тартты. Қала әкімі биыл аулаларды абаттандыру, балалар алаңшасын орнату жұмыстары кезінде бұл мәселе шешілетінін айтты. 

Жалпы, тұрғындардың көпшілігі балалар алаңшасы, спорт алаңын салып беруді сұрайды. Ғ. Әбдірахымов бұл жағдайды шешу жолдары қарастырылып жатқанын түсіндірді. 

– Шағынаудандарда балалар үшін спорт сарайын ашуды шешуіміз керек. Қазір келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Бізде фосфоршылар сарайы бос, қаңырап тұр. Соны қайтадан қаланың меншігіне алып, күрделі жөндеуден өткізіп, оқушылар сарайын жасап беру жоспарымызда бар,– деді ол. 

15 шағынаудан тұрғыны, тыл ардагері Өркен Әбдіреев «Аялдамалар қазіргі қазаққа еңбегі сіңген азаматтардың атымен аталады. Бұл –қуантады. Бірақ аялдамалардың атауын толық, қатесіз айтса екен. Қаламыз тек көркейіп қана қоймай, ұлттық бейнемізді таныту жағынан да үлгілі болса» деп мәселе көтерді. 

Ғ. Әбдірахымов жалпы қоғамдық көлік мәселесі шешілетінін атап өтті. Жалпы, «Green bus» компаниясы биыл жаз ортасына дейін 230 жаңа автобус әкелмек. Одан кейін, қалаға жаңадан қосылған елдімекендерге әлеуметтік автобустар қатынайды. Бюджеттен субсидия беру арқылы бұл жағдай да шешімін таппақ. 

Аудан әкімі Ғалымжан Молдабайұлы барлық шағым айтушыларға тиянақты жауап беріп, биыл да атқарылар жұмыс ауқымды екенін жеткізді. 

Жиын соңында қала әкімі есепті жиынды оң бағалап, осы даму қарқыннан түспеу керектігін тапсырды.

– Жалпы, Еңбекші ауданы атауы айтып тұрғандай, мұнда кәсіпкерлік дамып жатыр. Жұмыскерлер көп. Қаладағы қарқынды дамып келе жатқан ауданның бірі. Тапсырмалардың бәрі уақытылы орындалуда. Алдағы екі жылда аулалаларды абаттандыру, аяқжолдар салу жұмыстары толығымен бітуі тиіс. Көктем келе жатыр. Тұрғындардың өздері де қаланы көркейту ісіне өз үлесін қосса екен, – деді Ғабидолла
Рахматоллаұлы.

Опубликовано в Қоғам
Вторник, 24 Январь 2017 04:06

Өзекті мәселелер шешімін табуда

Әл-Фараби ауданының әкімі Бауыржан Қалжанов халық алдында есеп берді. Аудан әкімдігінің ғимаратында өткен жиынға қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қатысты. Әдеттегідей аудан әкімінің баяндамасы тыңдалғаннан кейін, тұрғындар жарыссөзге шығып, пікірлерін айтты, сауалдарын қойды.
Әл-Фараби ауданында 2016 жылы атқарылған шаруа аз емес. Мәселен,  2016 жылға дейін 274 тұрғынүйге қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі тарапынан жарықтандыру жұмыстары  жүргізілді. Ағымдағы жылы  682 көпқабатты үйдің ауласын  жарықтандыру жұмыстары  атқарылған.

16195596 1856237811289244 4060783741356924002 n

Көпқабатты үйлер қайта жөнделді

Жиын барысында жарыссөзге шыққан Жангельдин көшесі, №22 А үйдің тұрғыны Мақсұт Статов: «2016 жылы біздің тұрғын үй толықтай күрделі жөндеуден өткізілді. Жылу жүйесі қайта жарақтандырылды. Шатыры жаңаланды. Ауласы тазарды. Басқа салада да игілікті істер жетерлік. Жалпы, әкімдік жұмысына оң баға беремін», – деді.

–  Әкімнің жыл сайын тұрғындар алдында есеп беруі – қаладағы шешілмей жатқан мәселелерді талқылауға таптырмас мүмкіндік. Көпқабатты үйлер толықтай жарықтандырылды. Аулаларда жаңа балалар алаңшалары пайда болды. Енді тұрғындар сол кешендерді өздері күтіп ұстауы керек, – деді жарыссөзде пікірін білдірген №45 мектеп-гимназиясының директоры Р.Пак.

16142434 1856237841289241 6915203916729729729 n

Талап бар жерде тәртіп бар

Кездесуде қоғамдық көлік мәселесі де назардан тыс қалмады. «Дулати көшесі бойымен Бәйдібек би ескерткішіне көтерілеміз. Одан ары қарай аяқжол деген атымен жоқ. Сол мәселені қарастырсаңыздар» деген аудан тұрғынының ұсынысына қала әкімі Ғ.Әбдірахымовтың өзі жүйелі жауап берді.

– Жақында қалаға 230  автобус әкелінеді. Үшінші қала дәрежесіне лайық болу үшін қоғамдық орындардың мәдениетін көтеру керек. Автобус та – қоғамдық орын. Жүргізуші мен кондуктор бірыңғай форма киіп, әдептілік сақтасын, жолаушыларға дөрекілік танытпасын! – деді Ғ.Рахматоллаұлы тиісті сала өкілдеріне қарата. Шаһар басшысы Дулати көшесіне қосымша аяқжолдар салынатынын да жеткізді. Сондай-ақ, көше атауларына байланысты қала әкімі: «Бұл мәселеде елімізге еңбегі сіңген, ұрпаққа үлгі болған тарихи тұлғалардың атын беру қажет» екендігін айтты.

Тұрғын үй модернизациясы – маңызды

Сонымен қатар, жиында қала басшысы көпқабатты тұрғын үйлердің модернизациясына қатысты ой-пікірін ортаға салып, мәселенің мән-жайын түсіндіріп өтті.

– Әл-Фараби ауданы – көпқабатты үйлер шоғырланған аудан. Орталықта Кеңес кезінде салынған ескірген үйлер көп. Сол үйлерге тұрғын үй модернизациясын жүргізіп жатырмыз. Өкінішке қарай, көп тұрғындар онымен келіспеуде. Үкімет 15 жылға несиеге ақша береді. Кей тұрғындар сол жеңілдікті пайдаланбай, Үкіметке иек артып отыра береді. Осы орталықтағы үйлерді жөндеп, жандандыру ісіне қосымша қаржы қарастырып жатырмыз. Көпқабатты үйлер – тұрғындардың жеке меншігі. Соған қарамастан үйлерді жөндеп жатырмыз. Биыл республикадан 500-600 млн теңге, қалалық қазынадан 400 млн теңге қарастырылуда. Ал егер үй жөндеу көрмесе, бағасы да төмендейді. Бұл – өте маңызды нәрсе. Сол үшін халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз, – деді Ғ. Әбдірахымов.

16142881 1856237914622567 4779640732938746426 n

2016 жылы «Отырар» шағынауданының толықтай жарықтандырылғаны үшін тұрғындар алғысын айтты. Шағынауданның  біраз жеріне бейнекамера орнатылған. Жергілікті тұрғындар қала, аудан әкімдерінен енді мектептер мен балабақшалардың айналасына камера орнатып беруін сұрады.

– Бейнекамера – қауіпсіздік құралы. Смарт-Оңтүстік жобасына халық белсене араласуда. Былтыр аудан бойынша 250-ге жуық бейнекамера орнатылды. Содан бері құқықбұзушылықтар біршама азайды. Домофон орнатуды күзет компаниялары атқаруға дайын. Әр пәтерге бейнекамера қоюға болады. Бірақ, әр тұрғын оның қаржысын өз қалтасынан шығарады. Немесе үй тұрғындары жиналып, бір камера орнатса да болады, – деді аудан әкімі Бауыржан Қалжанов.

А.Байтұрсынов көшесі күрделі жөндеуден өтеді

Қала әкімі тұрғындарды салауатты өмір сүрудің бір тетігі – велосипедпен жүруге шақырды.  2016 жылдың қыркүйек айында пайдалуға берілген «Shymkent Bike» жобасы қай жағынан болса да, тиімділігін дәлелдеп келеді. Денсаулыққа да пайдалы, әрі экологиялық тиімділігі зор. Ғабидолла Рахматоллаұлы бұдан бөлек, қалада «Газельдерді» алып тастауға күш салып жатқанын айтты. Әкімнің баяндауынша, биыл Бас жоспарға сәйкес Байтұрсынов көшесі 6 жолаққа кеңейтілетін болады. Бұл көшеде көбіне қара ағаштар орын тепкен. Олардың орнына каштан мен шынар ағаштарын отырғызбақ. Алып, биік ағаштарды қаланың басқа жеріне орнатпақ. «Ағаштарды не үшін қырқып жатыр?» деп ойлауы мүмкін. Мұның бәрі де қаланың келешегі үшін атқарылып жатқан істер.

Айта кетерлігі, өткен жылы Әл-Фараби ауданы бойынша «Сәуле» шағынауданында 1200 орындық мектеп ғимаратының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Қарасуда «Отбасы» саябағы ашылды. Жалпы ұзындығы 4257 шақырымды құрайтын көшеде  ирригациялық жүйе жөнделді.

Жиын барысында барлық сауалдар хаттамаға түсірілді. Олардың бәріне жауап берілетін болады.

Опубликовано в Қоғам

Биыл 230 жаңа автобус сатып алынады

Абай ауданында өткен жылы оң шешімін тапқан мәселелер аз емес. Бұл жөнінде аудан әкімі Ахмет Татыбаев Жаңаталап тұрғын алабындағы №81 Т. Тәжібаев атындағы орта мектебінде өткен кезекті есеп беру кездесуінде баяндады. Өткен жылғы атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерді айқындаған жиынға шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымов қатысып, жергілікті тұрғындардың талап-тілегін тыңдады.

DSC 4139

Кездесуде алдымен сөз алған аудан басшысы А. Татыбаев жүзеге асқан жобалар мен оң өзгерістерге тоқталып, жоспарларымен бөлісті. 

– Елбасы өз Жолдауында кез келген қиындықтарды шешуде бірінші кезекте халықтың жағдайын ойлап, олардың тұрмыс-тіршілігінің жақсаруын басты назарда ұстауды тапсырды. Бұл ретте ауданның инфрақұрылымын жақсартуда қол жеткізген жетістіктер жетерлік. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, халықты толғандырған мәселелер рет-ретімен шешіліп жатыр. Қазір аудан аумағында орналасқан 453 көпқабатты тұрғын үй 252 аулаға біріктірілгені белгілі. Бүгінге дейін 176 аулаға ойын алаңшалары орнатылып, 44 спорт алаңшасы пайдалануға берілді. Биыл 52 ауланы көріктендіру және балалар ойын алаңшаларын орнату жұмыстары жоспарлануда, – деді аудан әкімі өз баяндамасында.

Жиында әкім баяндамасынан соң сұрақ-жауапқа кезек беріліп, тұрғындар көкейлеріндегі сауалдарын қойды, ұсыныс-тілектерін айтты. Көпбалалы ана Жеңіскүл Камалова атқарылып жатқан игі істерді тілге тиек етіп, ел үшін еңбек етіп жатқан азаматтарға аналық алғысын білдірді. 

DSC 4208

2016 жылы ретсіз сауда бойынша барлығы 1140 хаттама толтырылып, оның 969-не ескерту берілген және 2 млн 396 мың 730 теңге көлемінде айыппұл салынып, 1 млн 187 мың 760 теңге өндірілген.

– Былтыр Жаңаталап тұрғын алабындағы 15 жылдай жөндеу көрмеген басты орталық көше толық асфальтталды. Бұдан басқа 6 көшеге асфасльт төселді. Аулаларда ойын алаңшалары бой көтерді. Әлі де салынып жатыр. Бастысы, елдімекенде қызу жұмыс жүргізілуде. Келесі қуанышты жайт, қаламызда Фронт-офис кеңсесі ашылды. Бұл – тұрғындардың талап-арызын орындауда маңызды рөл атқаруда, – дейді қарт ана. Игілік елдімекенінің тұрғыны Ә. Нұрбеков болса қазір көшелерге жаңа атау беріліп, жедел жәрдем қызметкерлерінің қиындықтардан құтылғанын айтып өтті. 

Кездесуде тұрғындар былтырдан бері өзекті мелеге айналған жер мәселесіне қатысты пікір қозғап, өз ойларын ортаға салды. Жергілікті тұрғындар атынан сөз алған Е. Таңатаров Жаңаталап тұрғын алабындағы заңсыз салынған үйлердің болашағы қалай болатынын, сондай-ақ ондағы адамдардың қайда тіркеуге тұратынын сұрады. Бұл сұраққа қала әкімі Ғ. Әбдірахымов тұшымды жауап беріп, тұрғындардың алаңдауына негіз жоқ екенін еске салды. 

– Әр түрлі себеппен елдімекенде бірнеше үй заңсыз салынғанын білесіздер. Десе де, тұрғындарға түсіністікпен қарап, біз қазір 200-ге жуық үйді заңдастырып бердік. Облыс прокуратурасы мен қала әкімдігі бұған тыңғылықты қарап, әлі де зерделеу үстінде. Тағы бір айтар мәселе, қазір елімізде азаматтарды тіркеу мәселесіне ерекше мән беріліп жатыр. Бұл тәртіп үшін керек. Бүгінде Шымкентте статистика бойынша 900 мың тұрғын бар. Ал бейресми деректе халық саны 1 млн 200 мыңға жуық. Инфрақұрылым жұмыстары тіркелген халық санына қарай жоспарланады. Сондықтан тіркеу тәртібіне бейжай қарамаңыздар. Жер алу мәселесіне келсек, елімізде «Нұрлы жер» бағдарламасы қолға алынып жатыр. Осы бағдарлама аясында да игі істер жалғасын табады, – деді қала әкімі.

DSC 4226

Шаһар басшысы тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтардың барлығына дәйекті жауап берді. Жазбаша түскен сауалдар да жауапсыз қалмайтынын айтты. 

Жиында қоғамдық көлік мәселесі де сөз болды. Қазіргі таңда Жаңаталапқа №125 бағытта Газель көлігі мен №80 бағытта шағын автобус жүріп тұр. Десе де, халық саны көп елдімекенде бұл жеткіліксіз. Қала әкімі өз сөзінде қоғамдық көліктердің қатары артатынын, биыл қалаға тағы да 230 жаңа автобус сатып алынатынын жеткізді. Есепті кездесудің соңында алдағы атқарылар жұмыстарға бағыт-бағдар берген қала әкімі Ғ. Әбдірахымов қорытынды сөз сөйледі. 

– Әрине, халықты толғандыратыны ауызсу, жол, жарық, газ секілді мәселелер. Бұл бағытта жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде Абай ауданында 5 елдімекенге кәріз жүйесін тарттық. Жаңаталапта үшқабатты мектеп бой көтеруде. Білесіздер, Шымкент – Елбасымыздың ерекше назарындағы қала. Қазір елдімекендердің өркендеуі жолында мемлекетіміз тиісті көмегін жасап жатыр. Қала бюджетіне тоқталсам, 2015 жылы 80 млрд теңге, 2016 жылы 110 млрд көрсеткішке жетті. Биылғы меже бойынша жыл соңына дейін 130 млрд теңге болады деп жоспарлап отырмыз. Демек, қаладан шалғай жатқан елдімекендер қолдаусыз қалмайды. Ендігі ретте тұрғындар да өздері тұратын мекеннің дамуына, әсіресе тазалығына өз үлестерін қосуы тиіс, – деп сөзін түйіндеді қала әкімі.

Опубликовано в Саясат
Страница 2 из 3