139 нысан заңға қайшы жұмыс істеуде

Пятница, 05 Апрель 2019 05:35

56457712 2194884404157847 3150049939690618880 n 1

Шымкентте рұқсат құжаты жоқ қоғамдық 139 нысан жұмыс істеп тұр. Өз қызметінің басталғаны туралы хабарлама бермеген мейрамхана, тойхана, кондитерлік цехтардың тізімі ақпараттық порталдарда жарияланғанымен, ешбірі құжат алуға асықпаған. Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте Шымкент қаласы қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мамандары мәлімдеді.

– Республикадағы маңызы бар үшінші қала болғандықтан, талаптың да деңгейі соған сәйкес болуы қажет. Халықтың саулығы бірінші кезекте екенін ескерсек, тамақтандыру орындары заң талаптарына сай жұмыс істеуі керек. Жаз мезгілі жақындап келеді, сол себепті өткен жылы балмұздақтан улану секілді жағдайлардың қайталанбағаны дұрыс. Бүгінгі таңда аталған 139 нысан заңға түбегейлі қарсы жұмыс істеуде. Кәсіпкерлердің жауапсыздығынан ешқандай құжаты жоқ. Ол орындардан қазірдің өзінде қаншама тұрғын тамақтанып, тапсырыс беруде, - деді Шымкент қаласы қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысы Әбдіманап Төлебаев.
«Қара» тізімде «Батырхан», «Бақсарай» тойханасы, «Империал» секілді мейрамханалар бар. Қоғамдық денсаулық сақтау мамандары тұрғындарға тізімге іліккен орындарда тамақтануда сақ болуды ескертеді.
Брифингте қоғамдық тамақтандыру бойынша кәсіп ашқан азаматтар да шақырылып, оларға рұқсат беру құжатының маңыздылығы түсіндірілді. Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті кәсіпкерлерге түсінікті әрі ыңғайлы болу үшін қажетті құжатты алудың электронды форматын да әзірлеген. Басқосу барысында осы ақпараттар жайында парақшалар таратылды.

Тұңғыш балалар жәрмеңкесі

Среда, 03 Апрель 2019 04:02

Шымкентте балаларды кәсіпкерлікке баулу жұмыстары басталды. Мегаполисте алғаш рет «Shymkent» ӘКК» АҚ мен «Nur Otan» партиясы қалалық филиалының ұйымдастыруымен балалар жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

DSC 5139

Арбатта өткен жәрмеңкеде 6-14 жас аралығындағы 100-ге жуық жеткіншек өздері жасаған тауарлары мен бұйымдарын ұсынды. Солардың бірі - Марсел Ділдабаев анасымен иіс сабын қайнатуды үйреніп жүр. Жәрмеңкеде өзі жасаған сабындарды сатуға болатынын естігенде тіптен қуанған.

– Сабыннан әртүрлі жемістің иісі шығады. Келе сала екеуін сатып үлгердім, - деді балақай.
Жәрмеңкенің мақсаты - балаларды кәсіпкерлікке баулу. Осылайша олар бір күн бойы өздерін кәсіпкер ретінде сезініп көреді.

– Балаларды кәсіпкерліктің негізіне үйретуді мақсат етіп отырмыз. Мұнда олар кәсіпкерліктің қыр-сырымен танысады, еңбекті бағалауға, қадірлеуге үйренеді әрі жұмыс істеуге қызығушылығы оянады.

Бұл жеткіншектердің өрісін шығармашылық әрі бизнес жағынан бірге дамытатын жоба. Мұндай жәрмеңкелер әлемнің 100-ден астам елінде өткізіледі, – деді «Nur Otan» партиясының Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Нарымбетов.

Ұйымдастырушылар жәрмеңкені аралап көріп, балалардың еңбегімен танысты. Б.Нарымбетов жәрмеңкеде алғаш болып 7 жасар Арина мен 9 жасар Әлімжанның қолөнер бұйымдарын сатып алды.

Айта кетейік, Қазақстанда бірінші болып Шымкентте өткен жәрмеңкеде балалар 225 мың теңге табыс тапты. Олар бұл қаржының 10 пайызын «Жануарларға арналған екінші үй» қайырымдылық қорына аударды.

Шымкентте көп балалы аналарға қызмет көрсететін орталық өз жұмысын бастады. Бұған дейін қалада аналар кеңес сұрап, құжат өткізетін мекеме біреу ғана болса, енді төрт ауданнан бөлімше ашылып отыр.

Без имени-1

Шымкенттік Мөлдір Жақыпбекова – төрт баланың анасы. Көп балалы аналарға әлеуметтік қолдау жасалады дегенді есітіп, орталыққа келгенін айтады.

– «Өрлеу» бағдарламасы бойынша құжат тапсырған болатынмын. Енді әр балаға 21 мың теңге берілетінінен хабардар болып, кеңес алуға келдім. Мамандар қажетті ақпаратты түсіндіріп берді, - дейді көп балалы ана.
Еңбекші ауданы бойынша Қапал батыр көшесінен ашылған орталықта келушілер үшін ыңғайлы жағдай жасалған. Күту залында аналар емін-еркін отыра алады.

– «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII cъезінде Елбасы халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған нақты мемлекеттік бастамалар тапсырды. Қала әкімі Ғ.Әбдірахымовтың қолдауымен төрт ауданнан орталық ашылды. Қазір аналарға құжат тапсыру барысы түсіндірілуде. Ал 1-30 сәуір аралығында әлеуметтік көмек алу бойынша құжат қабылдау басталады, - деді қала әкімінің орынбасары Г.Құрманбекова.

Айта кетейік, Шымкентте 30 мыңға жуық көпбалалы аналар бар. Енді көп балалы аналар әлеуметтік көмек алу үшін кеңес алып, құжат өткізуде өз аудандарында ашылған орталықтарға бара алады.
Орталықтардың мекенжайы:

Еңбекші ауданы бойынша – Қапал батыр көшесі, н/ү;
Абай ауданы бойынша – Мәделі қожа көшесі, н/ү (халыққа қызмет көрсету орталығының ғимараты);
Әл-Фараби ауданы бойынша – Ш.Қалдаяқов көшеі, 13А;
Қаратау ауданы бойынша – Бәйдібек би көшесі, н/ү.

Шымкент қаласындағы әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығына 2018 жылы 10 мыңға жуық адам келіп, аралаған. Бұдан бөлек 100-ге жуық шетелдік турист қазақтың дәстүрімен танысты. Көнеден келе жатқан дәстүрімізді жоғалтпай, ұрпақтан-ұрпаққа жалғап келе жатқан орталық жұмысымен Ұлыстың ұлы күні қарсаңында танысып қайтқан едік.

DSC 9041

Мегаполис қалада мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына қарасты әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығының жұмыс істеп келе жатқанына биыл бесінші жыл. Мұнда жылына ұлттық дүниелерді дәріптейтін 50-ден астам іс-шара ұйымдастырылады, дейді орталық өкілдері.

– Біздің орталықта қазақтың салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпын ел арасында, жастарға үлгі етіп дәріптеу, насихаттау жұмыстары жыл-он екі ай толастаған емес.

От басы - ошақ қасынан басталатын тәрбиелік мәні бар, ұмытылып бара жатқан дәстүрлерді балабақшадан бастап, мектеп, жоғарғы оқу орындарында насихаттап, оны дамытуға үлес қосып келеміз, - дейді орталықтың директоры Жәнібек Тағаев.

– Кеңестік дәуір, одан кейін ғаламдық жаһандануға әдеп-ғұрпымыз жұтылып, жастар түгілі орта буынның өзі талай дүниелерді ұмытып жатыр. Мәселен, «Қымызмұрындық» дәстүрін жаңғыртып, бүгінде оны өңірімізде жыл сайын тойлау дәстүрге айналды.

DSC 9089

Сол секілді мүлдем қалыс қалған «Түйемұрындық» дәстүрін жастарға көрсетіп, мағынасын түсіндіріп, оған көзкөрген қарияларды тартып, керемет іс-шара ұйымдастырдық.

Салт-санамыздың барлығының түп-төркінінде тәрбиенің қыр-сыры, мән-мағынасы жатыр, сондықтан құрғақ сөзбен емес, ас болса, дайындап көрсетіп, қолөнер бұйымдарын жасап, дәстүрлерді шынайы көрсетуде бізде басымдылық берілген, – дейді орталық басшысы.

Орталықта «Қызға қырық үйден тыйым» атты сырласу сағатында қыздар тәрбесіне қатысты тағылымдық әңгіме өтсе, «Биік болсын шаңырақ» тренингінде жастарға киіз үйдің жабдықтары таныстырылып, оны тігу үйретілді, ал «Дәстүрге берік отбасы», «Жақсы келін – ырысың» байқауларында ұмытылған дәстүрлер қайта жаңғырған.

«Ұлттық киімдер» жобасының нәтижесінде ұлттық киім үлгілері топтастырылған, үш тілді кітап жарыққа шыққан.

124 жәдігерді сыйға тартқан

Әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығында келушілердің қызығушылығын тудартын дүниелер – ұлттық жәдігерлер. Мекеменің ғылыми қызметкері Райхан Алтыбаеваның айтуынша, ондағы құнды дүниелерді ел арасынан жинау оңайға соқпапты.

– 2017 жылы 133 жәдігер жинақталды. Оның 9-ын сатып алсақ, 124 жәдігер сыйға берілді. Ауыл-аймақтарды сапарлап, салт-санамыз бен тұрмыс-тіршілігіміздегі ғұрыптарды зерттеу барысында көптеген қариялар көне заттарды орталыққа сыйға тартты, – деді Р.Алтыбаева.

DSC 9140

Бүгінде мекемедегі жәдігерлер қатарын көне заманғы келі-келсап, оюланған жүк сандық, бөгребас сандық, кебеже, асадал толықтырған. Маман ұлттық салт-дәстүр залында келушілердің қызығушылығын арттыруда жәдігерлер үнемі жаңарып отыратын айтады. Бұл үшін мұражайлар, қолөнер шеберлері, зергерлермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтінін жеткізді.

Ұлттық салт-дәстүр залында тал бесіктен жер бесікке дейінгі аралықтағы ғұрып, салттар мен жөн-жоралғы, мәдени тұрмысымыздан хабар ететін этнографиялық, қолөнер бұйымдары, жастарды ерлік рухта тәрбиелеуде жәдігерлердің таңдаулы үлгілері қойылған.

– Ас сандығы – өткен ғасырдың басынан қалған ең көне затымыз. Сандықтың түрлері өте көп. Мысалы, бөгребас сандыққа киіз үй ішінде не көшіп-қонғанда тек ыдыс-аяқтар салған. Ас сандықты Гүлмира Баймұратова деген азаматша сыйға тартты, – деді ғылыми қызметкер.

Ал Достық залында 20 этно-мәдени бірлестіктің экспонаттары қойылған. Олардың негізін ұлттық музыка аспаптары, тұрмыстық бұйымдар мен арнайы әдебиеттер құрайды.

Жаңа бастама – жастар сейілі

Орталық ұжымы қолға алған үлкен жобаларының бірі – жастар сейілі дәстүрі. Ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан дәстүрдің озығы мен тозығын үйлестіріп, «Ақ отау» жастар сейілін тұңғыш рет қолға алған.

– Қазіргі жас жұбайлардың той салтанаты, тойға дейінгі атқарылатын жөн-жоралғысы, сейілі шетелден келген негізсіз кірме салтпен араласып жүр. Ұлтымыздың ұмытыла бастаған көне салт-дәстүрлерін қайта жаңғыртып, жастарға арналған заманауи үлгідегі дәстүрге ұластыру және оны кеңінен насихаттау – бүгінде кезек күттірмейтін мәселе.

Дәстүрге сәйкес жас-жұбайлар түтіндеткен техника мен даңғаза әуендерден бас тартып, күймемен жүреді, қазақтың күмбірлеген домбырасынан халық, дәстүрлі әндер шырқалады, - деп жеткізді жаңа бастаманы орталық басшысы Жәнібек Тағаев.

Орталықтағы цифрлы технологияның көмегімен келушілер қазақтың ғұрпымен арнайы түсірілген деректі фильмдермен таныса алады. Мекеменің жетістігінің бірі осы. Кез келген салтымызды осы қондырғы арқылы еркін көруге болады.

Онда сарқылмас қазынамызға арналған 40-тан астам және өзге этнос өкілдерінің салт-дәстүрін насихаттайтын 7 туынды бар.
Ұлтымыздың әлі де кең танылмаған, ұмытыла жаздаған ғұрыптары мен дәстүрлері аз емес.

Орталық жетекшілері алдағы уақытта еліміздің өзге аймақтарына сапарлап, асыл қазыналармызды жинақтау жұмысын жоспарлауда.

«ЦАХТ» №1 клиникаға қосылды

Пятница, 15 Март 2019 04:47

Шымкентте амбулаториялық хирургия, травматология және гинекология орталығы клиникалық ауруханамен біріктірілді.

Енді түрлі дене жарақатын алған жандар №1 клиникалық аурухананың базасында (бұрынғы «Роща» ауруханасы) медициналық көмек алатын болады. Әрі қажетті жағдайда бірден осы ауруханаға жатып, ем-домын жасайды.

Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен жаңа мекенжайға көшкен дәрігерлер үшін барлық жағдай жасалып, дене жарақатын алғандарға ем-дом бұрынғыдай жалғасуда.

Аяқ қолы сынып, түрлі дене жарақатын алғандар үшін ауруханаға жату жағдайы оңтайландырылды. Травматологиялық мекемедегі 200-ге жуық қызметкер қалалық №1 клиникалық аурухана базасында жұмысын жалғастыра береді, - деп мәлімдеді қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Шымкентте шығыс медицинасымен емдейтін жекеменшік емхана ардагерлер мен көп балалы аналарға тегін медициналық көмек көрсетуді бастайды. Осы мақсатта «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалы мен «Жас ай» халықаралық медициналық орталығы арнайы меморандумға қол қойды.

5

– Партия филиалына көптеген тұрмыс жағдайы төмен жандар және көп балалы аналар көмек сұрап келеді. Еміне қаражат жетпей жатады. Сондай азаматтарға меморандум аясында бірлесе қолдау жасауды мақсат етіп отырмыз.

Бұл бастама қаладағы өзге де жекеменшік медициналық орталықтарға үлгі болады деген сенімдемін, – деді «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов.

6

25 жылдан бері шығыс медицинасымен тұрғындарды емдейтін «Жас ай» орталығы үшінші мегаполисте өткен жылы ашылған.
– Орталықта осы уақытқа дейін 10 мыңнан аса адамға тегін медициналық қызмет көрсетілді. Алдағы уақытта бұл жұмыстарды жалғастырамыз, – дейді «Жас ай» орталығының бас директоры Жасай Зекейұлы.

Меморандум барысында партия өкілдері орталықтың жұмысы және науқастардың жағдайымен танысты.
Айта кетейік, медициналық орталық осы жылдарға дейін 80 мың науқасты емдеп, оның 80-90 пайызын ауруынан айықтарған. 500 отбасыға бала сүю бақытын сыйлап, 10 мыңға жуық баланы церебральды сал ауруынан емдеген.

Шымкентте қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі демографияға үлес қосып жүрген аналарға құрмет көрсетті.

IMG-20190305-WA0114

Мерекелік жиынға Аналар мен әйелдер кеңесінің мүшелері, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері мен көп балалы аналар қатысты.
– Шымкентте әлеуметтік көмек алатын отбасы саны қазір таңда 20 мыңнан асты. «Нұр Отан» партиясының жуырда өткен съезінде көп балалы отбасыларға қолдау жасау, мүгедек балалардың жәрдемақысын көтеру және оларды баспанамен қамту мәселесі көтеріліп, қазір бұл бойынша жобалар дайындалуда.

Аналар кеңесі де көп балалы аналарға қолдау шараларын тұрақты ұйымдастыруды жоспарлап отыр, - деді Аналар кеңесінің төрайымы Балқия Көмекбаева.

«Алтын алқа» иегері Гүлзада Омашева жастарды көп балалы ана атануға шақырды.
– Әр бала өмірге өз несібесімен келеді. Балаларымның алды жоғары оқу орнын бітірсе, кейінгілері Назарбаев зияткерлік мектебінде білім алады. Біз секілді аналарға деген қолдау болашаққа деген сенімімізді арттырып, көңілімізді тасытты.

Ұрпақ үшін қамқорлық мемлекеттен болғанда, ұрпақ тәрбиелеу бізден болсын, - деді Г.Омашева.
Мереке барысында бір топ анаға қалалық ҚХА атынан алғыс хат және сый-сияпаттар табыс етілді.

Шымкенттік Несіп Бөлегенова тоқсан үшінші көктемімен қауышты. Алты жасында ашаршылықты көріп, 16 жасынан тылда жұмыс істеп, еңбектің қазанында қайнап өсті. Ғасыр жасаған әжеміз «Сыры кетсе де, сыны кетпеген» деген теңеуге лайық, ажарлы, әңгімесі анық, жүрісі тың. Елдегі жаңалықтарға құлағы түрік, өлең жазып, ән салатын ақ жаулықты ананың үйінде қонақта болып, өмір-дастанынан сыр шертісіп қайттық.

IMG 20190303 161622

Несіп Шәметқызы киелі Түркістан шаһарында өсіп-өніп, ұл-қыз тәрбиелеп, абыройлы еңбек еткен жан. Жастық шағы еліміздің зобалаң жылдарымен тұспа-тұс келіп, өрімдей жасынан еңбекке араласады. «Ол кезеңде ауыр бейнеттен қашатын заман емес еді», - деп бастады әңгімесін ақ жаулықты әже.

– Болыстың қызы болдым. Кәмпескені де көрдік. Малымыздың үштен бір бөлігін қалдырып, қалғанын өткізді. Түркістан арғы жақ-бергі жағына көшумен жүрдік. Төрт-ақ класты тауыстым. Он алты жасымда соғыс басталып, Кентауда Ачполиметалл комбинатында химиялық цехта істедім.

Таудан тас тердік, оны уаттық та, сосын карбид шығаратын цехта істедім. Колхозда ол уақытта бір-екілі ғана ер-азамат қалды да, барлық бейнет әйелдердің мойнында болды, – дейді Несіп әже.

Қария сол жылдары жер ауып келген еврей, поляк қыздарымен шахтада бірге істеген жылдарын еске алды. «Орыс әуені құлаққа келсе, сол жылдардың қиындығы көз алдыма келеді», - деп, бір уақ үнсіз қалды.

Кейіпкеріміз 19 жасында Маметай ақсақалмен шаңырақ құрады. Одан кейінгі еңбек жолы эксковатор зауытында жалғасады. Зауытта электр монтері, темір кесуші секілді ауыр жұмыстарды атқарады. Сөйтіп жүріп 11 баланы дүниеге әкеледі.

– Қазіргілер шаршаймын дейді. Е, біздің уақытта шаршау қайда? Жұмыстан босай қалсақ, киіз бастық, ұршық иіріп, кілем, тақыр кілем тоқып, оны саттық. Он баланы асырау оңай емес қой? - дегені әженің еңбекқор болғанын аңғартты.

Отбасында әке сөзі – заң. Әкеге айтары анасы арқылы жетеді. Отағасы Маметай балаларының барлығына жоғары білім алуына жағдай жасайды. Қыздары – Гүлсара, Гүлсім, Гүлжамал, Гүлбаршын, Гүлназым, Гүлнара, ұлдары Ерсұлтан, Арғынғазы, Талғат экономика, білім саласында абыройлы еңбек етіп жүрген жандар. Ақ жаулықты ана құр ақыл айтудан пайда жоқ, дейді.

– Екі ғасырдың куәсі болдық. Талай заманды көрдік. Қазір Құдайға шүкір, бейбіт елде, тыныш заманда өмір сүріп жатырмыз. Айналайын, Елбасыға рахмет. Жұмыссыз, ақша жетпейді дегенді күнделікті теледидардан жаңалықтардан тыңдап отырам. Қазір әрекетсіз адам болмаса, бәрі жақсы.

Ешкім байлауда, не айдауда жүрген жоқ. Тек еңбектену қажет. Еңбек адамды қартайтпайды, адал еңбек жасыңа жас қосады. Бұл менің өмірден түйгенім, - деп Несіп әже өмірлік тәжірибесімен бөлісті.

Маметай қарияның шаңырағында өсіп-өнген ұл-қыздың тәрбиесінде текті ананың өз заңы жатқанын мына асыл сөзінен байқауға болады: «Қариялық ақылыңызды айтыңыз деп жатады көп жерде.

Көнгенге ақыл көп. Ақылды айтып емес, өзің көрсетуің қажет. Тақтайдай етіп үйді жинап отыр, аста та төк болма, артық сөйлеме. Ағайынға қарас, кедейге қол ұшын бер, құдайы бер, садақаңды таста. Осыны көріп, ұл-қызың өзіңнен үлгі алып өседі».

Қазір Несіп әже кенже ұлы Талғаттың қолында тұрады. Шымкентке көшіп келгеніне 10 жылдан астам уақыт өтті. «Апаммен қара шаңырақта 25 жылдан бері тұрып келемін. Бүгінгі әңгімесі ертеңгі әңгімесіне ұқсамайды. Нағыз шежіре. Тазалығында мін жоқ. Талғаттың да анасы десе, жаны бөлек. Күтімі жақсы, - дейді келіні Айгүл.

Жасы ғасырға таяп қалған әже осы жылдарға дейін денсаулығына шағым айтпаған. Сүлік салдырады, екі жылдан бері тек күрке тауықтың сорпасы мен кептірілген нан, ірімшік жейді.

– Еңбектің арқасы ғой бәрі. Онша-мұнша ауруға жеңілмеймін. Жеңіл дерт болса, Айгүлім емдеп алады. Осындай диетамен жүрмін. Жасым келе ауырлық болғасын, қазы-қартадан бас тарттым.

Намазымды қаза етпеймін. Алла осындай ұзақ жас берді, үбірлі-шүбірлі бала-шаға берді, денсаулық берді, қалайша шүкірлік етіп, құлшылық жасамайын?!, - деген әже тобашылық әңгімесін айтты.

93 жасқа келсе де Несіп әже той-томалақта ән салады (бізге де ән салып берді). Өмірдегі естіген, көрген-білгенін соңғы жылдары қағаз бетіне түсіруді жөн көрген. «Жыр жазамын жүрегімнен» атты кітапқа өлеңдері топтастырылыпты.

Ұлы Ерсұлтан қазір Батыр ана айтқан, еңбек еткен өндіріс орындарының тарихы, өңіріміздегі әулиелі жерлер жайында көпке беймәлім аңыз-әфсаналарды қағазға түсіріп, тағы бір кітапқа арқау етпек.

...Осылайша еңбек және тыл ардагері, Батыр ана, Алтын алқа иегері Несіп Бөлегенова бүгінде балаларынан тараған 33 немере, 48 шөбере, 3 шөпшегінің қызығын көріп отыр. Біз де әженің батасын алып,ол кісінің нәрлі әңгімесінен көкірегімізге сәуле құйып қайттық.

Страница 7 из 27