Шымкентте балалар кардиохирургиялық орталығын ашу жоспарлануда. Бұл туралы қала әкімі Ғабидола Әбдірахымов пен Нұр-Сұлтан қаласындағы «Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық» АҚ басқарма төрағасы Юрий Пямен екі жақты меморандум жасау барысында айтылды.

Юрий Владимирович үшінші мегаполис үшін бұл орталықтың қажет екенін айтты.

– Оңтүстік өңірде бала туу жағынан өсім жоғары. Өкініштісі, аймақта жүректің туа бітті кеселіне шалдыққан балалардың саны да көбейіп жатыр. Науқас балаларға ота жасау үшін республикалық орталыққа жеткізіледі.

Дертке шалдыққан балаларды дер кезінде емдеу маңызды. Оның үстіне Шымкентте білікті кардиохирургтар жетерлік, – деді «Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық» АҚ басшысы Юрий Пя.

Мамандардың дерегінше, жылына өңірде туа біткен жүрек ақауы бар 50-70 балаға ота жасалады.

Шымкенттегі облыстық туберкулезге қарсы диспансердің ұжымы 12 мамыр – халықаралық медбикелер күнін салтанатты түрде атап өтті. Мереке медициналық ұйым қызметкерлерінің флешмобымен басталды.

60357199 330218667686694 4278947484597747712 n

– Бұл атаулы күнді қарсы алу дәстүрге айналған. Өйткені, орта буынды медициналық қызметкерлердің еңбегі орасан зор. Науқастармен сіздер көп уақыт байланыста боласыздар.

Сондықтан оларды емдеудің тиімділігін арттыруда еңбектеріңізді бағалаймыз. Мейірбикелердің 99 пайызы қыз-келіншектерден тұрады, олардың төккен мейірімінен қаншама науқастар жазылып жатады. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін, - деді диспансердің бас дәрігері Болат Сағынбеков.

Кәсіби мереке қарсаңында мекемеде жұмыс істейтін 127 орта буынды медицина қызметкерлерінің барлығына сый-сияпат тарту етілді, бірқатарына шипажайларға жолдама тапсырды. Мекеме басшысы медбикелер арасында үздіктерді Алғыс хатпен марапаттады. Дәстүрлі мереке соңында қызметкерлерден құралған үш команда арасында спорттық сайыс ұйымдастырылды.

Үшінші мегаполисте 9 мамыр – Ұлы Жеңіс мерекесі күні 64 сәби дүниеге келді. Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асxан Байдувалиев мереке күні босанған аналарды перзентxанаға арнайы барып, құттықтады.

9 мамыр туылғандар

Жас аналардың бірі - Мөлдір Бекмаxан мереке күні егіздерді дүиеге әкелді. Жеңіс күні туылған шақалақтарын жас ана Алиxан және Алижан деп атапты.

Айта кетейік, мереке күні Шымқалада 31 қыз бала, 33 ұл бала дүние есігін ашқан. Бұл күні өмірге ұрпақ әкелген аналар мегополистің ғана емес, еліміздің демографиясына қомақты үлес қосып отыр. Олардың арасында «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлерінің қатарын арттырғандар да бар.

Шымкент қалалық кардиологиялық орталықта қазақстандық білікті кардиохирург, «Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық» АҚ төрағасы Юрий Пя жүрек ақауы бар науқасқа жаңа тәсілмен күрделі ота жасады. Операцияға орталықтың кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі, кардиохирург Бауыржан Байтөре де қатысты.

кардиология операция

Операция жасалған 19 жастағы азаматшаға инфекциялық эндокардит диагнозы қойылған. Дәрігерлердің екі сағатқа созылған күрделі отасы сәтті шықты.

– Науқастың жүрек қақпақшасы зақымдалған. Оны алмастырамыз деп ойлағанбыз. Бірақ ол жас әрі оның болашақта ана болатынын ескеріп, жүрек қақпақшасын сақтап қалдық, - деді Юрий Пя.

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы А.Байдувалиевтың айтуынша, жүрек қақпақшасын сақтап қалуда үшінші мегаполисте жаңа тәсілмен жасалған алғашқы ота. Бұл Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла
Әбдірахымов пен Нұр-Сұлтан қаласындағы «Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық» АҚ басқарма төрағасы Юрий Пя қол қойған өзара серіктестік туралы екі жақты келісім негізінде алғаш рет жүзеге асырылып отыр.

Осы меморандум негізінде енді Шымкент қаласындағы денсаулық сақтау саласын жақсарту және жергілікті дәрігерлердің біліктілігін арттыру мақсатында Ұлттық ғылыми орталық мамандары тәжірибемен бөлісіп отырады.
Айта кетейік, Шымкент қаласында жүрек қақпақшасына ота жасау бойынша жылына шамамен 3 мың науқас тіркеледі. Бұған дейін науқастар мұндай отаны Елорда мен Алматы қаласында жасатып келген.

Шымкентте трансплантолог-дәрігерлер тағы бір азаматтың бауырын алмастырған ота сәтті өтті. Осы кезге дейінгі оталар 13-18 сағатқа созылса, бұл жолы білікті дәрігерлер операцияны 5 сағат 48 минутта жасады.

роща трансплантологтар

Жергілікті мамандардың жетістігі

Күрделі отаны Шымкент қалалық №1 клиникалық аурухананың мамандары – бас дәрігер Абылай Донбай, трансплантолог-дәрігерлер Тайбек Садықов, Сәбит Байтеміров, Дәурен Қабылов, Ұлжан Мұханова және Рахымжан Үмбетжанов жасады.

Аурухананың №3 хирургия бөлімінің дәрігері Рахымжан Үмбетжановтың айтуынша, бұл жолғы емделуші 38 жастағы азамат 9 жылдан бері гепатиттің Б және Д түрімен ауырып келген. Алматыда және Нұр-Сұлтандағы ауруханаларда емделгенімен, кеселіне шипа табылмайды, ал Алматыда дәрігерлер трансплантация жасаудан бас тартыпты.

Шымкентте қиын отаның бұл түрін жасап жүрген білікті дәрігерлер туралы естіп, жолы қалалық №1 клиникалық ауруханаға түседі.

– Науқас бізде толық медициналық тексерілуден өтті. 1985 жылы туған жиені донор болды. Науқасқа ота жасамас бұрын денсаулығында кінараттар анықталды. Оның бауыр ферменттері жоғары еді. Сондықтан отаға дейін пациент ауруханада жатып, емделді. Білікті дәрігерлердің еңбегінің нәтижесінде науқасқа екінші өмір сыйладық деуге болады.

Ауруханамыздың бас дәрігері Абылай Дөңбайдың еңбегін атап өткім келеді. Ол бауыр мен бүйрек ауыстыру операциясын өз бетінше үйренген еліміздегі бірден-бір дәрігер, – дейді Рахымжан Үмбетжанов.

Бүйрегіңізге абай болыңыз!

№1 клиникалық аурухана базасында 2013 жылдан бері 145 бүйрек алмастыру отасы сәтті жасалған. Дегенмен, мамандардың дерегінше, бүгінде Шымкент қаласы бойынша 700 адам созылмалы бүйрек жетіспеушілігімен кезекте тұр. Ақ халаттылар олардың саны күн санап артып жатқанына алаңдаулы. Дерттің алдын алудың қарапайым жолын маман былай түсіндірді.

– Ең басты себебі ангинадан бастау алады. Бұл стрептококк қоздырушы қан арқылы бүйрекке жетеді. Сосын ағзада антитела бөлініп, инфекцияны жоюға әрекет еткенде, бүйректі зақымдайды. Мұны гломерулонефрит деп атайды. Қазіргі таңда біздің өңірдегі жастардың 70 пайыздан астамы созылмалы бүйрек жетіспеушілігіне шалдыққан.

Алдын алу үшін адам кішкене кезінен бастап, егер жылына үш рет тамағы ауырса, тез арада тамақ безін алып тастау керек. Әйтпесе, мұны соңы дертке ұласып, бүйректі алып тастайтындай жағдайға жеткізуі мүмкін.

Жеті адамға өмір сыйлады

Рахымжан Үмбетжанов мәйіттік донор мәселесін тағы қозғады. Трансплантологтар бір мәйіттік донор жеті адамды құтқарып қалады, дейді. Көз қарашығы, өкпе, жүрек, ұйқы безі, екі бүйрек және бауыр ауыстыруға қолайлы ағзалар қатарына жатады. Бауырды, тіпті, екіге бөліп, екі адамның өмірін сақтап қалуға болады, дегенді алға тартады.

– Біздегі өзекті мәселе – донорлық. Егер мәйіттік донор дамитын болса, күнде трансплантация жасауға дайынбыз. Сонда қаншама адамды өлімнен құтқарып, қаншама адам отбасына оралып, мемлекетімізге пайдасын тигізген болар еді, - дейді Рахымжан Үмбетжанов.

Өңірімізде аурухана базасында мәйіттік донор арқылы трансплантация бір рет қана жасалған. 2017 жылы 25 жастағы азаматша 7 шымкенттік тұрғынға өмір сыйлапты. Олардың барлығы бүгінде дәрігерлердің тұрақты бақылауында, денсаулықтары жақсы.

Шетелдіктер сенім артуда

Шетелдік азаматтардың шымкенттік дәрігерлердің көмегіне жүгінуі еліміздің медицина саласының негізгі жетістігі деп нық сеніммен айта аламыз. Трансплантологиялық операция жасайтын клиника заманауи медициналық құралдармен жабдықталған. Медициналық ұйымда 7 блоктан тұратын операция жасау бөлімі және бүйрек пен бауыр алмастыратын хирургия бөлімі бар.

Ал емделушілер үшін стационарда қосымша 45 төсек-орын қарастырылған. Күнделікті ауруханаға 200-250 науқас медициналық көмекке жүгінеді. Бастысы – мұндағы мамандар да білікті.

– Ауруханада трансплантация әлемдік деңгейде жасалады. Қазірдің өзінде Израиль, Австрия, Украинадан келген шетелдік азаматтардың азғасы ауыстырылды. Бұған қоса олардың келуіне біздегі кезектің аздығы және ота бағасының арзандығы себеп болуда.

Айта кететіні, біздің дәрігерлер туыстық донор арқылы да, мәйіттік донор арқылы да трансплантацияны жасай береді. Бірде итальяндық әріптестер ағза алмастыру бойынша шеберлік сабағын өткізуге келген болатын. Бірақ олар тек мәйіттік донор бойынша ғана жасай алатын болып шықты. Содан біз Елордадан Абылай Дөңбайды шақырдық.

Ол сол кездері Нұр-Сұлтан қаласындағы №1 ауруханада жұмыс істейтін. Сөйтіп, туыстық донор арқылы операция кезінде Абылай Әбдіжаппарұлына шетелдік әріптестер тек ассистент болғаны бар, – деді хирург-трансплантолог Р.Үмбетжанов.

...Сөз соңында дәрігердің мына сөзін айтпай кетпеуге болмас. «Өз басынан өткерген адам ғана денсаулықтың қадірін біледі. Таяуда ауруханада 1972 жылғы азаматтың бүйрегін алмастырдық. Науқас 12 жыл бойы күнара диализге баратын. Оған баласы донор болып, бір бүйрегін берді. Сөйтіп, он жылдан соң өздігінен дәрет сындырған әлгі азаматтың «Бақыт деген осы екен ғой» деген сөзі, бәлкім, көпшілікке ой салар».

Шымкентте Ұлы Жеңістің 74 жылдығына орай «Жүрек жылуы» көрмесі өтті. Қала әкімдігі мен «Асыл әлем» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған көрмеге арнаулы әлеуметтік мекемелердің қызмет алушылары мен балалар үйлерінің тәрбиеленушілері жасаған бұйымдар қойылды.

IMG 20190504 094718

Іс-шараға Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Ғани Ташқараев, Шымкент қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамуддин Рысбай және халық қалаулылары қатысты. Қонақтар көрмені аралап, балалардың еңбегімен танысты. Өздеріне ұнаған туындыларын сатып алды.

– Көрмені ұйымдастырудағы мақсат – мүмкіндігі шектеулі жандар мен балалар үйінің тәрбиеленушілерінің шығармашылық өнеріне қолдау жасау.

Қолөнер бұйымдарын сату арқылы балаларда ары қарай кәсібін дамытуға да мүмкіндігі бар, – деді «Асыл әлем» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Н.Кобланова.

Ел ағалары қатысушылардың шеберлігін атап өтіп, шығармашылықтарына табыс тіледі. Көрме барысында шеберлер арнайы сабақ өткізді. Мереке концерттік бағдарламаға ұласып, белсенді қатысушылар алғыс хатпен марапатталды.

...1945 жыл. Берлин. Рейхстагқа Жеңіс туын тігу үшін қиян-кескі соғыс жүріп, сарбаздарымыз жаумен жанқиярлықпен соғысып жатты. Талай жауынгердің қаны төгіліп, өмірі қиылды. Бірақ Кеңес әскері табандылық танытып, жеңіске жетті. Осы тарихқа куә болып, Берлинде Жеңіс тойын тойлағандар қатарында шымкенттік Дәрменбек Садыбаев қария да болды.

ардагер ата 1

Дәрменбек Садыбаев 1923 жылы Түркістан қаласында туған. 1941 жылы әскерге шақырылғанда ол небәрі 18 жаста болды.

– Соғыс басталғанда комсомол билетімен шақырды да военкоматқа да емес, аудан орталығынан тіке соғысқа аттанып кеттік, - деп бастады әңгімесін Дәрменбек қария.

– №408 атқыштар полкінің құрамында Дон өзені жағалауында майдан шебіне жіберді. Ары қарай Белоруссия, Украина, Польшаны азат етуге қатыстым. «Соғыстық» деп қазір әңгімелеп айтамыз.

Бірақ, қан майданда қар кешіп, мұз жастанып, жан алып-жан беріп шайқасқан күндер еске түскенде жүрек шымырлап қоя береді. Жаудан қалаларды азат еткенде әр адым жерде қаншама адам қырылды. Берлинді алуға қатыстым.

Рейхстагқа шабуылға қатыстым. Екі рет жараландым, - деп Дәрменбек ақсақал соғыстағы күндерін еске алды.

Батыр жаралы қолымен майдан шебіне қайта оралады. Соғыс даласында фашист танкілерінің көзін жоятын рота құрамында атқыш болады. Батылдық, қайсарлық қанында бар жауынгер жауға қарсы 4 жыл ерлікпен күреседі.

І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы», «Қызыл жұлдыз» ордендері – осы ерліктерінің марапаты. Бұдан кейін де көзсіз ерліктері үшін майдангер талай рет марапатталды. Бүгінде кеудеге толған әрбір медаль-орденнің өз тарихы бар.

Дәрменбек Садыбаев туған өңірге 1947 жылы оралады. Елге келісімен жалындап тұрған азаматты Жамбыл облысының Красногор ауданына прокурор етіп қызметке тағайындайды. Жамбыл облысында прокуратура саласында жиырма жылға жуық абыройлы еңбек етіп, сосын Шымкентте адвокаттар алқасында төраға қызметін атқарады.

Еңбек жолын құқық қорғау саласына арнаған Ұлы Отан соғысының ардагері зейнеткерлік демалысқа шыққан соң да қоғамдық жұмыстардың басы-қасынан табылып жүрді.

Әл-Фараби аудандық заң кеңесінің төрағасы болған білікті басшы азаматтарға құқықтың кеңес беріп, тәжірибесімен бөлісіп, қаншама жас заңгерлерді тәрбиелеп шығарды.

Биыл Ұлы Отан соғысының ардагері Дәрменбек қария 96 жасқа толды.

– Соғыс жылдарынан кейін заң саласында еңбек еттім. Еңбектің жемісін тер төккен адам ғана көреді. Өз ісіңе адал, жан-жағыңдағы адамдарға жанашыр болып, қолдау көрсетіп жүру бағыңды еселендіріп, беделіңді асқақтатады. Дүрмекті кезеңнің дүбірі келмеске кеткенмен, зары өшкен емес, зардабы өшпек емес.

Ол жылдардың жүрекке түскен жарасы, көңілде қалған наласы қаншама. Сондықтан бейбіт күннің қадіріне жетейік. Бір ғасырдың куәсі болдық. Ашаршылықтың дәмін сездік, соғыстың зардабын көрдік. Қазақстанның тәуелсіздігінің атқан таңын көруді де Алла маңдайымызға жазыпты. Ендігі арман ұлтымыздың татулығы мен тыныштығы мәңгілік болса деймін, –деп қарт майдангер ақ батасын берді.

...Кешегі жауынгер, бүгінгі ата-әжелеріміздің жеңіске жетер жолда жасаған ерліктері біздің жадымызда мәңгі сақталып, дастандай жалғаса береді.

Үшінші мегаполис тұрғындары 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мерекесін салтанатты түрде атап өтті. Мерекелік жиынға Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, құқық қорғау органдары, әскери бөлімнің қызметкерлері мен осы саланың ардагерлері қатысты.

121221

– Бұл мереке – батырлықтың, отансүйгіштіктің мерекесі. Халқымыз елінің, жерінің қорғаны болған батырларын ерекше ардақтап, құрмет тұтқан. Елдегі әскери күшіміздің мығым болуы үшін көптеген жұмыс істелуде.

Солардың бірі - Шымкентте алдағы уақытта әскери комиссариат ғимараты, Жас Ұлан мектебі салынады. Қазір олардың жобасы дайындалуда.

Сонымен қатар полиция департаменті және өзге құқық қорғау органдарының қызметкерлері жаттығатын спорт кешені салынады. Әскери қызметкерлерді баспанамен қамтамасыз ету мәселелері де жүйелі шешілуде, - деді қала әкімі
Ғ. Әбдірахымов.

Салтанатты жиын барысында қала әкімі ұлттық қауіпсіздік, прокуратура, полиция қызметі, төтенше жағдай салалары мен әскери бөлімдердің үздік қызметкерлерін Алғыс хатпен марапаттады. Бағдарлама соңы өнерпаздардың концертіне ұласты.

Страница 5 из 27